Серік Сейтман: "Қайда?" деп қарындасымның байсырап жүргенін қаламаймын
Серік Сейтман: "Қайда?" деп қарындасымның байсырап жүргенін қаламаймын

Серік Сейтман, ақын: ӘНІҢ «ҚАЙДА», ҚАРЫНДАС?
Ел ақынсың дейді, аракідік әнге мәтін жазатанымыз бар. Қазақстан авторлар қоғамының мүшесіміз.
Қазақ радиосында он жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді екенбіз. Бүгінде Бас радионың Көркемдік кеңесіне мүшеміз.
Ес біліп, етек-жеңімізді жиғалы көрген-баққанымыз өлең мен ән болғандықтан, радио эфирінен «Көркемдік кеңес» деген хабар ашып жүргізгеніміз де бар. Онда қандай әндер талданбады? «Аққудың көз жасындай көлге тамған» деген суретті сөзді әнге қосқан Несіпбек аға Аитұлынан бастап, кәсіби ақын-композиторлар мен күміскөмей әншілердің талайы қонақ боп қатысқан бағдарламаның әр шығарылымында өнер майталмандары әннің әуені мен мәтініне, әншінің орындаушылық шеберлігіне байланысты ашық та ащы пікірлерін ортаға салды. Хабарымыз тыңдарман тарапынан да зор қолдауға ие болған еді.
«Сыңғырлап күлкің қалды менің елестеп құлағыма» (Қайрат Нұртас, «Алматы түні»), «Ақ қыздар арасынан аққуымды ажырата білмеген сормаңдаймын» («Саламат» тобы, «Махабатты армандаймын») деген сынды мәтіндер сол хабарымызда қатты сынға алынды. Бірі тіл білмейтін ақынның кесірінен Алматы аруының «күлкісін құлағына елестетіп» жүрсе, екіншісі мұзбалақ Мұқағалидың мөлдір поэзиясын масқаралапты-ау деп тұнжыр күй кештік. Негізі, түп нұсқада «Ақ қаздар арасынан...» емес пе еді?
Соңғы уақыттарда, заман тілімен анықтама берсек, «хитке» айналып үлгерген бір ән ел кезіп, «Қайдалап» жүр. Құдайбердінің Шәкәрімі айтқандай, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» екен. Өзгешелігі сол – әуенінде ұлттық жан жоқ, мәтінінде идеологиялық мән жоқ. Қазақы менталитетіміздің майсасын майқандап, масқаралықтың төріне төтесінен жол тартқан арзанқол дүние. Өнебойынан қазақ қызының аузынан шығуға лайық сөз табу қиын.
Ұжымда болсын, көпшілік орталарда болсын, мемлекеттік һәм ұлттық теле-радио арналар мен қазақ сахналарының ән саясатына байланысты пікір алмасулар жиі болады. Қарнымыздың ашатыны – есімі елге белгілі естияр кісілердің өздері «онда тұрған не бар?» дегенді айтып, қарсылық білдіріп жатады. Сондай дүниелердің ұрпақ санасын улап жатқанына бас қатыра бермейді. «Астанада жоқ-жоқ, Алматыда жоқ-жоқ» деп қызым мен қарындасымның көше кезіп, байсырап кеткенін өз басым қаламас едім. Осы әнді орындап жүрген қаракөз де маған қарындас. Себебі, «Қарындас маған, қарындас саған Қазақтың барша қыздары» деген ұстанымдағы азаматпын. Азаматтық ұстанымнан ада әнші аға-інілеріміз өз алдына бөлек тақырып. Қазір шоу-бизнес деген әйелді – еркек, еркекті – әйел етті. Көркемөнердің тұнығын лайлап, саудаға салып бітті.
Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының 12-томында Өнер дүниесі туралы тамаша байлам бар: «Өнер дүниесі екіге бөлінеді: бірін «Тірнек» дейді, бірін «Көрнек» дейді. Үй салады, арық қазады, етік тігеді, арба істейді, кигіз басады, ыдыс істейді, тағысын-тағы сол сияқты шаруаға керек нәрселерді жасайды. Бұлар – күнкөрісіне керек шаруа. Тірнек – осылар. Біреулер көрікті мешіт, көрнекті там, көркем сурет салады. Әдеміден: әсерлі күй, ажарлы сөз шығарады. Алдыңғы тірнек жұмысы – адамның мақұлықтық жан сақтау керегінен шыққан нәрселер, соңғы нәрселер – адамның жан қоштау керегінен шыққан нәрселер».
Кемеңгер Көпейұлынан асып біз не айта аламыз? Тек «Есек-Тірнектің» міндетін «Арғымақ-Көрнекке» жүктеп, титықтатып қойдық-ау деген қорқынышты ой бар. Есекті қанша баптағанмен арғымақ болмайды, ал күтімі нашар арғымақ есекке айналады. Арғымақ атқа есектің жүгін артпайықшы...

Серік СЕЙІТМАН,
Ақын
08.08.2017 жыл

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
7 жыл бұрын 5252
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232