Бүгінгі күнде қалтамыздағы смартфон қолымыздың жалғасына айналғаны шындық. Біреу үшін нәпақа табудың жолы болса, біреу үшін жай ғана байланысу құралы. Әр адам оны әр түрлі мақсатта пайдаланады.
Смартфоның қанша тұратыны маңызды емес, оны қалай пайдаланатының маңыздырақ. 800 мыңға айфонның жаңа нұсқасын сатып алып, ғаламторға кіретін төртбұрышты нәрсе ретінде ғана ұстап жүруге болады немесе 100 мың теңгенің арзан телефонын алып, барынша пайдаға асыруға болады.
Кез келген техника алғанда, мен алдымен өзіме бірнеше сұрақ қоямын: "Бұл импулсивті сатып алу ма, әлде саналы түрде қабылданған шешім ба?", "мен бұл техниканы мода болған үшін алдым ба, әлде шынымен маған қажет нәрсе ме?". Әрине, спонтанды алынған техника уақыт өте келе пайдаға асуы мүмкін, бірақ ықтималдылығы төмен.
Айтқым келген нәрсе, қолыңдағы смартфонды ақыры қолданып жүрген соң, оны ақылмен қолдануға да болады (smart-phone деп бекер аталмаған болар). Құр ойындармен толтыра бермей, төменде аталған қызықты әрі пайдалы қосымшаларды да жүктеп алсаң болады. Ал, ендеше кеттік:
1. 1Money
Кіріс-шығысты тіркеп отыруға болатын қосымша. Жеке-жеке санаттар (категория) мен оның ішіндегі санатшаларға (подкатегория) бөлу мүмкіндігі бар. Әр айдың немесе әр жылдың соңында қандай нәрсеге қанша жұмсағаныңды көре аласың. Бірақ біл жылдың шығынына қарау үшін жүйкең темір болу керек, анау-мынау адам шыдай бермейтін көрініс. Бұл қосымшаны 2019 жылдан бері пайдаланып келемін. Аналогтары көп, алайда менің таңдауым осыған түсті. Егер бұдан жақсырағы шығып жатса, ойланып көремін.
2. Google Calendar
Күнделікті істердің тізімін, ескертулерді, мақсаттарды тіркеп отыратын және жеке жоспар құруға арналған қосымша. Күнде қайталанатын істерді де жазып қоюға болады. Мысалы, "күнде осындай уақытта кітап оқимын" немесе "отжимание жасаймын" деп жазып, уақытын белгілесің, сол уақытта саған ескерту жібереді. Мен өзім табиғатымнан ұмытшақ болғаннан кейін ұмытып кету қаупі басым істерді осында жазып отырамын.
3. Google Tasks
Бұл — өте қарапайым, артық ештеңесі жоқ, пайдалануға ыңғайлы қосымша. Аты айтып тұрғандай күнделікті істердің тізімін жасауға арналған. Мақсаттарды да жазуға болады. Мен бұл қосымшаны күнделікті to-di list ретінде қолданамын. Сонымен бірге жоғарыда аталған Google Күнтізбемен біріктіруге болады. Яғни осында жазған нәрсең автоматты түрде күтізбеңнен "фык" етіп шыға келеді.
4. Trello
Канбан әдісімен жасалған жоспарлауға арналған керемет қосымша. 2018 жылдан бастап Марғұлан Сейсембайдың Ютубтағы бір жарым сағаттық видеосынан кейін пайдалана бастадым. Көбінесе ірі жобалар (кітап жазу, диссертация, жұмыстағы жобалар және т.б.) үшін қолданамын. Қосымшаны шебер қолдану — өз алдына бір ғылым. Менің білетінім тек 50 % шығар. Қалай қолданатыным жайлы жеке пост жазармын бұйырса. Не үшін Trello деп аталғанын сол күйі таба алмай қойдым. Білсеңдер, бөлісіңдер.
5. Evernote
Бұл қосымшаның мүмкіндігі өте көп. Тіпті жоғарыда аталған 4 қосымшаның да орнын баса алады. Ішінде бәрі бар: ақшаңды да есептей аласың, жоспар да жасайсың, істеріңді де қадағай аласың және т.б. Бірақ мен бұл қосымшаны, көбінесе, ұзын мәтіндер (пост, мақала, әннің мәтіндері, өлеңдер) жазуға және аудио-күнделік жүргізу үшін пайдаланамын. Бұл посттың өзін Evernotе-та жаздым. Сонымен қатар ішіне түрлі форматта файлдар сақтауға болады, алайда тегін нұсқасының жады шектелген. Сондықтан мен орын азайып жатқан соң өткен жылы премиум нұсқасына өттім. Өткеніме өкінбеймін.
6. Adobe Lightroom
Кез келген мобилограф немесе фотографтың смартфонынан табуға болатын қосымша. Мен екеуіне де жатпаймын, бірақ менің де смартфонымда бар. Түсірген суреттерің көздің жауын алатындай әдемі болсын десең, бұл сен үшін таптырмас қосымша. Басыңды қатырғың келмесе, ұнаған біреудің фотосының "пересетін" алып, өз фотоңа қоя салуыңа болады. Бірақ аз-маз жөндеп жіберуді де ұмытпа.
7. Podcast Go
Подкастмандар үшін керемет қосымша. Кез келген тақырыпта подкасттар таба аласың. Подкасттың жылдамдығын азайтып/көбейтуге, тыныш жерлерін өткізіп жіберуге, телефонға жүктеп алуға болады. Мен қосымшаны listening-ті дамыту мақсатында ағылшынша немесе ағылшынша үйрететін подкасттар тыңдау үшін пайдаланамын. Одан бөлек басқа да пайдалы подкасттар тыңдаймын.
8. eBoox
Электронды кітаптар оқуға арналған қосымша. Кітаптарымның 80 %-ын осы арқылы оқимын. Mobi, epub, rtf, pdf, zip — бәрін аша береді. Жеке-жеке сөре ашып, кітаптарды жанр бойынша бөліп қоюға болады. Сонымен қатар фонның түсін ауыстыру, әріптерді үлкейтіп/кішірейту, сөздер мен жолдардың арасын кеңейтіп/тарылту, жарығын азайтып/көбейту, кітаптың ұнаған тұстарын белгілеу секілді функциялары бар.
Аталған қосымшалардың қайсысын пайдаландың? Сен өзің қайсысын пайдаланып жүрсің? Басқа қандай қосымшаларды пайдалануға кеңес бересің? Өз пікіріңді қалдырып кет