Мәди Манатбек: Қазақтың баласы тек күресуді, ұруды, тебісуді ғана біле ме?

Қазақстанның үлкен спорттағы тынысын ғана емес, еліміздің жалпы жағдайын айқындайтын көрнекі сурет. Астындағы суретке қарап, о, бауырларым, - деп сүйсінгің келеді. Бірақ олар түрі келгенімен, бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тайпейлер (Қытай тайбейі). Біздің құрама суреттің жоғары жағында бейнеленген. Қазақты арнайы іздетіп жүріп таппасаң, былай көре алмайсың (Волейболдан болған жарысты Қазспорт арнасынан түсіріп алдым).

Волейбол, баскетбол, футбол, хоккей, қысқы спорт түрлері, су спорты түрлері, теннис, жеңіл атлетика сынды мықты спорт түрлерінің бəрінде осы жағдай. Қазақ баласы не ойнай алмайды, немесе əдейі ойнатпайды, тартпайды. Ойнай алмайды дейін десең, бойшаң, мығым, шымыр, желаяқ бауырларымыз жетіп артылады. Демек тартпайды. Мəселен хоккейге баласын берген бір қазақ танысым, баламды үнемі отырғызып қояды, мұз айдынына шығармайды,- деп шағымын айтқаны есімде. Сонда өз елімізде, өз ұландарымызды тартпайтын, тартқызбайтын мүдделілер кімдер, неге оларға осынша еркіндік берілген, мақсат қандай?! Көп жүлде əкелетін осы спорт түрлеріне өте көп қаржы бөлінеді, бірақ нәтижесі жоқ, қайтарымы аз. Бұны мен рухтың жоқтығынан деп түсінем. Жігерлі өз азаматың болмағасын, ұтса да, ұтылса да екі қойың бір сом, бірақ ұпайы түгел легионерге бəрібір. Намысқа тырыспайды, барын салып ойнамайды. Бірақ осыны ескеріп жатқан не министр, не басқа жоқ. Өз ұлтына жаны ашу дегенді кеше Англия мен Исландия ойынында көрдік. 330 мың ғана (біздің бір облысымызға да жетпейді) халқы бар Исландияның футбол құрамасы азулы ағылшындарды жеңіп, əлемді аузына қаратты емес пе. Сондықтан мен қазақ тек күресуді, ұруды, тебісуді ғана біледі. Жүгіруге жоқ, жүзе алмайды, хоккей, волейбол, футбол, теннис ойнай алмайды, шаңғыны сындырып алады дегендерге қарсымын. Ұлтымызды құдды бір есуас, мешкей көретіндерді халық жауы санаймын. Ел спортының ертеңіне алаңдамайтын бұндай спорт функционерлерін, жерді сатпақшы болған, үш тілділікті енгізбекші боп жүрген сатқындар қатарына жатқызамын. Қазақ ешкімнен кем емес. Қай салада да, қай істе де, қай спортта та. 
Абайша айтсақ, сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол. 
Қазаққа сенетін қазақ басшы, қазақы азаматтардың келгенін тілеймін!

Мәди Манатбектің фейсбук парақшасынан алынды

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 жыл бұрын 3916
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232