Қызылордадағы аяқ киім фабрикасы тарихында 2,6 млн жұп өнім шығарды
Қызылордадағы аяқ киім фабрикасы тарихында 2,6 млн жұп өнім шығарды

Өткенді дұрыс таразылап алмай, алдағы күнде жүйелі жетістікке жету қиын. Кешегі кеңес дәуірінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жарты әлемді аузына қаратқаны ақиқат. Сол уақытта жұмыс жасаған ірі де іргелі кәсіпорындардың бірі, мыңдаған Қызылордалықтардың өмір мектебі – еңбек ұжымына айналған Қызылорда аяқкиім фабрикасын ерекше атауға болады.

Фабрика өз тарихында 2,6 млн ерлер, әйелдер, балалар мен жасөспірімдерге арналған жұп аяқкиімдерін шығарған.

Қызылорда облыстық архив құжаттарындағы мәліметтерге сүйенсек, кезінде жеңіл өнеркәсіп саласындағы Қызылорда аяқкиім фабрикасы 1943 жылы Мәскеу қаласынан көшірілген аяқкиім саласының флагманы «Париж коммунасы» фабрикасының жабдықтары негізінде құрылған. Сол жылдары электр станцияның болмауына байланысты жұмыс қолмен жүргізіліп, тек екі цех: Сандалетка өндіру цехы және «ПарКо» цехы жұмыс жасаған.

1943-1947 жылдары фабриканы Сафронов басқарған. Бірнеше жыл бойы аяқ киімнің негізгі ассортименті резинке табаны бар сандалетка болса, 1951 жылдың жоспарлы ассортиментінде аяқкиімнің жаңа түрлері, 1952 жылдың соңында доппельді аяқкиімнің жаңа тігу цехы іске қосылып, 5 жыл ішінде доппельді аяқкиім шығару бойынша фабрика алдыңғы қатарда болып, аяқ-киім модельдері он жыл бойы халықаралық көрмелерге қойылып, жүлделі орындарға ие болған. 1964 жылы 1 мамырда Оңтүстік Қазақстан халық шаруашылығы Кеңесінің өкімімен аяқкиім фабрикасы мен былғары зауыты қосылып Қызылорда былғары – аяқкиім комбинаты деп аталып, В.Павлов басшылық еткен. Былғары комбинаты хром және жеңіл балалар аяқкиімін және қатты тері өнімдерін шығарды. 1965 жылдың ішінде комбинат, негізінен тері тауарларын алуға арналған шикізатты Жамбыл хром зауытынан, Жамбыл, Орал былғары аяқкиім комбинаттарынан, Жамбыл, Орал былғары-шикізат зауытынан алып отырған. Осы жылы комбинатта екі бөлім болған. Негізгі өндіріс бөлімі бойынша: пішу цехы, қалыптама цехы, тігін цехтары, қатты тері тауарларын өндіру цехы жұмыс жасаса, қосалқы және қосалқы өндірістер бөлімі бойынша: жөндеу-механикалық, паросил шаруашылығы, электр энергиясы, зертхана жұмыс жасаған. 1967 жылдың наурызында «Казглавкожобувпром» былғары – аяқкиім және тері өнеркәсібі Бас басқармасының Қызылорда аяқкиім фабрикасы болып қайта аталыды. Осы жылы көлемі 125 м2 ұсталық және электрмен дәнекерлеу цехы қайта жабдықталып, қоршаулар мен жергілікті жарықтандыру ауыстырылып жөнделіп, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыру мақсатында тігін учаскесінде аяқкиімнің жиек шеңберін айналдыруға арналған машиналар алынып, сандалеткаға, мектепке дейінгі және гусарик аяқкиімдеріне арналған қалыптардың жаңа фасондары енгізілген. Осы қалыптарды енгізу жұмсақ және қатты тері тауарларын үнемдеуге мүмкіндік берген. 1970 жылы тері – үрлеу комбинатын дамытудың перспективалық жоспарының бақылау цифрларына сәйкес өндіріс көлемі 10852 рубльге дейін өскен. Жоғары өнімді жабдықтарды енгізумен аяқкиім және былғары өндірісін қайта құру жобалары әзірленіп, осы жоба арқылы қол еңбегі және ауыр қол еңбегін механикаландыру көзделеген. Нәтижесінде қол еңбегімен айналысатын 72 адам қысқартылып, 1971 жылы жұмысшылар саны 1256 адамды құрады. Аяқкиім фабрикасында шығарылатын өнімнің сапасын жақсарту мақсатында техникалық бақылау бөлімі қызметкерлеріне сабақтар жүргізіліп, фабрикада және цехтар бойынша тұрақты түрде «Сапа күні» өткізіліп, сол бойынша нақты жұмыстар атқарылып отырған.

Қызылорда аяқкиім фабрикасы сауда ұйымдарымен жасалған шарттар бойынша 33 сауда ұйымдарына былғары балалар аяқкиімін жеткізіп отырды. 1980 жылдың ІІІ тоқсанында аяқкиім жеткізу жоспары 101,1%-ға орындалған. Осы жылы механикаландыру жоспары бойынша: ұлтарақты айдау үшін – 3 дана, аяқ киімнің үстін тазалауға арналған 2 дана, резеңке желім мен найритті дайындау үшін 1 дана және хром аяқкиімін фрезерлеу үшін 2 дана ФТК (фрезерлік табан кескіш) машинасы орнатылған. Аталған машиналарды енгізу арқасында еңбек өнімділігі арта түскен. Фабриканың барлық аяқкиімі бірінші және жоғары сапа санаты бойынша аттестацияланып отырған. 14 аяқкиім үлгісі және 31 бірінші санаттағы сапа моделі мемлекеттік сапа белгісіне аттестаталған. «Балалар әлемі» дүкенінде аяқ киім сату-көрмесі өткізіліп, сатып алушылардың сұранысын зерттеу үшін гусарик туфлиі, «Динамо» жартылай бәтеңкелер, сандалеткалар, гусарик сандалеткасы, балалар сандалеткалары ұсынылып, гусарик және кішкентай балалар аяқкиімі ерекше сұранысқа ие болған. Сонымен қатар, ай сайын сатып алу сұранысын зерттеу үшін Алматы қаласындағы «Салтанат» фирмалық дүкеніне фабрика өнімдері жіберіліп отырған.

Сонымен қатар, 1980 жылы фабрика ұжымы мемлекеттік сапа белгісі бар бұйымның 26 түрін шығарғаны, шикізат пен материалдарды, электр энергиясын үнемдеу бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін, В. И. Лениннің туғанына 110 жыл толуына арналған Социалистік жарыстарға белсенді түрде қатысып, табысты міндеттемелерді орындап естелік вымпелымен марапатталған және Қа¬зақстан Лениншіл Жастар Одағы қалалық комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алған.

Сол кездерде халықтың әлеуетін көтеруде, жергілікті тұрғындардың, әсіресе, әйелдердің арасындағы жұмыссыздықты жоюда фабриканың ықпалы өлшеусіз болды. Себебі, фабрикадағы жұмысшылардың 90%-ын әйелдер құраған. Олардың арасында тәжірибелі мамандарда аз болмаған. Атап айтсақ, алдыңғы қатарында пішуші – модельер Асқарова Орынкуль болды. 1949 жылы аяқ киім фабрикасы жанындағы оқу мектебіне түсіп, жұмысқа орналасқан. 1960 жылы жоғары өндірістік және қоғамдық көрсеткіштері үшін Ленин орденімен, 1970 жылы В. И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Ерлік еңбегі үшін» медалімен, 1975 жылы III дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен марапатталған. Қазақстан Ленин комсомолының 4 съезінің, Қазақстан әйелдерінің 1 съезінің делегаты, қалалық Кеңестің бірнеше шақырылымының депутаты болып сайланған. Сондай-ақ 1983 жылы фабрикада социалистік жарыс кең өріс алып, 5 ай ішінде қорытынды жасау кезінде штампылау цехының жеңімпазы, шебер Абдрахманова болған. «Үздік маман» атағымен В. Тягай, М. Бажедомова, Е. Иванова, И. Жанайдарова, А.Мамешевалар марапатталған.

Жас жұмысшыларды тәрбиелеуде олардың кәсіби шеберлігін арттыруда тәлімгерлік маңызды рөл атқарды, фабрикада 64 тәлімгер 150 жас маманмен жұмыс жүргізген. Үздік тәлімгерлер қатарында К.Орлов, М.Бажедомова, О. Асқаровалар болды. Фабрика қызметкерлері шикізатты, материалдарды және отын-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануда Бүкілодақтық қоғамдық байқауына белсенді қатысқан. Фабриканың модельерлері үнемді модельдерді әзірлеп отырған және бұл материалдардың шығындарын қысқартуға мүмкіндік берген.

1987 жылы ескірген жабдықтар жаңаға ауыстырылғаннан кейін, аяқ киім тасымалдау, дайын өнімдерді сақтау үшін 30 дана стеллаж – арба сатып алынған. 1989 жылы фабрика директоры болып О.Момынқұлов тағайындалып, 1991 жылы желтоқсан айында Қызылорда аяқкиім фабрикасының ұжымдық кәсіпорны болып қайта құрылған. Кәсіпорынның көркем – техникалық кеңесімен 44 жаңа модель бекітілген. Мектепке дейінгі сандалеткалар, гусарик аяқкиімі жойылып, қызықты конструкциялары, орындау технологиясы мен түстердің комбинациясы үшін сәби жасындағы туфли, бәтеңкелер, жартылай бәтеңкелер атап өтілген және 1135 дана әйелдер етігі шығарылған. Осы жылы барлығы 2770,0 жұп аяқкиім шығарылған. 1993 жылы фабрикада жұмыс істейтіндердің жалпы саны 931 адамды құрады.

Жоғары білімді 39 адам, арнаулы орта білімді 18 адам, инженерлік-техникалық жұмысшы шебері және қызметшілер 84 адам болды. 33 аяқкиім үлгілерінің өндірісі іске қосылып, оның ішінде 10-ны жаңа аяқкиім үлгісі болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін фабрика шығарған аяқкиім үлгілері сұранысқа ие болмады.

1996 жылы фабрика «Қызылорда аяқкиім» акционерлік қоғам болып қайта құрылып, 2004 жылы таратылған. Облыс орталығында орналасып, жарты ғасырдан астам жұмыс жасаған фабриканың тарихынан архив құжаттары осылай сыр шертеді. Бір кезде Қызылорданы жаһанға танытқан Қызылорда аяқкиім фабрикасы сияқты отандық брендті жаңғыртып, замануи үлгідегі аяқкиім модельдерін шығаратын фабрика жұмысы қайта жаңғыртылса, еліміздің экономикасы қарыштап дамып, жоғалған зауыттар мен фабрикалармен қоса, жоғалған мамандықтар да қайта оралар еді.

Әсел БАЙМЕНОВА,

Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің ІІ санатты палеографы

kyzylorda-news.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 жыл бұрын 2838
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232