Тарих: Алаш әскері жайында не білеміз?
Тарих: Алаш әскері жайында не білеміз?

Осыдан 100 жыл бұрын тәуелсіздік үшін күреске түскен Алашорда қайраткерлері мемлекет ісінде қорғаныстың, қарулы әскердің қажеттілігін сезініп, тәуелсіз ұлт әскерін құрмаққа бекінгені бар. Алаш әскері туралы дерек көп емес. Бұл бір жағынан ұзақ жылдар бойы жүргізілген сұрқия саясаттың салдары. Әйтсе де Тәуелсіздіктің арқасында осы олқылықты толтыруға талпыныстар толастаған емес. Соның бірі ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі болса, белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғалидың бастамасымен музейдің бір бөлімі Алаш автономиясының әскери әлеуетіне арналған болатын. Әрине, тарихтың осы тұсы әлі де қатпарланып жатқаны, тың ізденістермен толығатыны анық.

Алаш Орда әскері туралы соңғы жылдары тарихшылар да жаза бастады, ізденістерге де жол ашық. Бірнеше кітаптар да жарық көрді. Десе де, Әскери-тарихи музейде Алаш Орда әскері мен оның тарихына қатысты жаңа әрі алғашқы экспозицияның ашылуы көптен күткен құптарлық жайт. Құрылғанына ширек ғасыр толып отырған ҚР Қарулы Күштерінің мерекесіне орай «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Алаш әскері туралы мағлұматпен жұртшылықты таныстыру ниетінде музейге арнайы барып қайтқан болатын.

Жалпы, Алаш әскері қашан құрылды, қанша жыл қызмет етті? Оның мақсаты не болды? Осы сұраққа да жауапты музейден табуға болады. Сондықтан Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отырған мерейтой жылына орай әрі ҚР Қарулы Күштерінің мерекесі қарсаңында Алаш әскері жайындағы деректерді білу үшін елордадағы ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінің ғылыми қызметкері Алмагүл Сағындыққызына жолыққан едік.

Расында сонау ұлт тарихының қасаң кезеңінде егемен ел болудың қамын күйттеген Алаш қайраткерлерінің дербес әскер туралы ойланбауы да мүмкін емес еді. Бұл мәселе баспасөзде де дүркін-дүркін көтерілген. Айталық, «Қазақ» газетіндегі «Қайтсек жұрт боламыз?» атты мақаласында Міржақып Дулатов та осыған тоқтала кетеді. Тәуелсіз жұрт болудың жолы туралы ол: «автономияға тырысалық, дербес үкіметіміз, өз әскеріміз болса бізбен әркім де есептеспек» деп түйіндейді. Сосын Міржақып Дулатов тоқетерін де тарқатады: «Жауап біреу-ақ - әскеріміз болса ғана жұрт боламыз!». 

1917 жылдың желтоқсан айында Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінде құрылған Алаш автономиясының қарулы әскерін жасақтау туралы шешім қабылданғаны белгілі. Бірақ бастапқыда «Алаш милициясы» аталған Алаш әскерінің құрылуы, құрамы, қару-жарақпен, киім-кешекпен жасақталуы жайында мәліметтер мардымсыз. Тіпті дәл осы тақырыпты зерттеп жүрген алаштанушылардың өзі де жоқтың қасы десек артық айтқандық емес. 

«20 ғасырдың басында да бостандық үшін бастарын бәйгеге тіккен қазақ зиялылары Алаш қозғалысына ұйытқы болды. Жалпы, Алаш қозғалысы өз бастауын 1905 жылы Қарқаралыда Патша үкіметіне құзырхат жолдаудан алады. Қоянды жәрмеңкесінде 12767 адам қол қойған тарихи құжатта отаршылдық тарапынан қазақтың саяси-әлеуметтік, экономикалық шаруашылық, мәдени-рухани жағынан көрген қысымы ашық айтылды. Сол жылы Орал қаласында Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейхан бастаған зиялы топ «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы шешім қабылдады. Ал 1906 жылдан бастап қазақ зиялылары Бірінші, Екінші мемлекеттік Думаға депутат болып, сол жылдары бір-бірімен жақын таныса түсті.

1911 жылы «Айқап» журналы, 1913 жылы «Қазақ» газеттерінің шығуы да қазақ зиялыларының бір идея маңына топтаса бастауына түрткі болды. 1917 жылы Патша үкіметі тақтан тайып, Уақытша үкіметтің орнауын Алаш зиялылары бодандықтан басы бос ел болу жолында ашылған даңғыл жол деп есептеді. Сондықтан сол жылы Орынборда жалпықазақ съезі өтіп, 14 мәселе қаралып, «Алаш» партиясын құруға ұйғарым жасалды. 300 делегат қатысқан екінші жалпықазақ съезі де дәл осы қалада өтіп, онда 10 мәселе күн тәртібінде тұрды. Съезде Алашорда үкіметін құру туралы шешім қабылданып, төрағалығына Әлихан Бөкейхан сайланды», - деді музей қызметкері Алмагүл Сағындыққызы Алашорда үкіметіне арналған арнайы бөлімдегі тарихи құжаттарды таныстыра келе. 

Оның айтуынша, қазақ баласы екінші мәрте бас қосқан съезде көтерілген 10 мәселенің төртіншісі милиция туралы болған. Ол жайында Халел Ғаббасов баяндама жасаған. Оның баяндамасы 1918 жылдың қаңтар айында «Қазақ» газетінде жарық көріп, сол сәттен Алаш милициясын жасақтау жұмыстары қолға алынған.

«18 қаңтар күні Алашорда үкіметі Орынборда атаман Дутовпен Алаш милициясын дайындау, қажетті қару-жарақпен қамтамасыз ету мәселелерін келіскен болатын. Алайда, елде азамат соғысының басталуына байланысты бұл жұмыстар тоқырап, Алашорданың Шығыс және Батыс бөлімшелері құрылды. Семейде орналасқан Шығыс Алашорданы Әлихан Бөкейхан, ал Орал қаласынан 140 шақырым жердегі Жымпитыда орналасқан Батыс Алашорданы Жаһанша Досмұхамедов  басқарды. Бірақ Батыс Алашорда Шығыс Алашордаға бағынышты еді. Алаштанушы Берік Әбдіғалидың мәліметіне қарағанда бастапқы кезде Алаш милициясының сапында 200-ге жуық адам болды», - деді ол.

Бірақ, 1918 жылдың басында большевиктер ірі қалаларды басып алғаннан кейін бұл бастама аяқсыз қалды. Алайда сол жылдың маусым айында Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан үш кісіден тұратын әскери кеңес құру туралы тарихи құжатқа қол қояды. Аталған құжатта: «Алашорданың жанына Әскер министрлігінің міндетін атқаратын үш кісіден Әскер кеңесі құрылуы қажет. Кеңеске Алашорданың облыстық және уездік бөлімдері жанынан облыстық және уездік әскери кеңес ашу құқығы берілуі керек. Әскери кеңеске большевиктермен күресу үшін жігіттер жинау міндеті жүктеледі», - делінген. 

«Алаш әскерін құру ісі қолға алынып, жауынгерлер жасақталғаннан кейін оның алғашқы командирі Қазы Нұрмұхамедұлы болған. Өкінішке қарай, жауынгерлердің оқу-жаттығуын өткізіп жүрген оны Семей қаласының маңында атып кетеді. Сол жылы Семейде алғашқы атты әскер полкі құрылып, оның командирі қызметіне Хамит Тоқтамышев келеді. 1918 жылдың 12 тамызында Уақытша Сібір үкіметінің әскери министріне Тоқтамышев арнайы жазба жолдаған. Онда ол Семейде бірінші Алаш атты полкі құрылғанын, оның құрамында 28 офицер, 750 атты жігіт бар екендігін атап өткен. Павлодарда 150, Зайсанда 200, Қарқарылда 250, Өскеменде 250 жігіттің жасақталғанымен  олардың қару-жарақтары жоқ екендігін айта келе 700 мылтық сұрайды», - деді Алмагүл Сағындыққызы. 

Музей қызметкерінің айтуынша, Алашорда әскерін жасақтау, оны қару-жарақпен, киім-кешекпен жабдықтау мәселесі Екінші жалпықазақ съезінде жан-жақты талқыға түскен. Бұл іске Тобанияз Әлниязұлы, Хасен Ақайұлы, Райымжан Марсеков, Ыбырай Ақпайұлы, Салық Омарұлы, Иса Көпжасарұлы, Медеу Оразбайұлы, Қаражан Үркімбаев сынды қазақ байлары белсене араласып, олар Алашорда әскеріне материалдық көмек көрсеткен. Сол съезде қазақ даласының барлық уездерінде құрылатын Алаш әскерінің жалпы саны 13500 адам болуы керек деген шешім де қабылданған. Яғни, Бөкейден 1000, Оралдан 2000, Торғайдан 3000, Ақмоладан 4000, Семейден 1500, Жетісу облысынан 2000 адам әскер қатарына шақырылуы тиіс еді. Бірақ, Алашорда әскерінің сапында жоғарыда көрсетілген мөлшердегі сарбаздың болған-болмағаны жайында да еш дерек жоқ. Тек Алашорда үкіметінің Сібірде құрылған Колчак үкіметімен, Самарадағы ақ гвардияшылар мен эссерлермен,  Комуч үкіметімен және Омбыдағы Уақытша үкіметпен тығыз байланыста болғандығы жайындағы там-тұмдаған мәлімет кездеседі.

«Мәселен, Батыс Алашорданы басқарған  Жаһанша Досмұхамедов бастаған Халел Досмұхамедов, Ғұбайдолла Әлібеков, Нұрғали Ипмағамбетов Самара қаласына барып, онда Комуч үкіметінің төрағасы В.Вольскиймен келіссөздер жүргізіп, Орынбор арқылы Жымпитыға 600 мылтық, бірнеше пулемет алып қайтады. Тіпті, Комуч үкіметінің Ойыл уәлаятына 2 «Мерседес» көлігін сыйға тартты деген де дерек бар. Қорыта айтқанда, Алаш әскерінің саны, тізімі, киім үлгісі, қару-жарағы, қандай соғыс іс-қимылдарға қатысқандығы жайында зерттеу жұмыстарын жүргізу бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр», - деді ол. 

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 жыл бұрын 4719
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232