Қалмұрат Естай: Израиль-Палестин қақтығысы жайлы бір-екі ой
Қалмұрат Естай: Израиль-Палестин қақтығысы жайлы бір-екі ой
Саясатты мораль емес, мүдде басқарады. Бұл аксиома соңғы күндері тағы да дәлелдене түсті
Палестин халқына жанымыз ашиды, әрине. Өз жерлерінде қорлық көріп отыр. Алайда, назар аударылу керек өзге де мәселелер бары анық
Мысалы, өткен ғасырдың 30 жылдарындағы жердің сатылуы. Палестиндіктер жаңа қоныс іздеп келген еврей жұртына тақыр шөл ғой деп, жерді аямай сатты. Еврейлер де о бастан өз құнынан қымбатқа сатылған жерлерді тартынбай ақ алды. Кейін олар ол жерден кетеді, яки тып-тыныш қана өз тірлігімен айналысып отыра береді деп күткен адам - кемі аңқау. Бұл - бірінші мәселе
Еврей халқы көшіп келді, орналасты. Бірақ олар да құдысты өз атақоныстары деп есептейді. Сол себепті мемлекет құрып, оны Израиль деп атайды. Таяу Шығыс түгел социализмге алданып, Кеңестермен дос болып тұрғанда, АҚШ бастаған капиталистік блок үшін ТШ-та либерал Израильдің пайда болуы іздегенге сұраған болды. Бұл - екінші мәселе. АҚШ Израильге экономикалық және әскери қолдауын аямады. Сөйтіп Израиль аймақтық держава боп шыға келді. Оны заңсыз мемлекет деп соғыс ашқан араб коалициясы тас-талқан боп жеңілді
Үшіншіден, Палестиндіктердің қыстың қамын жаз ойламауы бар. Израиль жерді игеріп, әскерін қуаттандырып жатқан кезде Палестинде де, көрші арабтарда да жөнді даму болмады. Еш салада. Айналасы толған диктатура мен автократия, бұл да Израильдің қысқа мерзімде озып шыға келуіне алып келді. Египет, Сирия сияқты елдер де осы жолды таңдағанда, бәлкім 67-жылы бәрі басқаша аяқталар ма еді. Ал Палестинада әлі тұрақты әскер жоқ
Төртінші мәселе - қазіргі жағдай. Көріп отырғанымыздай, мұның бәрі белгілі бір деңгейде заңды құбылыстар. Тарихи детерминация бізді қазіргі нүктеге о бастан жетелеп келе жатты. Жоғарыдағы пунктлердің әрқайсысы бір тоқтап, ойланар аялдама еді. Бірақ өкінішке орай, олай болмады
Бесінші мәселе - енді не болмақ? Мұнда да бәрі өте қарапайым. Өзін өлердей жек көріп, мемлекет ретінде өмір сүруге құқығы жоқ деп есептейтін Египет сияқты елдер барда, еврейлер қаруын одан әрі дамыта береді. Арабтар мүддесіне қарай орыстан, түріктен ескі қару алып отырғанда, Израиль әлемде жоқ ПВО-лар мен беспилотник жасауын әсте доғармайды. Ал БАӘ-нің жолына түсіп, әлі талай ел Израильді мойындап, дипломатиялық қатынас орнатады. Ең бастапқыда айтқанымыздай, саясатты тек мүдде басқарады.
Алтыншыдан, біз не істейміз, бұдан қандай сабақ аламыз? Ердоған барып Палестинді азат етеді деу - таза инфантилизм. Бұндай сөздер біздің саяси санамыздың өспегенінің көрінісі. Өзін жан жақтан қоршап, қай күні сыбап алар екем деп отырған 300 миллион арабты пысқырмаса, оның бәрін есеппен жасап отыр еврей. Таяу Шығыстың басты ойыншыларының бірі Иранның өзі сескенеді олардан. Ал Ердоған былтыр да, оның алдында да айқайлаған. Ол тек ұпай жинаудың бір жолы. Палестин халқының тағдыры бізге сыртқы күш пен ғайыпқа емес, өз күшімізге сеніп, соған иек арту керек екенін көрсетеді. Себебі, ислам өркениетінің өзегі болған Андалустің өзін басып алып, мешіттерді қора қылғанын білеміз кезінде католиктер. Өзіңе бірінші кезекте өзің көмек бермесең, әрекет жасамасаң, Алла не үшін көмек береді? Алла шаруаны оңдау үшін тілмен сұрап қана қою - жеткіліксіз. Оған әрекет қосылуы керек
Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 жыл бұрын 1954
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232