Туризмнен бастап ғарышқа дейінгі жобалар: Қазақстан мен БАӘ арасындағы жаңа келісімдер қалай жүзеге асады?
Туризмнен бастап ғарышқа дейінгі жобалар: Қазақстан мен БАӘ арасындағы жаңа келісімдер қалай жүзеге асады?

$2,2 көлеміндегі инвестиция қай салаларға бағытталады?

Мадияр Меңілбеков
Мадияр Меңілбеков

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңілбеков Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында кеңірек айтып берді.

F: Құрметті Мадияр Смәділұлы, жуырда ҚР Премьер-министрі А.Мамин БАӘ басшыларымен кездесулер өткізіп, нәтижесінде 17 келісім жасалғаны туралы айтылды. Олар қай салаларды қамтиды, қашан және қайда жүзеге асады?

Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы екіжақты қатынастар жоғары деңгейдегі жиі және тығыз байланыстарымен ерекшеленеді. Осы ретте, 13-15 наурызда ҚР Үкіметі басшысының БАӘ-ге нәтижелі сапары ұйымдастырылды. Жұмыс сапары шеңберінде А.Мамин БАӘ Вице-Президенті, Премьер-министрі және Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен және БАӘ Премьер-министрінің орынбасары, БАӘ Президент істері министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен жеке келіссөздер өткізді. Сонымен қатар, «Mubadala» егеменді әл-ауқат қорының, «Aldar Properties», «ADQ», «Al Dahra Holding», «International Holdings Company» («Royal Group»), «Investment Corporation of Dubai» сияқты БАӘ-нің жетекші инвестициялық қорлары мен холдингтерінің басшылығымен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды.

Іскерлік келіссөздер нәтижесінде Қазақстанда жалпы сомасы $2,2 млрдқа жуық инвестициялық жобаларды іске асыру туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластықтар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тау-кен металлургиялық кешені, туризм, қаржы және энергетика саласындағы жобаларды іске асыруды көздейді. Қазіргі уақытта инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Осылайша, «Canarax Trading LLC» Екібастұз қаласының индустриалды аймағында Индустриалды парк құру бойынша жұмысты бастады. «SSA AGRI DMCC» компаниясы Алматы облысында жеміс-жидектерді өндіру және қайта өңдеу жобасын жүзеге асыруда. Жақында «Mirak Group» компаниясы Алматы облысында саңырауқұлақ өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысын бастайды. Сонымен бірге, Әбу Дабиден Нұр-Сұлтан мен Алматыға «Wizz Air Abu Dhabi» лоукостер-әуекомпаниясымен тікелей рейстер ашу туралы келісім жасалғанын атап өткім келеді. Біз осы жылдың мамыр айының ортасында рейстер ашуды жоспарлап отырмыз.

F: Осы сапарда екі ел туризмді бірлесіп дамытуға келісті, оның ішінде ШҚО Қатон-Қарағайда кешен салу жоспарланған екен. Онда нақты қандай жобалар қолға алынбақ?

- Аталған жоба Шығыс Қазақстан облысының туристік тартымдылығын арттырды көздейді. Нақтырақ айтқанда, облыста сәнді қонақ үй мен ойын-сауық кешенін салу жоспарланған, оның құрылысы 2022 жылға дейін жүзеге асырылады. Кешенде көпқабатты үйлер, бутик қонақ үй, мейрамханалар, бақтар мен саябақтар болады. Жалпы, инвестициялық жоба өңірге, оның ішінде БАӘ-ден туристік ағынды ұлғайтуға бағытталған.

F: Премьер-министр Дубай Халықаралық қаржы орталығының басшыларымен де кездесті. Оның нәтижесі қандай, қандай келісімдер жасалды, оның ішінде Дубай моделі бойынша жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында қандай жобалар іске аспақ?

- Сапар барысында А. Мамин Дубай халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Исса Казиммен кездесіп, қаржы орталығының қызметімен танысты. Онда оған арнайы экономикалық аймақтың қажетті құқықтық, коммерциялық және басқа да инфрақұрылымды қамтамасыз ету арқылы бизнес пен қаржы институттары үшін тартымды жағдайларды ұсынатын арнайы экономикалық аймақтың қағидалары жөніндегі таныстырылым ұсынылды. Келіссөздерде «Астана» халықаралық қаржы орталығымен жемісті ынтымақтастықты жалғастырудың және Дубай халықаралық қаржы орталығымен қажетті ақпарат пен тәжірибе алмасудың маңыздылығы атап өтілді.

F: Жалпы Қазақстан мен БАӘ арасындағы экономикалық, іскерлік, ынтымақтастық байланыстың деңгейі қандай, көрсеткіштер қаншалықты өзгерді? Араб Әмірліктері негізінен қай салаларға инвестиция салуда?

БАӘ еліміздің аймақтағы ең негізгі экономикалық және инвестициялық әріптестерінің бірі болып табылады. Инвестициялық-экономикалық қатынастар бизнес сапарлармен тұрақты алмасу және тиімді келіссөздермен ерекшеленеді.

Статистикалық көрсеткіштер жылдан-жылға өсіп келеді. ҚР Ұлттық Банкінің мәліметтері бойынша, БАӘ-ден Қазақстанға 2005 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі инвестициялардың жалпы ағыны $2,4 млрд болды, ал тікелей инвестициялардың кері жалпы кірісі $1 млрдқа жетті. 2020 жылдан бері жалғасып жатқан дүниежүзілік пандемияға қарамастан, 2019 жылмен салыстырғанда 12,4%-ға көп мөлшерде инвестиция тартқанымызды атап өткім келеді. Жалпы, 2020 жылда $181,7 млн көлемінде тікелей инвестиция тартылды. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2021 жылдың 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда БАӘ қатысуымен 271 заңды тұлға жұмыс істейді. Жалпы, БАӘ компаниялары еліміздің құрылыс пен девелопмент, мұнай, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, банк және энергетика салаларына инвестиция салуда.

F: Кейінгі жылдары БАӘ ғарыш саласын дамытуды мықтап қолға алды, тіпті Марсты игеруді бастады? Бұл бағытта Қазақстанмен қандай келісімдер бар?

- Шынында да, Әмірліктердің соңғы жылдары ғарышты игеру саласындағы жетістіктері мен жеңістері елеулі әрі әсерлі болып табылады. Оған дәлел ретінде 2020 жылдың шілдесінде алғашқы араб мемлекеті болып, Марсқа жөнелтілген Әмірліктердің «Үміт» зонды қызыл планетаға сәтті жетіп, ақпан айынан бері Жерге құнды мәлімет жіберіп жатыр. Енді Ай бағдарламасын жүзеге асыру үшін қызу жұмыс жүргізіліп, ұшу аппаратын БАӘ толығымен өз күшімен құрастыруда.

Қазақстан мен Әмірліктердің бұл саладағы екіжақты ынтымақтастығының келешегі зор. 2019 жылы БАӘ-нің тұңғыш ғарышкері Хаззаа әл-Мансури қазақ жерінен ұшып, Жерге аман-есен оралды. Қазақстан-Әмірліктер саяси диалогы мен екіжақты қарым-қатынастарының жоғары деңгейі, оған қоса тараптардың заманауи ғылыми-технологиялық мүмкіндіктері ғарыш саласын игерудегі бірлескен жұмысқа берік негіз қалайды. Бұл ретте, ғарышқа ұшыру, ғарыш кеңістігін зерттеу, Жерді қашықтықтан зерделеу, ғарыш аппараттарын жасау, мамандар даярлау, жер серіктері мен олардың қызметі салалары бойынша өзара тиімді жобаларды қарастыру мен жүзеге асыру жақын болашақтың еншісінде деп сенеміз.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Әмірліктер ғарыш саласындағы тәжірибе мен перспективалық ғарыш жобалары бойынша өзара ақпарат алмасып тұрады. Барлық халықаралық форумдар мен көрмелерде және басқа да көпжақты алаңдарда екіжақты кездесулер өткізіліп, әр мемлекет өзінің алға қойған жоспарларымен бөлісуде. Сондай-ақ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы мен Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялық орталығы БАӘ-нің Шарджа университетімен екіжақты ынтымақтастық орнатқан.

Сонымен қатар, Қазақстан, Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктері «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «Гагариндік старт» – № 1 ұшыру алаңын және «Союз-2» зымыран тасығышы және оның модификацияланған нұсқаларының техникалық кешенін жаңғырту мен пайдалану бойынша бірлескен жобаны алдын ала пысықтау үстінде.

Бұл жоба аясында үш тараптың (ҚР, РФ, БАӘ) тепе-тең қатысуымен құрылатын бірлескен кәсіпорынға «Гагариндік старт» – № 1 ұшыру алаңы басқаруға беріледі. Бірлескен кәсіпорын ұшыру алаңын жаңғыртып, «Союз-2» зымыран тасығышын ұшыру бойынша қызмет көрсететін болады. Ұшыру алаңын жаңғырту «Союз-2» тобының барлық зымырандарын ұшыруға мүмкіндік береді.

Жобаның құны $87 млн және бұл қаржының басым бөлігі құрылыс-монтаж жұмыстарына және технологиялық жабдықтарды жаңғырту мен монтаждауға жұмсалады.

F: Арадағы тауар айналымына тоқталсақ. Қазіргі күні экспорт пен импорт үлесі мен көлемі қандай? Біз не жібереміз, ол жақтан не келеді?

- Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 2020 жылы $474,4 млнға жетті. құрады. Пандемия аталған көрсеткішке кері әсер еткенімен, бірқатар отандық тауарларға сұраныстың артқандығы байқалады. Мысалы, отандық қой етінің Әмірліктерге экспорты 2,5 есеге өсіп, 567 тоннаға жетті.

Отандық тауарларды экспорттаушы қазақстандық компанияларға келер болсақ, былтыр алғаш рет Әмірліктердің танымал сауда желілеріне отандық табиғи бал шығып, жоғары сұранысқа ие болды. Сондай-ақ, Қазақстанда жасалған автокөлік аккумуляторларының да ауқымды көлемі Әмірліктерге жеткізілді. Ал, биыл Дубай қаласында қазақстандық қой еті дүкені ашылды.

Жалпы, бұл айтқандарымнан бөлек, Қазақстаннан Әмірліктерге мыс, арпа, тау-кен және химия өнеркәсіптерінің өнімдері экспортталады. Ал еліміз Біріккен Араб Әмірліктерінен құрылыс заттары, электржабдықтар, тұрмыстық техника тасымалдайды.

F: Әмірлікте қазақстандық жұмыс күшінің көп екенін білеміз. Біздің азаматтар қай салаларда еңбек етеді, олардың саны белгілі ме?

- Иә, дұрыс айтасыз. Әмірліктер халықаралық туризм және бизнес орталығына айналып, мемлекетіне туризм саласынан бастап мұнай кәсіпшілігіне дейінгі қызметтің түрлі салаларында білікті мамандарды талап етеді. Араб тарапы Қазақстаннан келетін мамандарды жоғары бағалайтынын айта кету қажет.

Қазіргі уақытта БАӘ-де 2 мыңға жуық Қазақстан азаматтары қонақ үй, туризм, жылжымайтын мүлік, мұнай-газ, қаржы және басқа да салаларда қызмет көрсетеді. Олардың көпшілігі Дубай әмірлігінде қызметін атқарады. Қазақстанның Дубай қаласындағы Бас консулдығында 2018 жылдан бері жұмыс визасымен 1 421, ал Әбу Дабидегі Елшілігінде 332 Қазақстан азаматы тіркелген.

F: 2020 жылы Қ. Тоқаевтың БАӘ жасаған ресми сапары кезінде Түркістан қаласынан делегация барған еді, Түркістан облысының әкімі Ө.Шүкеевтың барғанын білеміз. Бұл бағытта қандай нәтиже бар? Түркістан араб инвесторларын қаншалықты қызықтыруда?

- 2020 жылғы 22 желтоқсанда Әбу Даби қаласында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Халифа бен Заид Әл Нахаян қайырымдылық қорының Бас директоры Мұхаммед Хаджи әл-Хури Түркістан қаласында шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы Ана мен бала орталығын жобалау және салу бойынша өзара түсіністік меморандумына қол қойды.

Қайырымдылық жобасы жергілікті денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға бағытталған және Әмірліктер қорының медициналық мекеменің құрылысын қаржыландыруын көздейді.

Гуманитарлық грант ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен уағдаластықтарының арқасында жүзеге асырылады.

Түркістан облысының әкімдігі нысанды құру үшін қала орталығында қажетті жер учаскесін бөлу және оны барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізуде.

Тараптар қазіргі таңда жобаның техникалық мән-жайларын келісу үстінде және құрылыс жұмыстарын жақын арада бастауға ниетті.

Бұл жоба Әмірліктер тарапының Қазақстан халқына тарту еткен әлеуметтік маңызға ие нысандар тізбегінің жалғасы болып табылады. Бұл тізбеде Нұр-Сұлтан қаласындағы орта мектеп, Шымкент қаласындағы перзентхана, орталық мешіт және Түркістан облысындағы екі аурухана бар.

F: 2018 жылдан бастап қазақстандықтар үшін визасыз жүйе енгізілгені белгілі. Бұл өзгеріс екі ел арасындағы қарым-қатынасты қаншалықты өзгертті? Әбу Дабиден ашылған жаңа рейстер бұл көрсеткішке қалай ықпал етпек?

- Қазақстан мен Әмірліктер арасында енгізілген визасыз жүйенің пайдасы бірден және барлық салаларға әсер етті десе болады. Әрине біріншіден екі мемлекеттің азаматтары өздерінің жұмыс немесе демалыс сапарларын еркін жобалауға мүмкіндік алды. Екіншіден, жоғарыда көрсетілгендей тауар айналымы 2,5 есе өсуіне алып келді.

Аталған жағымды тенденцияны байқаған әуе компаниялары рейстердің жиілігін арттырды. Бұрыннан ұшып жүрген «Air Astana» әуе компаниясының Дубай қаласына тұрақты рейсінен бөлек биылғы жылдың 5 наурызында «Scat» әуе компаниясы Қазақстанның 8 аймағынан Рас әл-Хайма әмірлігіне тұрақты тікелей рейстерді ашқан болатын. Осыған қоса, мамыр айынан бастап «Etihad» әуекомпаниясының Wizz Air Abu Dhabi лоукостері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына өз рейстерін ашуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласына Әмірліктердің астанасы Әбу Даби қаласынан «Etihad» әуекомпаниясының ұшақтары аптасына бір рет рейстерді орындайтын, алайда пандемияға байланысты уақытша тоқтатты.

F: Сіз өзіңіз бұған дейін көптеген компаниялардың басшыларымен кездесіп, олармен өзара ынтымақтастықты дамыту бойынша кездесулер өткізіп келесіз. Олардың ішінде Қазақстанға келгендері бар ма, оларды не қызықтырады, Қазақстан туралы не ойлайды?

- Ел басшылығының шешіміне сәйкес 2018 жылдың соңында ҚР Сыртқы істер министрлігіне инвестицияларды тарту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру функциялары тапсырылды. Қазіргі уақытта шетелдегі азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, қазақстандық шет елдегі дипломатиялық миссиялар инвестициялық саясатты ілгерілету мен елімізге шетелдік капиталды тарту жұмыстарын белсенді атқаруда. Осы ретте, Елшіліктің экономикалық дипломатия саласындағы қызметінің үрдісі Қазақстан экономикасының басым секторларына шетелдік инвестицияларды тарту және қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарға шығаруды ілгерілету міндеттері тұрғысынан жүзеге асырылады. Әмірліктер нарығындағы үлкен бәсекелестікті ескере отырып, шетелдік инвесторларды Қазақстанның қолданыстағы агроөнеркәсіптік кешендегі, мұнай-химия, өнеркәсіп және т.б. инвестициялық мүмкіндіктері қызықтырады. Сонымен қатар, шетелдік инвесторларға әртүрлі жеңілдіктер мен преференциялар, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының аланыңдағы мүмкіндіктер ерекше қызығушылық тудырады. Жалпы, Әмірліктер бизнесі Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге өзінің дайындығы мен қызығушылығын ашық түрде көрсетеді.

F: Дубай Экспоға қалай әзірленіп жатыр. Қазақстан оған қандай дайындық жасауда? Павильон алаңы, оның көлемі, ұсынатын бағдарламасы белгілі ме?

- «Экспо-2020» Дубай дүниежүзілік көрмесіне дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Қазіргі таңда 192 мемлекет қатысатынын растады. Дүниежүзілік көрмеге 25 млн адам келеді деп күтіледі. Мұндай ауқымды іс-шараға Қазақстанның қатысатыны өзіңізге мәлім. Көлемі 3400 ш.м. болатын үш қабатты ұлттық павильонымыз еліміздің мәдени мұрасы мен экономикалық мүмкіндіктерінен сыр шертетін болады. Сондай-ақ, павильонда келушілерге ұлттық тағамдар ұсынатын мейрамхана, ал қазақстандық және араб бизнес өкілдері үшін кездесу бөлмелері қарастырылған.

Дүниежүзілік көрменің өтуі мерзімінде еліміздің ұлттық күніне орай салтанатты ресми іс-шаралар жоспарланған. Сондай-ақ, Қазақстанның Тәуелсіздік күні және 2022 жылы Наурыз мейрамы аталып өтеді деп жоспарлануда.

F: Дубай пандемияны қалай еңсерді? Қазіргі жағдай қандай? Әмірлікте істейтін әлем елдеріннің азаматтары қайта оралды ма?

- Пандемияға байланысты 2020 жылғы 18 наурызынан бастап БАӘ шекарасы жабылып, Дубай қаласының халықаралық әуежайында халықаралық әуекомпаниялар жұмысын тоқтатты. Халықаралық рейстердің барлығы ұшуын тоқтатып, сәуір айында қаланы бір айға карантинге жапты. Қаладағы барлық мемлекеттік мекемелер, жеке ұйымдар, ойын-сауық орындары, олардың ішінде мейрамханалар, дүкендер, фитнес клубтар және бассейндер, теңіздің жағалаулары, мектептер, кітапханалар және т.б. орындар толықтай жабылды. Дубай қаласының жергілікті тұрғындары мен резиденттері, университет студенттері мен мектеп оқушылары барлығы онлайн тәртібіне көшті. Карантин кезінде Дубай қаласының Үкіметі қатаң тәртіпті карантинді 24 сағатқа енгізді. Қаланың тұрғындарына тек азық-түлік алуға және дәріханаларға барып, дәрілерді алып қайтуы рұқсат етілді. Далада бетперде тағу және әлеуметтік аралық ұстану міндетті түрде орындалатын ережеге айналды, заң бұзушылар шамамен 1000 дирхамға дейін айыппұл төлейтін болды. Дубай әкімшілігі қаланың ішінде санитарлық тазалау жұмыстарын бір ай бойы жасап, толықтай дезинфекцияны өткізді. Мамырдың басынан бастап Дубай тұрғындарына таңғы 6-дан кешкі 10-ға дейін далаға шығуға рұқсат берілді. Маусым айынан бастап теңіз жағалаулары, бассейндер және сауда орталықтары ашыла бастады, барлық ойын-сауық жерлерде, әсіресе мейрамханаларда және қонақ үйлерде әлеуметтік аралық қамтамасыз етіліп, адамдардың саны бойынша ішкі толымдылығы 70%-дан аспау керек.

Бүгінгі күні барлық жерлер ашылған, бірақ санитарлық ережелер сақталып келеді.

Дубай әлемдегі ірі қалалардың бірі болғандықтан, пандемия басталғалы бері туризм саласы әлсіреп, жыл сайын келетін шетел азаматтары азайғаны байқалды. Сонымен қатар, COVID-19 ережелері қонақ үйлерде, мейрамханаларда және барлық ойын-сауық жерлерде толымдылығы 70% ғана болғандықтан, жалпы БАӘ экономикасына өз әсерін тигізді. Шағын бизнес саласына қиын соқты, көптеген шағын мейрамханалар мен дүкендер, шаштараздар, әйелдер салондары және т.б. мүлдем жабылып қалды. Жеке бизнес саласында жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары жұмысын аяқтап, өз елдеріне қайтып кетті, оның ішінде Қазақстанның азаматтары да болды.

Қазіргі таңда Дубай қаласында барлық мекемелер ашылып, шектеулі уақытпен және нақты ережелердің қадағалауымен жұмысын істеп жатыр. Көптеген шетел азаматтары Дубайға қайта оралып, халыққа қызмет көрсету саласында шағын бизнестерін қалпына келтіруде. Осы күнге дейін бетперде кию, қашықтық сақтау жүйесін бұзған азаматтар айыппұл төлеуі қажет.

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 жыл бұрын 1914
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232