Рашид Жақсылықов, кәсіпкер: Отандық кәсіпкерлерді дағдарыс емес, даңғазалық құртады
Рашид Жақсылықов, кәсіпкер: Отандық кәсіпкерлерді дағдарыс емес, даңғазалық құртады

Қиындықтан мүмкіндік жасай білетін, аласапыраннан амал таба білетін іскерлер дағдарыста даму жолын таңдайды. Осындай кәсіби менеджерлердің бірі мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықов. Біз бүгін Одақ төрағасымен дағдарыс туралы, қара алтын құнының құлдырауы және оның салдары, бизнес бағытын жаңаша бағытқа бұру, мүмкіндіктер мен баламалы жолды іздеу тақырыбында сөз қозғамақпыз.

Рашид Жақсылықов –  1965 жылы Алматы облысында Талдықорған қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Анасы мұғалім, әкесі пеш жағушы. Жоқшылықтың да, тоқшылықтың да қадірін жете түсінген ол, бүгінде бизнесте бейнетсіз зейнеттің болмайтынын жақсы біледі. Сондықтан бүгінгі Қазақстандық кәсіпкерлер дамуы үшін ең алдымен түйсігі мен түсінігін өзгерткені дұрыс дейді ол.

- Рашид Хасенұлы, қара алтын құны онша қуантпай тұр. Бір баррелі отыз доллардың төңірегінде теңселді де қалды. Осы саладан ақша тауып келген мұнайсервистік компанияларының бүгінгі күйі қандай? Жер қойнауын пайдаланушылардан ұзақ мерзімді келісім шарттардың жоқтығы, көрсетілген қызметтің ақысын уақтылы төлемеу немесе, бәсекелес шетелдік компаниялардың бәсінің басым түсуі, тағысын тағылар… бүгінде мұнай саласындағы сервистік компаниялар үшін қосымша соққы болып отырған сияқты. Олар осындай қиындықтарды қалай еңсермек?

- Бүгінде мұнай сервистік компаниялар Одағының құрамына шамамен 120 компания кіреді. Дағдарыстан қорқудың реті жоқ дегім келеді. Себебі, біз бірнеше жылдан бері ДСҰ талаптары негізінде жұмыс істеп, Норвегия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия тәрізді бәсекеге қабілетті шетелдік компаниялардың бел ортасында иық тіресіп келеміз. Қазақстандықтар қосалқы мердігерлер арасында жүріп, солардың  қағидалары негізінде жұмыс істеп үйренді. қазірдің өзінде бас мердігерлікке дейін көтерілгендері бар. Бұған қоса мұнайсервис компаниялары мемлекеттен бір тиын да субсидия алған емес. Cондықтан құрылған күннен бастап бәсекелік ортаға тап болған олар күн көрудің амалдарын іздеп әбден ысылған. Айта кетерлігі, дәл қазіргі уақытта қазақстандық құрамның үлесін арттыру бойынша мұнай сервистік компанияларды шынайы қолдап, нақты осы мақсатта жұмыс істейтін механизмдер жоқтың қасы. Елімізде министрліктер мен мемлекеттік органдар жанынан шамамен жеті түрлі бақылаушы ведомство мен қадағалаушы органдар жұмыс істейді. Дей тұрғанмен, біздің компаниялар сенім артатындай нақты қолдауды сезіне алмай отырмыз. Әлемдегі қара алтын бағасының құлдырауы тек қазақстандық мұнай саласына ғана кері әсерін тигізіп қойған жоқ. Мұнай сервистік өнімдерді экспорттайтын жетекші елдердің бірегейі – Норвегия экономикасына да мұнайдың құлдырауы айтарлықтай әсер етті. Бұл елде қара алтын құнының құлдырауына байланысты қызмет көрсету саласы  20 % дейін төмендеді. Норвегия қызмет көрсету саласын экспорттап отырған көшбасшы ел. Мұнай бағасының күрт төмендеуіне байланысты инвесторлар болашақ даму жоспарлары мен жобаларын тоқтатты.  Себебі, осы салада қандай да бір жобаға қаржы салуды жоспарлаған кез келген инвестор қара алтын  қымбат бағаланған тұста өз табысын арттыруды көздейді. Мұндай тәуекелдерге мұнай бағасы 140 долларға тең болған жағдайда ғана бел бууға мейілінше болады. Ал баға 30 долларға дейін құлдыраған тұста инвесторлар үнемдеуге көшіп, бар күшті кеніш орнының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді басты міндет етіп қояды. Күрделі жағдайдың тууына байланысты, біздің компаниялар жаңа нарыққа, және басқа да экономикалық салаға көз жүгірте бастады. Барлық компаниялар жаңа мүмкіндіктер іздеп, ел экономикасын мультипликативтік ауқымда әртараптандырумен айналысуға көшті.

Мәселен, Иранның санкция құрсауынан босап шығуы біздің отандық компанияларға айтарлықтай жақсы жағынан әсері бар. Қазіргі таңда бірқатары бұл елден жұмыс тапты. Тыйым салулардың кесірінен, мұнда біраз уақыт бойы технологиялар мен құрылғылар жаңартылмаған және тозығы жеткен. Осы уақыт аралығында мұнай-газ саласы тұралап, ең негізгі деген инфрақұрылымдардың ескіруі, біздің мұнай сервистік компаниялар үшін Ирандағы мұнай өндіру саласын жаңғырту жұмыстарына белсенді араласатын мүмкіндік тудырды. Бүгінде Иранның мұнай өндірудегі тәуліктік орташа мөлшері 500 000 баррельді құрайды. Ал жоспар бойынша, жақын уақытта бұл көрсеткішті тәулігіне 3,5 млн. баррельге жеткізу көзделіп отыр. Иран бұрынғы межені қолға алса, қазақстандық компаниялар әріптестікке дайын. Олар қазіргі кезде сұранысқа сай көлемде жұмыс істей алатындықтарына қауқарлы екендіктерін дәлелдеп, өзге де әлемдік компаниялармен тең дәрежеде болып, келісімшарт жасауға одақтастар іздеуде. Бұған қоса, мұнда әртүрлі формада жүзеге асып жатқан қысқартулар байқалады. Сөзсіз, мұнайдың төмен бағалануы әрбір мұнай сервистік компаниялардың үнемге көшуіне және бюджетті қайта қарауына әкеп соғуда. Бұл әдіске бүгінде қара алтынды экспорттаушы барлық елдер көшкен. Бірақ, Қазақстанның мұнай сервистік саласында жұмыс істейтін компаниялар қарамағында еңбек ететін жұмысшылардың жағдайы көптеген елдермен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Үкімет пен компаниялар арасындағы меморандумдар нәтижесінде әрбір жұмыс орны сақталып, шығынды қысқартудың басқа да тәсілдері қолданылуда. Әсіресе, сағатпен жұмыс істеп, немесе жұмыс аптасын қысқарту тәрізді амал-әрекеттер барынша қарастырылып жатыр. Біз қара алтын құнының құлдырауын басымыздан алғаш рет өткеріп отырғанымыз жоқ. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері, қаншама тәжірибе жинақтадық. Бірқатар компаниялар агроөндірістік кешендер, химия саласы тіпті машина құрастыру тәрізді салаларға бет түзеді.

Мұнай бағасы бұл шикізатқа деген сұраныстың төмендеуінен емес, керісінше мұнай ұсынысының күрт көбеюі нәтижесінде орын алып отыр. Қарапайым тілмен жеткізер болсақ, бұл — нарықтағы ірі ойыншылар әрекеті. Қазіргі дағдарыс заманында көптеген мемлекеттер жаңа сланстық мұнай газ кеніштерін іздеудің қыр соңына түсті. Көмірсутекті өндіру мен оны байыту бүгінде ең тез әрі жеңіл әдіс екендігін түсінді. Бұл ол елдердің әлемдік нарыққа шығуына жағдай туғызып отыр. Үстіміздегі жылдың 16 қаңтарынан бастап, Ұлыбритания бір күн ішінде өзінің 159 компаниясына геологиялық барлау жөніндегі лицензиясын берді. Енді бұл компаниялар қатпарлы тау жыныстарынан мұнай көздерін, слансты мұнай іздеумен айналыспақ. Бұны мұнай саласында жаңа трендтің пайда болуымен байланыстырсақ, қателеспес едік.

- Мұнайлы өңірлердің тұрғындары мұнай сервистік компанияларда жұмыс істеп күн көріп келгені белгілі. Қазіргі кезде олардың жағдайы қалай? Мұнай бағасы шарықтап тұрған уақытта да ауылдардың жағдайы жақсарып кете қойған жоқ. Керісінше, жаппай қалаға көшудің көріністері белең алды. Бұл ахуал қазіргі дағдарыс кезеңінде қалай өрбімек?

- Мұнай кеніштері географиялық жағынан біздің ауылдарымызға жақын орналасқан. Бұл аймақтар тек көмірсутектермен ғана емес, сонымен қатар адами ресурстарға да барынша бай. Ерекше ауыр жағдайдағы мамандықтарда еңбек ететіндердің басым бөлігі жақын елді-мекендерде тұрады. Олар ең ауыр жұмыстарды атқара отырып, өте аз мөлшерде жалақы алады. Оған бірінші кезекте темір ұсталары, механиктер және жүк тиеушілерді жатқыза аламыз. Ағылшын тілін жетік меңгерген қала тұрғыны мұндай жұмыстарға бармайды. Қай жағынан алып қарасаңыз да, мұндай адамға басқарушылық қызметтер жақынырақ. Ал денсаулықтың түбіне жететін ең ауыр жұмыстар ауылдың қараша халықтарына қалады. Шыңтуайтына келгенде саланың ең негізгі деген жұмыстарын осы топтың өкілдері атқарады. Бұл ретте, мұнайгаз саласын мұнайсервиссіз мүлдем күн кеше алмайтынын ескеруіміз қажет. Егерде, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуші, жол салушы, монтаждаушы, техникаға қызмет етушілер болмаса, мұнайшының жұмысы тоқтап қалады. Мұнай саласы көмектесіп, қолдаушы тараптарсыз өз алдына жұмыс істей алмайды. Негізінде, мұнай сервистік сала жоғарыда мен айтып кеткен жұмысшылармен ғана шектеліп қоймайды. Бұған қызмет көрсетудің кез келген түрлерін жатқызуға болады. Тіпті, мұнай саласына ешбір қиыспайтын күзет, көлік-логистикалық қызметтер мұнай сервистік қызметтермен тығыз байланыста. Бізде бір мұнайшының ешбір алаңдаусыз жұмыс істеуі үшін бес адам ауадай қажет. Бұл жұмысшылар көзге көрінбей жүріп, жұмыстың кез-келген қиындығына шыдас беріп, адал еңбек етеді. Бірақ, бәрібір мұнайшы бұл бесеуінің арасында алғашқы болып көзге түсіп отырады. Мәселен, бізде 50 000 мұнайшы жұмыс істейтін болса, олардың жанында барлық керек-жарақтармен қамтамасыз етіп отыратын 250 000 мың адам еңбек етеді. Бұлар көзге даңғарадай болып көрінетін, бірақ ұшар биігіне көз жетпейтін айсбергтің ең биік шыңы іспеттес. Кеніштерге жақын орналасқан ауылдарға мұнай өндіру кезінде судың астында экологиялық зиянды қалдықтар қалып қойып, кенішке жақын ораналсқан ауылдарға таралады. Біздің заңнамамызда экологиялық нормаларды реттеп қорғайтын заң тетіктері қарастырылған. Алайда, қазіргі кезде біздің экологтар қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемін нақты болжай алмай отыр. Оған сапалы кадрлар немесе заманауи құрылғылардың жетіспеуі себеп болуы мүмкін. Оған қоса, көптеген ауылдардың жаңа орындарда тұрмысын түзеу сияқты көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін таппай отыр.

Осы сияқты бірқатар мәселелерді реттеу мақсатында инвесторлармен бірлесіп, жаңа бағдарлама әзірледік және көп созбай іске асыратын боламыз. Біз үшін экологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі, барлық ауылдарды көгалдандыру, елді-мекендерге жол салу, жалпылама түрде айтар болсақ, ауылдарды кешенді түрде дамыту маңызды.

EZ3A1860

Бірінші кезекте экономикалық даму, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы оң шешімін тапса, ауыл халқының тұрмысы да түзеле түспек. Тәжірибе көрсеткендей, тұрғындардың дастарқанында күнделікті наны мен тұзы және тұрақты жұмысы болмаса, мұндай ауылдарды мекен етуге кез-келген адам құлықсыздық танытады. Ауыл үлкен мүмкіндіктердің қайнар көзі болса да, ауыл тұрғындарының басым көпшілігі қаражат табу, жанұясын бағу, арманына қол жеткізу үшін ауылды тастап қалаға көшуде. Күні бүгінге дейін, 43% отандастарымыздың потенциалын ел экономикасын дамытуда толық пайдалана алмай отырмыз. Дәстүрлі түрде ауыл – қалаға азық-түлікті жеткізуші ғана емес, сонымен бірге елде болып жатқан барлық саяси процестердің белсенді қатысушысы болып табылады. Сондықтан, бұл аспект кез келгеніміз үшін үлкен маңызға ие болуы тиіс. Мен әлі күнге дейін мына сұрақтың жауабын таба алмай келемін, көршілес жатқан елдермен шектесіп жатқан ауылдардың жай-күйін зерттеген адам бар ма? Шекараға жақын аймақтардың бос қалуы қаншалықты бақылауда? Бос қалған жерлер көршілердің қызығушылығын тудырмай ма? Біле білсеңіз бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Себебі, ауыл халқының қалаға көшуі ауыл тұрғындарының медициналық қызмет, жұмыс орындары, білім беру ошақтары сияқты әлеуметтік қорғауды сезінбеуінен тууда. Бұл мәселелер кез-келген салада еңбек ететін әрбір азаматтың жадында болғаны абзал. Бұған әрбіріміз кешенді түрде қарауымыз қажет. Ал менің мұндай ішкі ойымды сіздерге жеткізуім  — ел алдындағы азаматтық парызым деп білем.

- Ауыл шаруашылығы неге мұндай күйге түсіп отыр? Экономиканың басымдылығына мұнайды өндіру алға шығып, өңірлерде орналасқан өндірісті дамыту екінші сатыға түсіп қалды. Дағдарыс кезеңінде бұл мәселені қалай шешуге болады? Биік мінберлерден талай рет ауыл елді ет пен сүтпен қамтамасыз етеді деп жариялағанда алдымызға жан салмаймыз? Ал шындығында жағдай қандай?

Қазіргі дағдарыс Қазақстанның кез келген экономикасы үшін жеңіл тиіп отырған жоқ. Бұл дегеніміз – салыстырмалы түрде айтатын болсақ, ұйықтап жатқан адамның үстіне су құйып жіберіп, шошытып оятқанмен тең келетін құбылыс. Дегенмен, біз бұдан әрі тек мұнай сатумен, яғни жеңіл жолмен ақша табу – кез келген дертке шипа бере бермейтіндігін аңғардық. Уақыт өте келе, кіріс кіргізетін өзге де баламалы жолдардың бар екендігін көпшілік түсінуге мәжбүр болды. Мәселен, мен Венгрияда сиыр сою процесін бақыладым. Көзім көрген жайтты айтып берейін, ірі-қараны бауыздап, одан әрі жіліктеу  кезінде оның бірде бір қаны жерге тамбады. Тамшылап ақкан қанды арнайы ыдысқа тосып алып, балықтарға жем ретінде берді. Мұқият өңдеуден өткізілген сиыр терісі Италияға жіберіліп, ал ораташа деңгейде өңделгені Түркияға экспортталды. Ал жеуге келмейтін ішкі ағзалары өңделіп, ауыл шаруашылығына тыңайтқыш ретінде пайдаланылды. Бұл елде төрт-түлік еті сүйексіз сатылады. Жұмсақ етінен айырылған сүйектерді міндетті түрде бірін де қалдырмай майдалайды. Бұл ұнтақ кейіннен, бағалы тері иесі болып табылатын — құндыздарға дәрумен ретінде жеміне қосылады. Мұндай қоспаларды азық ретінде пайдаланған құндыздар барынша сапалы тері береді. Сол тері одан әрі Грекияға экспортталады. Бұл дегеніміз қалдықсыз өндірістің ең қарапайым әдісі. Өзіңіз көріп отырғандай, сиырдың әрбір жасушасын барынша тиімді түрде кәдеге жаратады. Ал енді біздің фермерлердің қалай жұмыс істейтіндігін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Ірі-қараны өсіріп алып, бұл бізге тиімсіз, еті азын-аулақ, одан қалса өзін-өзі ақтамайды дейді… Міне сізге парадокс. Бір сиырдың тек еті мен сүтіне ғана сенім артсақ, ол әрине қазіргі нарық жағдайында тиімсіз. Бұл мәселеге барынша тұрмыстық жағынан үңілген абзал. Венгриядан келген соң, мен мал шаруашылығы бойынша отандық фермерлердің тәжірибесін зерттей бастадым. «Қазагро» ұлттық компаниясының тәжірибесіне сүйенсек, компания салмағы 700 келі тартатын бір өгізді сонау жерден сатып әкеле тұра, ұрғашы сиырдың төлін ұмытып кеткен. Осылайша, салмағы бір тоннаға жуық өгізді отандық 150 келі тартатын сиырмен шағылыстырады.  Нәтижесінде, бұзаулау кезінде сиыр өліп қалады… Себебі, аталығы ірі бұзаудың салмағы 70 келі тартатады. Екіншіден, неліктен бізде балық шаруашылығы дамымай отыр? Ойлап қарасаңыз, көрші мемлекетте біз үшін нарық дайын. Ресей халқының 90% балық жейді. Орыс дәстүрі бойынша, балық ең пайдалы тағам болып табылады. Кезінде Талдықорғанда тұрғанымда менің зейнеткер көршілерім үнемі табан (лещ) балық сатып алатын. Неліктен? Үнемі таңданатынмын да жүретінмін. Кейіннен білсем, бұл балық тек қана өзге балықтардың уылдырығымен қоректенеді екен. Соған сәйкес, еті дәмді, пайдалы әрі таза. Өзге балықтар тәрізді балдырларды аузына да алмайды. Балықтың неге дәл осы түрін өсіріп Каспий, Балқаш, Арал, Алакөл, Зайсан сияқты су бассейндеріне жіберіп, кейіннен Ресейге экспорттамасқа? Нәтижесінде, қаншама жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздықпен күресер едік. Тағы бір мысал, бидайдың рекордттық түсіміне ие болып, өзімізді аграрлы мемлекет деп білеміз. Бұдан қаншалықты пайда көріп отырмыз? Қытай мәселен, жыл сайын 50 млн. тонна бидайды Канададан сатып алады. Аспан асты еліне астықты біздің елден сатып алғаны тиімдірек. Өйткені жол қысқа. Бірақ, неліктен сата алмай отырмыз? Мәселе, мүлдем бидайдың сұрпына байланысты емес. Біздің елімізде Қытайдың тұтынатын сұрыптарын анықтайтын ҒЗИ бар. Қытайлар ашығын айтады, мәселен, сіздермен 200 млн. тонна бидай сатып алу туралы келісімшарт жасастық. Ал сіздер бізге тек 2 млн тонна беріп, өнім болмады дейсіздер дейді. Яғни ел бола тұра сенімге әлі де болса кіре алмай отырмыз. Канада, егер 50 млн тонна бидай экспорттаймыз десе, сол сөзінде тұрады. Біз кәсібімізді дәл осы салада дөңгелетсек, ісіміз алға басар еді. Бізге, біздің менталитетіміз, сараңдық пен шектен шыққан амбициямыз, келісім жасай алмайтынымыз кедергі келтіріп отыр. Тіпті, трансұлттық компаниялар, инвесторлардың тізгінін ұстаған жетекшілердің өздері отандық кәсіпкерлердің іскерлік сапасына күмәнмен қарайды. Ал біз кейде, оларды қазақстандық компаниялармен жұмыс істемейді деп ренжіп жатамыз. Мұның да себебі бар. Мысалы мынадай жайттар болған, инвестор қазақстандық өндіруші компаниясына өндіріп отырған өнімінің сатылым бағасын төмендетуді сұрады. Ал қазақстандық кәсіпкер келісім берген жағдайда бұл компаниямен 7 жылдық келісім шартқа тұруға кепілдік беретінін айтты. Одан бөлек өндірісін жаңа технологиямен жабдықтауға көмектесітін жеткізді. Біздің қазақстандық компания бұл ұсынысты қабылдамады. Ортадағы ымыраластық бұзылды, түсініспеушілік орын алды. Нәтижесінде, кәсіп иесі ұзақмерзімді келісімшарттан айырылды, өндіріс жаңа технологиясыз қалды. Уақыт өте қазақстандық компания инвестор алдына басын иіп қайта барды, бірақ кеш еді.

Бұған кімді кінәлаймыз? Мемлекет пе? Әрине, кәсіпкер ағаттығы бұл. Бізде сауда мәдениеті әлі де дамымаған. Кәсіпкерлекті өнер ретінде толыққанды игере алмай келеміз.

- Жалпы, ауыл тұрғыны, шаруашылық қожайыны үшін мұнай бағасының төмендеуінен қандай да бір пайда бар ма? Немесе, қара алтын құлдырауына байланысты егін науқаны кезінде дизельді отындар арзандайды деп сенім арта аламыз ба?

- Бірге есептейік. Теңгенің құлдырауына дейін бір доллар 187 теңгеге бағаланды делік. 5 000 теңгеге АИ-92 маркалы жанармайдан 40 литр сатып алуға болатын еді сол уақытта. Ескі бағаммен бұл дегеніміз 26-27 доллар шамасында. Қазіргі кезде 15 доллар тұратын жанармай үшін қайта сол 5000 теңгеге 40 литр жанармай сатып алып жүрміз. Ал көктем мен күз маусымындағы егу және ору науқанында нағыз спекулянттардың жұлдызы жанады. Біз бағаны төмен түсіре алмаймыз, себебі біздің  мұнайды қайта өңдеуші зауыттар отандық нарықты жанар-жағармай өнімдерімен толыққанды қамтамасыз ете алмай отыр. Жанармайдың 30 % Ресейден жеткізіледі. Егерде өз отынымызды төмен бағада сататын болсақ, біздің іскер кәсіпкерлеріміз не істейді? Олар отынды өте көп мөлшерде сатып алып, бұл өнімге өз маркасын енгізіп, Ресейге сататын болады. Нарық жағдайында тек қана жалғыз заң үстемдік етеді. Бұл – түсім, ал олар қалай өндіріледі кәсіпкерлерді қызықтырмайды да. Қазіргі таңда үстемдік құрып тұрған баға шынайы болып табылады. Себебі, бұл күрделі экономикалық жағдайдан туып отыр. Біз түптеп келгенде бұл мәселені барынша шынайы қабылдай білуіміз қажет.

- Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы мұнайдың шынайы баламасы не? Ерте ме кеш пе, бұл ресурстың да аяқталатын кезі болады. Оның алдын алу үшін қандай қадамдарға бару қажет?

Менің ойымша, жақын арада ғылымда үлкен жаңалық болып, мұнай экономикалық сала ретінде өз құнын жоғалтады немесе мүлдем нарықтан шығып қалады.  Мұнайдың баламасы ретінде атомды алып қарауымызға болады. Біздің бір сөкеттігіміз, атоммен жұмыс істеп көрген жоқпыз. Атом ресурстарын адамзат қажетіне жаратудың ешқандай қаупі жоқ. Ерітілетін аспириннің бір таблеткасын елестетіп көріңіз. Атомның осындай көлемдегі бір данасы сүңгуір қайықтарын энергиямен жабдықтап, 200 теңізшіге қызмет ете алады және кіп-кішкентай таблетканың қуаты 40 жыл бойына бір әлсіреген жоқ. Ғылым мен техниканы дамыту экономиканы мұнайға тәуелді етуден босатады. Бұл ретте, халқымыз іскерлікке бір табан жақын болып, сананы жетілдіруі аса маңызды. Сонымен қатар, шикізат өнімдерінен бас тартуы қажет деп есептеймін. Жоғарыда мен сізге венгерлік әдісті мысал еттім. Ал бір мұнайдан сағыздан бастап, медициналық препараттарға дейінгі 100 түрлі өнім алуға болады. Егер қара алтынды өңдеу жағы бізде жолға қойылса, біз әлемдік мұнай бағасына тікелей тәуелділіктен құтылар едік. Маған теңгенің құнсыздануынан бұрын, кадрлардың құлдырауы аса қауіпті көрінеді. Ғылымда эволюция болмайды, ғылымда тек қана революция болады. Мәселен, біз осыдан 20 жыл бұрын тек қана үй телефондарын ғана пайдаландық, бүгінде олар мүлдем маңыздылығын жоғалтты. Себебі, сымсыз телефондар шығып, смартфондар пайда болды. Қара алтынның жалғыз баламасы атом немесе сутек бола алады. Ал уран мен басқа да табиғи байлықтардың қажеттілігі  уақыт еншісінде. Қазір біз тіпті ағаш қолданудан да қалып барамыз, оның алдын пластиктер орап кетті. Әрине, химия, медицина саласына мұнайдың қажеті болады, бірақ оның көлемі әрине көп емес.

- Дағдарыс – жаңа бастамалар мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі деп жатамыз. Осы ретте, мұнай сервистік компаниялар Одағы қандай тәсілдерге көшіп жатыр? Және бүкіл халыққа, кәсіпкерлерге, сервистік компанияларға, ауыл тұрғындарына дағдарыстан шығу жолында қандай кеңес берер едіңіз?

Мүмкіндіктер жайлы мынадай мысал келтіргім келеді. Мәселен, бір адам білікті құрылысшы әрі тас қалаушы деңгейіне көтерілуі үшін шамамен бір жыл қажет. Ал жоғары дәрежедегі бұрғылаушы атануы үшін ол 5 жылын сарп етуі тиіс. Міне қараңыз, егерде біз дәл қазіргі уақытта ірі ойыншылар өз жобаларын тоқтатты деп осы орнымызда тоқтап қалсақ, біз мұнай сервисінен біржола айрыламыз. Бұл дегеніміз – осы салада еңбек ететін білікті кадрлардан айырылдық деген сөз. Сондықтан, мұнай сервисінің біз үшін тұралап қалуы өте тиімсіз. Бүгінде Одақ құрамында 120 компания жұмыс істейді. Біз «Даму» қорынан қаржылай көмек алуға тырысып, қандай да бір бағытты айқындап, өз жолымызды табуымыз қажет. Неге, өйткені ауылдағы кәсіпкерлердің несие алуы қиямет-қайым. Осы мақсатта  «Қазагродан» қолжетімді қаржылай көмек ала алады. Ал Инвестиция және даму министрлігінде бизнесті дамыту бойынша 17 бағдарлама бар. «Бәйтерек» холдингінде отандық чемпиондарға қолдау білдіретін бағдарламалар жетерлік. Дегенмен, мен бұл бағдарламалардың кейбір тармақтарымен келіспеймін. Өнім тек экспорттауға бағытталуы тиіс деген тетіктер бар мәселен. Менің ойымша, алдымен ішкі нарықты жаулап алуымыз қажет, содан кейін ғана сыртқы нарыққа жол ашқанымыз дұрыс. Неге екені белгісіз, біз өз нарығымызды қабылдай алмаймыз. Біздің түсінігімізше, он жеті миллион адамнан құралған нарық біз үшін аз. Кәсіпкерлер ең алдымен отандық нарықты қамтамасыз етіп көрсін. Бүгінде дүкен сөрелерінде тұрған азық-түлік тағамдарының 90% пайызы сырттан әкелінген. Алдымен өз отбасымызды асырап көрейік, содан кейін ғана одан не қалғанын тағы бір саралап көрейік. Алпауыт ел саналатын Қытай халқы 17 миллион ғана болатын біздің нарыққа түйреуіш сатудан арланбайды, ал ресейліктер бізді сіріңкемен қамтамасыз етіп отыр. Бұл ұсақ-түйек болғанымен, «теңге тиыннан құралады» деген қағиданы ұмытпасақ болғаны. Біздің бизнестің түбіне сараңдығы мен даңғазалығы жетеді. Осы ретте, «Бәйтерек» холдингі де өз ұстанымдарын бір сараптап алып, алдына шынайы мақсат қоя білуі шарт. Мемлекет басшысы нақты тапсырма берді, және оның әрбірі әрдайым өзін-өзі ақтап келеді. Мәселен, Елбасымыз ұлттық компанияларды жеке қолдарға беру туралы бастама көтерген болатын. Ондағы ойы қандай? Бәсеке!!! Ұлттық компанияларға беріліп отырған сусидиялардың барлығы дерлік, бүгінде Ұлттық қордан бөлініп отырған, мемлекет қазынасы. Ал ондағы қаражаттар қайдан келген? Ол сіз бен біздің салығымыз есебінен жиылған қаражат. Халық бұдан бөлек, мемлекеттік аппарат, шенеуніктер, полицейлерді қойып, енді кәсіпкерлерді асырай бастады. Егерде Президент айтқандай, ұлттық компаниялар жекенің қолына өтер болса, қаншама жаңа компаниялар өмірге келер еді. Сонда қазіргі күні 18 миллиард доллар көлемінде қарызымыз болмас еді, әрі экономикаға айтарлықтай пайда түсірер едік. Бәсекеге қабілетті орта немесе бәсекелестік дегеніміз не өзі? Бәсеке кәсіпкерлікті алға сүйрейтін қауқарлы күш. Сауданың локомотиві жарнамада емес, бәсекелестікте. Мәселен, екі бірдей кәсіпорын бірдей өнім шығарады делік. Оны сату үшін ақылды кәсіпкер қандай тәсіл қолданады? Ол өнімінің бағасын халыққа қолайлы етіп, барынша түсіреді. Ал сапа мен өнімділігін арттыру мақсатында жаңа технологиялар тартып, ғылымды одан әрі дамыта түсер еді.

- Әңгімеңізге рахмет!!!

ult.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
9 жыл бұрын 4629
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232