Мұнарасында "Алла" деген жазу пайда болған мешіт
Мұнарасында "Алла" деген жазу пайда болған мешіт

Шырайлы Шымкент шаһарында, тоғыз жолдың торабында, "Темірлан тас жолының" бойында орналасқан көпшілікке танымал мешіт бар. "Алғи Тойшыбек мешіті" деп аталатын құлшылық үйі өзінің әсемдігімен, азды-көпті жамағатымен ерекшеленеді. Жұма намазға келетін жамағатта есеп жоқ. Мешіт ауласы тегіс, жайлы. Жұма намазы кезінде кілемдер төселіп, мешітке сыймаған жамағат намазды сол аулада оқиды. Биік ағаштар жаздың ыстық күдерінде де, келген жамағатты саясына алып, Күн астында қалдырмайды.

Мешіттің қасбеті (фасад)

Мешіттің тарихына тоқтала кетсек. "Алғи Тойшыбек" мешіті 2006 жылы 4 қарашада салтанатты түрде ашылған. Мешітті Жетісай қаласының тумасы Бауыржан Абдубайытов дейтін кәсіпкер азамат Алла разылығы үшін өз қаржысына салдырыпты. Мешіт содан бері ел игілігі үшін қызмет жасап келеді. Мешіттің ені 16 метр, ұзындығы 50 метр. Типтік ережеде салынған. Жанында 27 метрлік мұнарасы бар. 320 адамға арналған. 30 адамға шақталған әйелдер бөлмесі бар. Кіре беріс пен мешіт қызметкерлерінің бөлмесі тағы бар. Мешіттің жанында дәрет алатын бөлмелер, қоймалар, дәрісханалар орналасқан. Жазғы маусымда сауат ашу курстары ұйымдастырылып, 50-60 шәкіртке дейін оқытады. Қыз-келіншектерге Шымкент қыздар медресесінен ұстаздар келіп, дәріс өткізеді. 

Михраб

Жалпы мешіт ауданы 16 соттық жерді алып жатыр. Алдыңғы жағынан тағы 16 соттық жерді мемлекет тарапынан жалға алып отыр. Жалға беру уақыты 49 жыл. Ол жерге жеміс ағаштары егіліп, көгалдандырылған. Жергілікті тұрғындарға бір сәт сол жерді аралап, бой жазып, демалуына жағдай жасалған. 

Дәрет алатын жер

Екі дәретхана

Мешіттің негізгі қақпасы

Азаншы Нұрмахан Қожагелдиев (бірінші сол жақта) және Бас имам Махамбетов Қалыбай (екінші оң жақта)

Мешіт тарихында мынадай қызық әрі есте қалар оқиға орын алған болатын. 2009 жылы мешіт мұнарасында "Аллаһ" деген жазу пайда болған. Бұл туралы мешіттің бас имамы Қалыбай Мақсұтханұлы: "Ол кезде батыс жақтан жел аралас жаңбыр жауып тұрған болатын. Көшеге қараған шығыс бетінен "Аллаһ" деген қоңыр-қошқыл жазу пайда болыпты. Жазу пайда болған жағына жаңбыр тимеген еді. Оны көрген кісілердің көпшілігі суретке түсіріп алды. Жергілікті газеттер ол туралы мақала да жариялады", - деді.

Содан бұл оқиға туралы ғаламтордан іздеп көріп едім, толығырақ мәлімет тапқандай болдым.

2009 жылы 10-сәуір күні Шымкент қаласындағы «Алғи Тойшыбек» мешітінің азан шақыратын мұнарасынан «Аллаһ» деген сөз анық көрінді. Бұл жайлы біз №26 мектептің 10 «б» сынып оқушылары Нұртуған Зұлбыхар мен Мархабат Оразтаевтан естідік, - деп хабарлаған болатын "Замана" газеті.

«Біз әр жұма сайын жұма намазға «Алғи Тойшыбек» мешітіне барамыз, – дейді Нұртуған: – Сол күні сабақтан кештеу шыққандықтан намазға үлгермей қалмайық деген оймен осы Хамзадағы мешітке бардық. Намаздан қайтып бара жатып сол «Алғи Тойшыбек» мешітінде жұма намазын оқыған таныстарымызға кездесіп қалдық. Олар осындай адам таңқаларлық оқиғаның орын алғанын айтып берді. Біз тез-тез жүріп, мешіттің маңына келдік. Мұнда біз шынында да мешіттің мұнарасындағы жазуды көрдік. Өзіміз осы мешіттің медресесінде арабша үйреніп жүргендіктен сөздің «Аллаһ» деп жазылғанына анық көзіміз жетті».

"Аллаһ" деген жазу пайда болған мұнара

Мұнараның биіктігі 27 метр

Жасөспірімдерден әлгіндей әңгімені естіген соң біз де «Алғи Тойшыбек» мешітіне де бардық. Мешіттің азаншысы Нұрмахан Қожагелдиев: «Бұл күні мұнарада шынында да жазу пайда болды, – дейді. – Оған осында жұма намазын оқыған жамағаттың баршасы куә. Біз намазға кірерде жаңбыр себелей бастаған еді. Намазды сағат 2-ден 25 минут өткенде аяқтап, сыртқа шығып жатқанбыз. Мұнарадағы жазуды осындағы намазхан кісілердің бірі байқапты. Сол жазу бір апта бойы тұрды. Қазір де оның ізі аздап байқалады. Бізге мұны өздерің жазған боларсыңдар деп сенімсіздік танытып жатқандар да болды. Алайда 25 метр биіктіктегі мұнараның сыртына оны кім шығып жаза қойсын? Оның үстіне жамағат намазға жиналып жатқанда ешқандай жазу жоқ еді. Бұл: «Ақырзаман жақындағанда Алла Тағала әр түрлі белгі береді» деген хадисті есіме салған оқиға болды» дейді.

Біз осы таңқаларлық оқиғаға байланысты А. Қаттани атындағы орталық мешіттің баспасөз хатшысы Мұхамеджан Естеміровпен де тілдескен едік.

«Кейінгі кездері мұндай жазуды көру жиі орын алып жатқаны рас, – дейді ол: – Бәлкім бұл да қазіргідей қиын жағдайда Алла Тағаланың адамдарға жіберген бір қуанышы болар. Айта кету керек, «Алғи Тойшыбек» мешіті басқа мешіттерге үлгі боларлықтай мешіт. Онда жұма намазға баратын жамағат көп. Сол төңіректегі үлкендер де, жастар да жұма намаздан қалмайды. Бір шетінен мұны көріп, Алла Тағаладан қорқуымыз да керек. Көбінесе байқаусызда Аллаға серік қосып алғанымызды байқамай қаламыз. Сондықтан бұл біздерге Алла Тағаланың ескертпесі де болар».

Қ. СМАНҚЫЗЫ

 

Тағы бір айта кететіні, мешіт "Алғи Тойшыбек" көшесінде бірінші үйде орналасқан. 2015 жылы "Таза қала" атты төрт айлық байқауда Абай ауданы бойынша «Жайлау» шағынауданындағы Алғи Тойшыбек көшесі "Үздік көше" номинациясы бойынша марапатталған болатын.

 

Мешіт суреттері

Мешіттің наиб имамы әрі ұстаз Алишев Оразбек жұма уағызын айтуда

 

Кіреберіс

Алла Тағаланың және Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың есімі жазылған кітап ескерткіш

Әйелдер бөлмесі

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
9 жыл бұрын 7490
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232