Оқушыларға ұлттық бұйымдар жасауды үйретіп жүрген ұстаз өзін туғалы бері қазақ сезінетінін айтады
Қарағанды қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы қазақ гимназиясында технология және көркем еңбек пәні мұғалімі болып еңбек еткен, ғұмырының 26 жылын ұстаздыққа арнаған Надежда Ивановна Рымбаева-Пескунова ұлты орыс болса да, өзін туғалы бері қазақ сезінетінін айтады. Бұл туралы блогер Айсұлтан Жақыпов өзінің YouTube каналында жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Надежда Ивановна Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қоянды ауылында туып-өскен. Сол ауылда қазақ азаматына тұрмысқа шыққан.
«Түр-келбетім ғана басқа болғанымен, отбасым – қазақ. Адамды тәрбиелейтін орта ғой. Кішкентай кезімнен қазақша сөйлеп келемін. Сарандағы педучилищеде оқыған кезімде орысша сөйлей алмай, қиналатынмын. Сонда мұғалімдер таңданып, тіпті ұрсатын еді. Ойымды орысша жеткізейін десем, сөздерді ұмытып қала беретінмін, қазақ тілінде айтқып кеп тұратын. Кейіннен аздап орысша үйреніп алдым», – деп күледі Надежда Ивановна.
Зейнетке шыққанша еңбек пәнінен сабақ берген Надежда апай оқушы қыздарды ұлттық қолөнерге баулып, кендір жіптен түрлі бұйым тоқуды үйретіп келген.
«Жас кезімде көрші әжелер сырмақ, текемет, ши тоқитын. Қолөнерге деген қызығушылығым сол кезден басталды. Оқушы қыздарға «Ертең тұрмысқа шыққанда, ине-жіп ұстай алмай жүрсеңдер, қиын болады» деп, қолдан келгенше білгенімді үйретуге тырысамын. Аспаздық жұмысқа да баулимыз.
24-25 жылдан бері мектебіміздің оқушылары жылы жүн шұлықтар тоқып, Степнойдағы «Шапағат» балалар үйіне жіберіп отырады. Әр Жаңа жыл қарсаңында жетім балаларға қолдан тоқылған киімдер мен өзге де бұйымдарды сыйға тартып, мерекемен құттықтап барып тұрамыз», – дейді ұстаз.
Дүниеден озғанына он жыл болған ерінен қалған ұлы мен қызын жеткізіп, бүгінде үш немеренің әжесі атанған Надежда апай былтыр зейнетке шыққан екен.
«Қазақ отбасына келін болып түстім. Шаңырағым қазақтікі болған соң, ұлттық тағамдарды жасаймыз. Ет асып, бауырсақ, шелпек пісіреміз. Соның бәрі балаға берілетін тәрбие ғой... Жалпы, мен Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілді білуі парыз деп ойлаймын», – деп сөзін аяқтады Надежда апай.