Бүгінгі күні мемлекеттік мекемелерде, ұлттық компанияларда, банктерде, ғылым-білім ордаларында мемлекеттік тіл 100 пайызға жуық қолданылады. Құжаттар мемлекеттік тілде де, ресми тілде де әзірленеді. Бәрі тап-тұйнақтай. Қанша тексерсе де, мемлекеттік тілдің қолданылу барысын қадағалап отыратын органдар бір кінәрат таппайтыны рас. Тілдер туралы Заңның бірде-бір әрпіне нұқсан келмеген. Қызметкерлері екі тілде де сайрап тұр. Қағаз жүзінде, әрине. Шын мәнісінде, мемлекеттік тілдің аясы екі-үш аудармашы отыратын қуықтай бөлмеден әрі аспайды.
Осы аядай бөлмеде ғана қазақша сөйленеді, жазылады. 1500-2000 адамның жазған-сызғандары, қағаз-құжаттары түгел осы жаққа тоғытылады. Екі-үш адам осының бәрін қазақшалап шығуы тиіс. 2 сағат ішінде 40-60 бетті аудару да талап етіледі. Мұндай жағдайда сапалы аударма жасаудың мүмкін емес екенін техникалық маман иелеріне, есеп-қисап айналасындағыларға түсіндіру қиынның қиыны. Аударылған нұсқа басшылардың қаламы сүйкеле сала, мұрағатқа кетеді. Бірақ мемлекеттік тілде сынық сүйем жұмыс жасалынбайтынын өздеріңіз де аңғаратын боларсыздар.
Аудармашылар – бесаспап. Заңгер де, жарнамашы да, журналист те, ІТ-маманы да, медицина қызметкері де, бухгалтер де, менеджер де, экономист те – бір өзі. Қанша мамандық болса, сонша мамандықтың тілін «меңгерген». Орыс тілінде осынша маман пәленбей жыл көз майын тауысып оқып, кәсіби шеберлігін шыңдап, біліктілігін арттырып, осы дәрежеге әрең жетеді. Аудармашы болса, мұның бәрін бір деммен сойдақтатып аударып шыға салады.
Маманның жасағаны бір бөлек те, оны аудара салу – екінші нәрсе. Сондықтан да қазақша нұсқасы түпнұсқаға қарағанда ұдайы ақсап тұрады.
Бұған тек бір мысал келтіре кетейік. Ел назарына жиі ілігетіні – ақсақ аудармалар мен жұқалтаң жарнамалар. Еліміздегі ірі ұлттық және басқа компаниялар мен банктерді алып қарасақ, оның бұқарамен байланыс және жарнама саласындағы және халықпен қоян-қолтық жұмыс істейтін басқа да бөлімшелері Қазақстанда емес, Ресейде тұрып жатқандай әсер қалдырады. Экран алдында немесе телефонға қазақша жауап бере алатын бір адам табылса, оған да шүкіршілік етесің.
Ақиқатын айтқанда, аудармашылар не аударып отырғанын өздері де біле бермейді. Жарнама орыс тілінде жасалады, жіті тексеріледі, келісіледі, бекітіледі. Әбден дайын болғаннан кейін, қазақшасы да сүт пісірім уақыт ішінде дайындалуы тиіс. Жарнама не жайлы? Кадрда қандай бейнелер болады? Жарнамадағы сөздер, мәтін қандай мағынада қолданылып тұр? Аудармашы бұдан мүлде бейхабар. Жарнаманың жасалу барысына қатыспайды да. Мүлде бөтен адам. Оның алдына аударуға жеке сөздер мен мәтін ғана келеді. Оны ол тым қысқа уақыт ішінде аударып шығуы тиіс. «Шағын ғана нәрсе. Оған соншалықты бас қатыратын не бар» дегендей. Сленгтер, әдемі, оралымды тіркестер табуға төселген орыс тілді маманның еңбегін қаржы есептілігін, шарттарды, бұйрықтарды, өкімдерді, штаттық кестені, сансыз хаттарды, тағысын тағыларды қатар, бір мезгілде зуылдатып аударып жатқан аудармашының бүлдіретіні анық жайт. Тек қана жарнама емес, бүкіл құжаттар осылай жасалады. Оның дұрыс-бұрыстығын тексере алатын мамандар да жоқтың қасы.
Мемлекеттік тіл үшін алынбай тұрған үш қамал бар. Ол - «үш кит» деген атпен белгілі дүниелер – Билік, Қаржы және Ғылым. Мұның тарихи, саяси және басқа да себеп-салдары бәрімізге мәлім. Оған тоқталып жату – басы артық дүние. Рас, ілгерілеушілік бар. Қазақша терминдер қалыптасты. Сөздіктер жыл санап жаңартылып, толықтырылып шығып жатыр. Бұл сөздіктерді, оның ішіндегі терминдерді кім пайдаланады? Тек журналистер мен аудармашылар ғана. Ал мамандарға оның қажеті шамалы. Олардың арасында да тіл жанашырлары бар. Құжаттарды қазақша жазып, дайындаса, олардан тек орыс тіліндегі нұсқасы талап етіледі. Жұмыстың аты жұмыс, бос уақыт бола бермейді. Сосын кім екі жұмыс жасағысы келеді? Лажсыз, орысшаға ойыса береді.
Әрине, барлық саланы түгелдей қазақ тіліне көшіру ертерек. Мың жерден «мемлекеттік тіл» деп ұрандасақ та, жыл сайын жаңарып жатқан жаңа технологиялардың даму барысына ілесуге қазақ тілінің әлеуеті жетпейтіні – бүгінгі күннің ащы шындығы. Мамандардың айтуынша, АҚШ-та шыққан бағдарламалық қамсыздандыру «көнеріп» болған соң, орта есеппен араға 5 жыл салып, Ресейге жетеді, ал бізге келуі үшін кемінде 7 жыл өтеді екен. Демек, бұл салада бізге қауқарлы көрінетін орыс тілінің өзі отар соңындағы өкпе қойды еске түсіреді. Қазақ тілінің хәлі нешік, сонда? Бұл жерде ресми тілдің бәсі жоғары. Мысы басым. Соңғы кездері бұл салаларда қазақ басымдыққа ие болғанымен, тілі табалдырықтан аттап өте алмай тұр.
Тіл қоғам өмірінің барлық саласын түгел қамтып, толыққанды жұмыс жасағанда ғана қуатты. Онсыз ол – жартыкеш, шалажансар тіл. Бұған көз жеткізу үшін, еліміздегі ірі кітап дүкендеріне бас сұқсаңыз, жеткілікті. Кітап дүкендері – тілдің, оның дамуының, қуаттылығының айнасы іспетті. Мамандар қазақ тілін қолданғанда ғана мемлекеттік тіл тұғырына қонатын болады. Мамандардың қазақша сөйлеуін қарастыратын ауқымды, кешенді шараны жасайтын саяси ерік-жігер керек. Онсыз мемлекеттік тілдің мәртебесі мұрағаттан әрі аса алмайды. Ақсақ аудармалардан да құтыла алмаймыз.
Шадияр Өстемірұлы
Baq.kz