Шекара мәселесін толық шешіп болдық па?
Шекара мәселесін толық шешіп болдық па?

Биылғы 2020 жылы кеңестік жүйедегі қазақ мемлекетінің құрылғанына 100 жыл толмақ. Осылай деп ауыз толтыра айтып, көңілімізді бір демдеп алсақ та көкейден кетпейтін бір сауал көлдеңдей береді. Әрине, өз заманында Қазақ автономиясының құрылуы сөзсіз аса маңызды тарихи және саяси оқиға болғандығы рас. Алайда, жаңадан бой көтеріп жатқан Кеңес өкіметі құрамына жас қазақ мемлекеті неге бірден одақтас республика ретінде тіркелмей қалды? Арыға бармай-ақ, Орта Азиядағы территориясы жағынан да, халқының саны жағынан да аз санды республикалардың бізден бұрын Кеңесті социалистік республикалар Одағына толық құқылы одақтас респулика дәрежесінде кіре тұра (Өбекстан - 1924 ж., Түркіменстан - 1924 ж., Тәжікстан - 1929 ж.) Қазақстан сияқты іргелі елдің автономиялық деңгейдегі респулика болып қалуын қалай түсінеміз? Неліктен ғана осы бір сын сағатты он алты жыл бойы (1936 жыл, Қырғызстанмен бірге) күтуге тура келді? Қазіргі мемлекеттік территориямыздың өткен ғасырдың 20-жылдардағы көлемінен де азайып кеткені қалай?

Биылғы жыл қазақ автомиялық республикасының құрылғанына жүз жыл. Әрине, бұл тарихи уақиғаға кезінде сонау қазақ хандығы дәуірінен бастап «толарсақтан су кешіп, найзаның ұшы, білектін күшімен» күн кешкен арпалыс пен аласапыранға толы сұрапыл жылдарға тоқтау салып нүкте қойғандай болып, өз алдымызға ел болып мемлекет құрғанымызға тәубе дегендей күй кешкеніміз де шындық. Алайда қазіргі уақытта дүние жүзінде жер көлемі жағынан тоғызыншы орынға табан тіреп тұрған тәуелсіз еліміздің тағдыр-талайы қалай боларын кім болжапты. Бұл туралы публистикалық және зерттеу еңбектер мен мұрағат құжаттары не дейді, сол тұрғыдағы ойларымызды ортаға салмақпыз. Себебі,  Кеңес өкіметі орнаған тұста үшке бөлініп тұрған қазақ жері мен елінің тұтастығы қыл үстінде тұрғандай еді. Орталығы жұдырықтай жұмылған қазақ елі болса да қазіргі еліміздің солтүстігі мен шығысындағы бес облыс пен Түркістан уәлаятына қараған шығыс, оңтүстік-батыстағы бес облыстың (қазіргі территориялық бөлініспен салыстырғанда) қазақ мемлекетінен бөлініп қалу қауіпі әлі де болса сейілмей тұрған болатын. 1924 жылға дейін Қазақ АССР құрамына кірмеген он облыс қазіргі уақытта Ресей мен Өзбекстанның, Түркіменстанның (бұл кезде бұлар одақтас республикалар болып алған) құрамында қала берсе не боларын көзге елестетудің өзі қиын. Бұл арада Алаш қайраткерлерінің ерең еңбегі, Мәскеуге арнайы бірнеше рет барып жүріп Ленин мен Сталиннің алдына өз бастарын қатерге тіге отырып қазақ жерінің біртұтастығы туралы мәселелер көтеруі өз алдына толықтай мұрағаттық зерттеулерді қажет етеді. (Бұл тұрғыда «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасының пәрменін неге пайдаланбасқа). Сөзіміз дәлелді болуы үшін сол кезеңдегі жағдайға тоқтала кетейік. Орта Азия халықтарының заңды мемлекеті болған Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметін Совет өкіметі ашық түрде мойындамады. Оларға таптық жіктелуге негізделген советтік тұрпаттағы автомия қажет болды. Сол себепті де 1917 жылы оныншы желтоқсанда Қоқан қаласында өткен төртінші жалпымұсылмандық құрылтайда жарияланып екі ай ғана өмір сүрген, (өзін тәуелсіз автономиялы мемлекет ретінде жариялаған Түркістан автономиясы (Түркістан мұхтарияты деп те аталады) 1917-1918 жылдар аралығында 64 күн өмір сүрген  Автономияның тағы бір атауы – Қоқан автономиясы. Түркістан автономиясы да Алаш автономиясы сияқты билікке келген большевиктерге қарсы тұру мақсатында пайда болды) Түркістан (Қоқан) автономиясын большевиктер 1918 жылдың ақпан айында қарулы күш жұмсап басып тастады. Ал бұған керісінше В.Ленин мен И. Сталиннің қолдауымен 1918 жылғы сәуір айының  20-сы мен бірінші май аралығында Ташкент қаласында Түркістан өлкесі кеңестерінің бесінші съезі өткізіліп  сәуірдің 30-ында РСФСР-дің құрамында Түркістан Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы құрылғандығын жариялайды. Оның құрамына Орта Азияның басқа өңірлерімен бірге Қазақстанның екі оңтүстік облыстары сол кездегі Жетісу (Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері мен Пішпек уездерінің қазақтар мекендеген кейбір ауылдарымен Сырдария (ол кезде бұл облыс құрамына Қазалы, Перовск, Шымкент, Әулиата, Ташкент (Мырзашөл және Жизақ уездерінің қазақтар мекендеген кейбір болыстары) сияқты бес уезд кірген болатын-Туркестанский календарь на 1904 г. с приложениями: Карта Тукестанского края и план гор.Ташкент. под ред. В.В. Стратонова. – г. Ташкент, Типография Штаба Туркестанского военнного округа.,1904 г.) облыстары да еріксіз кіріп кеткен еді. Ал бұл уақыт аралығында Қазақстанның басқа облыстары да территориялық жағынан бір шешімге келе алмай әкімшілік жағынан бытыраңқы жағдайда, РСФСР-дің әртүрлі губерниялық советтерінің қарамағында болып келді: солтүстік шығыстағы Ақмола мен Семей облыстары орталығы Омбыда болған Батыс Сібір өлкесіне бағынды. Торғай облысы Орынбор губерниялық советіне бағынды. Бөкей ордасы Астрахан губерниялық советінің қол астында болды. (175-бет. Нұрпейісұлы К. Алаш ақиқаты. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы. 2010. – 424 б). Түркістан өлкесі этникалық халықтарының бұлайша араласып кетуі оқырмандарға түсінікті болуы үшін тарихқа сәл-пәл шегініс жасасақ бір кездері қазіргі Өзбекстан мемлекеті әрқайсысы өз алдына дербес «Орта Азиядағы үш хандық» болып бөлініп жатқандығына куә боламыз. Олар Хиуа хандығы (XVI-ғасырдан  XX-ғасырдың басына дейін), Бұхар хандығы (XVI-ғасырдан  XX-ғасырдың басына дейін) және Қоқан хандығы (1710-1876 жылдар) деген үш феодалдық хандық болатын. Жоңғарлардың ауқымды шабуылы 1723 жылы басталып «Қалмақтардың үстемдігі орнаған кезде Ұлы жүз Қоқанға, Орта жүз Самарқанға кетті, ал Кіші жүз Хиуа жағына көшті. «Ақтабан шұбырынды» зардабын әсіресе Орта жүз көп көрді. Ұлы жүз Жонғария билігінде қалды», - деп жазады П.И.Рычков өз еңбектерінде.

Ал патшалық Ресей империясы отаршылдарының әскери жорықтарынан кейін бұл өлкеде 1876 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы (орталығы – Ташкент қаласы) құрылып нәтижесінде Қоқан хандығы жойылып, оның аумағы Түркістан генерал-губернаторлығына берілді. Ал Бұхар және Хиуа хандықтарының аумақтары қысқартылып, өздері Ресей боданына айналғандығы белгілі (осы жерде С. Сейфуллиннің өзі редактор болып тұрғанда «Еңбекшіл қазақ» газетіне жазған мақаласында «Хиуаны қазір «Хорезм» жұрты дейтін болды. Сартты «өзбек» дейтін болды, һәм бұл түзетіліп қойған аттарды Совет хүкіметі қолданып кетті» деген сөзі еске түседі). Ресей империясының 1853-1895 жылдары Орта Азияға (оның ішінде Қазақстанның оңтүстік аймақтары да ба) жасаған әскери қанды жорықтарының белгісі ретінде ерекше көзге түскендер «За походы в Среднюю Азию» деген медалімен марапатталуын өлкенін Ресей тарапынан  басқыншылық жолмен отарлануының  тарихы құжаты ретінде қабылдауға болады..

Тарихи деректерге үңіле қарасақ Самарқан қаласы Семізкент (кезінде қаңлылар қаласы деп те аталған деген мәліметтер бар) аталып Ақ ғұндардың бірінші астанасы болған. Орта Азиядағы іргелі мемлекет Қарлұқ мемлекетінің қомақты бір бөлігін құраған арғындар кейіннен жеке мемлекет дәрежесіне ие болғанда оның астанасы Тараз (Талас) қаласы болса, тарихшы Ж.Омари: «Қарлұқ елі жөнінде жазған тарихшылар осы елдің ішінде Арғу атты тайпа барын баяндайды. Саяхатшылар болса (көбіне арабтар), Исфиджап пен Тараз арасындағы өлкені Арғу деп атаған» деген деректі алға тартады. Шыңғысхан дәуірінде бұл өңірдің Шағатай ұлысына қарағандығы туралы Ш. Уәлиханов: «Арғындар Шағатай ұлысының елі болды» деп жазады. XVI-XVII ғасырларда бұл өлкеге қазақ хандары Хақназар мен Тәуекел хандардың билік құрғанына куә боламыз. М.Тынышбайұлы. XVII-XVIII ғасырлардағы қазақтар.«Қазақстан коммунисі». №11. Қазан,1990 жыл. 65-бет. XVIII ғасырларда Самарқанды кіші жүздің Әлім руынан шыққан әйгілі Төртқара  Жалаңтөс баһадүр, ұлы жүзді Жолбарыс хан билеп ол Ташкент пен Түркістан қалалары мен қала маңы қыстақтарын иеленіп билік жүргізгендігін тарихи деректер айғақтайды. Ал белгілі алаш қайраткері Ә. Бөкейханов өзінің «Киргизы» деп аталатын ғылыми зерттеу еңбегінде 1897 жылғы халық санағы бойынша Ферғана өңірінде жалпы саны 1 837 418 адамдар есепке алынып онын ішінде қазақтар саны 374 981 адам болып пайыздық көрсеткіштері бойынша 20.3 пайыз (негізінен қыпшақтар), орыстар 0.7  пайызды құраса ал қалған халықтар саны 79 пайыз болғандығы туралы мәліметтер келтіреді. 6-7 беттер. А.Н. Букейханов. Казахи: историко-этнографические труды. 2-е изд. Доп. – Астана: «Алтын кітап», 2007, - 303 с. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығысын алып жатқан осы ұланғайыр өлке Сырдария мен Жетісу губерниялары 1924 жылдың соңына дейін Түркістан автономиялы Кеңестік социалистік респуликасы болып келіп, сол жылғы ұлттық мемлекеттік межелеулерден кейін ғана (1924-1925 жылдары ұлттық мемлекеттік бөлу нәтижесінде) Қазақстан территориясына қосылды. Сөйтіп, патшалық отарлау кезеңі мен Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында бөлшектеніп кеткен Қазақстанның территориялық тұтастығы қалпына келтіріліп, кеңестік негізде құрылған қазақ мемлекеттігі қазақ халқының жүздеген ғасырлар бойы қалыптасқан этникалық территориясына иелік еткен еді. (185-бет. Нұрпейіс К.  «Тарихи тұлғалар». -Алматы: «Қазақ энциклопедициясының» Бас редакциясы,  2007. – 376 бет).

Алаш қайраткерлерінің қазақ жерінің тұтастығын белгілеудегі бұл жанқиярлық еңбектері еш кеткен жоқ. Оған 1928 жылғы 20 марттағы Алматы қаласында университет ашуға байланысты (қазіргі Абай атандағы ҰПУ) мына бір деректерден көз жеткізуге болады:

(Осы бір 1928 жылғы деректі де құнды құжатқа салыстырмалы түрде қазіргі Қазақстан аумағы 2724,9 мың км²-ге тең болып біршама азайғандығын еске саламыз).

Енді (мақала көлемінің шектеулі болуына қарай) өткен ғасырдың екінші жартысындағы территориялық өзгерістерге байланысты Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Мемлекеттік архивінен алынған мұрағаттық құжаттарға кезек берейік.

Міне осы деректердің өзінен-ақ, көрініп тұрғандай сол кездегі Қазақстан мемлекет билігінде отырған азаматтарға оңай болмағандығын, оларға орталық билік тарапынан қандай қысымдар жасалғандығын сезінуге болады. Жоғарыдағы архивтік құжаттардан негізгі қысым сол жылдары үкімет басында болған Н.Оңдасыновқа жасалып, қатаң қыспаққа түскенін байқаймыз. Ал Н.Оңдасыновтың 1938 жылдан 1951 жылға дейін Қазақстан Министрлер Кеңесінің, 1954-1955 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумның төрағасы болып келіп, 1955-1962 жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы, Гурьев обкомының бірінші хатшысы сияқты қызметтік сатыларының төмендеп, шеттетіле бастағанын көруге болады. Оның Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесін басқарған кезі өте ауыр кезең. Отызыншы жылдардағы аштық, репрессия, соғыс, бәрі де Н. Оңдасыновтың ел басқарған жылдарына сәйкес келеді. Ал Н.Оңдасыновтың осы бір ширек ғасыр ішінде мемлекеттік аса маңызы бар қауырт мәселелерді шешкенін, өзіне жүктелген қызметтерді адал атқарып, қазақ халқы алдында еңсесің түсірмей абыроймен кеткеніне тарихи деректер айғақ.

«Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!», деген екен. Біз де бұл сөздерге сенеміз.

Бұл мағлұматтарға қосымша халқымыздың біртуар, тау тұлғалы азаматы Д. Қонаевтың ондаған жылдар бойы Н. Оңдасыновтың қарамағында Министрлер Кеңесінің орынбасары болып, оны өзінің ұстазы санағандығы да көп жәйттерді аңғартса керек. Биліктегі ғұмыры аумалы төкпелі аласапыран кезеңге тура келген үкіметті Оңдасынов басқарған сол тұста үш аудан өзбектерге өткен жоқ. Бұл туралы зерттеушілер: «Н.Оңдасынов  Н.Хрущевке жағымпазданбай-ақ, төтесін бірақ айтты: «Қазақтың үш ауданын өзбектерге беру-бермеу мәселесін халықтың өзі шешеді»!  Есесіне ол жоғары мансаптан шеттетілді». («Егемен  Қазақстан». 13 ақпан, 2020 жыл).

Әңгімеміздің өзегіне айналып отырған жер, шекара мәселесі арада жүз жыл өтсе де өзекті проблемалардың біріне айналып отыр. «Жау жоқ деме жар астында» деп бабаларымыз көрегендікпен айтып кеткендей шығыс және солтүстік аймақтардағы ұлттардың орналасуы әлі де алаңдатарлықтай жағдайда. Бұл өңірлерде әлі күнге дейін ұйысып славян жұрты отыр. Ал қазақтардың пайыздық үлесі небары 35-40 пайыздан аспайды. Бұл облыстардың Ресеймен тікелей шекаралас екенін өз алдына, ара тұра болса да солтүстіктегі көрші жұрттың билікке жақын жүрген баз бір саясаткерлері тарапынан «Қазақстанның солтүстіктегі бес облысы Ресейге тиесілі, орыс жері» деген атойға толы ұрандар кейінгі кездері жиі естіліп жүр.

Біз жоқ іздеген халықпыз. Тарихи және саяси жағыдайларға байланысты Алаш қайраткерлері бастарын қатерге тіге жүріп алып берген біраз жерімізден айрылып қалдық. Астрахан, Орынбор, Омбы, Алтай өлкелерін айтпағанның өзінде «кеше ғана» (1956 жылы) Өзбек ағайындарға қырық жылға жалға берілген Бостандық ауданы қазір не күйде? Ал бұл арада, жүз жыл бұрын қырғыз ағайындарға «1926 жылы уақытша пайдалануға берілген  232 939 гектар жер өзімізге қайтарылатын болды» деген сүйінші хабардың соңы не болды ? («Жетісу» газеті. 29 қазан, 1991 жыл). Бұл әңгімелер бүгін ғана туындап жатқан жоқ, елес болып кезіп жүргеніне отыз жылдан да әрі десек болады. Әу баста Кеңестер Одағының түбіне жеткен М. Горбачев шоқ тастап кетсе, кейіннен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Семейлік  В. Жуков («Ленинская смена» газеті), В. Козлов («История СССР» журналы, 1990, №1),  Н. Селищев  «Омская правда», А. Солженицын, сол кездегі КСРО халық депутаты, Өскемендік Васильева («Комсомольская правда» газеті), Оралдық Водолазовтар, Кузьминдер ешбір дәйексіз, дәлелсіз мақалалар жариялап шоқты одан әрі қоздата түссе, бұл күндері Ресей думасының депутаты В. Жириновский дегендер сол шоқты ара тұра болса да үрлеп («ұшқыннан жалын лаулайды» демекші) қойып отыр. Тіптен олардың арасында әлі күнге дейін қазіргі Павлодар облысының аумағы қазақтардың тарихи мекені емес, ежелгі орыс жері деген ұғым қалыптасқан. Қазақстан тарихына мектеп қабырғасынан сусындамай өскендіктен де болар, қазіргі Павлодар облысының аумағы бір замандарда Қазақстанда ерте орта ғасырларда мекен еткен ежелгі мемлекеттер Түрік қағанаты, Батыс Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты, Қимақ қағанаты, Қарлұқ мемлекеті, Хазар одақтары және Қарахандар, Қыпшақ хандығы, Алтын Орда мен Ақ Орда мемлекеттері болып, бертінгі уақыттарда Қазақ хандығы аумағының құрамына кіргенін мүлде мойындамайды. Еліміздегі кейбір баспасөз беттеріне көз салсақ олар өңір тарихын 1720 жылдардан бастап салына бастаған әскери отаршылдық мақсаттағы бекеттердің 300 жылдығын, басқаша айтсақ, қазақ жерін Ресей империясының жаулап алғанына үш ғасыр толуын түрлі мәдени, саяси шаралармен дүркіретіп атап өтуді де жоспарлап жүрген көрінеді...

Дәуренбек Ескекбаев,

Тархшы, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz     

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 жыл бұрын 2464
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232