Сұлулық бетте емес, жүректе
Сұлулық бетте емес, жүректе

Сұлулық – Адам баласына берілген нығметтердің бірі. Ал көріксіз адамдарға бұл нығмет берілмеген деген сөз емес. Сұлулық тек бетіңіздің тегістігімен, көзіңіздің әдемілігімен, тісіңіздің түзулігімен өлшенбейді. Сұлу адам деп нағыз көркем мінез иесін айтады. Небір ажарлы, көрікті, сұлу адамдар бар, бірақ олардың да әттеген-ай дейтін тұстары жетерлік. Мысалға, біреу көрікті, бірақ көп күледі немесе қатты күледі. Ал енді біреу сұлу болғанмен, көп сөйлейтін әдеті болады. Иә, осылай алғанда көптеген көрікті адамдар әдеп жағынан көріксіз. Кейбіреулер түр жағынан әп-әдемі болса да, мінез жағынан ұсқынсыз. Міне осыдан жүзі жалтырағанның бәрі әдемі деп саналмайды. Әрине, өзі сұлу, өзі көрікті, бой десе бойы, ой десе ойы бар, мінезі жұмсақ, сабырлы т.б. жақсы қасиеттерді бойына жинаған мейірімді жандар баршылық.

Өзіне сұлулық берілген адам Алла Тағалаға қанша шүкіршілік айтса да жарасады. Сол сұлулығына сай мінезін, әдебін, тақуалығын арттырса құба-құп. Сұлулық бұл дүниеде біреуді өзіне қарату үшін, мақтану үшін және де т.б. бұзық ниеттерін іске асыру үшін арналмаған. Бәрі сұлу болғысы келеді. Алайда бәріне сұлу болу нығметі берілмеген. Бірақ, сұлулықтың бетте емес, жүректе екенін естен шығармаған абзал. Мысалға делік, көркем мінезді бір санымен белгілеп, сұлулықты нөл деп алыңыз. Әлгі бірдің артына нөлді тіркесек, әжептәуір он деген сан шығады. Ал, содан соң бірді алып тастасақ, нөлдің өзі ғана қалғанда бір мағына бар ма?! Сұлулық та сол секілді ғой. Адамның иманы төмен, мінезі ауыр болса, ол қанша жерден сұлу болса да пайда жоқ.

Пайғамбарлар тарихына көз салсақ, Жүсіп (алейһис сәлам) пайғамбар өзінің сұлулығымен әмбе жұртқа танымал. Ол кісінің сұлулығы соншалық, тіпті жеміс-жидек турап жатқан әйелдер қарағанда көздерін Оның жүзінен ала алмаған. Сол қараған күйі жеміс турап жатқан пышақтарымен қолдарын кесіп жатса да, ауырғанын сезбеген. Осылай деп Құранда айтылады. Бұл әрине ешқандай сиқыр емес, Алланың берген бір мұғжизасы десек те болғандай. Жүсіп (алейһис сәлам) сол керемет сұлулығын жаман істерге пайдаланған жоқ. Ол сұлулығымен мақтанған емес, тәкаппарланбады да. Қайта елді бір Аллаға сенуге, әмірлеріне бағынуға шақырды. Сонда сол елдегі адамдар да: «Әй, мынадай көрікті, жүзі жылы адам әсте өтірік сөйлемесе керекті», - деп бір Алланың барына иман келтірген-ді.

Негізінде сұлулық адамды тәкаппарландырады. Дегенмен ақылды да көрікті жандар бұдан тыс. Ыбырай Алтынсарин атамыз сұлулығымен мақтанып, ерекшеленген пенделерге мынадай өсиет айтады:              

Мақтанба сұлумын деп ажарыңа,

Ажарсыз адамдарды ал назарыңа!

Зылиха, Жүсіппенен сұлу өткен,

Тұрмаған ажар ара ажалына.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да өте көрікті болған. Сұлу да, нұрлы жүзін адамдарға көрсете бермейтін. Тіпті, Оның (с.ғ.с.) сол ажарлы көркіне бола иман келтіргендер де болған. Осы жерде Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің бір мақаласынан үзінді келтіре кетсек: «Әр адамның бет-әлпеті өзін танытатын кітап тәрізді. Ал Пайғамбарымыздың нұрлы жүзінен тек шыншыл жан екендігі байқалатын. Мұны Пайғамбарымызды бір көргеннен сезген яһуди ғалымдарынан Абдулла ибн Сәлам: «Бұл кісінің өңінде жалғандық жоқ» деп дереу мұсылмандықты қабылдаса, Абдулла ибн Рәууаһа: «Егер пайғамбарлығын растайтын мұғжизалары болмаған күннің өзінде оның нұрлы жүзі-ақ көрген адамның иманға келуіне жеткілікті еді», - дейтін».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жар таңдаған кезде де әдемілігіне қараңдар деген. Бірақ оның әдемілігі басты нәрсе еместігін ескертіп бір хадисінде былай дейді: «Әйелді не байлығы үшін немесе сұлулығы үшін немесе діндарлығы үшін алады. Сендер діндар болғанын алыңдар! Тек қана байлығы үшін алған адам байлығына қауыша алмайды. Тек сұлулығы үшін алған адам сұлулығынан махрұм қалады» (Муслим).

Алла Тағала мынау шетсіз-шексіз ғаламды, жан-жануарды, табиғатты әсем етіп жаратты. Әрқайсысының өзіне тән жарасымдылығы, үйлесімділігі бар. Ал солардың ішіндегі ең көркем жаратылыс адамдар екен. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым» - деген.

Айтылғандай осы әлемді бұзатын да, түзейтін де адамның өзі. Әрине, бір Алланың қалауымен. Қазіргі кезде кім шығарғаны белгісіз «Сұлулық әлемді құтқарады» деген ұран айтылып жүр. Не де болса астарында бір идеологиялық мән жатқан сұмпайы ұғым. Әлбетте, сұлулық әлемді бұзатын да нәрсе емес. Әлемді құтқаратындай дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан жоқ қой. Қайта қазір сұлулығы тәкаппарлыққа барып тірелген әйелдер қауымы билікке ұмтылып жатыр. Сұлу боламын деп аруларымыз киімдерін жұқартқан заман. Қазір осындай ұрандардың кесірінен жан сұлулығынан гөрі тән сұлулығына көңіл бөлетіндердің саны көбейген.

Сұлулық қанша тұрады? Сұлулық қазір ақшамен өлшенетін болды. Сұлу болу үшін ақшаңды аяма дейтіні бар тағы да. Пластикалық ота жасау әдісі бар сұлу болу үшін. Біреудің мұрны дәу, біреудің еріні қалың, ал енді біреудің беті тегіс емес болып келеді. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін олар пластикалық отаға жүгінеді. Дегенмен кез келген адамның кейбір дене мүшелері үлкен болса да, кіші болса да өзіне жарасып тұрады. Алайда ондай жандар одан да әдемі болғанын қалайды. Былайша айтқанда бұл дегеніміз Алланың жаратылысына қарсы шығу дегенге келеді. Негізінде пластикалық ота адамның бір кемістеу жерін, жарақаттан, апаттан пайда болған, тыртығы кетпей қалған жараланған жерлерді түзетуге арналған. Яғни, мұқтаж жағдайда ғана рұқсат. Дегенмен пластикалық отаны қалтасы көтеретіндер ғана жасата алады.

Сұлулықты өлең жырларына қосып жүрген ақындар қаншама. Бірақ солар ненің сұлулығын көбірек жырлайды. Көбісі қыздың сұлулығын жырына арқау етіп жатады. Мысалға, «Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін» деген тіркестер қазақтың халық әндерінде кездеседі. Өлең жолдарына қарасақ, ақынның бір қызға қарап, әдемілігін әбден тамашалап, өлеңмен әрлегенін көресіз. Ал дінімізде әйел затына қарауға мүлде болмайтынын ескерсек, мұндай өлең жолдарын қолдану қателік болар. Мұнан да сорақы өлең жолдары көптеп кездеседі. Одан да табиғаттың сұлулығын, түрлі жан-жануардың сұлулығын, басқа да әйел затынан өзге сұлулықтар толып жатқан жоқ па?! Соларды неге жырға қоспасқа?!

Ал енді тақырыбымызға қайта оралайық. Жылтырағанның бәрі алтын емес демекші, көріктінің бәрі сұлу емес. Нағыз сұлу сырты сұлу болғанмен іші де сұлу болғаны, сырты сұлу болмаса да іші сұлу болғаны. Негізінде ер адамға қарағанда әйел адамның сұлулығы басым. Кейбір жастарымыз қыздың сұлулығына қарап, сол сұлудан артық жан жоқ секілді көрініп, үйленіп жатса да, ертесіне шаңырақтарында дау болып жатады. Қазақта: «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деген ғой. Сол секілді екі жас сыртқы сұлулығы себебімен емес, ішкі сұлулығы себебімен некелессе, некелескеннен кейін бір-бірін ең жақсы түрде түсінісе білсе, міне нағыз сұлулық деген осы. Әйел адам өзінің бар сұлулығын бір ғана жанға, яғни өзінің өмірлік серігіне (күйеуіне) ғана көрсетуге құқылы. Сол күйеуіне өзін ұнамды көрсету үшін сұлу болудың барлық қамын жасау керек. Тек шектен шықпаса болғаны.

Сұлулық бетте емес, жүректе, жан сұлулығында. Өмірде де көріп жүргеніміздей, алғаш танысқан адамың көрікті емес болса да, араласа келе оның жақсы қасиеттерін көргенде, сұлулықтың тек қана сыртқы сұлулықпен өлшенбейтініне көз жеткізесің.

Қорыта келе айтарымыз, Абай атамыздың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген сөзі еске түседі. Сондықтан да, көркем мінез, әдемі әдеп, нұрлы ақыл біздің ішкі дүниемізді әрлеп тұрса, қасиетіміз бен қадіріміздің артқаны. Сұлулықтың да бұл нәрселерден алыс тұрмасы анық...

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
10 жыл бұрын 33033
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232