ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ МҰХАММЕД (С.Ғ.С.) ТҮРІКТЕРДІ КӨРГЕН БЕ?
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ МҰХАММЕД (С.Ғ.С.) ТҮРІКТЕРДІ КӨРГЕН БЕ?

Өткеннен сыр шертетін қайнар-көздер тарих ғылымы бойынша аңыз-әпсана, жазба және заттай деректер болып бірнеше категорияға бөлінеді. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың көзі тірісінде түркілерді көргенін баяндайтын фольклорлық деректер кездеседі. Мысалы, Мәшһүр Жүсіптің жазбаларында: «Араб жұртынан бір Мұхаммед деген пайғамбар шығыпты!» – деп әуезесі айдай әлемге жайылып кеткенде, Түркістан аймағынан, Түрік ұрпағынан, Моғол нәсілінен, «Тоқсан екі баулы Қыпшақ» - атанып тұрған күндерде әр рудың адамынан тоқсан екі батыр атқа мініп, Араб еліне барған дейді. Әзіреті пайғамбар (с.ғ.с.) олармен сұқбаттасып болған соң: «Менің үмбетімнің ең жақсысы – түркі халқы» деп айтты деген аңыз айтылады (аңыздың қысқартылған нұсқасы). Ауызша жеткен бұл деректі растайтын қосымша дереккөздер табылмағандықтан, Мәшһүр Жүсіп жазбасындағы бұл аңыз тарихи шындық ретінде қабылданбайды. Дегенмен, еліміздің оңтүстік өңірінде осы аңыздағы кейбір кейіпкерлердің мазары кездеседі (Үкаш ата, Ерқоян сахаба). Яғни, Мәшһұр Жүсіп жеткізген фольклорлық дерек тарихи һәм археологиялық терең зерттеуді қажет етеді. Ал, жазбаша және заттай деректерге келетін болсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түркілерді көргенін баяндайтын азда болса, дерек баршылық. Көрнекті ислам тарихшысы әл-Балазури «Әнсаф әл-Әшраф» атты еңбегінде (1 том, 160 бет) Аммар бин Ясирдің анасы Сумайианың шыққан тегі түркі болуы мүмкін екенін айтады. Ал, Хақ елшісінің (с.ғ.с.) ислам тарихында алғашқы шахид болған осы қайсар анамыздың шыққан тегінен хабардар болған ба деген мәселеге келер болсақ, біз әлбетте, біз хабардар болған деп ойлаймыз.   Сонымен қатар, тарихи деректерде мұсылмандар Мәдинадан 623 жылы Қайнуқа тайпасын сүргінге айдағанда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) олардан түркі-соғды сауытын олжалағандығы (Х.В. Хауссиг. Жібек жолы және Орталық Азияның мәдени тарихы. 212-213 бб) айтылады. Тіпті, кейбір хадистерде Мұхаммед (с.ғ.с.) мен Айша анамыз (р.а) екеуінің түрік шатырында (киіз үй) тұрғандығы баяндалады. Біздіңше бұл деректер де әлі  зерделеуді қажет етеді.   Базбір зерттеушілер Ибнул-Асирдің «Усдул-Габа» (IV том, 139-140 бб) атты шығармасында көрсетілген Алла елшісі (с.ғ.с.) жазған хатты зерттеушілер ол хат түрік қағанына арнап жазылған деп біледі. Және Алла Елшісінің (с.ғ.с.) түркілердің жауынгерлігі мен турашылдығы хақында  айтқан бірнеше хадисі бар екені белгілі. Яғни, бір сөзбен айтқанда, бұл мәліметтерден шығаратын ой-қорытынды – Хақ елшісінің (с.ғ.с.) түркілердің жауынгер һәм алғыр халық екенінен хабардар болып, алдағы уақытта олардың күш-қуатымен ислам діні мәртебесінің асқақтайтынына көз жеткізгенін аңғарамыз.

Мұхан ИСАХАН

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
7 жыл бұрын 5300
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232