Қазақша өлшем бірлік атауларын білесіз бе?
Қазақша өлшем бірлік атауларын білесіз бе?

Қазақ халқы – дана халық. Неге десеңіз, әр сөзге аса талғампаздықпен мән беріп, сәтті атаулар құрастырған. Бүгінгі материалымызда өлшем бірлік атауларын ұсынамыз.  Бұл жайында stan.kz материалынан біле аласыздар.

Қазіргі таңда қолданылатын килограмм, метр, сантиметр атаулары ол кезде таңсық болғаны анық. 

Қазақ өлшемдері қазақ халқының тұрмыс-салт ерекшеліктеріне негізделген.  

Мысалы, «бір қыдыру жер»«түстік жер»«айшылық жол» деген сөз тіркестері қашықтықты білдіреді. Олар ең кіші салмақ өлшем ретінде арпа дәнін қолданған. Кейбір жазба әдебиеттерде сақталған мәліметтер бойынша арпа дәні алтын мен асыл тастардың салмағын теңеуге арналған қазыналық өлшем ретінде қолданылған. Оған қарағанда бір арпа дәні шамамен 45 мг болған. Басқа жерде осы арпа дәні ұзындық өлшемі ретінде де пайдаланылған. Ал арпаның алты дәнінің еніне тең өлшем бармақ деп аталған.

Енді халықаралық өлшем бірлік атауларымен байырғы қазақ өлшемдерін салыстырайық.

Қолдың қары = ағылшын «ярды» 

Табан = ағылшын футы (foot – табан)

Бармақ («Бармақ елі қазы»)  = ағылшынның дюйм (голландша – үлкен саусақ) өлшемі

Қазақтың «шақырымы» = орыстың «верстасы»

Мысқал = орыстың «долясы»

Қазақтың «қадағы» = ағылшынның «фунты» 

Әрине, бұл өлшем бірлік атаулары дәлме-дәл бір-бірімен сәйкес келмеуі мүмкін. Бірақ шығу төркіні, атқаратын қызметі жағынан төркіндес, тектес деуге әбден болады.

Өлшемдерді дәл беруде адамның аяғы мен қолының да қызметі ерекше.

Қолдың қары – кеуденің орта тұсынан кере созылған қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралыққа (80 – 85 см шамасы) тең ұзындық бірлігі. Кейде оң иықтан бүкіл кеудені бойлай өтіп, кере созылған сол қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралық та (шамамен 1 м) қары ретінде алынады.

Қарыс – бас бармақ пен шынашақ ұштарын толық жазғандағы ұзындық (шамамен 19 – 20 см). Оны тұрмыста, құрылыста жиі пайдаланған. Мысалы, киіз үйдің уығы он екі – он алты қарыс мөлшерінде жасалады.

Сынық сүйем –  кере созылған бас бармақ пен сұқ саусақ ұштарының арасына тең (шамамен 17 – 18 см).

Ал бармақ пен бүгілген сұқ саусақтың арасына тең өлшемді сүйем дейді.  

Елі – сұқ саусақтың еніне тең ұзындық бірлігі (шамамен 2 см). Қазы майының қалыңдығы, ою-өрнектің мөлшері, т.б. елімен өлшенген. Қазақ арасында «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ» деген нақыл сөз бар.

Буын – ортаңғы саусақтың ұшынан оның ортаңғы буынына дейінгі аралыққа тең ұзындық (шамамен 5 – 6 см) бірлігі. Сәулетті сарайлар мен түрлі ғимараттардағы ою-өрнектің мөлшері осы буынмен өлшенген. Ол тігін, киім пішу жұмыстарында да қолданылған.

Қадам – адамның бір адымына тең ұзындық (шамамен 60 – 70 см) бірлігі. 

Құлаш – иық деңгейіне сәйкес кере созылған екі қол ұшының арасына тең ұзындық бірлігі. 

Сонымен қатар, табақ, батпан, қап, қадақ, мысқал т.б. өлшем бірліктері бар.

Табақтың өзі екі түрге бөлінеді. Ол үлкен табақ (шамамен 11,7 – 12 кг) және кіші табақ (шамамен 3,9 – 4 кг). Үлкен табақ астық салығын төлеу кезінде, ал кіші табақ сауда-саттық, алыс-беріс жұмыстарында қолданылған. 

Қап – негізінен астық мөлшерін өлшеуге арналған салмақ бірлігі. Ол  65 – 66 кг-ға, ал кей жерлерде алты пұтқа (96 кг) тең болған. Сонда 1 қап = 6 пұт.

Батпан – 10 фунтқа тең. «Ауру батпандап кіреді» деген сөз де осы ауырлықты білдіреді.

Қадақ – ертедегі шығыс елдерінің көбісінде қолданылған салмақ бірлігі. Ол Еуропада кең тараған фунт өлшеміне сәйкес келеді.

Мысқал – Шығыс елдерінде кең тараған салмақ бірлігі. Мысқал араб елдерінде, Үндістанда, Шығыс Африкада, Орта Азия мен Қазақстанда қазыналық өлшем ретінде пайдаланылған. Мысқал 4,31 г-ға тең болған, алтын мен күміс ақшалардың, бағалы заттар, дәрі-дәрмектер мен бояулардың өлшемі ретінде қолданылған.

Танап – қазақ халқының егін шаруашылығымен айналысқан жерлерінде жер аумағын өлшеу үшін қолданған өлшем бірлігі. Ол 1820,83 шаршы метрге тең.

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 жыл бұрын 2771
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232