Ораза тұтушы үшін таң атпай тұрып ас-су ішіп, құлшылыққа қамдануы мұстахаб амал болып табылады. Мұны сәресі деп атайды. Әнас бин Малик (р.а.): "Сәресі ішіңдер, өйткені, сәресіде береке бар" деген хадисті риуаят еткен.
Сәресінің берекеті
Сәресі ішу дегеніміз – сүннетті орындау, кітап иелеріне ұқсап қалмау, құлшылыққа күш-қуат жинау, белсенділікті арттыру, аштық себепті жаман мінездің пайда болуын алдын алу, садақа беруге жігерлендіру, дұға-тілек етуге мүмкіндік.
Сәресінің бірнеше хикметі бар, олар:
1. Құлшылыққа күш-қуат беруі.
2. Кітап иелеріне ұқсамау. Өйткені, олар ораза тұту үшін сәресі ішпейді.
Амр бин Ас (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): "Біз ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы – сәресі ішуде" дегенін жеткізген.
Сәресі уақыты
Хадисте Зайд бин Сабиттің (р.а.) пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге сәресі ішіп, сосын намазға тұрады. Әнас: "Екеуінің арасы қанша уақыт болды", – деп сұрағанда, Зайдтың: "Елу аят шамасынша", – деп жауап бергені баяндалады.
Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) таң атқанға аз уақыт қалғанға дейін сәресі ішкенін білдіреді.
Сәресінің мөлшері
Әбу Сағид Худрий (р.а.): "Сәресі – берекелі ас. Оны тастаушы болмаңдар. Тіпті, бір жұтым су ішсеңдер де..." деген риуаят жеткізеді.
Ең абзал сәресі
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: "Мұсылманның сәресісі болған құрма неткен тамаша" деп айтылған. Демек, сәресіде құрма жеу де абзал амалдар қатарына жатады.