“Тұрақты қан тапсыру адам өмірін ұзартады”
“Тұрақты қан тапсыру адам өмірін ұзартады”

Кез келген мемлекеттің денсаулық сақтау саласы үшін қан қызметінің маңыздылығы сол елдегі трансфузиологиялық терапияның сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету дайындығының деңгейімен анықталады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қан қызметін 2008-2010 жылдары дамытуға арналған салалық бағдарлама қабылданып, соның шеңберінде еліміздің өңірлерінде жаңа үлгіде жабдықталған 10 қан орталығы ашылғаны мәлім. 
біз Астана қаласындағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жандос БҮРКІТБАЕВПЕН  әңгімелескен болатынбыз.

– Жандос Қонысұлы, Елбасы тапсырмасымен қолға алынған бағдарлама аясында еліміздің қан орталықтары қандай жа­ңа­шылдықтарға ие болды?

– Қан қызметін толықтай дамыту оны техникалық тұрғыда жаңғыртумен шектелмейді. Тіпті, ең жоғары санаттағы құрал-жабдықтардың өзі сауатты басқару жүйесі мен жоғары дәрежелі мамандар болмаған жағдайда, тез істен шығатын «темір» ретінде қала беретіні түсінікті. Осыған байланысты бізге басқару жүйесіндегі интеллектуалды стратегиялық құрамдас бағыттарды дамытуымыз қажет болды. Алдымызға қойылған мақсаттардың бірі кадрлық ресурс­тар мен трансфузиологтардың ұлттық мектебін даярлау болып табылды. Сондықтан да Үкіметтің шешімімен қан қызметінің әдістемелік-ұйым­дастыру жұмыстарын үйлестіру үшін Астана қаласында Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы құрылды.

Бүгінде бұл орталықта қан қызметін жетілдіру бойынша қо­мақты жұмыстар атқарылуда. Қазақстанда қан қызметін қайта құру нәтижесінде, тікелей 14 облыстық қан орталығы, сондай-ақ сапалы қан компоненттерінің емдік желісімен қамтамасыз ету және донорлық қанға лабораториялық зерттеу жүргізу үшін барлық қойылған талаптарға сәйкес, жақсы жабдықталған Алматы және Астана қалаларында орталықтар ашылды. Тек Алматы қаласында бүгінгі күнге дейін екі қан орталығы қызмет көрсетуде. Тағы бір ерекшелік – өңір халқының санына байланыс­ты және ірі гематологиялық және онкологиялық клиникалары бар Семей қаласында қалалық қан орталығы қызметін ұсынып келеді.

– Ал бұл орталықтардың құқықтық базасы мен зертханалық әлеуетін заманауи талапқа сай же­тілдірудің жай-күйі қай деңгейде?

– Біз қан қызметінің тәжірибесіне халықаралық стандарттарды енгізу үшін 2011-2012 жылдары заңдық тұр­ғыда ауқымды шығармашылық жұмыстар жүр­гізіп, тиісті құқықтық базамызды жетілдірдік. Атап айтқанда, қан донорларының зертханалық диаг­ностикасы; қан компоненттерін өндірудің сапасын қадағалау; қан компоненттерін клиникалық тұрғыда пайдалану секілді стандарттар қайта қаралып, өзгертілді. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қан қызметі саласын регламенттейтін 18 нормативтік акті қабылдады. Ал оның 8-і  Әділет министрлігінің тіркеуінен өтті. Осылайша, бүгінгі күні 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық денсаулық сақтау субъектілерінде қолдануға міндетті болып саналатын қан қызметінің ұлттық стандарты қабылданды деп айтуға болады.

Шетелдік сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік деңгейде скри­нин­гтің екі кезеңді зертханалық диа­г­­нос­тиканы қолдануды заңды түрде регламенттеген ТМД елдері ішіндегі жалғыз мемлекет – Қазақстан болып отыр.

Оның сыр­тында, зертханалық тестілеу алдын­дағы екі кезеңді скринингті қол­дану жабық түрде то­лығымен автоматтандырылған жүйеде жүр­гі­зіледі. Сондай-ақ, өңірлердегі қан қызметінің жұмысын бақылау жүйе­сін реттеу мақсатында, 2012 жылы орталығымызда республикалық референс-зертхана ашылды. Сонымен бір­ге, толық бақылауды жүзеге асы­ру үшін жылына екі рет қан орта­лықтарының зертханалық зерт­теулерінің сапасына сырттай баға беру үшін стандартталған қан үлгілері дайындалып тұрады. мына бір мәселеге ерекше назар аудартқым келеді. Егер де бұрын зертхананың қызметі тек заң талаптарына сәйкес болуы тексерілген болса, қазіргі тәжірибеде зертхана жұмысының сапасын тексеру – биохимиялық, иммуногематологиялық, гемато­ло­гиялық бағыттары бойынша да жүзеге асырылады. Халық­қа жоғары мамандандырылған ме­ди­циналық көмек көрсету үшін Орталығымызда ағзаларды және тіндерді транспланттау кезінде донор мен реципиенттің үйлесімділігін зертханалық анықтауды жүзеге асыратын еліміз бойынша баламасы жоқ иммунологиялық типирлеу зертханасы құрылды. Ол жүрек, бауыр, бүйрек, сүйек кемігін ауыстырып салу кезінде үйлесімділікке қажетті зерттеудің барлық спектрін жүргізуді қамтамасыз етеді. Айта кетейік, оның қызметі иммуногенетиктердің Еуропалық Федерациясының (EFI) стандарттарын қолдануға негізделген.

– Ал енді осы орталық ұлт сау­лығының жақсара түсуіне қан­шалықты үлес қосуда? Осы мә­се­леге қатысты нақты дерек, дәй­ектер келтіре аласыз ба?

– Жалпы, зертханамыз ұсынатын қызметтің арқасында қанның қатерлі ауруына шалдыққан жандардың, сүйек кемігін, тіндер мен ағзаларды транспланттаудың белсенді дамуына мүмкіндік туды. 2011–2015 жылдар аралығында барлығы 600-ден аса транспланттау операциялары өткізілсе, соның ішінде 400-ден аса бүйрек, 28 жүрек, 116 сүйек кемігі, 78 бауыр трансплантталды.

Зертхана жұмысының нәтижесі бойынша сүйек кемігі доноры болуға өзінің келісімін берген адамдар туралы қажетті барлық ақпараттармен қамтылған, гемопоэтикалық баға­на­лық жасушаның әлеуетті донорларын Тіркеу жүйесі құрылды. Бүгінгі күні оған 4000-нан аса донорлар тіркелген және бұл сан жыл сайын артып келеді.

Қан құю – әртүрлі аурулар­ды емдеудің басты құралы. Ал қан кету, анемия, есеңгіреу, үлкен хирургиялық операциялар сияқты жағдайлар туындағанда – аурулардың өмірін сақтайтын баламасы жоқ бірден-бір құрал екенін кез келген адам біле бермейді.

– Жандос Қонысұлы, маман ретінде сізден мына бір сөздің мә­нісін нақтылай түссек деп едік. Ел ішінде «қан тапсырған адам ұзақ жасайды» деген әңгіме қаншалықты шындыққа жанасады?

– Ол рас. Бір рет қан тапсырған донор, орта есеппен үш адамды дерт пен ажалдан құтқарады. Негізінен, қан тапсыру ерікті донорлардың өздеріне де қайырымдылық әсерін тигізеді. Ал белсенді донорлар жүрек-қан тамырлары ауруымен сирек ауырады және қан кету олар үшін қауіпті жағдай тудырмайды. Тұрақты қан тапсыратын адамдардың өмір сүруі орта есеппен алғанда қарапайым статистикалық адамның деңгейінен 5 жыл артық болатынын ғылым мен тәжірибе дәлелдеп отыр. Демек, оларда қан алмасу жүйесі арқылы қызыл сүйек кемігінің жасушасы тұрақтанып, иммунитет белсенділігі арта түседі деген сөз. Яғни, адам донор болып, біреуге өмір сыйлап қана қоймай, өз өмірін де ұзарта алатындығы ақиқат.

– Ендеше, бүгінгі қоғамның қан тапсырып, белсенді донор атану көрсеткіші қай деңгейде?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған донорлықты дамыту көрсеткіші бойынша, Қазақстанда 1000 адамға шаққанда 25 болуы қажет, ал бүгінгі күні ол бізде 17-18-ді құрап отыр. Ұлттық деңгейде бұл –
жылына 280 мың донор. Жалпы, бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Ал Астана қаласында 1000 адамға шаққанда 54 көрсеткіш тіркелген. Ол қаладағы республикалық клиникалар санының көптігіне және оларға көрсетілетін жоғары маман­дандырылған медициналық көмектің көлеміне байланысты.

Сонымен қатар, жақын арада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұй­ым­­ының Қазақстандағы кеңсесімен бір­лесе отырып, орталықтың жүр­гізген донорлық мәселелеріне деген халықтың көзқарасын зерделеуге бағытталған көлемді әлеуметтік зерттеу аяқталды. Қазіргі таңда, алынған нәтижелердің негізінде біздің ДДҰ мен масс-медиа сарапшыларының қатысуымен Қазақстанда ерік­ті өтеусіз қан донорлығы бағдар­ла­ма­сын дамытуға бағытталған ком­муникациялық стратегия және осы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол еліміздегі ведомстволар мен түрлі ұйымдардың өзара әрекетіне негізделетін болады. Келешекте, біздің Орталық Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен біріге отырып, осы стратегияны Үкіметке ұсынып, оның негізінде Қазақстанда ерікті өтеусіз қан донорлығын дамыту Ұлттық бағдарламасының салалық жобасын әзірлейтін болады.

Қазіргі таңда, қан қызметінде кадрлар жетіспеушілігі өткір мә­се­лелердің бірі болып отыр. Бұл салаға кәсіби білікті мамандарды тартудың нақты жолы еңбекақыны көтеру болып табылады.

Халықты қан препараттарымен қамтамасыз ету проблемасын шешу үшін шетелдік зауыттарда плазманы келісімшарт арқылы фракциялау жобасы енгізілуде. Дайын препараттарды сатып алу қымбатқа түсетіндіктен, келісімшарт арқылы фракциялау, яғни отандық шикізатты (қанды) шетелдік өндіруші зауыттарында қайта өңдеу оның баламасы болып табылып отыр. Осыған орай, 2013 жылы  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске келісімшарт арқылы фракциялауды енгізуге заңды тұрғыда негіз болатын өзгерістер енгізілді.

Көріп тұрғандай, республиканың қан қызметі соңғы жылдары біршама тұрақты және серпінді дамып келеді. Біздің жұмысымыздың нәтижелеріне әсер ететін оның дамуының барлық аспектілері мен факторлары мұқият талданады және бұл қан қызметінің алдына қойылған міндеттерін шешу жолдарын анықтауға негіз болады. Бұл өндірілетін донорлық қан компоненттері сапасының мүддесінде қолда бар қаржылық, техникалық және кадрлық ресурстарын дұрыс пайдалану үшін өте маңызды.

Біздің жарқын болашақта біріге жұмсаған күшіміздің арқасында қазақстандық қан қызметі туралы әлемдік стандартқа сай келетін денсаулық сақтау саласының бірі ретінде айта алатынымызға кәміл сенімдіміз.

 – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 жыл бұрын 2939
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232