Татулығы таусылғандар
Татулығы таусылғандар
Ажырасудың жүз түрлі сылтауы мен жалғыз ғана себебі

Қазір көптеген елдердің бас ауруы – демографиялық тепе-теңдіктің бұзылуы, бала туудың азаюы, жастардың үйленуге асықпауы болса, бізді алаңдататын жағдай ажырасулардың көбейіп бара жатқандығы. Бүгінгі таңдағы кейбір дерек көздеріне қарасақ, Қазақстан ажырасудың көптігі жағынан дүниежүзіндегі ондыққа кіретін көрінеді. Енді бір статистикада Қазақстанның бұл мәселеде алғашқы бестікте екендігі айтылған. Қалай десек те, еліміз ажырасу жағынан көш бастаушылар қатарында.

Мәселен, биылғы жыл­дың алғашқы екі айында елімізде 18 мың 459 неке қиылса, оның 8004-і ажырасып кеткен!.. Бұл ресми көрсеткіш қана. Оған үйленерін үйленіп алып, ырың-жырың болып жүргендер мен некесінің бұзылғанын заң жүзінде рә­сім­демей-ақ бөлек тұрып жатқандарды қос­сақ, қазір қоғамдағы ең көкейкесті мәселенің шеті қылтияды.

Бастапқыда жүз түрлі жұп ажы­расса – жүз түрлі себебі бар сы­қыл­ды көрінген, оның ішінде қа­­зір­гі жастардың бас­па­насыздығы, тәрбие мәселесі, тағысын та­ғылар болған. Айналып келгенде, ажырасу түсіністік, иман­дылық пен жауапкершілік болмаған жерден бас­талатынын бірден айту керек. Әйтпесе, хан сарайындай пәтерлерде тұрып, қос-қос машина мініп, тойларын ең қымбат ресторандардың тө­рінде өткізгендер де ажы­расуда.

Неке бұзудың қа­лып­­ты жағдайға ай­налғаны соншалықты, телеарнада­ғы жү­гірт­пе жолдардан: «Ажы­растырам, алимент өн­діріп алуыңызға көмектесем» деген тұр­ғыда хабарландыру жазып, телефонын көр­сетіп қоятын адвокаттарды көретін болдық.

Мәселен, бірнеше жыл бұрын отасқан­дарына 25 жыл болған, бес баласы бар, күйеуі ішіп-шекпейтін, әйелі қыдырмайтын зиялы отбасы ажырасты. Бірден айту керек, екеуінің арасына адам түскен жоқ, кө­ңілдес, ашынаның кесірінен кетісу болған жоқ. Күйеуі мүлде басқа қалаға кө­шіп кетті, ал әйелі отбасы жылылығы қай жерде жоғалғанын ойлаумен күндері өте берді. Оқыған-тоқығаны бар, қаланың қақ ортасында кең пәтері, жұмысы, ұл-қы­зы бар жандар орта жастан асқанда неге ажы­расқанының түпкілікті себебін көп адам біле алған жоқ.

Ажырасудың мың түрлі мысалы бар. Мына қызықты қараңыз, әйелі әрі сұлу, әрі ақылды бір танысым өзінің жарымен ажы­расуға мәжбүр болды. Тағы бір жігіт біткеннің сұлтаны сияқты көрінетін байырғы бір досым бар еді. Оның да келіншегі қыз біткеннің ішінен таңдап алған керімі-тін. Шығыс ғазалдарындағы хас сұлулардың келбеті қалай суреттелетіндігін әдебиеттен хабары барлар біледі. Біздің Жәния да сондай жан болды. Мерекелерде көрісе қалсақ, жаңағы досымыздың әйеліне талай адамдар түріне тәнті болып, байыпты мінезіне риза екендіктерін жасырмайтын. Алайда, сол кермаралдай келіншек күйеуінің толық бақыты бола алмады дегенге кім сенеді? Қияқ қасты, бұйра шашты, түрі келіскен еркек осындай арудың жанында байыз таппай, отқа ұрынған көбелектей, көлденең жүрісін көбейте берді…

Сонымен, еркекке қандай әйел керек немесе әйелге қандай күйеу қажет? Әдетте, кейде көп адамды жоқшылық ажырастырады, кедейлік кетіреді дейміз. Керісінше, бұл екеуі өз ортасының дәулеттілері болатын. Құрбымыз да қонақ күтуді білетін, керек болса дастарқанын жайнатып, қазанын дер кезінде қайнатып, қызметкер де, аспаз да, келін де, дос та бола алатын адам-ды. Перзентсіздіктен де бет-перделері ашылып, көңілі содан қалыпты деуге келмейтіндей, орталарында ұл да бар, қыз да туған. Күн­дердің күнінде жарасымды дейтін осы жұп та екі жолға айырылып, балалары осы бө­лек соқпақтардың арасындағы кездейсоқ сүр­белеңі көбейген жолаушылар сияқты күн кешеді деп кім ойлаған?

Иә, татулығы таусылғандарды байлық та, барлық та, бала да бір шаңырақта ұстай алмайды екен.

 

Сүймей, сенбей тағдыр қосып жүргендер

Шариғат та ажырасқанды қолдамайды. Алайда, осыған қарамастан күн сайын қаншама шаңырақ ортасына түсіп отыр. Ал сонда ажырасудың басты себептері қандай? Неке отауының іргесін неге шайқалтпай, ұс­тап қалмасқа десек те, отбасылық қарым-қатынастарды зерттеп жүрген мамандар соңы ажырасумен бітетін мынадай басты себептерді алға тартады.

Ерлі-зайыптылар арасындағы серік­тестіктің жойылуы, яғни біреуі ұдайы өктемдік жасайды да, ал екіншісі оған ба­ғынуға мәжбүр болады.

Эмоциялық байланыстың болмауы. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өз бетінше өмір сүре беретіндіктен, екі тараптың бір біріне деген жылуы жоғалады.

Отбасындағы әлімжеттік.

Алкоголизм, яғни ішімдікке салыну, есірткіге еліту – барлық өркениетті елдерде ажырасудың ең дәстүрлі себебіне айналған. Әрине, жұбайлардың бірінің араққа салынуы татулыққа, бала тәрбиесіне, туыс, дос-жаранмен қарым-қатынасқа, табыс табуға дейін тек теріс ықпалын тигізеді. Көптеген зерттеушілер ішімдікке салынуды әлеуметтік дерт деп қарастырып жүр. Қалай десек те, соңы психикалық ауытқуларға дейін апаратын бұл дерттің тамырын тектен де, тәрбиеден де іздеуге болатын сықылды.

Ішімдіктің кесірінен отбасында ауыр ахуал орнайды. Бітпейтін ұрыс-керіс, мас­тықпен көрсетілген зәбір сүйіп қосылған жан­дардың көңіліне аяусыз ақау салып, жұбайлар арасында ең үлкен сынақтар басталатыны аян.

Көзге шөп салу. Бұл жағдайда ілкімді-ілкімді зерттеулерге жүк бола алады. Сүйіп қосылған жардың мұндай сатқындығын кешіре алатындар – ілуде біреу.

Өзімшілдік. Әлемде адамдар екі топқа бөлінеді – өзім-өзім дегенде өзегі түсе жаздайтындар мен өзгелер үшін өмірін сарп ететіндер… Ал өресі өз басының қамынан аспайтындар сүйіп алған жарын, яки таңдап тиген күйеуін бақытты етуі неғайбыл.

Ата-аналардың бала-шағасының жеке өміріне килігуі. Кейбір құда-құдағилар жеке шаңырақ көтерген балаларының жеке отау құрып отырған адамдар, бөлек отбасы екенін жиі ұмытып кетіп жатады.

Үміттің ақталмауы. Әрине, жұбайлық өмірден адамдардың бәрі де жақсылық күтеді. Бірімізді біріміз таптық, бақытты өмір басталады деп тағдырларын тоғыстырған жұптардың өмірі жеме-жемге келгенде, отбасылық тіршілігі мүлдем басқа сипат алғанда, сыйластыққа селкеу түсе баста­мақ. Мыңдардың, миллиондардың ішінен таңдаған адамыңның мүлде басқа жан болып шыққаны да көңілді қалдыра бастамақ. Мұндай жұптардың түптің түбінде ажырас­пауына ешкім кепілдік бере алмайды.

Бұл, енді, мәселенің психологиялық қыр­лары.

Сол сияқты, өткен жылы Алматы қала­сында Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы жанындағы Ғұламалар кеңесінде де ажырасуға байланысты арнайы шешім шы­ғарылған болатын.

Шариғатта талақ ету билігі ер кісіге бе­рілген. Алайда, белгілі бір себептер не­гізінде әйелдің қазиға шағымдануы ар­қылы да ерінен ажырасуына рұқсат беріледі. Әйелдің немесе туыстарының қазиға жүгіне отырып, ерінен мынадай жағдайларда ажырасуына құқығы бар: 1. Күйеуі белсіздік, СПИД секілді айықпас қатерлі дертке шалдыққанда; 2. Ері әйеліне нәпақа тауып бере алмаған жағдайда; 3. Күйеуі отбасын себепсіз ұзақ мерзімге тас­тап кеткен жағдайда; 4. Ері әйелін ұдайы денесіне із қалдыратындай ұрып-соғатын болса; 5. Ері төрт ай немесе одан да көп уақыт әйеліне жақындамауға ант ішіп, сол уақыт аралығында мүлдем жақындамайтын болса; 6. Ері әйелін «зина жасады» деп немесе «мынау менің балам емес» деп айыптап, іс қазидың құзырында қаралып, қази бір-біріне лағінет айтқызғанда; 7. Ері әйелін қараусыз қалдырып, әйеліне талақ берместен себепсіз ұзақ уақыт әурелесе. Міне, осындай жағдайлар негізінде қазиға әйел немесе туыстары шағымданған кезде қази ерлі-зайыптылардың ісіне араласып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізген соң шешім шығарады. Екі жақтың туыс­тары ерлі-зайыптыларды татуластыра алмаған жағдайда ғана қазиға жүгінеді. «Қази қызметін ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі атқарады», делінген пәтуада.

Не десек те, ажырасу – өзін өзі жеп біткен жұбайлық өмірдің мәреге жетуі деп біліңіз. Ажырасудың жанға жара салмайтыны сирек.

 

Қызғаныштың ұясы – күдік

…Бірде ұлан-ғайыр еліміздің келесі бір бұрышына пойызбен баруға тура келгені. Теміржол көлігі жүруге таяғанша купедегі көршілердің төрт көзі түгел жиналды. Соңғы болып сүйріктей сұлу қыз келді. Жер сыпырған ұзын хиджабы қолайсыздық тудыратын болар, жүктерімен артынып-тартынып әрең кірді. Ұялы телефонымен тынымсыз біреуге есеп беріп жатыр. Жа­былып сөмкелерін жайғастыра қойдық. Пойыз жылжығанда ол да айналасындағы көршілерге дұрыстап қарап шығып, терең күрсініп қойды.

Келесі стансаға дейін кезегімізбен жол киімімізді ауыстырып алдық. Хиджаб ки­­ген қыз да сөлпеңдеген киімін сыпырып тастағанда астынан құлын денесіне жа­бысқан қара трико мен қара кеудеше шыға келді. Құдды бір биге дайындалуға жиналған балерина сияқты.

Қызықтың көкесі сәлден кейін басталды. Хиджаб киген қызымыз келіншек болып шықты. Телефонға тыным жоқ. Сәт сайын ар жағындағы адамға есеп береді. Қасымда өңшең әйел адамдар дегенге сенбеген соң, ұялы телефонмен әлгі адаммен біртіндеп танысып шығуға мәжбүр болдық. Әлгі адам келесі стансада тағы хабарласқанда өзін емшімін деп таныстырған апаға телефон беруді сұрады. Әйелімнің үстінде хиджабы бар ма, басқа адамдармен сөйлесіп жүрген жоқ па, тамбурға жиі шығама дегендей сұрақтардың астына алды. Келесі хабарласқанда: «Құдайдың жолында жүрген адамсыз, мені алдамауыңыз керек» деп тағы да шегелеп қойды. Осылайша бір жарым тәулік бойы әйелі діттеген же­ріне жеткенше қадағалаумен болды. Осы­ның бәрін бақылап отырған кексе судья өзінің өмір бойы азаматтық істермен айналысқанын, ажырасуға көбінесе ене мен келіннің араздығы мен қызғаныш себеп болатынын алға тартты.

– Бөтен еркектің бетіне қарамаймын, күліп қарасам – бітті, көзіне шөп салғаннан бетер астан-кестеңімді шығарады, – деді әлгі келіншек.

– Қарағым, қызғаныштың әртүрлі формалары болады. Бір-біріне сенбеген адам түбінде ажырасып тынады. Мен шын мә­нінде некеге қиянат жасамағандарды қыз­ғаныш ажырастырғанына талай куә болған адаммын, – деді судья да ойға шомып.

Расында да, қызғаныштың да түр-түрі болады екен. Біреулер жұбайына деген қызғанышын айғай-шумен, ұрыс-таласпен, ойында жүрген барлық күдігімен ақтарып білдірсе, екінші біреулер күмәнін жылдар бойы ішіне жинай береді. Өкпесі, қызғанышы мен күдігі өсе келе, қараптан қарап еш дәлелсіз-ақ жарын жек көре бастайды. Басқа біреуі бар шығар деген ой осыған сендіріп, сүйгенін тастап жүре береді. Ал оны шын мәнінде жақсы көрген, көңілі қалмаған екінші жартысы екеуінің айырылысуының түпкі мәнін өмір бойы білмей өтуі де ғажап емес.

Мәселен, бұрын психологтар еркектерге қарағанда, әйел адамдар әлдеқайда қызғаншақ деп есептеп келген. Өйткені, отбасында, ошақ қасында отыратын әйел жұмыстан кешігіп келген күйеулерін қызғанып, ұрыс-керісті бірінші бастайтын. Ал бүгінгі өмірдің шындығы басқарақ.

Сол сияқты, ер-азаматтар жарының некеге дейінгі қылтың-сылтыңын еш кешіре алмайтын болса, әйел адамдар күйеуінің бойдақ кезіндегі сері жүрістеріне көз жұма қарайды деп есептелінеді. Бірақ, қызғаншақ адамдар екінші жартысының бұрынғы махаббаттарын бетіне басып отыруды еш ұмытпақ емес. Қит етсе келмеске кеткен күндерді еске салып, ұрыс шығарып отыруды әдетке айналдырады.

Сондықтан да көп некенің түбіне жеткен қызғаныш деп біліңіз. Тіпті, отбасының ойранын шығарып, ажырастыруға апармаса да, талай жүйкелерді жұқартып, өмірлерді қысқартатын да – қызғаныш.

Жарының жүрген ізін аңдып, өзінің жеке мүлкі сияқты, көзінен таса қылмай, барынша өзгелермен араластырмауға күш салу – Алла жаратқан әрбір адамға ауаның өзін сығымдап жұттырғанмен бірдей емес пе?!

Замандастарымен, көршілермен аралас­тырмай, қала берді, туысқандарына жолатпай, жартысын билеп-төстеуге, тек өз ырқына көндіруге тырысудың махаббатқа ешқандай қатысы жоқ. Мұндай адамдардың әйелінің, яки күйеуінің көзге шөп салу деген түк ниеті болмауы мүмкін. Алайда, қыз­ғаныш дертіне шалдыққан адам күн сайын ілік іздеп, бірдеңені дәлелдемек болып, тергеп-тексеруді доғармайды. Бітпейтін де қоймайтын күдік пен тексеруден құтылу үшін әйел байғұс азар да безер болып ақталып жатқаны. Ештеңе болмағандығын, алаңдауға себеп жоқ екенін логикалық тұрғыда дәлелдеп, түсіндірмек болса, басы одан да әрмен бәлеге қалады. Қызғаншақ адам мұның бәрін болған іске ақталу деп қабылдайды.

Жазушы Проспер Мерименнің «Кар­мен» повесінің желісімен қойылатын «Кар­­менсита» спектаклінде сәуегей сыған кем­пірінің: «Сүйгеніңді қызғанышпен суар­саң, гү­лің сенің тікенек боп өседі», деп зарлайтыны бар ғой.

Сол спектакльде бір қызғаныш талай адам­ды жер жастандырады. Тіпті, ажал құш­тырмаған күннің өзінде, көп некенің түбіне қызғаныш жеткен.

Ал қызғаныштың ұясы – күдік!

 

Еркек айбатты болмай, қатын ұятты болмайды

Адамның жақсысын ит пен бала сезетіні сияқты, әйелдер де қандай азаматқа бағыну керектігін сөзсіз біледі.

«Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?». Жаман қатын – жаман байдан шығады!

«Егер менен туған ұл өз әйеліне асқар тау­дай пана бола білсе – онда ол менің мақ­та­нышым! Демек, мен жақсы азамат өсірдім. Ал қандай бала өсіргенімді менің қарттық ша­ғым көрсетеді», дейтін алтын сөзді аналар бар.

Бірақ, бұл жерде басты кілтипан – ер-аза­маттардың өзін өзі сыйлата білуінде. Ісімен, мысымен отбасын бағындыруында болып тұр. Жалпы, қыз-келіншектер қандай еркекке бағынады өзі? Осы сұрақтың төңі­регінде отыз күн ойланып, қырық күн тол­ғанып жатпай-ақ, айналаңызға зер салып қа­рап көріңізші. Ағайындарыңыздың, дос-жарандарыңыздың өміріне үңіліңіз. Әйелін қабағымен ұстайтын үйдің азаматы қандай болады өзі?

Мына жердің бетінде әйелден қу халық жоқ. Махаббатымен өзіне пана бола білетін, асырап сақтайтын, туып берген балаларына жоқтық көрсетпейтін күйеуден өлсе де айырылмақ емес. Әйел адамда аналық түйсік дамыған. Есі дұрыс шеше бірінші кезекте ішінен шыққан перзенттерінің қамын ойлайды. Болашағы не болатынын арнайы жос­парламаса да, сол біз айтқан түйсікпен ақыл тоқтатпаған бойжеткендердің өзі кейде саналы және санасыз түрде табыскер азаматтың етегінен ұстауға тырысады. Әйелде ұлттық инстинктен гөрі, аналық инстинк басым. Сондықтан да кейде қарагөз қыздарымыз жылатпайтынына көзі жетсе, жатжұрттықтың да етегінен ұстап кете береді.

Бірақ, осының бәріне қарамай, аз сөйлеп, көп іс тындыратын, малтабар, айналасына сыйлы азаматтардың кейде өз ошағының басында қадірі болмайтын жайттар да кездесіп жатса, онда не болмақ? Өмірдің мұндай мысалдары да бар. Азаматтың қадірін білмейтін шайпаудан, ерінің абыройын ойламайтын мінезсіз әйелдерден де қашып құтыла алмай жүрген жігіттер қаншама?

«Ер адам Алланың тыйым­дарының шеңберінен шық­қан күні әйелінен мінез шығады», дейтін хадисті ұмытпайық! Өйткені, әйел де адамның баласы. Сатқын­дықты кешірмейді. Ер-азаматының жеңіл жүрісін кешірмейді.

Әйел де адамның баласы, қорлағанды кешірмейді. Бөтен адамға да айтуға болмайтын боқтық, былапыт сөздердің өзіне айтылғанын кешірмейді.

Осы ара­да мына бір тәмсіл ес­ке түседі. Бір күні ұстаз шәкірттерінен:

– Неге адам­дар дау­ласқанда дауыс көтеріп сөй­лейді? – деп сұрады.

– Себебі, адам ұрысқанда сабырдан айырылады, – деді бір шәкірті.

– Ен­де­ше, неге адам дәл қа­сында тұрса да айқайлайды? – деп қайта сұрады ұстаз. – Жәй сөй­лесе болмай ма? Неге ашулан­ған адам даусын көте­реді?

Ақырында, өзі былай түсіндіріп­ті: «Адамдардың бір-бірінен көңілі қалғанда, ашуланып ұрсады. Бұл мезетте жүректер алыстайды. Сол арақашықтықта жақындау үшін, бір-бірін есту үшін, дауыс­тарын көтеріп сөйлеуге мәжбүр болады.

Ғашықтарды мысалға алайық. Ға­шықтар дауыстарын көтермейді, керісінше жай дауыспен сөйлеседі. Себебі, олардың жүректері жақын, арада қашықтық жоқ. Адам ғашықтықтың тереңіне бойлаған сайын сыбырға көшеді. Махаббат лаулайды. Ақырында, тіпті, сыбырласудың да қа­жеттілігі болмайды. Олар бір-біріне қарағаннан-ақ ыммен түсінеді. Мұндай жағдай шын жақсы көретін адамдар арасында болады.

Айтпағым, тіпті, дауласқан жағдайда да жүректерің алыстамасын, араны одан әрі алыстатар сөздер айтпаңдар. Себебі, бір күні араларың жақындасар жол да қалмайтындай қашықтыққа дейін алыстап кетуі мүмкін». Бұл – осы тәмсілдегі ұстаздың сөзі.

Біздің айтпағымыз, қарапайымдылық пен ар-ұят кімнің үйінде болса Алла соның үйінде. Небір тамаша отбасылар бар. Әке­лері дауыс көтеріп, зіркілдеп жатпайды. Түзде ісі берекелі, үйде бала-шағасын ме­йі­рімімен үйіріп отырады. Әдемі бір әзілімен-ақ әйелін зыр жүгіртеді. Құдды бір Құдай дерсің!

Сондықтан да еркектің айбаты – адал­ды­­ғы, бір сөзділігі мен жауапкершілігі және иманы!

 

Әйелді ері емес, ары ұстайды

Әрине, осы көтерген мәселеге қатысты отбасылық институттарымен байланысып, болмаса Қыздар университетіне хабарласып, болашақ ана, келешекте ибалы келіншек болатын бойжеткендерімізді қалай тәрбиелеп жатқандығына қатысты бастама, пікірлермен де бөліспек болғанбыз. Ол ойдан да айныдық. Адам өз отбасы, өз әке-шешесінен алмаған тәрбиені, те­гінде жоқ имандылықты бөгделерден бойына сіңіруі екіталай. Аузы дуалы дейтін апаларымыздың да не айтары белгілі.

Айналамызға дұрыстап зер салатын болсақ, көп шаңырақты шайқалтпай, ым-ды­мын шығармай отырған да әйел. Ауырт­пашылықтың көбі әйелдің мойнында. Әйел­дің сабыры мен ақылына көп дүние тәуелді. Бұрын да солай болған, әрі қарай да солай бола бермек.

Бірақ, бір шындық бар. Қыз баланы кіш­кене күнінен ибалы, иманды болуға баулу – бүкіл қоғамның парызы. «Қызға қырық үйден тиым», дейтін бұрынғы заман жоқ. Қазір өмірдің өзгергені соншалықты, өз баламыздың немен айналысып жүргенін түгел бақылау қиын болып тұр.

Алайда, бойжеткендердің көбі сол ер­кіндікті дұрыс түсінбеу арқылы өз бақытын өзі балталап жатқанын білмейді. Ашық-ша­шық жүру, не болса соны айту, ішімдік ішіп-шегу замана үрдісі деп біледі. Мұнда тұрған не бар деп ойлайды. Кейде жап-жақсы қыздар теріс әдеттерге ереді. Осыдан кейін сен өзіңнің жақсы қыз екеніңді дәлелдеп көр. Бұл жәй жастықтың ісі екенін түсіндіріп ал. Бәрі бекер болуы мүмкін.

Дегенмен, қыз балаға қателіктің бәрі де осы жерден басталатындығын кішкене күнінен құлағына құя бергеніміз дұрыс-ау. Ең бастысы, ер баланы да, қыз баланы да бақытты болуға, адам тануға үйрету керектігі көрінеді.

 Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
9 жыл бұрын 4312
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232