Паромға ұя салған қарлығаштар
Паромға ұя салған қарлығаштар

Күршімге жолы түскен жан Бұқтырма айдынына келгенде паромға отырады. Қос жағалаудағы қатынасты соңғы жылдары күрделі жөндеуден өткен «Күршім» мен «Ертіс» паромдары жалғап тұр. Бір паромға 70-ке жуық көлік сыя­ды. 200 тоннаға дейін жүк көтере алатын паром палубасы бір сәт босаған емес. Күршім мен Қалжыр арасындағы жол орташа жөндеуден өткелі бері Зайсан жағынан да қатынаушылар қатары артты. Паром арқылы өтіп жүрген зайсандықтар жолдың бұл бағыты біршама қысқа әрі қолайлы екенін айтады.

Көліктерді толтыра тиеп алған соң паромдар зәкірді көтеріп, көкшулан суды қақ жара жүзе бас­тайды. Жолаушылар да көлік­терінен шығып, айдынды тамашалайды, паромның екінші қабатына көтеріліп, дәмханадан шай ішеді, телефондарына суретке түседі. Міне, осы сәтте күллі жолаушылардың назары паромды жағалай ұшқан қарлығаштарға ауады. Енді бір сәтте құстардың паромдағы ұя­ларын да байқайсыз. Аузын аша шүпірлеген балапандарға азық тасыған қарлығаштар бір сәт те толастамайды. Осы бір су көлігіне жылылық сыйлаған қарлығаштар паромға жылда ұя салады екен. Он бес жылға жуық уақыт бойы Қызылту өткелінің меңгерушісі болып еңбек етіп келе жатқан Бақытбек Нұрпейісов қарлығаштарға паром жолаушыларының ешқайсысы тимейтінін, керісінше, құстарға қызыға қарап, қолда бар азығын шашуға тырысатынын айтады.

– Мен паромда 2004 жылдан бері жұмыс істеймін. Қарлығаштар сол кезде де бірді-екілі ұя салатын. Қазір әр паромда он шақты ұядан бар. Яғни, екі паромда жиырмаға жуық ұя бар. Біздің қарлығаштарға бауыр басып қалғанымыз соншалық, жылы жаққа кеткен соң кемеміздегі құстар базарының тарқағанына біразға дейін үйрене алмай жүреміз, – дейді Бақытбек Нұрпейісов.

Расында, паромға отырған сайын әсем де әйдік айдынмен бірге сусылдаған қанатымен сәтке тыным таппайтын қарлығашқа қарап көңіліңіз көтеріледі.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 жыл бұрын 4119
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232