Әрбір халықтың табиғи жаратылысында өзін басқалардан ерекшелеп тұратын кемел қасиеті болады.
Айталық, ағартушы Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» атты еңбегінде, қазақ жаратылысы өте таза халық, оның сана-сезімі мен сұңғылалығы біреу салып берген тар шеңберге сыймайды десе, ХІХ ғасырда өмір сүрген поляк зерттеушісі А.Янушкеевич күнделігінде, «қазақтардың ақыл-ой қабілеті мен сұңғылалығына еріксіз таңырқай, таңданбасқа басқа амал жоқ» деп халқымыздың басқалардан артық кемел қасиеті жайлы тамсана жазады.
Демек, халықтың басқа жұрттан ерекшелігі – оның сұңғылалығы екен. Бірде атақты Қаз дауысты Қазыбек би таң бозымен жылқы үйірін шолып келе жатып, беткейде ерін жастанып ұйықтап жатқан жиені Жәнібек батырды көріп:
«Еліңді ел етерсің, Ежелгі жерге жетерсің, Екі бөрің тұрғанда, Екеленбей не етерсің» деп сақалын сипаған екен. Расында абыздың айтқаны келді. Жиені ерен батыр болды, елін Алтай асырып ежелгі жеріне жеткізді. Тарихта «көк бөрілі Жәнібек» деген аты қалды.
Сол сияқты қазақта «Аяз би» атты ертегі бар. Осында хан ертегінің бас кейіпкері Жаман дейтін уәзіріне өзін сынатады. Жамекең ханның бетіне қарап тұрып: «Тақсыр сіз жеті атаңыздан хан емессіз, қарапайым наубайшының баласысыз» дейді.
Хан анасын шақырып сұрайды. Расында солай болып шығады. «Мұны қалай білдіңіз?» дегенде Жаман: – Алдыңызға алғаш келгенімде сіз мені наубайханадан ас ішуге жібердіңіз, содан білдім, – дейді.
Жоғарыдағы оқиғалардан біз қазақта аса керемет адамтану ілімі болғанын аңғарамыз. Бұл ілімді аталарымыз «сұңғылалық» деп атаған. Бірақ екінің бірі сұңғыла бола бермейді. Сұңғылалық – адамға сезімтал түйсік, терең таным арқылы берілетін қасиетті ілім. Бұндай ілім иелерін қазақ қоғамы ел бірлігін сақтайтын, әділ үкім ететін би, яғни қазы етіп сайлайтын болған.
Ғылымда адамтану, яғни сұңғылалық ілімін – физиономистика деп атап, бұған: «Адамның сыртқы табиғи қимыл-қозғалыс ерекшеліктерін негіздей отырып, тұлғаның жеке мінез-құлқын аңғару арқылы ішкі сырын аңдай алатын ғылыми психологиялық сала» деген анықтама беріпті.
Ал мұсылман әлемі бұл ғылымды «Илмул Фироса» деп атап, оны үйренуге өте-мөте мән берген. Қазіргі қолданыстағы «парасат» сөзі осы «фиросаның» қазақыланған түрі. Тарихта фироса ілімін ежелгі исрайыл қауымы жақсы игергені жайлы айтылады.
Мысалы, Мұхаммед пайғамбар заманында ежелгі исрайыл қауымы «рас пайғамбар ма, әлде өтірікші ме, барып білші» деп фироса ілімінің асқан білгірі Хусейн ибн Саламды жұмсайды. Ол кісі Алла елшісінің бетіне ұзақ қарап тұрып: «Бұл рас пайғамбар» дейді. Қалай білдіңіз дегендерге, «жүзінен жалғандықтың ізін таппадым» депті.
Жоғарыдағы оқиғаны негіздей отырып ислам ғұламалары фироса-адамтану ілімін үйренуге талап еткен тұлғаның бойында, ең әуелі шыншыл, әділет сүйгіш, адалдық қасиеттері толық болуы тиіс дегенді алға тарады.
Бұған дәлел ретінде олар Құраның «Әнфал» сүресі, 29-шы аятындағы: «Мен шыншыл құлыма ақ пен қараны ажырататын ілім берем» деген үкімді ұстанып, адамтану ілімінің өзегі адалдық пен әділдік, яғни аятта айтылған «ақ пен қараны ажырату» үкімі адамтану ілімінің өзегі деген пайым жасап, оған тағы екі шартты қосады.
Олар: үнемі жақсы нәрсе ойлау және адал тамақ жеу. Яғни, мұндағы адал ас шартын бұзатын дүние – ішімдік пен доңыз еті делінген кітапта. Ары қарай пайымдай беріңіз. Біздің қазіргі таңда аталмыш ілімнен ажырап қалуымызға себеп неден екенін.
Кезінде осы ілімді игеру үшін атақты ғұлама, мазһаб иесі имам Шафиғидің өзі Иеменге барып бірнеше жыл оқыған екен. Қайтар жолында үйренген білімін тексеру үшін жолай бір бәдеуидің үйіне қонақ болып түседі.
Үй иесіне қарап: «Өте сараң, ақшақұмар болу керек» деп пайымдайды. Бәдеуи болса имамды танып оның атына шөп салып, өзіне жақсылап кешкі ас дайындайды. Имам: «Мен қателестім-ау» деп ойлайды. Кешкі астан кейін, үй иесі:
«Сізге бұл жер жайсыз, төргі салқын бөлмеге төсек салып қойдым» деп қиылғанда имам қателескенім-ай деп қатты өкінеді.
Ертеңінде аттанатын болып үй иесіне:
– Сізге көп рахмет, қоғадай жапырылып қонақ еткеніңізге, өте ризамын, – десе, үй иесінің түрі өзгеріп кеткен: – Тез есебіңді төле, атың 2 динардың шөбін жеді, өзің 3 динардың асын іштің, салқын бөлмеге қонып шықтың барлығы 15 динар бересің, – дегенде имам Шафиғи оқуының тегін кетпегеніне қатты қуанып:
«Алған ілімім зая кетті ме деп қорқып едім, құдая тәуба қателеспеген екем» деп, 15 динарды қуана-қуана төлепті.
Біздің айтпағымыз – осында айтылған қазақтың адамтану ілімін қолға алсақ, көп қателіктен құтылар едік. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарындағы «Ұлттық код» деп жүргеніміз осы емес пе?!
Қайрат БЕКЕНҰЛЫ
newsroom.kz