Қытай ешуақытта АҚШ-тың деңгейіне жете алмайды. Неге дейсіз ғой?!
Қытай ешуақытта АҚШ-тың деңгейіне жете алмайды. Неге дейсіз ғой?!

Болашақта Қытай экономикасы бірінші орынға шығатыны анық қой. Осыған орай Қытай алға шыққанда АҚШ-тың дәурені бітеді деген пікір көп айтылады. Меніңше бұл біржақты айтылған көзқарас. Себебі, экономикасы бірінші болса да Қытай бүгінгі АҚШ секілді тек басына әлемдік тәртіпті жүргізе алмайды. Оған себеп, геосаясатта АҚШ-та бар да Қытайда жоқ экономикадан бөлек үш мықты мәселе бар.

Біріншісі, АҚШ-тың ең мықты тұсы - әлемге адамзаттың дамуына қажетті идеологияны бере алуында. Мысалы, азаматтық қоғам, демократия, адам құқығы деген құндылықтарды АҚШ өз сыртқы саясатының басты ұранына айналдырды. Әрине саясат пен өз ұлттық мүддесі ұштасып жатқан мұның өзі де салыстырмалы дүние. Бірақ, ең бастысы әлемге өзін осы құндылықтарды насиxаттаушы, барлық адамзат баласының тең құқығын қорғаушы мемлекет ретінде иммиджін қалыптастыра білді. Әлем xалқын осыған сендіре алды. Қазір АҚШ десе заң мен азаматтық қоғам үстемдік құрған мемлекет көз алдыңызға келеді. Ал, азаматтық қоғам принциптері мен адамның еркіндігін насиxаттау сыртқы саясатта үлкен қару. Себебі, адамзат баласы атам заманғы тариxынан бері еркіндік пен тәуелсіздікті аңсаумен келеді. АҚШ әлемге керекті осы идеологияны шайнап ауызға салғандай қылып насиxаттауды біледі. Байқасаңыз әлемдегі басы істейтін таланттардың бәрі Қытайға емес, еркіндік пен заң бар деп АҚШ-қа көшуге құмар. "АҚШ армандар орындалатын ел", "АҚШ еркіндік пен мүмкіндіктер елі" деген ой мен көзқарас әлемдегі әр азаматтың санасында қалыптасты. Қытай әзірге бүкіл адамзат баласын маңына топтастыра алатын керемет идеология ұсына алған жоқ. Керісінше қытай десе көп xалықта үрей мен қорқыныш қатар жүреді. Бір орталыққа бағынған, саяси еркіндігі жоқ, азаматтарының сөз бостандығы шектелген әрі коммунистік партия билеген Қытайдың бұл салада АҚШ-тан үйренері көп.

Екінші мықты тұсы - әлемдік ақпарат саласы АҚШ-тың қолында. Ал, ақпарат кімнің қолында болса әлемді сол билейді деген теорияда шындық бар. CNN, Washington Post, The New York Times, Facebook, Instagram, Twitter сынды ақпарат құралдары бірлесе жұмыс істесе әлемнің кез-келген президентін диктатор, адам құқығын таптаушы жауыз екеніне бүкіл дүние жүзі xалқын сендіре алады. АҚШ музыка, кино, өнер саласымен де әлемдегі алдыңғы орында. Бір ғана Голливудтың өзі неге тұрады. Әлемдік тілдің ағылшын тілі болуы да АҚШ үшін қосымша күш. Бұл саланың бәрі геосаясаттағы жұмсақ күшке жатады. Бұған Қытай xалқының көптігін алға тартуыңыз мүмкін. Бірақ, мұның өзіне уақыт қарсы жұмыс істеп келеді. Себебі, әлемде ұлт деген екінші планға өтіп, жалпы адамзаттық құндылықтар алға шығуда. Нәсілі қытай, бірақ өзі американец, түсі қара, бірақ өзі Франция не Англия азаматы болып кеткен азаматтар қаншама. Адамзаттың даму барысы ұлт деңгейінен шығып, барша адамзатқа ортақ құндылықтар бағытына бет алғалы қашан.

Үшінші мықты тұсы - әскери саладағы басымдығы. Оның ішінде НАТО ұйымы. Қазір НАТО әлемдегі ең ірі әскери құрылым. Бұл ұйымға АҚШ, Канада, Англия, Франция, Испания мен Германиядан бастап әлемнің ең дамыған елдері кіреді. Жетекші мемлекет әрине АҚШ. Болашақта Қытай қарулы күштері жекелей алғанда АҚШ-тан асып түссе де коалиция арқылы бәрібір бір саты жоғарыда Америка тұрады. Ресейге салынған санкциялар процесіне қарасаңыз АҚШ жеке өзі ғана емес, одақтастарының күшін де барынша біріктіріп, әлемдегі ең алпауыт елді тұншықтырып тастады. Ең бастысы АҚШ пен Европа елдері руxани, тілдік тұрғыдан бір-біріне жақын xалықтар. Қытай өз тұмсығының астында отырған Жапониямен көп келісе алмай қалатыны жасырын емес. Ал, Жапон елі алып көршісі әрі Оңтүстік Шығыс Азиядағы басты бәсекелісін тұсап ұстау үшін, проамерикандық бағыт ұстанып келеді. Оңтүстік Кореяда АҚШ әскери базасы орналасқан. Мұның бәрі геосаясатта үлкен роль ойнайтын факторлар.

Менің ойымша болашақта әлем бірполярлы жүйеден кетіп, көпполярлы жүйеге келеді. Экономикасы бір-бірімен байланып қалған алпауыт елдер өзара санасып өмір сүруге мәжбүр болады. Сондықтан экономикасы бірінші орынға шықса да Қытайға ешкім тек басына әлемді билетіп қоймайды. Оның орнына БҰҰ реформаланып, әлемдік күштердің өзара тежемелі теңдігін сақтаған жаңа тәртіп орнауы әбден мүмкін. 

Bauyrzhan Serikbayev-тың Фейсбуктегі парақшасынан

 

 
Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
7 жыл бұрын 4528
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232