Қымыз ішкен адам мас еместігін қалай дәлелдейді?
Қымыз ішкен адам мас еместігін қалай дәлелдейді?

Әдетте жүргізушілердің дені рөлде жүргенде қымыз ішуге қорқа соғады. Өйткені, қымыз ішкен адамның қанынан алкоголь құрамы анықталады деген әңгіме бар. Сондай бір оқиғаға журналист Ерік Рахым да тап болғанын жазады. Қарқара жайлауында өткен ұлан-асыр тойдың қарсаңы еді. Елдің көңілі мұнда жоқ. Еренқабырғаның етегіндегі ауылым Тегістіктің жақсы-жайсаңдары тойға деп таудай ту биені сойып тастаған. Қымыз да көл-көсір. Мұндайда қалай іркіліп қаласың, пақырыңыз семіз жаядан кертіп отырып төрт-бес кесе қымызды төңкерді. Маңдайдағы шып-шып терді сылып тастап, "қара айғырға" міндім де Алматы қайдасың деп тартып отырдым.  Қымыздың ішкен сайын шөлдететін және ұйқыға тартатын қасиеті бар. Әдетте, бірер кесе қымыздан соң салқын жерде ұйықтаған абзал. Бірақ оған уақыт қайда... Шелектің тұсындағы тақтайдай тегіс жолға 50 деген белгі қойған. Жол тәуір болған соң кейбір шопырлар осы тұста бастырмалатып жібереді. "Гаишниктердің" қой аңдыған қасқырдай бас бұғатын тұсы. Түйсік алдамады, оның үстіне "водительская солидарность" деген бар - қарсы келе жатқан шопырлар жарығын жылт-жылт жағып, ескертіп барады. Жылдамдығым - сағатына 48, бәлкім, 52 шақырым... Шелек ауылының бүйірін айнала бергенім сол еді, он бес-жиырма көлікті мұрнынан тізіп қойған "гаишниктер" көзге түсті. Және бәрін тоқтатып жатыр. Қосақ арасында мен де кеттім. Бұдан әрі "гаишник" екеуміздің диалогымыз былай өрбіді: - Документтеріңіз... - Неге өзіңізді таныстырмайсыз? Не себепті тоқтаттыңыз? - Старшина Бәленше Түгеншеев. Плановый тексеру. Документтеріңіз. - Мінекиіңіз! Бәрі орнында. - Ммм... Не іштіңіз? - Не ішкені несі?.. Қымыз іштім! "Қымыз іштім" деген бір ауыз сөз старшинаның қуақы өңіне қан жүгіртіп, көзін жайнатып жіберді.  - Түсіңізші машинадан! - Ал, түстік... Аяғым жерге тигені сол еді, старшина қабыланша атылып барып мәшинені өшіріп, кілтті қалтасына салып алды. Тапсырма солай болса керек. Мұнысы енді нағыз заң бұзушылық! Көлік - менің жекеменшігім. Менің меншігіме қол сұғуға қандай қақысы бар?! - Кілтті қай тесіктен алдың, сол тесікке қайтадан тығып қой! Менің көлігіме неге қол сұғасың?! Старшинаның ақылы бар екен, кілтті қолыма ұстата салды. - Жүріңіз бастыққа! Бастығы тәп-тәуір офицер көрінген бастапқыда. Бірақ старшина түсінген кейбір нәрселерді капитан түсінбейтін болып шықты.  - Не іштіңіз? - Қымыз іштім. - Асқазаныңызға түсіп көре алмаймыз ғой енді. Иіс шығып тұр. - Ненің иісі екеніне көз жеткізу үшін түсіп көруіңізге тура келеді... - Көзіңіз неге қызарып кеткен? - Аллергиям бар. - Неден? - Әр нәрседен... Капитанның айтқанынан ұққаным: қымыз ішкендердің бәрін "оформить" етіп жатыр және қымыз психотропты заттардың қатарына жатады! "Қымыз іштім" деп ақталып тұрған менің әрекетім баланың тірлігі екен. Ал, ендеше!  Басыма бір ой сап ете қалды. - Жарайды, - дедім. - Бірақ хаттамаға "қымыз ішкен, ал қымыз - психотропты зат" деп жазасыз. Капитанға да жан керек екен, шоршып түсті: "Жүріңіз, не ішкеніңізді анықтаймыз кәзір!". Алкотестердің "иесі" жекеменшік көлікте отыр. Мұнысы қаншалықты заңды-заңсыз екенін нақты білмеймін. Бірақ, менің ойымша, арнайы маман арнайы көлікте отыруы тиіс. "Вор должен сидеть в тюрьме" деген сияқты, әркімнің өз орны болуы керек емес пе?..  Қызық енді басталды. Алкотестердің "иесінің" айтуымен бес секунтқа жуық түтікшені үрлеп ем 0,31 деген сан жарқ ете қалды! Мәссаған! Енді қайттім?! Қымыз бұлай көрсетуі тиіс емес еді ғой! Оу, Тенгринюс дәл осы қымызға байланысты полицияны қатыстыра отырып тәжірибе жүргізбеп пе еді?! Ол сынақтың видеосын мына сілтемеден көресіздер. Онысы өтірік болғаны ма?! Капитан қуанып кетті. Хаттаманың бос бланкісіне менің аты-жөнімді әдемілеп жаза бастады.  Жалпы, журналистік куәлікті орынсыз шошаңдатып, көз шұқитындардың қатарынан емес ем. Оның үстіне куәлігім де жоқ. Бірақ, журналист екенімді, "әке-көкелемейтінімді", бұл істі аяқсыз қалдырмайтынымды, қажет болса, ең жоғарғы инстанцияға дейін жеткізетінімді, қажетті сараптамадан өтетінімді едел-жедел әрі сауатты ескерттім.  Капитан да, алкотестердің "иесі" де ойланып қалды. Сөйтті де аса бір құлықсыздықпен әлдебір алақандай қорапшаны қолыма ұстата салды: "Мынаған кіші дәретіңізді құйып әкеліңіз".  Онысы немістер шығарған дүние екен. Қысқасы, "тест на беременность" дегенді көзге елестететін - "тест на алкаголь".  Түкіріп жібере ме, әлде басқа нәрсе құйып әкеле ме деп күдіктенсе керек, капитан үңіліп қарап тұрды. Қайтсін енді, ол үшін дәл қазір мұнайдан да маңызды дүние осы боп тұрса... Әлгі "маңызды дүниеге" алақандай заттың тілшігін салып біршама уақыт тұрған капитанның өңінен қайтадан қан қашты. "Жөніңізді айтсаңызшы, не дейді мынауыңыз?" деген сұрағыма "оны қазір дәрігер айтады" деп күңк етті. Ал енді дәрігер не айтты деп ойлайсыз? Әрине, "кіші дәреттен ешқандай алкоголь табылған жоқ" деді. Ендеше, хаттама да жоқ, айыппұл да жоқ, ештеңе жоқ! Сонымен, қымыз ішіп рөлге отыруға бола ма, жоқ па? Әбден болады! Тек уақыт пен жүйкеңізді шығындауға, қымыз ішкеніңізді табандап дәлелдеуге дайын болыңыз. P.S. Алкотестер не себепті 0,31 промилле көрсетті? Меніңше, бұл сұрақтың екі жауабы бар. Бірінші жауап: қымызды 2 литрден (төрт кесе) артық ішкен жағдайда белгілі бір мөлшерде алкотестер көрсетуі мүмкін. Өйткені алкотестер қымызды танымайды, оның танитыны "иіс" қана. Бірақ бұл қымыздың құрамында алкоголь бар деген сөз емес.  Екінші жауап: жол сақшылары көк шай ішсең де деміңнен алкоголь табатын "ақылды алкотестермен" шопырларды ақымақ қып жүр.  Бұл екі жауаптың қайсысын қош көрсеңіз де патша көңіліңіз білсін.

Ерік Рахым

Qamshy.kz 

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 жыл бұрын 5583
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232