Сақалтай – таудағы тазалыққа жауап беретін құс
Сақалтай – таудағы тазалыққа жауап беретін құс

Сақалтай – қозықұмай, көкжөре секілді күндізгі жыртқыш құстар отрядының қаршыға тұқымдасына жататын ірі құс. Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

Қазақстанда Жетісу, Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шаньда, Алтайда кездеседі. Теңіз деңгейінен 2000-4000 метр биіктіктегі шың-құздарды мекендейді. Саны тұрақты болғанымен аз, сирек кездесетін түрі. Ұясын таудың жартасты-құзды жерлеріне салады. Ақсу-Жабағылы және Алматы таулы қорықтарында 20 шақтысы қорғауға алынған. 

Сақалтайдың жасын түсіне қарай ажыратуға болады. Қанатының жоны қара, бауыры ақсарғыш, бас жүні бурыл болса жас болғаны. Ал жасамыстарында бұл сарғыштау келеді. Тек қана өзіне тән ерекше белгісі – тұмсығының түп жағында алға қарай шығыңқы келген сақал тәріздес қою қара қылшығы болады. Одан басқа ерекшелігі – ірі болуы. Қанатын жайғанда 3 метрге дейін жетеді. Қанаты мен құйрығының ұштары үшкірлеу келеді.

Сақалтай да өзге тау қырандары секілді әуеде қалықтап ұшқанды ұнатады. Жұптасып жүретін бұл құстардың тағы бір қасиеті аспанда бір-бірімен қуысып, әртүрлі өрнектер түзіп, ойнақ салғанды тәуір көреді. 

Сақалтай аса ірілігіне қарамастан оның хайуанаттар әлеміне жыртқыш ретінде зиян келтірері шамалы. Өйткені ол көбіне өлексемен қоректенеді. Бүркіт, қарақұстардан қалған сүйек-саяқ сүйікті «асы» саналады. Тұтас жіліктерді бітеудей жұтады. Міне, осылайша таудағы тазалық қызметін атқарады.  Кейде тұяқты жануарлардың жас төлін, құс балапанын, тасбақаны аулайды. Жабайы тұяқтылар саны қысқарса, сақалтайлар жоғалып кетуі ықтимал.

Қыстың ең суық кезі болатын желтоқсан-қаңтар айларында 2-3 жұмыртқа салып, наурыз-сәуірде балапан ашады. Жарық дүниеге өте әлсіз келетін балапандары 3 айда жетіліп, күзге қарай ұшуға жарап та қалады.

Сақалтай жайлы ғылыми дерек те аз.

Фото: o-prirode.ru

Мәтінін дайындаған: Н. Үсенова

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 жыл бұрын 2208
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232