Қазақстанның транзиттік әлеуеті қандай?
Қазақстанның транзиттік әлеуеті қандай?

«Әлемнің логистикалық картасы» деген ұғымның қолданысқа енгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Бұл қазіргі уақыттың стратегиялық құжаты іспетті дүние. Өйткені, экономикалық интеграция дәуірінде ел мен ел, құрлық пен құрлық арасындағы тауар алмасу мен сауда-саттық байланыстарының маңызы артып отыр.

Құлаққа сіңісті болған жаһандану ұғымын былай қойғанда, мемлекеттер арасындағы іскерлік, өндірістік байланыстарсыз қазіргі әлемді елестету қиын. Ал осы логистикалық картаның маңыздылығы неде? Мәселен, ғаламшардың екі бөлігіне орналасқан дамыған мемлекеттер арасындағы қандай да бір тиімді келісімдердің толыққанды жүзеге асуы үшін оларға үшінші мемлекеттің көмегіне жүгінуге тура келетіндігі анық. Бұл жағдайда үшінші ел үшін мүмкіндік көзі ашылмақ. Аумақтық ерекшеліктерге сай ішкі қызмет көрсету тетіктерін іске қосудың тиімді жолдарын таңдаған елдер үшін бұл экономикалық табысқа жетудің де жолы болмақ. Әлемдік тәжірибеде құрлық пен құрлықтың арасын жалғап, айналымдағы жүк пен жолаушыларды тасымалдау мен өткізу арқылы ғана экономикасына қомақты табыс түсіріп отырған мемлекеттер бар екен. Дәлел іздегендер үшін Венгрия мен Швейцарияның тарихын оқуды ұсынамыз. Яғни, «Әлемнің логистикалық картасы» деген түсініктің аясына, осы үшінші елдің транзиттік, логистикалық әлеуеті, тіпті көлік жолдары мен темір жолының сапасы мен қызмет көрсетудің барлық түріне қатысты ұғымдар сыйып жатыр.

Біз осы әлемдік маңызға ие құжат туралы сөз бола қалған жағдайда, алпауыт мемлекеттер тарапынан Қазақстанның транзиттік тасымалдау әлеуетіне деген қызығушылық артып отырғандығына маңыз беруіміз керек. Өйткені, еліміздің қолайлы жағырапиялық орналасуы дүниежүзі елдері арасындағы сауда-саттық айналымына да ықпал етуге жол ашып отыр. Бұл талаптар Мемлекет Басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі бағыттың бірі ретінде айтылды. Жолдаудың 5-бағыты болып табылатын логистикалық инфрақұрылымды дамыту еліміздің маңызды басымдығы болып белгіленді. «Оған қазірдің өзінде қомақты инвестиция жұмсалды. Енді одан экономикалық қайтарым ала бастау қажет» деп атап өткен Елбасы құрылымды дамытудың негізі жолдарын да көрсетіп берді. Үкіметке жүктелген міндеттердің негізгілері ретінде контейнерлермен тасымалданатын жүктердің көлемін 7 есеге, яғни 2 миллион контейнерге дейін, ал жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есеге, нақтылағанда 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, еліміз транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есеге көбейтіп, жылына 4 миллиард долларға дейін табыс табу мүмкіндігін қарастырып отыр.

Жолдау жүктеген міндеттер табан астынан табыла кеткен талаптар емес, бұған дейін жобаланып, иі қанған, игілігіне көз жеткен жобалардан бастау алғандығы анық. Елбасы атап өткен жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту тәжірибесі «Нұрлы жол» бағдарламасымен ұштасып жатыр. Елбасы осы Жолдауда: «2015 жылы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын ұсындым. Өткен 2 жыл ішінде бағдарлама өзін толық ақтады» деді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жолдауда «Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет» деген міндет жүктеді. Бұл ретте Қазақстан аумағы арқылы өтетін «Жаңа жібек жолы» арнайы жобасының жемісін көріп отырғанымызды тілге тиек етуіміз керек сияқты. Мәселен, көрші Қытайдың экономикалық қуаты мен өндірістік лидерлігі арқасында құрлықтардың назары Қазақстанға да ауып тұрғаны анық. Яғни, «Әлемнің логистикалық картасы» аясында Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалануға Еуропа елдері мүдделі болып отыр. Нақты мысал үшін айталық, биылғы жылдың басында Қытайдан Ұлыбританияны бетке алған жүк пойызы жолға шыққан болатын. Көрші елдің Чжэцзян провинциясындағы Иу қаласынан Лондонның Баркинг ауданына дейінгі 11 999 шақырым қашықты еңсерген жүк пойызы Қазақстан тарапының логистикалық қызмет талаптарына толықтай сай екендігінің бір дәлелі болды. Ресей, Германия, Беларусь, Польша, Бельгия, Франция сияқты мемлекеттердің шекарасын басып өткен пойызға алғашқы қызмет көрсетілетін аумақ Қазақстан болған еді. Жүктерді кедендік тексеру кезіндегі түсіріп, тиеу, буып-түю сияқты жұмыстардың сыртында темір жол бойындағы техникалық қолдаудың өзі еліміздегі лайықты қызмет көрсетудің бір ізге түскендігін көрсетті. Ендігі жерде Елбасы жолдауында жүктелген міндет ретінде бұл саланың дамуына нақты көңіл бөлінуі тиіс.

Жалпы, біздің транзиттік әлеуетіміздің артуы Еуропа елдері мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланысты да жаңа деңгейге көтергені анық. Мысалға, Қытайдың батыс қақпасынан аттанған жүк су жолы арқылы Еуропаның орталығына жеткенше 40 тәулікке дейін уақыт жоғалтады екен. Немесе дәл осы жүкті ұшақ арқылы тасымалдау су жолына қарағанда 10 есеге қымбатқа түсетін көрінеді. Ал Қорғастағы құрғақ порттың іске қосылуы кәрі құрлыққа бағытталған жүк керуенін 15 күн ішінде жеткізуге мүмкіндік береді. Жоғарыда айтқанымыздай, Лондонға жеткен жүк пойызы айшылық алыс жолды 18 күн ішінде жүріп өткен болатын. Демек, Қазақстанның «Әлемнің логистикалық картасындағы» орыны салмақты деген сөз. Діттеп келгенде, еліміз жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытуды басты міндетке ала отырып, экономикалық тиімділік пен таза пайда үлесіне қол жеткізетіні анық. Бұл біздің еліміздегі көлік хабының қалыптасуының кепілі. Ал Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауы осы жолдағы стратегиялық бағыты айқындаушы құжат болып қала береді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
7 жыл бұрын 5001
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232