ХХ ғасырдың соңы, жаһандағы басты жаңалық жарты әлемге үстемдігін жүргізген коммунистік режимнің ыдырауы болды. Он бес одақтас мемлекеттен құралған кеңестік империяның құлауы, оның құрамында болған республикалардың тәуелсіздік алуына жол ашты.
Кеңес үкіметі құлаған тұста, батыс ғалымдарының талдауларында «Тарихтың соңы» деген концептуалды пікір қалыптасты. Мұны алғаш көтерген тегі орыс, француз философы Александр Кожев болатын. «Тарихтың соңы» идеясы әлемдік қауіп көзіне айналған алып режимдер күйрегеннен кейін, тарихты жасаушы күштер жойылып, демократиялық келісім жолымен өмір сүретін заман келді дегенге саяды. Яғни, қақтығыстар дәуірінің аяқталуы дегенді білдіреді. Қазақша айтқанда «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» тыныш заманның орнауы.
«Тарихтың соңы» идеясын жан-жақты талқыға салғандардың бірі, тегі жапон, американдық ойшыл Фрэнсис Фукуяма болды.
Ф. Фукуяманың ойынша ХХ ғасырда әлемге үрей тудырған, мың жылдық бағдарламаны негізге алған фашистік режим және оған паралелді, қарсы тұра алған бірден-бір балама күш – коммунизм болды. Бірақ фашизм жеңіліске ұшырап, қауіп сейілгенімен, кейін коммунистік режим жарты әлемге үстемдік жүргізіп, жаңаша қауіптер мен үрейлерді тудырды.
Ф. Фукуяма «тарихтың соңы ма?» деген сұрақты көтеріп, әлі де қақтығыстардың толық шешілмегенін айтқысы келді. Оның ойынша, фашизм мен коммунизм тарих сахнасынан кеткенімен әлемдік қақтығыстарға негіз болатын жаңа күштер бар. Ол әлемдік діндер мен ұлтқа бөлінушілік. Бұлар тұрғанда «тарихтың соңы» бола қоймас деген байлам жасады.
Сонымен батыс әлемінің сарапшылары жиырмасыншы ғасырдағы әлемдік қақтығыстардың қозғаушы күші фашизм мен коммунизм болса, ендігі ХХІ ғасырдағы қақтығыстардың қайнар көзі әлемдік діндер мен ұлттық мәдениеттер деген қорытындыға келген. Әлемдік діндер мен ұлттық мәдениеттерді құраушы өзіндік құндылықтар бар, ендігі тартыс сол құндылықтардың арасында болмақ. Олай болса құндылықтар қақтығысы әлемдік тенденцияға айналуы заңдылық.
Осы орайда, көңіл аударуға тұрарлық пікір білдіргендердің бірі “Өркениеттер қақтығысы” кітабының авторы, американдық мәдениеттанушы
С. Хантингтон болды. Ол Ф. Фукуяманың ойларын құптай отырып, әлемде енді мәдениеттер арасында емес, бірнеше мәдениеттерді біріктірген жекелеген өркениеттер арасындағы қақтығыстар қауіпі бар деген ойын білдірді. С.Хантингтонның пікірін сабақтар болсақ, христандық контекстегі батыс елдері, православиелік контекстегі славян елдері, исламдық контекстегі шығыс халықтары, буддизм контексінде бірігетін жапон, корей, қытайлық өркениеттер бар, солар қазір әлемде үлкен ықпалға ие. С.Хантингтонның өркениеттер арасындағы бәсекелестік дегені осындай әртүрлі бағыттарға бірігіп қалыптасқан өркениеттер жайлы. Яғни әлемдегі өркениеттердің негізінде нақты дін немесе жүйелі көзқарас ұстанатын ықпалды дүниетаным жатқанын меңзейді. Сол жүйелі дүниетанымдар ұлттық мәдениеттерді біріктіріп, үлкен өркениеттік күшке айналып отыр.
Қақтығыстардың шығу көздері туралы жоғарыдағы пікірлерге біз тағы да бірнеше себептерді қосар едік. Қазіргі әлемдегі қақтығыстарға түрткі болып отырған себептерге табиғи ресурстар үшін күресті, үлкен ұлттардың кіші ұлттарға қатысты ұстанатын шовнистік саясатын, геосаяси келіспеушіліктерді, ядролық державалардың қырғи қабақ ұстанымдарын жатқызуға болады. Олай болса «тарихтың соңы» деуге әлі ерте.
Біздегі жағдайға келсек, кеңес заманындағы ортақ идеология келмеске кеткеннен соң тәуелсіздік алған мемлекеттерге жаңа құндылық жүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындады.
Осы кезде елімізге әртүрлі діни миссионерлік ағымдардың, түрлі дүниетанымдық көзқарасты насихаттайтын ақпараттық жүйелердің ағылып келгені жасырын емес. Олардың басты мақсаты кеңестік идеологиядан босаған халықтың санасын, құндылықтар жүйесін өз көзқарастарымен толтырып, оған ықпал жасау болды.
Кеңестік моно жүйенің орнына келген нарықтық демократиялық қатынастарды желеу етіп, ұлтымыздың дәстүрлі құндылықтарын өзгертіп, санасын билеуге тырысқан батыстық, шығыстық, христиандық, исламдық түрлі ағымдар жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бұлардың ықпалын бүгінгі жаһандану, интернет заманында нақты байқауға болады.
Кезіндегі хәкім Абайдың «Баста ми, қолда малға талас қылған» деген сөзі бүгінгі күні күрделеніп, зор мазмұнға, жаңа бояуға ие болуда.
Қазіргі сырттан келіп жатқан күштердің басты көздейтіндері қазақ жерінің материалдық байлығы. Оған қол жеткізудің «демократиялық жолы» халықтың рухани сана сезіміне ықпал ету. Алдымен сананы жаулап алу. Біз бүгін қолдағы мал, бастағы миға таластың күрделі кезеңін бастан өткеріп жатырмыз.
Жаһандану заманындағы санаға әсер етуші бірден-бір фактор ол – ақпарат. Ақпарат арқылы адамдардың санасына үстемдік жүргізу, көзқарасына ықпал ету қазіргі заманының басты тенденциялардың бірі. Бүгінгі електен өткізілмеген ақпарат ағымының тоқтаусыз тарауы, бұған қоса оларға мол мүмкіндік тудырған ғаламтордың дамуы, өскелең ұрпақтың санасына өз әсерін тигізуде.
Осы орайда зиянды ақпараттан қорғанатын жаңа механизмдер ойлап тауып, бізге ақпараттық қорғаныс жүйесін қалыптастыру қажет. Әртүрлі, зиянды ақпараттың ұрпағымыздың санасын жаулап алмауы үшін, біз ұрпақ тәрбиесінде олардың санасында сыртқы зиянды ақпараттарға бос орын қалмайтындай жаңа құндылықтарға толы балама ақпарат ұсына білуіміз керек. Оны ең алдымен білім беру жүйесінде мықтап қолға алу қажеттілігі туындап отыр. Қазір ақпарат арқылы құндылықтар қақтығысы өршіп, бірін-бірі алмастыруда. Біз құндылықтар тартысы мүлден болмауы керек дей алмаймыз. Себебі бұл жаһанданумен бірге келген әлемдік тенденция. Мұны шешудің жалғыз жолы оларға өз құндылықтарымызбен қарсы тұра білу ғана. Не өзге құндылық сені билейтін, не сен оған өз құндылығыңмен қарсы тұратын заман туып отыр.
Сыртқы, зиянды ақпаратқа қарсы тұра алатын ұлттық имунитетті күшейтуші құрал ол – ұлттық идеология. Ұлттық идеология білім беру жүйесінің негізгі өзегіне айналуы керек. Онсыз біз үшін «бастағы миға талас» заманында «бөтен сананың» ықпалында кету қаупі сейілмек емес.
ХХ ғасырдағы халқымыздың басынан өткен дәуір, ұлттық дүниетанымымыз бен сана болмысымызға айтарлықтай ықпал етіп, бөтен ілімдерді судай сіңіріп, тастай бекітіп келді. Тәуелсіздікке санамыз есеңгіреген, уланған күйде жеттік. Егемендіктің өткен ширек ғасыры ес жиып, етек жинау заманы болды. Бірақ мойындауымыз керек, отаршылық сана-сезімнен әлі де толық арыла қойған жоқпыз. Бабаларымыз «елу жылда ел жаңа» деп тектен-тек айтпаса керек. Қазақтың ұлттық рухы әлі де есеңгіреген күйде қалып қойып отыр. Оған ана тіліміздің өзінің тарихи, шынайы мемлекеттік дәрежесіне әлі күнге дейін толық көтеріле алмай, көп жағдайда аударманың тілі ғана болып отырғандығын-ақ дәлел етуге болады.
Біздің сыртқы идеологиялық күштерге төтеп беретін бірден-бір иммунитетіміз – ұлттық сана сезіміміз болуы керек. Қазақ тілі қоғамда өзінің тәуелсіз ұлттың тілі ретіндегі тиесілі мәртебесіне қол жеткізбей, ұлттық сананың жаңа заманға сай өріс алуын кешенді жүзеге асыра алмасымыз анық. ХІ ғасырда өмір сүрген, түркі дүниесіне ортақ ойшыл Махмұт Қашқари «Адамшылықтың кілті – ана тілінде» деген. Адамшылық өзі үшін ғана емес, елі үшін еңбек ету. «Адамдық борышың халқыңа еңбек қыл» деп Шәкәрім атамыз да осыны айтқысы келген. Бізге ел үшін еңбек ететін, оны адамдық борышым деп санайтын ерлерді көбірек тәрбиелеу қажет. Елі үшін еңбек етуді парыз санайтын ерлер қашанда ел игілігін басты орынға қойып, түрлі жымысқы жемқорлық әрекетке бармасы анық. ХХ ғасырдың басында шын мәніндегі ұлттық мемлекет құруды көксеген ерлер болды қазақта. Бірақ біз әлі күнге дейін олардың ел үшін жасаған жанкешті харекеттерін ұрпаққа толыққанды жеткізе алмай келеміз. Біздің санамызда әліде болса «үлгілі комсомолдар» идеал құруда. Санамыз құндылықтар қақтығысының алаңына айналып отыр. Бізге, әсіресе алдыңғы ағалар буынына ең алдымен өзіміздің ішкі цензурамыздан, ішкі, жібермейтін жасқаншақ санадан босап шығатын уақыт келді.
Бүгінгі жалпы саны 12 миллионнан асқан қазақ үшін ұлттық сана-сезімді тәрбиелеудің бірден-бір кілті қазақ тілінде. Барлық рухани құндылықтарымызды, бабаларымыздың даналық дүниетанымын біз туған тілімізде ғана бойға сіңіріп, ұрпақтарымызға аманат ете аламыз. Егер біз шын мәнінде Рухани Жаңғыруды жүзеге асырамыз десек, қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі рөлін тиісті деңгейге көтеруіміз қажет. Қазақтың тіліне төнген қауып, қашанда тәуелсіздікке төнген қауіп екенін ұмытпауымыз керек. Ұлттық болмысымызды шын мәнінде жаңғыртпайынша, санамызға сыртқы күштердің ықпал жүргізуі оңай жүзеге аспақ.
Ұлттық мінез қалыптастыруымыз керек. Латын қарпіне көшу үдерісі тәуелсіз еліміз үшін тарихи маңызы зор. Бұл ең алдымен түркі тектес халықтармен жаңаша инеграцияға түсуімізге зор ықпалын тигізбек.
Жоғарыда қазір бірнеше ұлттық мәдениеттерді біріктіретін өркениеттер заманы деп айтқанымыздай, тарихы бір, ділі мен діні ортақ түркі тектес халықтардың бірігуі, жаңаша түрленіп әлемдік өркениетте ықпалды күшке айналуы, ХХІ ғасырда күтілетін жағдай. Бұған ортақ латын әліпбиінің өзіндік оң әсері болары анық.
Мәдениеттердің қайшылықта болуы заңдылық. «Еуропаның құлдырауы» атты әйгілі еңбегімен әлемге танылған мәдениеттанушы, неміс ғалымы Освальд Шпенглер «мәдениеттер қашанда оқшау және бір-бірінен құлыптаулы құпия болмысқа ие» деген құнды пікір айтқан болатын. Расымен өркениет ортақ болғанымен мәдениеттер өзіндік қайталанбас болмысқа ие. Себебі ұлттық мәдениеттер ұлттық дәстүрлер мен құндылықтардан құралады. Мәдениеттердің өз-өзін сақтап қалуға тырысуы, екінші бір мәдениетке қайшылық тудыруы мүмкін. Олай болса құндылықтар арасындағы қақтығыс мәдениеттердің өзара даму заңдылығы десе де болады. Ф. Фукуяманың ұлттық мәдениеттер тұрғанда «тарихтың соңы» бола қоймас деген пікірінің бір сыры осында.
Бүгінгі жаһандану заманында біз әлем жұртшылығына ағылшын немесе қытай мәдениетінің өкілі, болмаса орыс әлемінің бөлшегі ретінде емес, ең алдымен қазақ ұлты ретінде қызықтымыз. Қазақтың дәстүрлері, ұлттық дүниетанымы, музыкасы, өнері, дәстүрлі діни дүниетанымы, ұлттық құндылықтары, осылар ғана жаһандану заманында бізді әлемге танытатын басты ерекшеліктеріміз болып қала бермек. Қалған дүниенің барлығы көшірме, сырттан келетін құндылықтар. Оларды біз қажетінше, өз керегімізге жаратып, оларға талғамшыл болуымыз керек. Біздің ғаламға танылатын бір-ақ қырымыз бар ол – қазақ ретіндегі ұлттық болмысымыз, халық ретіндегі асыл қасиеттеріміз бен ерекше ойлау ақыл-парасатымыз. Қазақтың мұраты – қазақ болып қалу. Өзге жол тек басқа өркениетке жұтылу ғана.
Құндылықтар қақтығысы ол – өмір заңдылығы. Құндылықтар тартысқа түскен заманда өз ұлттық құндылығын нығайта білген елдер ғана лайықты үлесін алмақ.
Тәуелсіз ел ретіндегі басты міндетіміз қазақтың мемлекет құрушы ұлт ретіндегі қадірін қайтарып, оны жаңа заманға сай қайра түлету болу керек. Қазаққа бұдан өзге жол жоқ. Сонда ғана біздің құндылықтар қақтығысқа түскен әлем жарысында өз орынымызды ойып аларымыз анық.
Бақытжан ҚАДЫРҰЛЫ,
Философия ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ философия кафедрасының доценті
ulys.kz