Сіз үйленуге дайынсыз ба немесе қазақ социумындағы мерез
Сіз үйленуге дайынсыз ба немесе қазақ социумындағы мерез

Әр инсан дүние есігін ашқаннан соң, өз ғұмыр жолын бастайды. Бұл дегеніміз – балалық, жастық шақ, неке, отбасы, ... кәрілік деп жалғасар, кезектен тұратын уақыт белестері. Осылардың ішіндегі бізге керегі неке тақырыбы болмақ.

Ендеше, сөзімізді бастамастан бұрын тақырыпқа қатысты кей жағдайларды бағамдап алуды жөн көрдік.

Статистикалық деректерге сүйенсек қазіргі кездегі үйленген жас жұбайлардың оннан төрті некеден кейінгі 3 жыл ішінде ажырасып кетеді. Бұның артында қайта үйленуге байланысты ішкі комплекстерге тұмшаланған жас, ең бастысы, ендігі ғұмырында толық отбасынсыз немесе өгейлік қамқорлықта өсетін жарымжан бала қалатынын ескерсек, жағдайдың өте қиын екенін түсінеміз.

Көбінесе психологтар, әлеуметтанушылар бұның себебін тәрбиеге, әлеуметтік жағдайларға байланыстырып жатады. Әрине, айтқандары дұрыс. Бірақ осының бәрі түптеп келгенде бір ғана себепке байланысты екенін көп адам айта да, біле де қоймайды. Оны біз үйленуге дайын болмау дер едік...

Ол қандай дайындық? Ендігі сөз сол туралы болмақ...

Ұлт танымының білгірі Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы: «Қазірде қазақтың баланы өмірге әкелуі бұқаның қашарға артылғанымен бірдей болып қалды», – дейді. Ойлап қарасақ, бұл сөз қазақы болмыс мызғымай, таным отарланбай тұрған ХІХ ғасырда айтылды. Сол заманда осындай сынның айтылуының өзі – халқымыздың бұл мәселеге аса сақтықпен, ұқыптылықпен қарағанын білдіреді.

Ал хәкім Абай өзінің оныншы қара сөзінде: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады?... Өз иттігіңді қоймай, тағы бір итті тәрбиелеуге неге сонша құмар болдың екен?» –деп сұрақ қойып, сол уақыттағы қазақ руханиятының хәлі бұл сауалдарға жауап беруге дәрменсіз екенін көрсетіп береді.

Ал біз ше, қазір осы сұрақтарға жауап бере аламыз ба?

Бізге үйлену, балалы болу не үшін керек? Жауабын білетін болсақ, онда жоғарыдағы жыларман күйге түсіретін статистика қайдан шықты?

Екі ғасыр уақыт өтті. Сұраққа әлі жауап берілмегендей. Бірақ кей ұлт жанашырлары бұл проблеманы тек қазақи түсінікпен шешуге болады дейді. Бәлкім, бұл да дұрыс болар. Бірақ қазір ХХІ ғасыр. Әлем постмодернистік мәдениет құшағында. Музыка, өнер, әдебиет, өмір стилі, қағидаттар мен қатынастар жаңа өлшемге қарай бет алды. Бұл мәдениеттің сипаты: сана тәуелсіздігі, демократиялық көзқараспен сипатталатынын ескерсек, кей құндылықтардың басқа трансформацияға ұшырағанын байқаймыз. Қазіргі таңда ақпараттың берілуі, оны құраушы жүйелердің ғарыштап дамыған кезі.

Ойымша барлық кінәні жаһандануға (козел отпущения) артып отыра берсек, біздің қатты қателескеніміз болар еді. Себебі қазақ елі жеке ғаламшарда емес, жер аталатын мекенде 200-ден астам миллетпен бірге ғұмыр кешеді. Жаңа заман философиясын түсініп, ұғынып қана біз өз ұлттық болмысымызды сақтай алатынымызды әсте естен шығармауымыз керек-ақ. Ең өкініштісі, бізде қазіргі заман қалпын, бағытын танырлық, танымақ түгіл атын атап, түсін түстерлік адам жоқ.

Жыласақ та, күлсек те біздің постмодернизм туралы бар біліміміз: құлақ кіндігі тесілген, жыртық шалбарлы, адам-сайтан бейнесінің ассоциациясы ғана екендігі жасырын емес. Мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар үнсіз. Философияда кез-келген құбылыстың не әрекеттің себебі мен салдары, қозғаушы мотиві болады дейді. Ендеше, бүгінгі толқын танымындағы фантондар не? Оның пайдасы, залалы қандай болмақ? Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәліні, Сайлаубекті т.б. сүйдіріп тұрған қандай құдірет? Ең күлкілісі, қазақ руханиятындағы «үлкен бас ауруға» айналған Ninety One тобы кім? Оған барлығы ата жауын көргендей түрегелгені несі?

Некені қоя тұрып, тіпті осындай – ең төмен, ең қарапайым сұраққа, мәдени ахуал тұрғысынан кәсіби түрде түсінік беретін мамандардың жоқ екендігі баршамызды шарасыз хәлге түсіреді. Осы орайда Таласбек Әсемқұлов ағамыздың: «Біз постмодернистік еркіндікке дайын болмай шықтық, ол бізге қолға түскен жын сияқты қалыпта келді», – деуі де ойландырмай қоймайды.

Сіз қазіргі қазақ жастарының басым көпшілігінің тәрбиесі не ұлттық тамырдан сусындамағанын, не прагматикалық сипаттағы жаңа заман тәрбиесінің сыртқы формасын ғана сіңіріп (жынның елестеуі де осыдан), ішкі пайдалы жақтарын мүлде қабылдамағанын байқайсыз. Тиісінше біздің толқын өзіне не керегін, өмірден не іздейтінін білмейтін жылымық хәлде... (Ажырасқандар колониясының қайдан пайда болғанын жоғарыдағы ойымыздан бағамдасаңыз да болар). Бәрінен де бұрын осы қорқытады... Әлемдегі саяси, экономикалық үстемдік батыста болғандықтан, осы шақтағы мәдениеттің бағыты да солардың салған жүлгесімен жүруде.

Сіздің чайлдфри (Сhildfree) субьмәдениеті туралы естуіңіз бар ма? Бұл адамның баладан саналы түрде бас тартуымен ерекшеленетін дамыған қоғамға тән құбылыс. Америка, батыс елдеріне тән, даму қарқыны күшейіп келе жатқан таңсық та, секем тудыратын мәдениет. Елімізде қала тұрғындарының арасында бірен-саран кезігіп те жатады. Тіпті сіздің де осы мәдениет өкілі болып шығуыңыз да ғажап емес. Себебі кез-келген құбылыстың заты атауында емес, оның идеологиясында. Кейбіріміздің автобус ішінде, немесе кезекте тұрған кезде баланың мазасызданғанын көргенде дегбіріміздің қашатыны жасырын емес. Ғалымдар мұның өзі мінездегі чайлдфридтік элементтің көрінісі деп баға береді. Чайлдфридтерге: ақылды эгоизм мен индивидуализм тән. Зерттеулер чайлдфридтік жұптардың білімді, әлеуметтік жағдайының жақсы болатынын айтады. Болу себебін: отбасы құрудағы қиыншылықтар, тиісті жұптың табылмауы, еріктің шектелуі, стресс, уақыттың тарылуы, ең басты фактор ретінде: бала өмірінің алдындағы жауапкершіліктен қорқумен түсіндіреді. Яғни өмірге келген бала дені ғана емес, көкірегі толық, жаны сау болып тууға, ғұмырында жақсы тәрбие алуға толық құқығы бар. Сау ақылмен ойласақ: бала неге сорлы ата-анасы үшін жауап беріп, қиналуы керек?

Жаңалықтардан "бала далада қалыпты", "қоқыс жәшігінде ит-құсқа жем болыпты", "үсіп өліпті" дегенді естіп құлағымыз үйренгені қашан. Кейде маған жексұрын чайлдфридтер біздің жауапсыз жігіттермен, тасбауыр қыздарымыздан артық көрінеді де тұрады. Жоғарыда айтқандай еш бала өмірге қайғы, айырылысу азабын шегу үшін келмейді. Олай болмауының басты себебі: жастардың некеге дайын болмауынан дедік.

Осы орайда Фридрих Ницщенің атақты «Заратустра солай деді» еңбегіндегі осы сауалдар санамызды түртіп оятады, ойлануға шақыртады. Ойымша, бұл сұрақтардың маңызы өте зор. «Сен жассың, үйленіп балалы болғың келеді. Бірақ өз жаныңа мына сұрақтарды қойдың ба?» деп басталатын ой толғам бірден жауапты кім беру керектігін нақтылап алады. «Өзің адам дәрежесіне жеттің бе? Өмірге бала әкелуге қандай құқығың бар? Бойыңды игеріп, тоқтаусыз тілектеріңді басқара аласың ба?», – дейді. Немесе сенің үйлену ниетіңде жануарлық көбею түйсігі не жыныстық құмарлық ғана жатыр ма? Немесе жалғыздық? Әлде өзіңнен-өзің шаршадың ба? Бұның шешімінің аналогиясы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының: «Сен анаңнан бір туып адам болдым, толдым деп ойлайсың ба? Жоқ, адам екі тумай іске жарамайды» деген ойында жатқан сияқты.

Бабамыз қазақ танымына үлкен жаңалық енгізді. Ол – екінші рет туу идеясы. Яғни адамның екінші мәрте тууы дегеніміз, өз жанын тануы, хақ пен батылды айыра білуі, өз нәпсісін игеруі, тоқтаусыз құмарлықтардан ада болуы. Көп жағдайда осы құмарлыққа ие болмау суыт жүрістерге, көзге шөп салуға әкелетіні жасырын емес. Бұның салдары: тексіз ұрпақ, шаңырағының шырқы кеткен отбасы, бақытсыз әйел. Көлік жүргізу үшін арнайы құжат керек. Бұл әлемде бар екендігіңіздің де дәлелі осы құжат. Оның сізге құқық беруші құзіреті бар.

Кейде қазақ социумындағы отбасылық қатынастың ұшыққан жағдайын көріп, ғаламдағы ең күрделі, ең нәзік, әрі тылсым жаратылыс баланы өмірге әкеліп, басқару құқығына ие болу үшін, Ницще сұрақтарына жауап бергізіп, құжат беру керек пе деп ойлайсың? Логикалық тұрғыдан алып қарасақ келесі сұрақтар нәпсінің құшағынан шыға алмаған, бірақ үйленуге өте асық адамға қойылғандай көрінеді. «Немесе сенің үйлену ниетіңде жануарлық көбею түйсігі, не жыныстық құмарлық қана жатыр ма? Немесе жалғыздық? Әлде өзіңнен-өзің шаршадың ба?».

Келіссек те, келіспесек те адамдарды қосатын күш осы – жалғыздық. Себебі бәріміз жалғыздықтан қорқамыз, ол барда өзімізді тастанды сезінеміз. Бірақ тек жалғыздықтан құтылу үшін танымсыз, мақсатсыз екі адамның қосылуы қателік. Қозғаушы күш жалғыздық емес, ізіңді жалғастырар ұрпағың. Өзің сөнсең де артыңда қалар, бойыңнан шыққан асылың. Қазақ танымындағы «Бала жанып тұрған шырағың» деуі , «балам өзімнен өте туса ғой» деген мұраттың шығуы да осыдан. Заратустраның: «Мен неке деп екі ерікті адамның өздерінен артық адамды жаратуы деп түсінем. Бұл ерік шынымен сыйлауға әбден лайық қой. Мен сенің еркіндігің мен жеңіске құмарлығыңның бала тілегенін қалаймын. Өзіңнің жеңіске, еркіндікке жеткенің үшін, сен өзіңе тірі ескерткіш (бала) қою керексің». – деген ойы ақыл таразысына жүгіндіреді. Және ол бала ғана емес, сенің күллі ғұмырыңның нәтижесі, өзіңнің еркіндігің мен жеңісіңе арналған мадақ жырының қойылар соңғы нүктесі іспеттес. Заратустра кейіпкері – еркіндік пен жеңіс мақамына жеткен, бақытты адам.

Байқасаңыз, Ницще баланы тек қана хомосапинестік тұлға емес, шығармашылық объект ретінде қарастырады. Бар мәселе де осында...

Қанша айтсақ та, батыс жұрты бізден баланы капитал деп ұғу, оған инвестиция салу тұрғысынан озық тұр.

Қазіргі түсінігімізде балаға шығармашылық көзқараста қарау, ақылға сыймас фантазия сияқты көрінетін болса да, асылында бұл түсініктің сана қатпарымызда бар екендігі білінеді. Оның айқын дәлелі Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының: «Адам-ата, Хауа-ананы құдай жаратты. Ал екеуінен туған Шишті Құдай жаратты деп айта алмаймын. Неге десең Адам Ата, Хауа ананы түйістіріп, сүйістіріп, алыстырып, жұлыстырып, әуре қылмай-ақ, әке-шешесін қалай жаратқан болса,мұны да сондай жаратпай ма? Пенденің еркі-күші, ақыл-ойы, өнері араласқан нәрсені: «Құдай жаратты»- деп айта алмаймын. Ондай нәрселер жаратынды емес, жасалысқан- деуге лайық. Осы көрініп жүрген түкке тұрмайтын жамандарды да, құдай жаратты- дейсіңдер ме? Жоқ» деген толғамы. Демек, бұл түсінік бізге жат емес екен.

Болмыста бар, өн-бойымызға сіңген дүние. Тек сол шығармашылық түсінікті жаңғыртпағымыз лазым. Бірақ құлды құл, ерді ер өсіретінін ұмытпайық. Әуелі өзі қалыптаспаған адамның , толық адамды тәрбиелеп шығаруы әсте мүмкін емес шаруа. Бұл сізге идеальды болу керек деген сөз емес. Ұрпақ өміріне жауапкершілікпен қарарлық, болашағына жаның ашырлық дәргейге жете білсек деген сөз. Бөлім аяғында Ницще оқырманын жігерлендіре түседі, харекетке итермелейді. «Балаң өзіңнен ассын. Саған бұл қасиетті жолда неке бағы көмектескей» деген жолдарын оқып, «неке бағы» ұғымының көрініс тапқанын көресіз. «Бақ» сөзі – тура мағынада ләзатты жемістерге толы, демалатын орын.

Дәл осы ой жүлгесі интертекстуальды тұрғыда хәкім Абайда риаз´(парсыша-бақ) сөзі арқылы бейнеленеді. Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй, Қоржаң суық келеді кей сасық ми. Ері ақылды, қатыны мінезді боп, Тату болса, риаз үстіндегі үй. Жоқ болса қатыныңның жат өсегі, Болмаса мінезінің еш кесегі. Майысқан, бейне гүлдей толықсыған, Кем емес алтын тақтан жар төсегі. Асыл дінімізде: «жақсы жар – діннің жартысы» деседі. Иә, өмірдегі көздеген мұратқа жетер жолда, жансерігің жақсы болмағы үлкен нығмет. Неке құндылығыда осында. Қортындылай келе айтарымыз, кез-келген құбылысқа біржақты қарау, пікір білдіру қате іс. Қарай отырып терістеу де әрқашан оңай. Меніңше чайлдфрид субьмәдениетінің өзіне тән ой саларлық жері де, бой тартарлық тұстары да баршылық. Мақсат жаңа заман низамын ежектей отырып, қазақ отбасында туындаған қиындықты түсіну еді.

Себебі қазақ қоғамы балаға қорықпай айтар: «От бол, от болмасаң жоқ бол» сөзін сағынды. Сөз киесі қайтып келер уақыт та жетті. Өйткені замана да, ұлт ахуалы да көптің бірін емес, еркін тұлғаны талап ететінін еш ұмытпағанымыз абзал. Сөз соңын жұбайлық өмірдің марселезасына айналған Ницщенің тілегімен аяқтағанды жөн көрдік: Жұлдыздар сендердің жолдарыңды жарық қылғай. Сендердің өмірдегі ең басты үзілмес үміттерің: «ШІРКІН, МЕН ӨЗІМНЕН ЖОҒАРЫ АДАМДЫ ӨМІРГЕ ӘКЕЛСЕМ ҒОЙ» болсын! 

 
Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 жыл бұрын 4779
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232