Соғымды қай уақытта сою керек
Соғымды қай уақытта сою керек

Соғымды қай уақытта сою керек? Жылқы етінің қандай пайдасы бар? Бұл сұраққа белгілі маман жауап берді, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Қазақ соғымға жылқы сояды. Қолы жеткені ту бие, байтал одан қалды жабағыны құп көреді. Әрине, әркім көрпесіне қарай көсіледі. Десек те мал танитын ел тай мен еркек малды қолда бордақыламаса алдайды деп қашқақтайды. Бастысы, қазы шығуы керек.

«Ең біріншіден, ол жаңағы құрамы жағынан өте бай ет боп табылады. Және оның құрамында көп мөлшерде белок болғандықтан, яғни 19 пайызға жуық белок болады және аз мөлшерде майдың үлесі тек 3 пайыз, сондықтан ол диеталық және гиппоаллергенді ет түріне жатады және де оның құрамында көптеген витаминдер кездеседі. Соларды айта кететін болсам, ол А витамині, B витамині, C және Е витамині көп мөлшерде кездеседі. Бұл адам организміне өте көп жаңағы үлесі өте зор. Көп мөлшерде темір кездеседі, натрий, калий, фосфор бұл организмде көптеген метаболизмдерге қатысып, өзінің әсерін береді, жақсы әскерін береді», — деді нутрициолог-диетолог, Ұлттық биотехнология орталығының маманы Алтынай Қасымханова.

Жөн білген қазақ соғымды дәл қай күннен бастап союды да біледі. Бір күн әрі, бір күн бері емес. Дәл желтоқсанның 13-і. Өйткені, наурыздың он үшінде құмалақ батса қар кетеді дейтін қазақтың есепшілері жыл басын наурыздың 13-інен қайырса, қыстың басы желтоқсанның он үші! Осы мезгілде уақ мал мен арық-тұрақ қолға қараса, азығын жыл он екі ай даладан табатын жылқы жарықтық өрісін ұзартады. Тағы бір дәлдік дәл осы мезгілде жылқыға қазы бітеді. Яғни, майы қабырғасына жиналған уақыт.

«Жылқыны сол желтоқсанның он үшінен бастап сою керек. Оған дейін болмайды. Жылқы қар басу керек. Қар басқаннан кейін оның күллі майы, құнарлылығы қабырғасына жиналады. Соның бәрі майлы боп, дәмді болатыны сол. Ал енді ертерек сойсаңыз, онда қазыңыз, бәрі жөнді болмайды. Сондықтан ата-балаларымыз қар бір-екі жауғанан кейін барып сойған», — деді Қазақстанның құрметті журналисі Оралбек Жүнісұлы.

Қазақ жылқыны жиын той, өлім-жітім болмаса жазда соймайды. Жазда қой-ешкіні талқажау етсе, күздікке қазы шығар серке болмаса қазіргі жұрт сиыр сояды. Сойылған малдың етін қыстың өзінде ыстығын шығарып, біраз уақыт бос жайып тастайды. Өйткені, энергиясы жойқын. Суықтың өзінде бусанып жатады. Аяз болмаса қата қоюы да екіталай. Сол себепті, соғымды алғашқы аяз қырбастың қызылшұнағын өткізіп барып сойған. 

«Осы жылқының майының қатпайтын қасиеті бар, сондықтан оны ұзақ жолға жүрген кезде өзімен бірге алып қолдана беруге болады. Соғым етін мұзадтқышта яғни минус 20 градустан төмен температурада сақтау керек, себебі, егер одан жоғары температурада сақтасаңыз оның құрамындағы витаминдер, минералдар бұзылып, ол жаңағы өзінің жақсы қасиеттерін жоғалтады», — деді Ұлттық биотехнология орталығының маманы Алтынай Қасымханова.

Соғымға мұздатқыштың да қажеті жоқ. Мұздатқыш — сарышұнақ, ақшұнақ аяздар. Маманның айтуынша, сүр ет те барлық витамин сақталады. Ал мал танитын адам жылқы етінің қуатын, соғымға лайық екенін қазысына қарап біледі. Екі еліден жоғары шықса риза, одан асса тамсанады. Сере шығарып соятындар да бар. Ал шынашақ ғана шығып жатса, "бұйырғаны" деп қанағат қылады. Сол себепті, соғым басына келген жұрт бұйыртып жегізсін дейді.

Автор: Сәке Қанатұлы

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
3 жыл бұрын 1813
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232