Мед.сақтандыруы барлар тегін ағза ауыстыру операцияларын жасата алады
Мед.сақтандыруы барлар тегін ағза ауыстыру операцияларын жасата алады

Медициналық сақтандыру дегеніміз не? Оның халық үшін пайдасы қандай? Медициналық сақтандыру жарнасы қалай төленеді? Жарна қанша теңгені құрайды? Осы және өзге де сұрақтың жауабын білу үшін Qamshy.kz тілшісі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Ерік Байжүнісовпен сұхбаттасты.

 - Халық арасында медициналық сақтандыруды жете түсінбейтіндер көп. Ол жұртшылыққа не береді? Осы жайлы қысқаша айтып берсеңіз?

- Жүйе мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік принципі бойынша жұмыс істейді. Экономика қанша дамыса да бүкіл денсаулық сақтау саласының проблемаларын бюджеттің мойнына іліп, жауапкершілікті мемлекетке ысырып қоюға болмайды. Өйткені, азаматтардың денсаулығы тек медицинаға ғана байланысты емес. Ол азаматтардың өмір сүру салтына, жұмыс істейтін жеріне және әр адамның өзінің жеке жауапкершілігіне тәуелді. Бұл жүйе баршаға теңдей мүмкіндік береді. Яғни, азаматтардың бәріне бірдей, бірыңғай пакет ұсынылады. Мұнда жарнаны әркім шама-шарқынша төлеп,  медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады. Жүйеге қатысып, жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерін тегін пайдалануға мүмкіндік алады. Былайша айтқанда, қажеттілік туып жатса буын, жүрек, бүйрек алмастыру сынды бағасы бірнеше миллион тұратын операцияларды тегін жасата алады. Оның үстіне, бұл жүйеде сақтандырылған азаматтар кез келген клиниканың жәрдеміне жүгіне алады. Мұндай жағдайда қор клиниканың сақтандыру пакеті шеңберінде қызмет көрсетуге кеткен шығындарына жауып береді.

Екіншіден, сақтандырылған азамат кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті сақтандыру пакеттері шеңберіндегі медициналық көмек үшін қосымша төлемдердің барлық түрлерінен босатылады.

Үшіншіден, қор тарапынан фармацевтикалық қызмет көрсететін ұйым ретінде таңдалған кез келген дәріханадан кеңейтілген тізім бойынша дәрі-дәрмек ала алады.

Төртіншіден, ай сайын сақтандырылған азаматтың өз атына аударылған жарналар мен медицина мекемелерінде көрсетілген көмек жайлы мәлімет алуға мүмкіндігі бар.

Бесіншіден, қор болашақта медициналық қызмет сапасы төмен болған жағдайда немесе міндетті сақтандыру жүйесіне қатысушының құқығы бұзылған жағдайда сақтандырылған азаматтардың құқығын қорғауды көздеп отыр. Жүйенің ең басты артықшылығы – медицина саласын дамытуға, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беретінінде.   

 - Мемлекет қазір де халықты шектеулі болса да тегін медициналық көмекпен қамтып келді. Ендеше мұның қажеттігі қанша?

 - Жалпы жер бетіндегі халық шалдығатын сырқаттардың бәрі бірдей, оны емдеу жолдары да бір-біріне ұқсас. Бірақ әр елдің денсаулық сақтау саласы халқының мәдени, менталдық ерекшеліктеріне, тұрмысы мен салт-дәстүріне қарай бейімделген. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ОЭСР) зерттеулері тұрғындардың өмір жасы ұзақ елдерде ауыр сырқаттар деңгейі және қатерлі ісік, жүрек-қан тамыры аурулары мен сусамырдан көз жұматындар саны өте аз екенін дәлелдеп берді. Ал, өмірдің ұзақтығы мемлекеттің денсаулық сақтау саласына адам басына қарай бөлетін шығындарымен қабысып жатыр. Зерттеу нәтижесінде халқының денсаулық көрсеткіші жоғары деген 10 мемлекет анықталды, солардың алдыңғы үштігіне Жапония, Италия мен Швейцария енеді. Жапондар денсаулық сақтау саласына әр адам үшін 3,213$, итальяндықтар 3.012$, швейцар үкіметі 5.643$ бөледі. Аталған елдерде халықтың өмір жасының ұзақтығы 82 жастан жоғары.

 - Ал, бізде қалай? Медицинаға қанша қаражат бөлінеді?

- Кешегі КСРО медицинасы тек қана экстенсивті сипатта дамыды. Бар күш дәрігерлер, медбикелер мен ауруханадағы орын санын көбейтуге жұмсалды. Емдеу мен диагностика тәсілдерін енгізуге инвестиция салудың орнына «ауруханадағы орын» санын қудық. Бұл кеңестік денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық және идеологиялық тұрғыдан күйреуіне әкеп соқтырды. Мұны, әсіресе, 80-90-шы жылдары отандық стационарлар көмегіне жүгінген азаматтар ұмыта қойған жоқ. Ол кезде өзіңмен бірге төсек-орыннан бастап, дәрі-дәрмек, дәке т.б. ала баруға тура келетін. Себебі, ауқымды көрсеткіштерге негізделген жүйе экономикалық қиын заман туған кезде өміршең еместігін көрсетіп берді. Дәрігер мамандығының беделі төмендеді. Қазір «ақ халаттылардың» 70% әйелдер қауымы құрайды. Ал, олардың айлығы орташа жалақының 70% аспайды. Медицина мамандарының жалақысы әлі күнге дейін жұмыс нәтижесіне емес, маманданған саласына, ғылыми және біліктілік дәрежесіне тәуелді. Бүгінде Қазақстанда денсаулық саласына ІЖӨ-нің 3-ақ пайызы бөлінеді. Сондықтан, денсаулық сақтау саласына қаржы жетпейтінін мойындау керек. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері ІЖӨ-нің 8 пайызын, АҚШ 17 пайызын денсаулық саласына бөледі. Осынша қаражат бөлінген соң шетелдік аурухалардың жабдықталу деңгейі мен дәрігерлердің жалақысы да жоғары. Біздің клиникаларымыздың қазіргі жабдықталу деңгейі шетелдікінен кем түспейді. Бірақ бюджет қаржысының жетіспеуі және қызмет саны мен көлемін қолдан шектеу салдарынан отандық медицина толық дамуға мүмкіндік ала алмай отыр. Дегенмен ІЖӨ-нен қажетті соманы бөлген күнде де көп ештеңе өзгере қоймайды. Біз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлеріне негізделген және оның күнделікті сұраныстарына жауап беретін медициналық иедология қалыптастыруымыз керек. Халықты медициналық қызметпен барынша қамтып, дәрігерлік көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге тиіспіз. Осы мақсатта Қазақстан денсаулық сақтау саласындағы түрлі модельдердің жағымды-жағымсыз жақтарын саралай келе, барлық тараптардың мүддесін ескеретін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үлгісін таңдады. 

 - Дегенмен бұл жүйеге қарсылық білдіріп жатқандар көп қой...

 - Әлбетте, бизнес өкілдері бұған скептикалық көзқараспен қарайды. Себебі, өз қызметкерлерінің денсаулығы үшін жауапты болу қиын және бұл міндетті мемлекетке ысыра салу оңай әрі көп шығынды қажет етпейді. Қазіргі технологиялар мен медицинаның даму қарқыны салаға қосымша қаржы құюды талап етеді және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен басқа бұл мәселенің шешімін тауып беретін жол жоқтың қасы. Ұлт денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті енгізбейінше медицинаны жаңа деңгейге көтеру мүмкін емес. Ортақ жауапкершілік дегенді шығынды мейлінше азайтып, сырқаттанып қалған жағдайда медициналық көмекті барынша көп алу деп түсінген жөн. Сақтандыру жайлы сөз болғанда «көп ауырмайтынын» алға тартқандар әсіресе, жастар «неге мен біреу үшін ақша төлеуім керек» деп наразылық білдіріп жатады. Ал, ауыр диагноз қойылған және қымбат ем-дом мен дәрі-дәрмек қабылдауға мәжбүр болған азаматтар тегін медициналық көмек пен оның қолжетімділігі дегеннің не екенін жақсы біледі. Сондықтан, біз төлеген жарналарымыздың дәл қазір аурухананың реанимация бөлімінде жатқандарға немесе орган алмастыруға зәру сырқаттарға көмектесе алатынын түсінуіміз керек. Салық пен сақтандыру жарнасының арасындағы айырмашылық міне, осындай.

 - Сақтандыру жарнасын биыл жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейді. Ал, басқа санаттағы азаматтар үшін жарнаны кім төлейді? Мемлекет зейнеткерлер мен мүгедектерді өмір бойы сақтандыра ма?

 - Дұрыс айтасыз, биыл жарнаны жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейді. Яғни, жүйеге алдымен экономикалық белсенді деген қос санат жұмылдырылып отыр. Жұмыс беруші қарамағындағы жұмыскер үшін оның айлығынан 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 1%, 2018 ж. – 1,5%, 2020 ж. – 2%, 2022 ж.бастап – 3% жарна аударады. Жеке кәсіпкерлер ең төменгі жалақының 5% аударады. 2018 жылы жарнаны мемлекет пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар аудара бастайды. 2019 жылы жұмыскерлер өз айлығынан 1 пайыз жарна төлейді. Сақтандыру жарнасын төлеуде негізгі салмақ мемлекетке түседі. Мемлекет жеңілдігі бар 14 санаттағы азаматтар үшін 2018 жылдың 1қаңтарынан бастап жарна төлейді. Ондай азаматтардың жалпы саны 10 миллионнан асып жығылады. Ал, бұл Қазақстан халқының жартысынан астамы деген сөз. Мемлекет 2018 жылы орта есеппен алғанда аталған санаттарға жататын әр азамат үшін ай сайын 5029 теңге аударады. Олардың қатарында: балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала тууына, жаңа туған сәбиді асырап алуына байланысты және баласы үш жасқа толғанша демалыс алғандар, 18 жасқа дейінгі мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлғалар, ҰОС қатысушылары мен ардагерлер, сот үкімі бойынша қылмыстық-түзеу колониясында жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторында отырғандар, жұмыссыз оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа»-мен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, орта, кәсіптік-техникалық, ортадан кейінгі, жоғарғы білім, сондай-ақ ЖОО-нан кейінгі білім беру мекемелерінде оқып жатқандар. Сондықтан, мемлекет жауапкершіліктен жалтарып отыр деуге еш негіз жоқ.

 - Медициналық сақтандыру жүйесіне ену үшін не істеу керек?

 - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіру үшін алдымен емханаға тіркелу қажет. Алдағы уақытта МӘМС пакеттерін пайдаланғыңыз келсе алдымен емхана таңдаңыз. Емхананы тұрғылықты жеріңіз бойынша таңдауға болады. Содан кейін тіркеуде барсыз ба тексеріңіз. Оны электронды үкімет порталы (egov.kz) арқылы тексеруге болады. Егер бұрын-соңды еш жерге тіркелмеген азаматтар осы портал арқылы кез келген емханаға тіркеле алады. Ал, ғаламторды пайдалануға мүмкіндігі жоқ тұрғындар оны жақын маңдағы емхана арқылы тексереді және тіркеледі. Тіркелу үшін жеке куәлік пен еркін формада өтініш жазу қажет. Міндетті сақтандару пакеті шеңберіндегі медициналық көмекті 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалануға болады.

 - Өркениетті елдерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бар және бұрыннан жүзеге асып келеді. Бұл елдер аталмыш жүйені енгізу арқылы не ұтты? Және ұтылған тұстары болуы мүмкін бе?

 - Бүгінде әлемде сақтандырудың: мемлекеттік, жеке меншік және қоғамдық сынды үш түрлі жүйесі қалыптасқан. Қазақстан соның ішінде қоғамдық сақтандыру жүйесін таңдап алды. Себебі, оның әлеуметтік тұсы басым. Оның үстіне, дамыған елдердің көбінде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі дәлелденді. Бірақ, әр елдің өз ерекшеліктері болғандықтан бір мемлекеттің тәжірибесін көшіріп алуға болмайды. Сондықтан, Қазақстанның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үлгісін қалыптастыру кезінде оны денсаулық сақтау жүйесіне бейімдеу, салаға кері әсер ететін тәжірибелерден сақтану, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарды қолдау мәселесіне басымдық берілді. Бірақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үлгісі біздікіне өте жақын ел ретінде Германия мен Литваны атап өтуге болады.

Жалпы айтқанда, сақтандыру медицинасы дәрігерлерге еңбекақыны сағатына қарап емес, атқарған еңбегіне қарай төлеу жүйесіне көшуді көздейді. Бұл клиникалардың пациенттерді аз шығынмен тез емдеп жазуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізуіне мүмкіндік береді. Нәтижесінде пациент клиника мен дәрігер таңдау құқығына ие болады және жүйе жұмысындағы басты звеноға айналады. Еңбекақысы көбейген дәрігер де біліктілік деңгейін арттырып отыруға ынталы болады. Мемлекет халықтың сұранысына жауап беретін, пациентке бағытталған медицинаға қол жеткізеді.

Сұхбаттасқан: Әсем Әлмұханбет

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
7 жыл бұрын 2576
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232