Келесі аялдама Бақтыораз Бейсекбаев көшесі. Ол кісі кім?
Келесі аялдама Бақтыораз Бейсекбаев көшесі. Ол кісі кім?

Жиырма бір жасында Отан үшін жанын қиған жас қаһарман Бақтыораз Бейсекбаевтың (1920-1941 жж.) есімі кешеге дейін естілмеген еді. 

1941 жылдың 26 маусымында Смоленск маңындағы Боровское аэродромынан 42-ші алыстан бомбалаушы әуе дивизиясының 207-ші полкінің алғашқы күнгі қиян-кескі ұрыстан аман қалған ұшақтарының бәрі қайтадан аспанға көтеріледі. Бұл ұшудың барысында Минскіден батысқа қарай 40 шақырым жердегі Радошковичи поселкесінің аймағында немістің танк колоннасын аяусыз бомбалау жүктеледі. Көктегі гүріл мен жердегі дүрілден қүлақ тұнған шақта екі топқа бөлінген ұшақтарды капитан Александр Спридонович Маслов пен Николай Францевич Гастелло командир болған экипаждары бастады. Жаудың танк колонналарына шүйілген ұшақтар тобының алдыңғы қатарында Масловтың экипажы бар еді. Жерде қоңыздай жорғалаған құрыш сауытты танкілерге олар ойдағыдай ойран салып қайта бергенде жау жақтан атылған оқ алдыңғы екі экипажды отқа орады. Штурвалына зақым келді ме, Гастеллоның ұшағы әлдеқайда алысқа құлаған. Әйтеуір бір өлім барын тез ұққан Масловтың экипажы ұшақты танкілер колоннасына бұрған. Ішінде атқыш Бақтыораз бар экипаж түгелдей опат болды.
Бұл оқиғаны көрген басқа ұшақтардағы экипаж мүшелері танктердің үстіне түсіп өртенген экипаж Гастеллоныкі шығар деп топшылаған. Аға лейтенант Воробьев пен лейтенант Рыбастың сырттай болжауымен Масловтың экипажы елеусіз қалған да, Гастеллоның даңқы дүние жүзіне тарап кетті. Арада он жыл өтеді. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері қаһармандықпен қаза болған ерлерге жаңа ескерткіш орнатуды ойлаған Беларусь мемлекеттік әскери мұражайының директоры 1951 жылы 12 мамырда Шучкий Молодечненский облыстық атқару комитеті төрағасының атына "құпия" деген белгімен хат жазып, Родошковичи поселкесінің маңына құлаған Гастелло басқарған ұшақ экипажының мүшелерін орталық зиратқа әкеліп қайта жерлеу жөнінде ұсыныс жасайды. 
Мектеп оқушылары, әскери адамдар, зиялы қауым қатысқан осынау жиынның көзінше Гастеллоның қабірі қазылады. Қабір ішінен Гастеллоның емес, Масловтың мәйіті шыққанда таң қалмаған адам болмайды. Жанған мәйіт бойынан көзәйнек, пәтердің кілті, Масловқа тиесілі тағы басқа заттар табылады. Қабір ішінен бір медальон көзге түседі. Ол аздай Маслов экипажының атқыш-радисі, аға сержант Г.И.Реутовтың құжаттары салынған жеке футляр да бұзылмай сақталған екен. Іштерінде басшы қызметкерлер де бар естерінен тана жаздаған жұрт бұл шындықты айтып, ресми орындарға қатынас қағаз жаза бастайды. Бірақ олар Жоғарғы Кеңестің Жарлығын бұзуға болмайтынын ескермесе керек. СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Қорғаныс министрлігіндегілер бұл шындықты білсе де, Кеңес өкіметінің тастай қатқан идеологиясына зақым келмеу үшін "жабулы қазанды жабулы" күйінде қалдырған. Дегенмен, пластмасса футлярдағы құжатта көрсетілген И.Реутовтың 1918 жылы Чкалов облысындағы Кулагино деревнясында туғаны, 42-ші әуе дивизиясының 207-ші полкінің атқыш-радисі қызметінде болғаны және Кеңес Армиясының есепке тіркеу мәліметі бойынша "1941 жылғы 26 маусымда хабар-ошарсыз кеткені" толық анықталған еді. Осы дерек басқа да ақиқаттың бетін ашты: бұл экипажда онымен бірге капитан Маслов, лейтенант Балашов және кіші сержант Бейсекбаев Бахтурас бір сапта болып, 1941 жылы 26 маусымда ДБ-ЗФ бомбалаушы ұшағымен әскери тапсырманы орындаудан полкқа қайта оралмаған. Бұл ақиқатты мойындату үшін талай адамдар тер төкті. Масловтың жесірі Софья Евграфоновнаға күтпеген жерден мынадай хат келді: "1941 жылы 26 маусымда ерлікпен қаза тапқан экипаж қалдығы табылды. Олардың арасында Александр Спридонович Маслов та бар. Ержүрек экипаж қалдықтары Радошковичи орталығына ауыстырылып, көмілді".
Елеусіз қалған ерінің намысы үшін С.Е.Маслова ашық айқасқа шығады. Бұл күреске 30 жыл өмірін арнаған прокуротура тергеушісі Василий Харитонов дүниеден өтерінде Жуковский атындағы әскери академияны тәмамдаған ұлы Эдуардқа осы істі аяғына дейін жеткізуді аманат етіп тапсырады. Ол 1991 жылы Коломна қалалық кеңесінің депутаты, КСРО халық депутаты, Қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы Владимир Яковлевич Стадникке көмекші болып тағайындалады. Бұл кезде де С.Е.Маслова да, өз әкесі В.Харитонов та шындықтың түбіне жете алмай, дүниеден арманда кеткен еді. Бірақ Эдуард Харитонов Маслов экипажының мүшелері туралы туған жерлерінен дерек жинады. Әскери әуе атқышы Бахтурас Бейсекбаевтың (Ресейдегі құжатта солай делінген) ұлты қазақ, туған жері Алматы облысы, Ӏле ауданы екені ескеріліп, Қазақстан Президентіне де арнайы хат жолдайды. 
Ерлік жасалған күннен 55 жыл өткеннен кейін Ресей Федерациясы Президентінің пәрменімен Маслов экипажының мүшелеріне Ресейдің батыры атағы берілді. Белгілі қаламгер, Қазақстан парламенті Мәжілісінің депутаты Арғынбай Бекбосын Парламентте болған кездесуде бұл жайды Нұрсұлтан Назарбаевқа құлаққағыс етеді. Ӏле-шала "Егемен Қазақстан" газетіне оның "Ресей батыры - Бақтурас Бесекбаев" деген тақырыппен жарияланған шағын мақаласы талай адамға ой салды. Бұл - балалық шағы соғыс жылдарына дөп келген, Гастелло атын жаттап өскен Арғынбай үшін де асқан жаңалық еді. Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Тайыр Мансұровтың белгісіз батыр туралы тиісті орындармен хабарласып, аты-жөнін, туған жерін анықтауға атсалысқанын айта кету керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, Республикалық Ардагерлер кеңесі бұл жауынгерге "Халық қаһарманы" атағын беруге ұсыныс жасайды. Көп ұзамай беймәлім батырдың бұрмаланған есімі Бақтыораз Бейсекбаев екені анықталды. Осы ақиқат негізінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылы 6 мамырдағы Жарлығымен Бақтыораз Бейсекбаевқа "Халық қаһарманы" атағы берілді. Екі елге ортақ қаһарманның туған жерін анықтап, туыстарын табу жөнінде "Атамұра" корпорациясы арнаулы экспедиция ұйымдастырды. 
О баста батыр Ӏле ауданында туған деп, жаңсақ көрсетілген ғой. Шындығында, ол ашаршылық кезінде "Ӏле көпірі" деп аталатын жердегі жетімханада болғаны рас. Бірақ өзінің шын туып өскен жері - Алматы облысы, Балқаш ауданының қазіргі "Жиделі" деп аталатын ауылда. Туыстары да қазір сол маңайда тұрады.
Жарты ғасыр өткеннен кейін аты-жөні анықталған, ерлігі айқындалған ағамызға ас беріліп, республикалық ақындар айтысы өткізілді, Астанада көше аты берілді. Журналист Мейрамбек Төлепберген батыр өмірін жан-жақты зерттеп, шағын кітап жазды. Балқаш ауданының Әмір Құлмаханов бастаған еңбеккерлері Бақтыоразға Бақанастан үлкен ескерткіш орнатып, орта мектепке атын берді.

ҚазАқпарат

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
9 жыл бұрын 4191
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232