Екпенің халал немесе харамдығына қатысты талас-тартыс туралы
Екпенің халал немесе харамдығына қатысты талас-тартыс туралы

Кейбір мұсылман мемлекеттері коронавирусқа қарсы вакциналардың құрамына алаңдап отыр.  COVID-19-ға қарсы вакцинаны қолдану шариғат заңдарына жат па? Қазір әлемнің талай фармацевтикалық компаниясы арасында коронавирустан қорғайтын препарат жасау жолында қызу бәсеке жүріп жатыр. Көптеген ел екпелердің миллиондаған дозасына алдын-ала тапсырыс беріп қойды. Ал, кейбір діни топтар алаңдаулы. Өйткені,  вакциналар ұзақ сақталып, өз тиімділігін тұрақты ұстап тұруы үшін оларға кейде шошқа желатині қосылады. Бұл ингредиентті кеңінен пайдалану Азияның бірқатар мемлекетінде халықты жаппай иммунизациялау науқанын тоқтата ма деген қауіп бар.

Швейцарияның Novartis фирмасы менингитке қарсы шошқадан ада вакцина жасаса, Саудия мен Малайзияда орналасқан AJ Pharma компаниясы халал екпе өндіруге күш салып жатыр. Дегенмен Британ Исламдық Медицина Қауымдастығының бас хатшысы, доктор Салман Уакардың ойынша, шошқа желатині қосылған вакциналар әлі талай жыл бойы шығарылады. Себебі, олар арзан әрі ұзақ сақталатындықтан, үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Pfizer, Moderna және AstraZeneca компаниялары болса, өздерінің COVID-19-ға қарсы вакциналарына «шошқа өнімдерін» қоспағанын мәлімдеді. Алайда, екпе тапшылығына байланысты мұсылмандар көп шоғырланған Индонезия тәрізді елдер халал деп танылмаған препараттарды да қолдануға мәжбүр болуы мүмкін.  

Үлкен зиян

Вакцинаны қолдану, қолданбау мәселесі ортодоксалдық еврейлер мен мұсылмандар қауымдастықтарында өзекті болып отыр. Себебі, оларда шошқа етін тұтынуға тыйым бар. Ал, желатин қосылған екпені салуға рұқсат берілмесе, бұның медицинаға әсері қандай болмақ? Сидней университетінің доценті Харунор Рашидтің ойынша, осыған дейінгі дебаттарда ғалымдар шариғат заңдары шошқа желатині қосылған вакцинаны қолдануға рұқсат беруі керек деген консенсусқа келген. Өйткені, тыйымның қоғам денсаулығына зияны тіпті зор болуы мүмкін. Ортодоксалдық еврейлердің діни лидерлерінің пікірі де осыған саяды.

«Егер шошқа өнімдерінің бірін ауызбен жемей, оны аурулардан қауіптенгенде организмге енгізсе, заңымыз оған тыйым салмайды», – дейді Израилдің «Цохар» раббиндік ұйымының төрағасы Давид Став «Ассоушиэйтид пресс» агенттігіне берген сұхбатында.

Индонезия – әлемдегі ең ірі мұсылман мемлекеті. Мұнда 225 миллионға жуық адам ислам дінін ұстанады. 2018 жылы елдің Үлемдер кеңесі, яғни, өнімдердің халалдығы мен харамдығына байланысты пәтуа шығарып, сертификат берумен айналысатын рухани органы, қызылшаға қарсы вакцинаны құрамындағы желатині үшін адал емес деп танып, оны қолдануға тыйым салды. Соның нәтижесінде қызылшаға шалдыққандар күрт көбейіп, бұл ауру бойынша Индонезия дүниежүзінде үшінші орынға шықты. Осыдан кейін діни мекеме екпе салуға қайта рұқсат берді.

Вакцина құрамына күмән

Қазір әлемде вакциналарға қатысты жалған ақпарат та тарап жатыр. Сондықтан Индонезия COVID-19-ға қарсы екпелерді сатып алу мен сертификаттау жұмыстарына діни ұйымдарды да тартпақ.  

«Вакциналардың халалдық мәртебесі, сапасы және оларды тарату жайлы қоғамдық ақпарат дұрыс әзірленуі керек», – дейді Индонезия президенті Джоко Видодо.

Малайзияда да вакциналардың халалдық статусы мұсылман ата-аналар үшін үлкен проблемаға айналғандықтан, жергілікті билік қатаң заң қабылдап отыр. Оған сәйкес, балаларын вакциналаудан бас тартқандар айыппұл төлеп, тіпті түрмеге жабылуы мүмкін. Пәкістанда да екпелерге діни және саяси себептерден сенім сетінеді. Осыған байланысты перзентіне полиомиелитке қарсы вакцина салдырмаған талай ата-ана қамауға алынған.

Қытайға тоқталсақ, оның Sinovac Biotech, Sinopharm, CanSino Biologics компаниялары өздерінің коронавирусқа қарсы вакциналарын клиникалық сынақтың соңғы фазасынан өткізіп жатыр және олардың миллиондаған дозасы әлемге сатылды. Бірақ, бұл кәсіпорындар өз өнімдерінің құрамы жайлы ақпаратты әзірге таратпай отыр. Тағы бір тоқтала кететін жайт, Қытайдың бірде-бір вакцинасы нарықта қолдануға біржола бекітілген жоқ. Соған қарамастан, бұл мемлекетте вирус жұқтыру қаупі төнген 1 миллиондай медицина қызметкері мен өзге адамдар вакцина алды. Сонымен қатар, аталған компаниялар өз екпелерінің қаншалықты тиімді екені және олардың жанама әсері туралы ақпаратты да әзірге жарияламай отыр. Дегенмен, Пәкістанда CanSino Biologics фирмасының препаратын сынау жұмыстары аяқталып келеді. Ал, Бангладеш Sinovac Biotech вакцинасын тәжірибеден өткізуге келісім жасасты. Алайда, қаржылық дауға байланысты бұл сынақ кейінгі қалдырылған. Айта кетсек, екі елдің де халқының басым бөлігі – мұсылмандар.

Авторы: Арыс Әділбекұлы

Дерек көзі: inbusiness.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 года назад 1791
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232