7 мамырда онлайн режимде өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында аталған кеңестің мүшесі әрі Bilim Media Group компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы Қазақстандағы білім беру формасына қашықтан оқытуды ресми түрде қосуды ұсынған еді. Оның айтуынша, аталған жүйе елімізде ресми қолданысқа енгізілмесе, шетелдік білім беру платформаларын таңдайтын қазақстандық оқушылар көбеймек. Сонымен, елімізде алғаш рет жүзеге асқан қашықтан оқыту форматы қалай өтті, артықшылығы мен кемшілігі қандай?
Толық карантин мерзіміне сәйкес келген оқу жылының IV тоқсаны да аяқталып, мектеп оқушылары демалысқа шықты. Төтенше жағдай кезінде Қазақстан мектептері қашықтан оқуға көшкен еді. Оқушылар үшін қашықтан оқыту Bilim Media Group компаниясының Online Mektep жобасы арқылы жүзеге асып, 6 сәуір мен 22 мамыр аралығында «Ел арна», «Балапан» телеарналарынан, сонымен қатар аудионұсқасы «Радио Классика» және «Қазақ радиосынан» трансляцияланды.
Өз кезегінде, Bilim Media Group компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы 6 сәуірден бастап қазіргі уақытқа дейін жоба порталындағы бейнесабақтар 73,9 миллионнан астам, ал YouTube арнасында 15,3 миллионнан астам көрілім жинағанын атап өтіп: «Бұл үлкен ынтымақтастықтың нәтижесі, мемлекет пен бизнестің төтенше жағдайдағы әріптестігінің мысалы деп білемін. Біз елдегі білім беру сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жұмыс істеуді ары қарай жалғастырамыз», - деді.
Сонымен қатар, жоба аясында қырық екі мектеп пәні бойынша үш мыңнан астам бейнесабақ, жиырма мыңға жуық жаттығулар мен тапсырмалар құрастырылып, соның нәтижесінде қазақстандық оқушылар карантинде қашықтан оқу мүмкіндігіне ие болды.
Bilim Media Group бастамасымен жүзеге асқан жобаға ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдау көрсеткен. Министрлік мұғалімдерді іріктеп, сонымен бірге, сабақ сапасын бақылауды қамтамасыз етсе, Bilim Media Group командасы сабақты түсірумен, аудиовизуалды безендірумен, монтаждаумен және техникалық қолдаумен айналысты. Аталған жобаға барлығы жүз алпыс мұғалім, қырық әдіскер және Bilim Media Group компаниясының жүзден астам қызметкері қатысқан. Мұғалімдер сабақ өткені үшін қаламақы, сондай-ақ төтенше жағдайдағы жұмысы үшін сыйақы алды. Ал 25 мамырда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов карантин уақытында екі ай бойы, демалыссыз жұмыс істеп, бейне-сабақ дайындауға атсалысып жүрген жобаға қатысушылармен онлайн жиналыс өткізіп, алғысын білдірген болатын.
Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы №64 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Мэлс Қуанышқалиевпен әңгімелесіп, аталған жобаға қатысты сұрақтарымызды қойдық. Мэлс Қайырбекұлы, ең алдымен, жұмыс барысы туралы айтып өтті.
(Суретте: №64 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі Мэлс Қуанышқалиев)
– Online Mektep жобасы басталатын уақытта маған өзім еңбек ететін№64 мектеп-лицейінің директоры Баймұратова Бану Әлімжанқызы хабарласып, қалалық білім басқармасынан сұраныс келгенін айтты. Содан ұсынысты қабылдап, жұмысты бастадым. Елімізде тұңғыш рет болып жатқан жаңа жобаға Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының және білім басқармасының әдіскерлері атсалысты. Мен тікелей Қайыпбаева Айгүл Тоқтарбайқызы және Әмірғалиева Дайра Қайнемқызы сияқты білікті де білімді әдіскерлермен жұмыс істеп, әріптестік орнаттым. Ол кісілер сабаққа қатысты ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беріп отырды. Сонымен қатар, әдіскерлеріміз төртінші тоқсанның сабақтарын бөліп беріп, қай күні қай сабақ түсірілетінін бекітті.
Алғашында дүниежүзі тарихы пәнінен 11-сыныпқа арнап сабақ дайындадым. Бұл жерде жұмыс барысы үшке бөлінеді. Атап айтсақ, сабақ сценарийін, презентациясын, сосын тезисін, яғни айтатын сөзімізді даярлап қоямыз. Бір көрсетілім уақытын он бес минуттан есептеп, IV тоқсанның жеті сабағын жасадым. Материалдарым қабылданғанмен, түсірілімге журналист Саят Жөкенұлын бекітті. Кейіннен қайта шақырылып, сол дүниежүзі тарихы пәнінен бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші сыныптарға арнап сабақ түсірдім.
Мэлс Қайырбекұлы қашықтан оқудың тиімді тұстарын да атап өтті. Ұстаздың айтуынша, Online Mektep жобасы мол тәжірибе жинауға көмектескен.
– Қашықтан оқыту батыс елдерінде бұрыннан бар. Сонау XVIII ғасырдан бастау алып, XX ғасырдан бері әлемдік қолданыста жүр. Біз осы уақытқа дейін ол туралы естігеніміз болмаса, тікелей іс жүзінде кездестірмедік. Дүниежүзілік пандемияға байланысты, төртінші тоқсанда амалсыздан бастадық. Өздеріңіз білетіндей, онлайн сабақ беруге ауыл-аймақтардағы интернеттің дұрыс істемеу мәселесі кедергі болған еді. Бірақ осындай жолмен басталса да, біз қашықтан білім берудің берген пайдасына көз жұмбауымыз керек. Мысал келтіретін болсақ, кей мұғалімдер интернетті пайдалануды, компьютермен, Google classroom сияқты түрлі бағдарламалармен жұмыс істеуді білмейтін. Осы уақыт аралығында біраз адам өзінің электронды білімін толықтырды. Бұл ата-аналарға да қатысты. Олар үйде балаларына сабақ бере отырып, мұғалімдердің қадірін біліп, білім берудің күрделі процесс екенін түсінді деп ойлаймын.
Өзім үшін де бұл жоба үлкен тәжірибе болды. Жобаға қатысқан бәріміз камера алдында сабақ беруді үйрендік. Бастапқыда, «мектепте отыз-қырық баланың алдында сөйлеп жүрген адам қалайша қателеседі» деген мәндегі сындар естідік. Өз басымнан өткерген адам ретінде айтарым, оның аурасы мүлде бөлек болады екен. Бір нүктеге қарап отырып, қозғалмай сөйлеу үйренбеген адамға біршама қиындық тудырады. Біз, мұғалімдер, негізінен оқушымен тікелей қарым-қатынасқа, арадағы сұрақ-жауапқа үйреніп қалғанбыз. Ал жансыз камераға сабақ түсіндіру, ар жағындағы оқушы оны қалай қабылдайды, сабақты дұрыс өтіп жатырмын ба деген толқыныс бар, қателесіп кетпейін деген ой бар, соның барлығы өз әсерін тигізеді. Бірақ, алғашқыдай емес, екі-үш сабақтан соң біртіндеп бой үйренеді екен. Осының өзінен айтарлықтай тәжірибе жинауға болады.
Тағы айта кетерлігі, бұрын интернетте білім саласындағы қазақ тілді контент өте аз болды. Болған күннің өзінде, көбі сапасы жағынан сүрініп жатты. Бір тақырыпты іздей қалсақ, көбіне ағылшын, орыс тілдеріндегі мәліметті табатын едік. Ал енді осы Online Mektep жобасының аясында түсірілген сабақтардың бәрі Youtube платформасына салынды. Іздеген адам кез келген уақытта қарай алады. Бұл да білім саласына өзіндік пайдасын тигізіп отыр.
Мэлс Қайырбекұлы қашықтан оқудағы білім нәтижесі мектепте білім алумен салыстыруға келмейтінін алға тартты. Сонымен қатар, алғаш рет қолға алынған жобадағы жетістіктерімен бөлісті.
– ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі де онлайн оқыту, қашықтан оқытудың мектептегі сабақты толықтай алмастыра алмайтынын айтып кеткен еді. Бұл оймен толықтай келісемін. Өйткені, мектепте мұғалім мен оқушы тікелей қарым-қатынас жасайды. Оқушы сабақты түсініп жатыр ма, білімі қай деңгейде, мұғалім бір көзқараспен-ақ бәрін сезіп отырады. Сонымен қатар, мектеп арқылы қоғамға бейімделеді, қоршаған ортаны танып біледі, өзге сыныптастарымен байланыс жасап, адамдармен араласуды үйренеді. Бірақ та, қазіргі жағдайда мектептегі оқу мен қашықтан оқуға бірдей баға беруге болмайтыны анық. Министріміз де пандемияға байланысты кез келген жағдайға дайын болу керек екенімізді айтты. Расымен де келер жылы оқу жылы қалай басталатынын сіз де, біз де білмейміз. Қайталап айтар болсақ, бұл мәжбүрліктен қолға алынған дүние.
Биыл бірінші рет жүзеге асқаннан кейін, бастапқыда кемшіліктер болғаны рас. Оған көпшілік түсіністікпен қарайды деген ойдамын. Он бес минуттық бір сабақтың артында қаншама маман, қаншама еңбек жатыр. Бір жарым ай бойы олардың бәрі жанын салып жұмыс істеді. Жалпы бәрі сәтті шықты деп санаймын. Осы бағытта 25 мамырда өткен жиналыста ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырза жобаға атсалысқан мұғалімдерді Ы.Алтынсарин атындағы медальмен, Құрмет грамотасымен марапаттады. Маған аталған министрлік атынан Құрмет грамота, Bilim Media Group атынан сертификат табысталды. Сонымен қатар, әр түсірген сабағымызға қаламақы беріп, қосымша үстемақы тағайындады. Бұл орайда жасалған еңбегімізді ескеріп, бағалап жатқандарына алғысымды білдіремін!
Алғашқы кезде елімізде қашықтан оқытуға айтылған сындар көп болса, қазір жағдай өзгерді. Бұл оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің қашықтан оқуды және оның ерекшелігін меңгеруіне байланысты еді.
Дана Жаңбырбаева, ата-ана:
– Бастапқы уақытта білім беру жүйесіндегі өзгерістерге үйрене алмай жүрдік. Онлайн оқығанда сабаққа дер кезінде қосыла алмай, тапсырманы қайда жазарымызды білмей қалдық. Оған себеп, ұйымдастырылу жұмысының дұрыс жүргізілмегені еді. Кейіннен қашықтан оқу форматымен бір ізге түсті. Биыл кіші қызым Ыбраимжан Айзере бірінші сыныпты бітірсе, үлкенім Ақерке 9-сыныпты тәмамдады. Айзере күн сайын «Балапан» телеарнасындағы бейнесабақтарды көріп, тапсырмаларды өз бетінше орындауға тырысты. Мен өзім де педагог болғандықтан, бағыт-бағдар беріп, тапсырмасын тексеріп отырдым. Алғашқы баспалдағы жаман емес, қызым үздік оқығаны үшін мадақтама алды. Осы орайда, алғаш қалам ұстауды үйреткен сынып жетекшісі Әлия Жақияқызы Кулашеваға және №59 мектеп-лицей ұжымына отбасымыздың атынан алғыс білдіреміз.
Ал Ақеркеге қашықтан оқу қиындау болды. Қызым музыкалық мектептің фортепиано сыныбын бітірді. Музыкалық білім күн сайын үлкен дайындықты талап ететіні белгілі. Негізгі пәндерден бөлек, қосымша сабақтары да көп. Бұған қоса, ұстаздарымен жиі байланыс жасап отыруға тиіс. Мұғаліммен бейнеқоңырау арқылы хабарласып, шығармаларды ойнап беріп жүрді. Алайда, ол кісілердің де уақыты тығыз болады, өйткені әр баланы жеке тексеріп, тыңдап үлгеруі керек. Сонымен бірге, емтиханға арналған тапсырмасын да, яғни музыкалық шығарманы бейнежазбаға түсіріп жіберді, сонымен бағаланды. Бұған қоса, бітіруші сынып болғандықтан, ұстаздарымен, сыныптастарымен мауқын басып қоштаса алмағанына қамығып жүрген еді, бірақ бүгін ғана аттестат табыстау рәсімінің өтетінін естіп қуанып қалдық.
(Суретте: №59 мектеп-лицейінің оқушысы Айзере Ыбраимжан)
Жалпы, ата-ана ретінде де, елорданың тұрғыны ретінде де айтарым, қандай жағдайда да төзімділік, жауапкершілік керек екенін тағы бір мәрте түсіндік. Үйде терезеден телміріп, торға қамалған құс сияқты отырғаннан гөрі емін-еркін жүргенге не жетсін?! Айзерем алтын ұя мектебін сағынып, күзге дейін тағатсызданып күтіп жүр. Мектеп те құшағында асыр салып ойнаған құлыншақтарды, сыңғырлаған қоңырау үнін сағынған шығар. Ендігі бір ғана тілек, Алла амандығын беріп, бәріміз бұрынғы күндермен қайта қауышсақ екен!
Жоғарыда сөз еткендей, IV тоқсанға арналған оқу бағдарламасы елдің кәсіби мамандарының қатысуымен әзірленді. Осы күрделі кезеңде еліміздің білім беру жүйесі барлық инновациялық технологияларды пайдаланды. Осындай қысқа уақыт ішінде ұйымдастырылған қашықтан оқыту жүйесінің қорытынды көрсеткіші мен жетістігі күтілген шамадан да асып түсті. Бұл білім беру саласындағы мамандар мен оқытушылардың атқарған еңбегінің нәтижесі деп толық айта аламыз.
(Суреттер кейіпкерелеріміздің жеке мұрағатынан және bilimland.kz сайтынан алынды)
el.kz