Аралас мектептер қай елдің азаматын тәрбиелеп жатыр?
Аралас мектептер қай елдің азаматын тәрбиелеп жатыр?

1,5 миллионға жуық бала аралас мектепте білім алып жатыр.  Кезінде орыс тілде білім беретін мектептерді біртіндеп қазақ тілді ошаққа айналдыру ісінде көпір болады деп күткен аралас мектептер қазір орта білім саласының бас ауруына айналып отыр, деп хабарлайды іnbusiness.kz тілшісі.

Ғалым Мекемтас Мырзахметұлының зерттеуінше, 1937-38 жылдары Қазақстанда 437 аралас мектеп болған екен. Ал Білім және ғылым министрлігіндегі Ұлттық білім беру деректер қорының 2021 жылғы сәуір айындағы мәліметтері бойынша Қазақстанда 2047 аралас мектеп бар екен,1 393  27 бала білім алып жатыр. Сонда орыстандыру саясаты қаһарына мініп тұрған 1937 жылмен салыстырғанда тәуелсіз Қазақстандағы аралас мектептердің саны 4 есе көбейген. Facebook арқылы тікелей эфирде аралас мектептердің проблемасын талқылаған білім жанашырлары осындай мәлімет айтып отыр.

М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан эфирдің модераторы ретінде жоғарыда айтылған статистиканы келтіргенімен, аталмыш екі кезеңде таза орыс тілді және таза қазақ тілді мектептердің саны қанша болғанын айтпай кетті. Бірақ бұл аралас мектептердің проблемасы ойдан шығарылып, қиялдан күрделендіріліп отыр деген сөз емес. 

«Білім екі тілде берілгенімен шаралар қай тілде өтеді, тәрбие қай тілде жүргізіледі деген сұрақ туындайды. Аралас мектептердің саны басым өңірлердің көшін Алматы бастап тұр. 306 мектепте 256 020 оқушы білім алып жатыр. Ақтөбе облысында 215 мектепте 73 219 бала, Түркістан облысында 192 мектепте 171 896 оқушы, Маңғыстау облысындағы 15 аралас мектепте 25 744 бала оқып жатыр», – дейді Ерболат Мұхаметжан.

Құлдық сана ма әлде жалтақ саясат па? Көш басында Солтүстік пен Шығыстағы, Орталықтағы «орыстанған» облыстар емес Алматы мен Ақтөбенің тұруы мәселе өз санамыздағы құлдық психологияға байланысты шығар деген ой туғызады. Олай болмаса, орыс мектептерін әуелі аралас, кейін қазақ тілді мектепке айналдыру үшін қолға алынған бастама кейін мемлекеттің бақылауынсыз қалған.

"Тұран» университетінің ректоры, Қазақстан Жоғары оқу орындары  қауымдастығының президенті, экономист Рахман Алшанов елімізде қазақтану процесі табиғи жолмен, тек демографиялық өсімнің әсерінен жүріп жатқанын айтады.

«Қазір қазақтың саны өсіп келе жатыр. Жалпы алғанда 60 пайыздан асты. Көп өңірлерде үлесіміз 90, 80 пайызға жетті. Осыған байланысты қазақ тілінде білім беретін мектептер де өсіп келе жатыр.  Тек Солтүстік Қазақстанда ғана қазақтардың үлесі 39 пайыз. Оның өзі  жақсы өсіп келе жатыр деуге болады. Кезінде  орыс мектеп көп болды, бәріміз солай оқыдық. Енді неге керісінше болмауы керек»,– дейді академик.

Ғалым 2019 жылға дейін мектеп түлектеріне грант бөлгенде 50\50 қағидаты сақталғанын, тек былтырдан бері тілге қарап бөлмей, жалпы ҰБТ қорытындысы бойынша қабылдау жолға қойылғанын еске салды. Рахман Алшанов келтірген дерекке сенсек, елімізде 200 мыңнан астам өзге диаспорнаың баласы қазақ мектебінде оқып жатыр. Яғни, өзге ұлттардың өзі мұндағы келешек қазақ тілімен тығыз байланысты екенін түсіне бастаған. Алайда, сол түсінік өз қандастарымыздың санасына әлі толық жетпей жатса керек. Экономист ғалым тарихи отанына қайтқысы келетін өзге этнос өкілдері мектептің қай тілде білім беретініне қарамайтынын айтып, оған нақты мысал келтірді.

«Петропавлда кейінгі жылдары орыс тілінде білім беретін 190 шағын мектеп жабылған. Өйткені Солтүстік Қазақстаннан соңғы 30 жылда 400 мыңдай адам Ресейге қоныс аударған»,– дейді ректор.

Ерболат Мұхаметжан аралас мектептердің «қазақтану» процесі тым ұзаққа созылып кеткеніне дәлел болатын қызық дерек келтіріп отыр.

«Соңғы 5 жылдағы жағдайға қарасақ, аралас мектептердің саны көбеймесе, азаймаған. Мысалы 2017 жылы – 2037 аралас мектеп болса, 2018 жылы –  2046, 2019 жылы – 2054, 2020 жылы 2043-ке азаяды да, 2021 жылы  қайтадан 4 мектеп қосылып, 2047 болады. Қазір осы мектептерде  1 393 727 оқушы білім алып жатыр. 2020 жылғы статистика бойынша, Қазақстан тұратын халықтың 69 пайызы қазақ, орыс ұлтының үлесі – 18,27 пайыз. Сонда орыс тілді және аралас мектептердегі шәкірттердің басым бөлігі қазақ балалар деген сөз. Олардың көбі Ресейде оқуға түсіп жатқаны туралы ақпарат бар»,– дейді білім менеджері.

Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры аралас мектептердің «қазақтануына» жергілікті білім басқармаларының жалтақтығы тосқауыл боп отыр деп есептейді. 

«Аралас мектептердің көп сандысы орыс мектебінен араласқа өзгергендер. Көбінде білім басқармалары жалтақтық істейді. 1-2 ата-ана келсе, мектепті аралас қыла салатын басқармалар көп. Былтыр Нұр-Сұлтандағы 6-7  орыс мектебін араласқа өткіздік. Біртіндеп аралас мектепке, кейін қазақ мектепке айналдыруымыз керек негізі. Ол үшін аралас мектептің директоры қазақ тілін жақсы білуі керек. Оларды тағайындаған кезде мектеп ішінде оқу-тәрибе жұмыстары мен шаралардың бәрін қазақ тілінде өткізесің деген шарт қойылуы керек. Әйтпесе, қазір айналдырған 2-3 сынып үшін бүкіл іс-шара орыс тілінде өтіп жатыр. Бұлай жалғаса берсе, олардың қазақ мектебіне айналуы мүмкін емес. Қысқасы, директорларды аралас мектептерге «қазақ мектебіне айналдыр» деген тапсырмамен жіберу керек. Аралас мектептегі тәрбие жұмысы, оқу процесін ұйымдастыру біршама қиын. Директорлардың бастауыш сыныптан кейін қазақ тіліндегі сыныптарды жауып тастайтыны сондықтан»,– дейді маман.

Қазақ тілі «д\ш»-ның емес ғылымның тілі болуы керек Мұндай тенденцияның бар екенін Q-Math математика мектебінің негізін қалаушы Дархан Ардақұлы да растап отыр.

«Алматыдағы №90 мамандандырылған мектепте ашылған 1-сыныптардың төртеуі орыс тілінде, біреуі қазақ тілінде оқыған. Осы сыныптар бесінші сыныпқа көшкен кезде мектеп директоры жалғыз қазақ сыныбын жауап тастамақшы болып, үлкен шу шыққан болатын. Бұл мәселе әлі де бақылауымызда»,– дейді математик.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова  орыс мектептерін қазақтандыру процесін дене шынықтыру, тарих, география, технология сияқты пәндерден бастау керек деген пікір  айтты. Өз қызы мен жиенінің қазақша жақсы сөйлейтінін алға тартқан депутат ханым қазақ тілінің орыс мектептерінде өгейлік көріп отыруына тіл оқыту бағдарламасының жарамсыздығы кінәлі деген уәж айтады. Қызды-қыздымен қазақ тілін орыс мектептерінде оқыту бағдарламасы өзге ұлттар тіл меңгермеу үшін қолдан қиындатылып отырған сияқты деп қалды. Мәжіліс өкілі келешекте салынатын 800 мектептің бәрі қазақ тілінде білім беруі керек деген талапқа да қырын қарайтынын жасырмады.

«Менің Қазақстанда сонша мектеп керек екеніне күмәнім бар»,– деп қысқа қайырды.

Аятжан Ахметжан мұндай ұсыныстың астарына терең бойлау керек деп отыр.

«Қазақ тілі «д\ш»-ның емес, ғылымның тіліне айналуы керек. Неге әлі күнге дейін орыс әдебиетін оқытамыз? Одан да әлем әдебиетін оқиық. Өсім қазақ тілді ортада болып жатыр. Білім басқармалары мен мектеп директорлары осыған дайын болуы керек. Аралас мектептердің директорлары ондағы қазақ сыныптарына екінші сорт ретінде қарамай, жақсы мұғалім таңдап әкеліп қазақ сыныбына қою керек. Білімнің сапасын осылай көтеруге болады»,– деген ұстаз қазақ мектептердің білім сапасы орыс тілді мектептерден баяғыда озып кеткенін айтты.

«Оны мұғалімдердің біліктілік тестінен-ақ көруге болады. Қазақ тілінің сапасы орыс мектебінен озған. Орыс мектебінің сапасы жоғары деген қияли ертегіден арылу керек. Орыс ұлты 18 пайызға түскенде орыс мектептерінің үлесі 30-40 пайыз болуы – трагедия. Ол таргедияны жою үшін мектеп директорлары мен басқарма басшылары қазақ тілді болуы керек»,– дейді Аятжан Ахметжан.

Расымен де баласын орыс тілді немесе аралас мектептерге беретін қазақтардың айтатын басты уәжі – білім мен оқулық сапасы. Дархан Ардақұлы аралас тілдегі мектептерге арналған оқу құралдарының сапасыздығы аударма сапасымен байланысты деп санайды.

«Аралас мектептерге арналған оқу құралдары әуелде орыс тіліне жазылатынына мен 100 пайыз кепілдік бере аламын. Кейін оны қазақшаға аударады. Аудармада кеткен қате қазақ тіліндегі құралдың сапасын төмендетеді»,– дейді маман.

Ол, сондай-ақ, аралас және орыс тілді мектептерге артып тұрған сұранысты бәсеңдетудің әкімшілік жолы бар екенін айтады.

«Қазір Ресейде демографиялық жағдай өте қиын. Адам капиталы керек. Біздің түлектерімізді шаңсорғыш сияқты тартып алып жатыр. Бұл мәселені 5 жылдың ішінде шешетін қарапайым ғана жол бар. Балабақшаны түгелдей қазақ тіліне көшіру керек. «Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, бәрі қазақ тілінде тәрбие берсін» деген заң қабылдануы керек. Кейін 6-7 жасқа келгенде ата-анасы қандай мектепке беретінін өзі шешсін»,–дейді .

Бір сағаттан астам пікір таластырған сарапшылар ақыры жиынның қорытындысын қағазға түсіріп, Мәжіліс депутаттары арқылы  Білім және ғылым министрлігінің алдына мәселе қою керек деген тоқтамға келіп тарқасты. Көтерілген мәселе орынды және бұған дейін де талай айтылып, жазылған. Бірақ, әлі күнге дейін сол проблемалардың ішкі жағына үңіліп, елдігімізге қаншалықты зиян келіп жатқаны туралы нақты зерттеу немесе талдау жасалмаған. Аралас мектептер қай елдің азаматын тәрбиелеп жатыр? Әзірге бұл сұрақтың басы ашық.

Авторы: Есжан Ботақара

Дерек көзі: inbusiness.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 жыл бұрын 1849
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232