Даннинг-Крюгер эффекті дегеніміз не?
Даннинг-Крюгер эффекті дегеніміз не?

"Мен ештеңе білмейтінімді білемін" деген екен грек данышпаны Сократ. Ал Қытай философы Лао Цзы "білген сөйлемейді, ал сөйлеген білмейді" дейді. Қазақ халқы да "арық айтып семіз шық" деп бекер айтпаса керек. Кейбір адамдар өздеріне тым сенімді болып, көп жағдайда ұятқа қалып жатады. Ал әдетте тәжірибесіз адамдар өзінің қабілетін асыра бағалайды екен. Тәжірибелі адамдар, керісінше, өз мүмкіндігін төмендетуге бейім. Психологияда мұны Даннинг-Крюгер эффекті деп атайды.

Бұл құбылысты 1999 жылы АҚШ психологтары Джастин Крюгер мен Дэвид Даннинг зерттеп, ғылыми негіздеген. Даннинг-Крюгер эффектіне сәйкес, тәжірибесіз адамдар қате тұжырымдар жасап, сәтсіз шешімдер қабылдайды. Олар өзінің сәтсіздіктері қате шешім мен тәжірибесіздіктің нәтижесі екенін түсінбейді және өздерінің "ергежейлі" қабілеттеріне сенеді.

Ал тәжірибелі адамдар, қабілетін адекватты бағалап, өз дағдыларына сәл күмәндануға бейім. Олар басқалар ыждағаттылықпен үйренсе өздері жасай алатын нәрсені олар да оңай меңгеріп кетеді деп ойлайды.

Көп адамдар тәжірибесі жоғынан ыңғайсыз жағдайға ұшырап жатады. Мысалы, үстел теннисін ойнау үшін допты соғу керек екенін білеміз. Бірақ оны қалай ұруға болатынын, қандай жағдайда, қашан, қай бағытта соғу керегін білмеуіміз – тәжірибенің аздығынан. Десе де, теннисте тәжірибесі жоқ адам теннисті бұрын-соңды ойнамаған болса да, оны өте оңай ойын деп санайды және жақсы жаттықса, ойнайтынына, тіпті жеңетініне шамадан тыс сенеді.

Ғылым, білім, мәдениет, технология, коммуникация сияқты басқа салалардағы тәжірибесіздік, қажет білім мен дағдылардың жетіспеуі осы бағытта айтатын ұсақ ойлардан бастап, біздің нақты іс-әрекеттерімізге дейін сәтсіздікке ұшыратады. 

Даннинг-Крюгер эффектіне сәйкес, адамдар тәжірибесіз салада келесі нәрсеге бейім екені дәлелденген:

1) өз қабілеттерін бағалау;

2) басқалардың қабілетінің жоғары деңгейін дәл бағалай алмау;

3) өздерінің тәжірибесіз және білімсіз екенін түсінбеу;

4) кәсіби дайындықтан немесе жаттығудан кейін олар бұрынғы тәжірибесіздігін түсіну.

Яғни, адамдар өздері білмейтін нәрсені жасау арқылы немесе тәжірибесіз болғандықтан ғана түсінбейтін салада түсініктеме беру арқылы күлкілі жағдайға душар болады.

Мұндайдың алдын алу үшін мынадай кеңес ұсынылады:

• Жаттығу жасап, әр нәрсені толығырақ зерттеңіз. Бұл сіздің таңдауыңыз, идеяңыз немесе қызметіңіз бойынша тәжірибелі адам (кәсіби сарапшы) болуға көп көмектеседі;

• Қабілетіңізге жиі күдікпен қараңыз. Бұл сізге өзіңізді асыра бағалаудан және ақыр соңында ыңғайсыз жағдайға түсіп қалудан сақтайды;

• Жеке тәжірибеңізді логикалық бағалауға көмектесетін критерийлерді табыңыз және солардың негізінде біліміңізді бағалаңыз. Бұл сізге өзіңіз қалаған саладағы деңгейіңізді нақты анықтауға, қадіріңізді арттыруға көмектеседі;

Қорыта келе айтарымыз "білмегенін сұрап үйренген – ғалым, ал арланып сұрамаған  – өзіне залым". Ешқашан өзіңіз білмейтін нәрсені білемін деп қиналмаңыз, білмейтін және оқымаған нәрсені ықаласпен сұрап, үйренуден жалықпаңыз.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
3 жыл бұрын 1379
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232