Отанды сүю - міндетің, Отанды қорғау - парызың!

Туған өлке, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Ең аяғы, аң-құс та бір өңірді мекендеп, басқа аймақтарды жерсінбейді. Не нәрсені де саудалау сәнге айналған бір жылдары араб жұртынан келген қонақтар қазақ даласының қырандарын сатып әкеткені бар.
Қырандардың аяғына сақина кигізіп, әлпештеп, аялап-ақ ұстайды. Бір қызығы, сол биіктік сақшылары бір күні ізім-қайым жоғалыпты. Сөйтсе, олар өздерінің бауыр басқан мекені, ата жұрты, жалғыз Отаны – қазақ даласына қайта оралған екен. Бұл олардың асып бара жатқан ақылдылығынан емес, туған өлкесіне деген жүректегі сағынышы мен махаббатынан туындаған.

Біздің де сонау дәуірлерден бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақ жері. Осынау алып қазақ сахарасын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю әр қазақтың міндеті және азаматтық борышы. Өйткені қазақтың Қазақиядан басқа Отаны жоқ.
Егер осы бір төрт әріптен құралған сөздің түпкі мағынасына үңілер болсақ, оның қаншалықты қастерлі ұғым екендігіне көз жеткіземіз. Өйткені Отан деген тек туып өскен жерің ғана емес, ол – күнделікті отбасы, ошақ қасың, ауасын жұтып, суын ішіп, байлығын игілігіңе жаратып отырған кең-байтақ жерің, қазыналы қариясы мен ақ жаулықты анасы бар алтын бесігің, тай-құлындай бірге өскен құрбы-құрдастан құралған ыстық ауылың, қадірлі ата-ана, сүйікті жар, сүйкімді балаң жүрген туған елің. Қойнауы қазынаға, өрісі малға толы ырысты атамекен, «атамыз күйеу, анамыз келін болған жер». Міне, осы туған ел мен жерге еге болу, амандығын тілеу, ұрпақтың болашағына жауаппен қарау, ел тыныштығымен қатар рухани бірлікті сақтау – әрбір мұсылманның парызы.


Мәдинаға хижрат жасаған уақытында адамзаттың ардақты елшісі (с.ғ.с.) Хазрауа деген жерге түйесін шөгіп, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер болмас. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке жырақтамас едім», – деген еді.

Тағы бір жолы Ұхыд тауына қарап: «Біз Ұхыдты жақсы көреміз, Ұхыд та бізді жақсы көреді» дегені тегін емес. Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге, оның әрбір өзен, көл, тау, тасына деген ыстық махаббаты мен зор сүйіспеншілігін байқатады.

Сонымен қатар келесі бір хадисте: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз» делінген. Демек, «өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген асқақ мұратпен «А, Құдайлап» жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз білектің күші, найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ жерге бабалар аманаты деп қарай білген жөн.

«Біз, қазақ деген мал баққан елміз.
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
жеріміздің шетін жау баспасын деп,
найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басымыздан сөз асырмаған елміз...» деген Қазыбек бабамыздың отты 
сөзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел.

Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар тіпті шейіт саналады. Ал шейіттердің өлмейтіндігі, ақыретте есепсіз Жәннатқа барары мәлім. Құранда бұл жөнінде: «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 154-аят), - делінген.
Отан отбасынан басталатынын ескерсек, әрбір саналы адам қастерлі сөздің қасиетін өз ұрпағына ұқтыра білу керек. Пайғамбарымыз: «Әркім өз қарамағындағылардан жауапқа тартылады», - деген. Демек, біз ұрпақ бойында отаншыл сезім қалыптастыруға жауаптымыз. Өйткені туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көрмеген баланың болашақта өзіне бейтаныс сезімді жатсынуы бек мүмкін.

Туған жерге деген сүйіспеншілік елді көркейтуді, білім іздеген жастардың талабына қолдау білдіруді де ұқтырады. Сол себепті Ислам дінінде ең жақсы садақа ілім жолындағыларға берілген садақа екендігі айтылған. «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл» демекші, бұл ел болашағына жасалған қамқорлық болары сөзсіз.

Әйгілі батыс ойшылдарының бірі Эпиктеттің: «Сенің туған жерге жасаған ең үлкен жақсылығың – оның ғимараттарын биіктетуің емес, азаматтарының ақыл-ойын өсіруің. Биік ғимараттарда аласа ойлы адамдар өмір сүргенше, аласа ғимараттарда ойы биік, парасаты жоғары адамдардың тұрғаны артық» деген сөзі де осы шындықты меңзеуде. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының тілімен айтқанда «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!».
Демек, отанға деген сүйіспеншілік ел игіліне жасаған жақсылықтармен өлшенбек. Пайғамбарымыз: «Адам қайтыс болса да үш түрлі адамның әжір сауаптары амал дәптерлеріне көзі тірі кездегідей барып тұрады. Артына тәрбиесі жақсы ұрпақ қалдырған адам. Ғалым кісінің еңбектері. Ел игілігіне жарайтын аурухана, көпір, кітапхана, мешіт салдырған адам», - деп, ел үшін жұмыс істеудің екі дүниеде де сауабы үзілмейтінін сүйіншілеген. Осы себепті сауап ниетімен қоғамның түзелуіне жұмыс істеу, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру әрбір мұсылманның міндеті (Әмр бил мағруф уә нәхи анил мүнкар).

Туған елге қызмет, Отанға деген махаббат – өте кең ұғым. Оның бір тармағы – басшыларға бағыну. Бұл да ел ішіндегі тыныштықты сақтау, бүлік тудырмау үшін қажет. Пайғамбарымыз өз сөзінде: «Қара нәсілді құл басшы болса да бағыныңыздар, қарсы шықпаңыздар», - деп тапсырған. Өйткені, Құранда: «Бүлік шығару - кісі өлтіруден де ауыр күнә» («Бақара» сүресі, 191-аят), - делінген. Ендеше, елдегі, діндегі тыныштықты сақтау әрбірімізге міндет. Сол себепті басшыларға, мешіттерде имамдарға бағыну да тыныш жатқан елді ала тайдай бүлдірмеу үшін аса қажет.


Елге қызмет етудің тағы бір жолы сол елдің тілін, дінін, салт-дәстүрін, мемлекеттік рәміздерін құрметтеу болып табылады. Сондай-ақ, халық игілігіндегі мүлікті талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ұлт мүддесі үшін жұмыс істеу де Отан алдындағы адалдықтың белгісі. Сол себепті кез келген ел мемлекет мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтын, ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, арды ақшадан биік көретін ерлер көбейгенде ғана гүлденері хақ. Бұл біз үшін қазіргі таңда ауадай қажет қасиет болып отырғаны баршаға аян.

Туған жердің көркейгенін қалаған әрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы керек. Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы тиіс. Бұл туралы Алла тағала: «Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Алла тағала, елшісі және жалпы мұсылмандар көреді» («Тәуба» сүресі, 105-аят), - дейді. Демек, мұсылман адам өз жауапкершілігіне алған жұмысына немқұрайлы қарамауы керек. Немқұрайлы қарау басқа адамдардың да жұмысына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн. Әрбір азамат өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарғанда ғана туған елдің көркеюіне үлес қоспақ.

Пайғамбарымыз хадисінде: «Ең жақсы адам - басқаға пайдасы тиген адам», - дейді. Осы себепті туған елімді сүйем деген әрбір азамат ол айтқанын Отаны үшін жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек. Саясаткерлер халық игілігін көздейтін мықты саясат жүргізуі керек. Балабақшаларда тәрбиешілер балаларға жақсы тәрбие беріп, имандылықты үйретуі керек. Мектептерде ұстаздар сапалы білім беруге талпынып, дәрігерлер науқастарға қолдан келгенше жәрдем беруге, тәртіп сақшылары халыққа сенімділік ұялата білуі тиіс. Сондай-ақ, дипломаттар шет елдерде өз елін жақсы жақтарынан танытып жатса, өнерпаздар мен ақындар халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаса, имандылық пен ізгілікті дәріптеп, отанға деген сүйіспеншілікті насихаттаса, имамдар Ислам дінінің құндылықтарын кеңірек жайып, елдің ауызбіршілігін арттырып, іс-әрекетімен үлгі болып жатса, ұлттық рухтың көтерілуіне түрткі болып, отаншылдық жарқын көрініс тапқан болар еді. Өйткені Отанға деген сүйіспеншілік, құрмет - осындай кең ұғымды білдіреді.

Туған елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұрумен де қалыптасады. Хадисте «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» делінген. Демек, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды, жасы үлкен аға, әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн. Бүгінгі күні ата-әжелерді келеке-мазаққа айналдыратын түрлі сахналық қойылымдардың жиі ұшырасатыны, ақ шашты қариялардың алдында ашық-шашық би билеп, ән айтуды өнер санап имену дегенді білмейтіндердің көбеюі іштей қынжылыс туғызады. Бұл мұсылмандыққа жатпайтын әдет. Осы орайда бүгінгі күні жастарды ұяттылық пен ибалылыққа тәрбиелеу турасындағы насихатты күшейтудің басты орында тұрғанын ұмытпаған жөн.

Қорыта келгенде, отанды сүюмен патриотизм, ұлтжандылық, туған елге ізет, туған жерге қызмет - бәрі қатарлас ұғымдар. Отанға деген сүйіспеншілік - оған жанашырлықпен қарауға, көркейтуге үлес қосуға, адал қызмет етуге, халықты сыйлауға, халықтың тілі, діні, салт-дәстүрі, қалыптасқан мәдениеті, сүннет жолы, мәзхабы, мемлекеттік рәміздері, шекара аумағы, атамекен секілді қастерлі ұғымдарын құрметтеуге негізделуі тиіс.

Отанды, елді қорғағанда, атақ алу үшін, абыройға кенелу үшін емес, ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, Отансыздықтың азабын тартпасын деп қорғау керек. Жер бетінде Отансыз ұлттар қаншама?! Оларды дәл біздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отырған елдер некен-саяқ. Жергілікті ұлттың ызғарына тоңып, қаһарына ұшырап отырғандары және бар. Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарап жәутеңдемесін, қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу – мүлт кетпес парызымыз болу керек. Осы орайда «Халықты сүйем деп байбалам салмай, оған тек жан жүрегімен ғашық бола білу керек» деген Мұқағали ақынның мына бір жыр шумақтары ойға оралады:
Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген,
Не тындырдың «басымды иемменен»?
Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой
Отан үшін өлемін, күйем деген.
Өлім деген ерліктің қорегі ме?
Өлмей-ақ қой, өлімнің керегі не?
... Егер Отан сыңсыған орман болса,
Жапырақ боп жармасқын терегіне.
Самалы бол Отанның салқындаған,
Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.
Семсері бол, Отанның қынабында
Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған.
Шетсіз, шексіз, қиырсыз ұлы дала,
Шуақ болып шашылмай жылына ма?
Сүй Отанды! Шыныңмен сүйіп өт те,
Гүл боп қадал ойына, қырына да.
«Жүз толғанып, күніне мың ойласам»,
Ақ басты алып анаммен шырайласам.
Қалай оны сүйем деп айта аламын,
Бірге күліп, қуанып, мұңаймасам?!
...Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген
Іс тынбайды «жанамын, күйемменен...»
Өгей әке емес қой Отан деген,
Отанды мен Атамдай иемденем!
Иә, «Отан үшін өлемін» деген құр сөзбен іс бітпейді. Қайта атына кір 
келтірмей, кетігіне кірпіш болып қалансақ қана өшпес із қалдырып, өнегелі іс тындырарымыз хақ.

Құдайберді Бағашар

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
10 жыл бұрын 86222
1 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232