Ұлттық әліпби және өзгетілдік сөздер
Ұлттық әліпби және өзгетілдік сөздер

Қазіргі қолданыстағы қазақ тілінің кирилше әліпбиін кеңестік-коммунистік жүйенің тілдік (ұлттық) саясатының тікелей ықпалымен ф.ғ.д., профессор С.Аманжолов еріксізден-еріксіз құрастырды. Ол оны қазақ тілінде жоқ орыс әріптерімен толықтырды. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің бітім-болмысына, табиғи заңдылығына жат ережелерді кіргізіп, жазу емлесін өзгертіп, оны күрделендіріп жіберуге әкелді. Сондықтан қазақ тілі емле (орфография) сөздіктері бірнеше рет (1940, 1957, 1978, 1983) қайта өңделіп отырды [1,7]. Соңғы нұсқа 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен «Орфографиялық сөздікте» негізге алынды [3].

Осы уақыттар (1940 жылдан бүгінге дейін) аралығында қазақ тілінің табиғатынан тыс дыбыс таңбаларымен толықтырылған әліпбиімізді, ескертулерден аяқ алып жүргісіз емле ережелерімізді мақтап, «орыс тілінің игі әсері арқасында тіліміз байыды, кез келген шетел сөздерін жаза да, айта да алатын болдық» деп қазақ тілінің белгілі ғалымдары еңбектер жазды [3; 4, 199-205; 5, 48; 6, 22 т.б.].

Дыбыстық жүйесі мүлде кереғар, құрылымы (грамматикасы) бір-біріне сәйкес келмейтін тілдерге (қазақ, орыс) ортақ ереже шығару әрекеті емле ережелерін ескертулерге толтырып жіберді. Бұл қиындықтан шығудың жолын көрсетпек болып, тағы бір қазақ ғалымдары арнайы еңбек те дайындады [7].

Қазақ қоғамының осы әліпбиге және онымен айтып-жазуға әбден бауыр басып, дағдыланып кеткендігі соншалық – өз тіліміздің төл заңдылықтары өзімізге өрескел көрінетін болды. «Сөздердің дыбысталуы мен жазылуы арасындағы кереғар алшақтық біржолата жойылды» [8, 222], «Қазақ тілінде сөздер қалай жазылған болса, солай оқылады» [9, 10; 10, 5] деген ой-тұжырым басқа ғалымдар тарапынан да айтылатын болды.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері өзгетілдік сөздерді, әсіресе өзгеріссіз қолданыста болып келе жатқан жалпыхалықтық қолданыстағы қоғамдық-саяси лексика мен ғылыми-техникалық терминдерді қазақшалау – өзекті мәселелердің біріне айналды. Әу баста бұл мәселе жөнінде қазақ ғалымдарының (тілші-лингвистерінің) көзқарастары әртүрлі болды. Біреулері жалпы кірме сөздерге балама табуды көздесе, енді біреулері тек орыс тілінен енген сөздерді ғана қазақшалау керек, ал орыс тілі арқылы енген, бірақ арғы тегі грек, латын т.б. тілдерінің сөздері болып келетіндерді қазақшалаудың қажеті жоқ деп есептеді.

Алайда бірінші ұстанымдағылардың ниеттері дұрыс болғанымен, жүзеге асуы қиын шаруа еді. Себебі сан мыңдаған шетелдік сөздердің тілімізге күн сайын толассыз енуіне қолайлы жағдай тудырып отырған мына ақпараттар тасқыны қарқынды дамыған алмағайып заманда бірен-саран сөздерге әрең дегенде қазақша балама тауып, бірақ солардың (пайыз – процент, үдеріс – процесс, мұражай – музей, мұрағат – архив т.т) өзін сан-саққа жүгіртіп, дауласып жүргенімізде түр-тұрпаты өзгетілдік сөздердің барлығына балама табу дегеніңіз үлкен машақатты қажет ететін еді.

Екінші ұстанымдағылардың грек, латындық «халықаралық сөздер» деп жүргендері – орысша қалай айтылып-жазылса, еш өзгеріссіз сол қалпында қолданылып жүргенін орыс сөздері. Олар осыны пайымдай алмай жүр. Біздің бұл уәжіміз дат (претензия)дегізетін болса, сол «халықаралық сөздер» делініп жүрген сөздердің (фонетика, грамматика, морфология, университет, студент, медицина т.т) латын-гректік түпнұсқасы мен орысша нұсқасын салыстырып қарауға болады. Латын-грекше нұсқасы бір басқа, орысша нұсқасы бір басқа.

Әрине, бұл біздің қазіргі кирилше әліпбиіміз бен соған негізделіп жасалған емлеміздің мейлінше орыстанып кетуінен болып жатыр. Яғни өзгетілдік сөздерді сол қалпында жазып-айтуға мәжбүрлейтін қазақ тіліне тән емес орыс тілінің дыбыс-әріптерінің қазіргі әліпбиіміздің құрамында болуы және өзгетілдік (орыс тілінің)сөздердегі тілімізге жат дыбыс тіркесімдерінің қолданыста жүруі, сондай-ақ соларға сәйкес емле ережемізде арнайы баптардың болуы оған басты себеп болып отыр.

Бұл мәселені «латын жазуына (әрпіне) негізделген өзіміздің төл әліпбиімізді құрастырып алған соң шешеміз. Сонда ғана қазақша баламасы (атауы) табылмай, тіліміздің лексикалық құрамына кіре алмай (олар кірме сөз бола алмайды, өйткені кірме сөздер болуы үшін дыбысталуы қазақша болуы керек) жүрген өзгетілдік бүкіл сөзді өз тіліміздің төл дыбыстарымен жазып-айтуға тарихи мүмкіншілік туады. Сол мүмкіншілікті дұрыс пайдаланып, орыс тілінен және сол арқылы «халықаралық термин» деген желеумен орысшаланып енген бөтен атауларды жаңа әліпбимен жазып, өз сөзімізге айналдырамыз. Сөйтіп, олардың тілімізге бейімделмей толассыз енуіне тосқауыл қоямыз» деген үлкен үмітіміз болған еді. Бірақ сол үмітіміз ақталмады.

Біздің латыншаға негізделіп қабылданған қазіргі жаңа әліпбиіміз қазақ тілі дыбыстық жүйесіне бейімделмеді. Ол – ұлттық әліпби болмай қалды. Оны қалай ақтап-мақтасақ та, солай екені даусыз. Өйткені оның құрамында «в», «ф», «х/һ», «ч» деген жаттілдік дыбыстар бар. Енді осы дыбыстар қолданылатын және әлемдік барша тілдің көбісіне ортақ (а, б, г, д, е, ж, з, й, к, л, м, н, о, п, р, с, т, у, ш) болып келсе де, өзгеше тіркесімімен келетін (жазылатын) жаттілдік сөздерді қалай да жазуымыз керек. Олардың кирилше таңбалануын латыншаға ауыстырғанымызбен, олар бәрібір түр-тұрпатын еш өзгертпеген, қазақ тілі дыбыстық жүйесіне бейімделмеген, қазақ тілі сөздік құрамына кірмеген жаттілдік сөздер болып қала береді.

Қазақ филологтары, әсіресе оның мүйізі қарағайдай тілші ғалымдары: «... өзге тілдерден енген атаулар мен сөздерді мағыналық-дыбыстық жақтан игерудің ана тіліміздегі тілдік механизмі жұмыс істемей қалды» деп жиі айтады. Сөйте тұра, сол тілдік механизмнің неліктен жұмыс істемей қалғанына себеп болған нәрселердің қайсыбірін қорғап қалуға тырысып бағады.

Бүй деп отырған себебіміз – олардың басым көпшілігі аталған дыбыстардың қазақ тілі дыбыстық жүйесінде жоқ екенін біле отырып, тілдік жүйе, тілдік құрылым туралы білімдері шамалы, жалпы, дыбыстық жүйе туралы таным-түсініктері таяз адамдардың айтқандарына көніп, солардың ыңғайларына жығылып, сол дыбыстарды бар деп жүр.

Шындығына келгенде қазақ тілі дыбыстық жүйесінде сол дыбыстар, әсіресе «в» мен «ч» дыбыстары жоқ екені айдай анық қой! Ал «Һ/х» дыбысы мен «ф» дыбыстары араб-парсы тілдерінен енген деген ой-пікір бар. Бірақ бұл да қате. Егер бұл дыбыстар қазақ тіліне еніп, әбден орныққан болса, қазақ сөздерінің тек алғашқы буынында ғана емес, барлық орындарында, яғни қазақ сөздерінің басында да, ортасында да, соңында да айтылып-жазылуы керек еді. Олай емес екені тілші ғалымдар тұрмақ, кез келген қазаққа белгілі. Бірақ біздің біреулердің ғылыми емес айтқандарының шылауына еріп кеткен профессор тілшілеріміз аталған төрт дыбысты қазақ тілінде бар деп дәлелдеуге тырысып жүр. Оларға ұлттық тілдің тазалығы, табиғи болмысы дегендер керек емес, орыстанып бара жатқан қазіргі қазақ қоғамының көңілін табу керек сияқты.

Қазір біз бейұлттық әліпби құрастырғанымыз аздай-ақ, сол әліпби негізінде жазуымыздың емлелік жаңа ережелерін дайындауға да білек сыбанып кірісіп кеттік. Енді жаңа емле жасаушылар не істеп жатыр дейсіздер ғой! Олар «в», «ф», «х/һ», «ч» дыбыстары қолданылатын сөздерді сол қалпында латын әріптерімен жаза салуды қолдап қана қоймай, кейбір сөздердің қате жазылып жүрген нұсқаларын да «дұрыс» деп те қабылдауымызға негіз қалап жатыр.

Олар кирилл әрпіндегі өзгетілдік бұрынғы сөздерді латыншаланған жаңа әліпбимен сол қадпында да, қазақша дыбысталуымен де жазып, екеуін қоғам талқылауына ұсыныпты.

Нәтиже қандай болған?!

Кирилше әріптегілердің сол қалпында латыншаланғаны көп дауыс жинапты, тіпті өзіміздің «рақымет» пен «рахмет» деген сөзіміздің екінші қате нұсқасы да көп дауыс жинаған екен.

Кейде ойлайсың, жалған тұжырымға олардың өздері де сеніп қалған ба деп. «Өтірікшінің куәсі әрқашан қасыннан табылады» дегендей, олар сол өтіріктерін дәлелдеу үшін де небір қисынсыз (нелогичный) әрекеттерге барып жүр. Қисынсыз әрекет деп отырғанымыз – біріншіден, емле ережелерін жалпыхалықтық талқылаудан өткізулері (бүкіләлемдік тұжырым бойынша, ғылыми-теориялық мәселелерді жалпыхалықтық талқылаудан өткізуге болмайды. Оны арнайы мамандар өз орталарында талқылап шешуі керек) болса, екіншіден, өзгетілдік қайсыбір сөздердің латынша әліпбимен қазақшаланып жазылуын қазіргі уақыттағы орыстанып бара жатқан қазақ қоғамының талқылауына салулары деп айта аламыз.

Әлбетте, өзгетілдік бүкіл сөздің орысша қалай жазылып-айтылуына 80 жыл бойы әбден үйреніп, санасы әбден уланып қалған қоғамға «міністір» мен «министрдің», «шемпиөн» мен «чемпион+ның», «белесебет» пен «велосипед+тің», «(і)ректір» мен «ректор+дың», «(Ы)й(ұ)уанып» пен «Иванов+тың», «Пыранса» мен «Франция+ның», «поспыр» мен «фосфор+дың», «қылор» мен «хлор+дың», «уәгөн» мен «вагонның» т.т қайсысы дұрыс болып көрінуі мүмкін?! Әрине, сүйексіңді (стереотиптік) әдет бойынша, екінші нұсқа – олар үшін дұп-дұрыс.

Демек, «в», «ф», «х», «ч» дыбыс-әріптерінің еніп кетуіне байланысты қазіргі қабылданған латынша жаңа әліпбиімізбен өзгетілдік сөздердің түпнұсқалық қалпында ене берулеріне сол баяғыша тосқауыл қоя алмаймыз. Өйткені атам қазақ «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегеніндей, өзгетілдік бір дыбыстың өзі біраз лаң салатын болса, ал олардың саны – жаңа әліпбиімізде төртеу (в, ф, х, ч) болып отыр. Бұлар – тілді бүлдіретін шіріткілер. Демек, өзге ел (орыс, ағылшын) тарапынан қазақ тілін бұрынғыша бүлдіре берудің «платцдармы» қаланып қойды деп санау керек.

Алайда біз қанша жерден дәлелдеп айтып-жазсақ та, өзгетілдік дыбыстар мен олардың таңбаларының қазақ тілінің латынша әліпбиінің құрамында болуын қалайтын тілші ғалымдардың аса көптігі таңғалдырады.

Ал, біздің ойымызша, алдағы уақытта қазіргі қабылданған латын әріптеріне негізделген жаңа әліпбиімізді ұлттық әліпбиге айналдырмайымызша, еш өзгеріссіз қолданыста болып келе жатқан өзгетілдік сөздерді тіліміздің табиғи бітім-болмысына ыңғайлап жаза да, айта да алмаймыз. Ол үшін қазіргі латынша әліпбиіміз 1928 жылғы латынша әліпбиіміз сықылды – Ахмет Байтұрсынұлының тоғыз дауысты және он тоғыз дауыссыз дыбыстардан тұратын ұлттық әліпбиіне негізделуі керек. Сонда ғана қазақ жазуы өзінің төл табиғатын тауып, айтылым (орфоэфия) мен емле (орфография) арасындағы сәйкессіздіктен арылып, өзгетілдік бүкіл сөзді «өзілік» ете алады.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 1. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. – Алматы: «Қазақстан», 1988.

2. Орфографиялық сөздік / Құраст.: Н.Уәлиұлы, А.Фазылжанова, Қ.Күдеринова, Ғ.Әнес. – Алматы: Тіл білімі институты, 2007. – 480 б.

3. Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы.

4. Сыздықова Р. Жанпейісов Е. Қазақ тілінің тарихы. – Алматы: «Мектеп» – 1968. – 239 б.

5. Айтбайұлы Ө. Қазақ сөзі. – Алматы: «Эвро». – 1997.

6. Барлыбаева Р. Қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика. –Алматы: «Мектеп», 1978. –144 б.

7. Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. – Алматы: «Ғылым», 1986.

8. Сауранбаев Н. Қазақ тіл білімінің проблемалары. Таңдамалы еңбектерінің жинағы. –Алматы: «Ғылым», 1988.

9. Ислам Жеменей. Парсыш-қазақша және қазақша-парсыша сөздік. –Алматы: «Санат», 1994.

10. Аманжолов А. Түрік филологиясы және жазу тарихы. –Алматы: «Санат», 1996.

Исхан Бейбіт Жәлелұлы – ф.ғ.к., доцент,

Abai.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
6 жыл бұрын 2844
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232