ҚАБІРГЕ БІРІНШІ ЖАТҚЫЗЫЛАТЫН АДАМ ОСЫ
ҚАБІРГЕ БІРІНШІ ЖАТҚЫЗЫЛАТЫН АДАМ ОСЫ

Хафиз (араб.: حافظ «жатқа жаттап алушы», «сақтаушы») —Қасиетті Құран Кәрімнің сақтаушысы, Құранды толығымен жадында сақтап алушы. Хафиз деп сонымен қатар, ондаған мың хадистерді, олардың иснадын, риуаятшылардың қасиеттерін, сенімділігін білетін ғалымдарды атайды. Мысалға Хафиз Ибн Кәсир, хафиз әз-Зәһәби. Ауыздан ауызға берілген Ислам мұрасы дінді бастапқы қалпында сақтауда үлкен роль ойнайды. (Уикипедия сайтынан алынды),

Құранды жаттап, келесі ұрпаққа жеткізу дәстүрі әлі күнге дейін жалғасуда. Құран Кәрімді жатқа білуші хафизді бізде Қари деп те атайды. Сонымен, Қари осы және келесі өмірде қандай марапатқа ие болады? Оның туыстары мен артында қалған ұрпағы ше?

Бұл сауалдардың бірнеше жауабы бар:

Біріншіден: Құранды тек Аллаға құлшылық ретінде жаттау қажет. Егер адам Жаратушының назарына ілігіп, күнәлары кешірілуін тілеп, өлгеннен кейінгі өмірін жақсылықта өткізу мақсатында ғана жаттаса, Алла қаласа ол адам осы және келесі дүниеде зор марапатқа ие болады. Ал, басқа мақсатты көздеген адам Алланың қаһарына ұшырауы ғажап емес.

Қари адамға Құранды осы өмірдің игіліктерін пайдалану мақсатында жаттауына болмайды. Өйткені ол – Алланың сөзі. Алланың сөзін саудаға салу үлкен күнә! Яғни, Құран аяттарын оқу арқылы күнкөрісін қамтамасыз етіп, дүние жинап, болуды көздеуге болмайды. Аса үстем Алла Қаридің осы және келесі өмірдегі орнын белгілеп қойған:

1. Құранды жатқа білетін адам жамағат намазында имамның орнында болу құрметіне ие.

Абу Масуд әл-Ансари (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Халықтың намазын Алланың Кітабын көп білетін адам басқара алады. Егер олардың Құрандағы білімі тең болса, онда олардан Сүннетті жақсы білетіні басқарсын. Егер Сүннет жолындағы білімі тең түссе, онда қажылыққа алғаш барғаны басқарсын. Ал, егер, олардың қажылық сапары бір мезетте болып, бұданда тең түссе, онда олардың жасының үлкені намазда алдында тұрсын. Ер адам білімі өзінен жоғары келген ер адамның алдынан орап, рұқсатсыз оның орнын иелік етпесін» (Муслим). Тағы бір хадисте Абд-Аллах ибн Омар (оған Алла разы болсын) айтады «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мединаға келмес бұрын, мухаджирлердің алдыңғы тобы Кубаға жеткенде намазды Абу Хузайфаның босатылған құлы Салим басқарды. Ол Құранды басқалардан көп білетін» дейді. (Бухари).

2. Қабірге басқа да адаммен бірге қойылатын жағдайда, Қаридің денесі бірінші және құбылаға жақынырақ жатқызылады.

Жабир бин абд-Аллах (оларға Алла разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ухуд соғысында екі адамның денесін бір киімге орап жатып: «Олардың қайсысы Құранды көп білген?» деп сұрады. Көрсеткен адамды қабірге бірінші жатқызды да: «Қиямет күні мен осы екі адамға куәлік етемін» деп айтты. Сосын Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл денелерді қан киімдерімен, дәретсіз және жаназа намазынсыз жерлеуді бұйырды» деген (Бухари).

3. Егер Қаридің басшы болуға қабілеті (жасы, жалпы білімі және т.с.) жететін болса, онда ол басшы болуға лайық делінеді.

Әмір бин Уәсілден жеткен хадисте Нафи бин Абд әл-Харис Усфан жерінде Омармен (оған Алла разы болсын) кездеседі. Сол кезде Нафиден: «Меккенің жауапты қызметкері етіп кімді тағайындадың?» деп сұрайды. «Ибн Абзды» деп жауап береді. Омардың (оған Алла разы болсын): «Ибн Абз деген кім?» деген сауалына Нафи: «Еркіндікке шыққан құлдарымыздың бірі» дейді. Мұндай жауапты күтпеген Омар (оған Алла разы болсын) таң қалып: «Сен еркіндікке шыққан құлды ел басқарушы етіп тағайындадың ба?» деп сұрайды. Сонда Нафи: «Ол Алланың Кітабын оқи біледі және мұрагерлік құқықты біледі» деп жауап берген екен. Омар (оған Алла разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Алла өз Кітабымен қалаған халқын көтеріп, қалаған халықты төмен түсіре алады» дейді. (Муслим).

Бақилық дүниеге қатысты айтар болсақ:

4. Қаридің дәрежесі Құранда оқыған соңғы аятына сәйкес болады.

Абдуллах бин Амр Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Құран оқушыға: «Оқы және дәрежеңді өсір! Пәнилік өмірде оқығаныңдай жатқа оқы, шындығында сенің дәрежең сенің соңғы оқыған аятыңа сәйкес болады». (Тирмизи, әл-Албани, Абу Дауд).

5. Ол періштелермен бірге сондай деңгейге көтеріледі.

Аиша (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан сөзін келтіреді: «Құранды жатқа біліп оқушы періштелермен бірге болады. Ал, қиналса да жаттап алу үшін оқыған адамның дәрежесі екі есеге ұлғаяды». (Бухари, Муслим).

6. Оның мәртебесін көтеріп басына тәж, үстіне киім кигізеді.

Абу Хурайра (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Құран келіп: «О, Құдай, оны көріктендір» дейді, сонда оған тәж кигізіледі. Сосын ол: «О, Алла, оның көркін арттыр» дейді, оған мәртебелі киім кигізіледі. Кейін: «О, Алла, оған разы бол» делінеді, Алла оған разы болады. Сосын: «Оқы және дәрежеңді өсіре түс және әр аят үшін саған шамағат етіледі» делінеді. (ат-Тирмизи, әл-Албани).

7. Құран Алланың алдында ол адам үшін араша болады

Абу Умама әл-Бахилиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Құран оқыңыздар. Ол қиямет күні әрбір Құран оқушыға араша болуға келеді. Екі «Сиыр» және «Имранның отбасы» сүресін оқыңдар. Өйткені қиямет күні олар өз серіктерін қорғау үшін екі бұлт, көлеңке немесе құстың екі тобындай болып келеді. «Сиыр» сүресін оқыңдар, өйткені ода қайыр бар. Оны қалдыру – залал және өтірікшілер оны көтере алмайды». Муавия айтты: «Маған анық болғаны, өтірікшілер бұл – балшылар». (Муслим, Бухари).

Екіншіден: Ағайын туыстары мен ұрпағына қатысты айтар болсақ, ата-анасы туралы өте керемет айтылған. Баласын дұрыс тәрбиелеп, білім үйретіп өсіргені үшін ата-анасы осы дүниеде болмаған байлықтан киім киеді. Тіпті, олар әдепсіз болса да Алла олардың құрметін осы перзенті арқылы арттырады. Ал, перзентін Құраннан алыстатып, оны оқып, үйренуіне тыйым салған ата-ана бақытсыздардың қатарында болмақ.

Абу Хурайра (оған Алла разы болсын) жеткізеді, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Құран өз серіктесін әдемі адам кейпімен кездестіріп: «Менің кім екенімді білесің бе? Сені түнгі ұйқыңнан оятқан және күндіз қажеттілікті сездірген Мен едім. Әрбір сатушы пайда көруді көздейді емес пе, басқаларға қарағанда сен бүгін Менің арқамда үлкен пайдаға кенеліп отырсың» дейді. Оның оң қолына патшалық (дүние, байлық), сол қолына мәңгілік беріліп, басына құрмет тәжі киіледі. Оның әке-шешесіне осы дүниеде жоқ байлықтан киім кигізіледі. Олар: «Бізді не үшін бұлайша киіндірді?» деп сұрайды. Оларға: «Перзентіңе Құранды үйреткенің үшін» деп жауап беріледі. (ат-Табарани). Бурайдадан жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Баласына Құранды оқуды үйреткен, оның қағидалары бойынша жүруді меңгерткен ата-ананың басына Қиямет күні күннің сәулесі секілді нұрдан тәж кигізеді және бұл өмірде болмаған бағалы киімдер кигізеді. Олар: «Бізге бұл киімді не үшін кигізді?» деп сұрайды. Оларға: «Балаңның Құрандағы құрметіне» деген жауап беріледі» дейді. (әл-Хәкім). Бәрі де Аллаға мәлім.

Олай болса, Құран оқуға асығыңыздар! Оны жатқа біліп, құндылықтарын сезіну, қағидаларымен жүру неткен бақыт десеңізші!


Нұров Махмұт қажы Нұрұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Ihsan.kz 

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 жыл бұрын 4140
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232