Анасымен бірге түрмеде отырған балалардың тағдыры
Анасымен бірге түрмеде отырған балалардың тағдыры

Қылмыскер әйелдер жазадан құтылу үшін жүкті болуға ұмтыла ма?

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесi комитетi Алматы колониясындағы балалар мекемесін көрсетіп, қоғамды қамауда туылған балалардың жағдайы жөнінен хабардар етті. Қылмыстық-атқару жүйесінің ЛА-155/4 мекемесінде балалар ұйымы жұмыс істейді. Бүгінде онда 24 бала тәрбиеленуде. Басым көпшілігі – қазақтың қара домалақтары. Ондағы білім беру және тәрбие процесі бостандықтағы қарапайым балабақшаға ұқсастау: тіпті, тәрбиешілері еркіндіктен келіп, жұмыс істейді. Дегенмен, үлкен бір айырмашылығы бар: барлық бала тікенді сымның ар жағында отыр.

Балалар мекемесінің бастығы Байрам Аслановтың айтуынша, бүлдіршіндерге сотталған аналары жиі келеді, олар балаларымен бірге түнеуі үшін жатын бөлме де қарастырылыпты.

«Мен бұл жерде 10 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Осында қазіргі кезде ұсталатын бөбектердің жасы 2-ге дейінгі аралықта. Өйткені, мұнда балалар тек 3 жасқа дейін бола алады, осы жасқа толғаннан кейін оларды біз жетімханаларға тапсырамыз, немесе туыстары келіп, оларды алып кетуі тиіс. Негізінен, осы уақытта аналары босап шығып, баласын өзімен бірге ала кетеді», – дейді Б.Асланов.

Шешелері қылмыс жасап, жазасын өтеп жүрген балаларға арналған балабақшада үш топ бар: «жөргектегі» (ползунковая группа) топта 0-ден 10 айға дейінгі балалар тәрбиеленеді, «жүре алатындар» (ходунковая) тобына – 11 айдан 1,5 жасқа дейінгі балақайлар кіреді. Ал «ересектер тобы» 1,5 жастан 3 жасқа дейінгі балалардан құралған. Әр топта тәрбие жұмыстарын 1 азаматтық тәрбиеші жүргізеді. Бұдан бөлек, сотталған әйелдер арасынан әр топқа екі күтушіден (няня) іріктеп алынатын көрінеді. Әрине, сотталған аналарға да, егер көңілі қаласа, балабақшаға келіп, баласының күтімімен айналысуға рұқсат етілген. Түрме балабақшасы толығымен мемлекеттің қаражатына ұсталады. Ел Үкіметі оның әр бөлмесі кәдімгі балабақшадан көп ерекшеленбеуіне күш салыпты: ойын бөлмелері ойыншықтарға толы. Білім алу бөлмелері сайланған. Сондай-ақ, «Жаңа жыл» шыршасы орнатылатын жеке залы бар. Рас, биыл пандемияға байланысты шырша мерекесін өткізіп, қысқы мейрамның басты кейіпкерлерін шақыруға тыйым салынған. Балалардың қарны тоқ екені баса айтылды. Жас тобына қарай асы да ерекшеленеді. Ақпарат құралдары өкілдеріне мекеменің асханасы паш етілді: балдырғандарға мейлінше нәрлі тамақтар ұсынылады. Пандемияға байланысты барлық бөлме кварцтелетіні, жуылатыны айтылды.

«Балалар үйі бюджет қаражатымен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта ештеңеден мұқтаждық көріп отырған жоқпыз: медициналық, коммуналдық-әлеуметтік, материалдық-тұрмыстық жабдықтау жөнінен жетіспеушілік жоқ. Балалардың киім-кешегі, ойыншықтары, азық-түлік, дәрі-дәрмек – бәрі жеткілікті. Бүкіл баланың салмағын апта сайын өлшеп отырамыз. Арып-ашығаны жоқ. Егер баланың салмағы жасына сәйкес келмесе, тамақтануды түзетеміз. Бізде 2 аспаз бар, сондықтан ас дайындауда проблема туындамайды», – деп қосты балалар үйінің бастығы.

Ол бала туу және оны өсірумен айналысу сотталған әйелдерге оң әсер ететінін айтады.

«Бір жайтты атап өткім келеді: осында әйел өз баласымен кездесіп, мейірім шуағын төгіп, тәрбиесімен шұғылдануға тырысқан сайын оның мінез-құлқы мен өмірге көзқарасы өзгереді. Ол өзін нағыз ана ретінде сезіне бастайды. Қалыпты ана бола алатынын түсінеді. Бұл жерде оған көмектесеміз. Сотталған жүкті әйел босанғаннан кейін мұнда психологиялық қолдау ала алады. «Ана мен бала мектебі» жұмыс істейді. Мен дәрігер-педиатрмын, өзім солармен сөйлесемін. Баланың күтімін қалай жүргізу, қалай емізу, санитарлық гигиенасын қалай сақтау керектігін түсіндіреміз. Тәжірибе бойынша 3 жыл ішінде босанған ананың көбі баласымен босап шығады», – дейді Байрам Асланов.

Ол сотталған әйелдердің күйеуі болса, кейде баласымен көрісуге солар да келетінін хабарлады. Биыл карантинге байланысты бұл жүздесулер біраз шектелген. Әйтсе де ара-тұра ең жақын туыстарына осы жерде сотталған аналармен және олардың балаларымен қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді көрісуіне мүмкіндік беріледі.

Жүкті әйел жазадан босатыла ма?

Сарапшылардың айтуынша, тіпті Кеңес одағы кезінде қылмыс жасаған кейбір әйел түрмеде екіқабат болып қалуға тырысатын болған. Бұл «бостандыққа бастар билет» ретінде қарастырылады: мерзімінен бұрын, шартты түрде босап шығуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 72-бабына сәйкес, аяғы ауыр әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылады. Бұған қоса, «жазаны өтеуді кейінге қалдыру институты» енгізілді: 74-бабына сәйкес, сотталған жүкті әйелдердің жазасын өтеуін сот 1 жылға дейін кейінге қалдыруы мүмкін. Жас балалары бар сотталған әйелдердің жазасын орындауды сот 5 жылға дейін, бірақ, бала 14 жасқа толғаннан аспайтын мерзімге кейінге қалдыруы ықтимал. Кей жағдайда сотталған әйел осылай уақыт созып, дүркін-дүркін өткізілетін рақымшылыққа дейін жетеді де түрмеге сол бойы отырмайды.

Жазаны өтеуді кейінге қалдыру институты Қазақстанда 1997 жылы жаңа Қылмыстық кодексті қабылдаумен бірге пайда болды. Оған дейін 1977 жылдан бері заңнамада «үкімді орындауды кейінге қалдыру» бабы болатын. Бірақ, ол көбіне кәмелет жасқа толмағандарға қолданылды. 97-ші жылдан бері бойына бала біткен әйелдерге жасаған қылмысы үшін абақтыға жабылмау, ендігі күш-жігерін бала туып, оны тәрбиелеуге жұмылдыру мүмкіндігі берілді.

«Әйелдер жазадан құтылып кету үшін әдейі жүкті болып, бала туады деген байлам бар. Алайда, оны негізсіз деп санаймын. Жасыратыны жоқ, нәрестесін өмірге әкелсе де, түзу жолға түспеген қылмыскер әйелдер кездесті. Әйткенмен, мемлекет те, қоғам да әйелдердің назарын қылмыстан баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеуге аударуға мүдделі болуға тиіс. Бізге бала тууға қабілетті қыз-келіншектердің қылмысқа үйір болғаны емес, бала туғаны керек. Аяғы ауыр аналарға ізгілік таныта отырып, ел өркениетті екенін паш етеді. Оның үстіне, басым көпшілігінде сәбиі өмір есігін ашқан соң қылмыскер әйелдер өзгереді, бөбек тәрбиесіндегі әйелдер қайталама, рецидивті қылмыстарға көп бармайды», – дейді зерттеуші ғалым Қарашаш Мұсаева. 

Осылайша, жазалаудың түпкі мақсатына мемлекет сотталған әйелді түрмеде көп қамамай-ақ қол жеткізеді. Сонымен бірге, егер ана бостандыққа жіберілген немесе жазасын өтеуі кейінге қалдырылған соң теріс мінез-құлқымен ұсталса, онда жұмсақ үкімнің күші жойылады. Мысалы, таяуда Түркістан облысында сарыағаштық полицейлер азаматтарға мемлекеттен ай сайынғы мол әлеуметтік жәрдемақы алуына көмектесуге уәде еткен алаяқ әйелді ұстады. Ол алаяқтығы үшін бұрындары да сотталған жас келіншек болып шықты: әдейі сол кезді таңдады ма, әлде кездейсоқ сәйкес келді ме, әйел бұл жолы дәл аяғы ауыр кезінде қылмыс жасапты. Ол Түркістан облысының 18 тұрғынын алдап соққан. Бұдан бөлек, тергеу барысында күдіктінің тағы 17 алаяқтық фактісіне қатысы барлығы әшкереленді. Жәбірленушілерге келген шығынның жалпы сомасы шамамен 800 мың теңгені құрады. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Жанат Ардақ

inbusiness.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 жыл бұрын 2180
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232