Күйеу бала жақсы болса…
Күйеу бала жақсы болса…

Өзінің туған қызын жақсы көрмейтін әке-шеше жоқ шығар бұл жалғанда. Сол үшін де олар өзінің қымбат бойжеткен қызын сенімді, байсалды, ақылды, парасатты, айта берсек көп, көңілінен шығатын жанға табыстағысы келеді. Мұндай кезде ата-ана қызына одан әрі шын жанашыр, қамқоршы, қорғаушы бола білетін күйеу бала іздейді. Жаман күйеу күйік, ол ертең бір жамандығын жасамай қоймайды. Ал ел мақтаған мінезі жайлы жігітті күйеу бала қылу тамаша болар еді. Ертеректе беделді кісілер өздерінің ұнаған қызметкерлерін немесе бүйрегі бұрған адамның өзіне күйеу бала болуын қалап, ұсыныс жасайды екен. Солайша күйеу баласы жарлы болса да, оның адамгершілігі мен тақуалығын жоғары бағалап қызының қолын ұстатқан. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күйеу балдарымен қарым-қатынасы үлгі болады. Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екі күйеу баласы: Әли (р.а.) мен Осман (р.а.) – кемеңгер сахабалардан еді.

Ислам келмей тұрып Әбу Ләхәбтің ұлы Ұтба Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Рұқияға үйленген еді. Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жаңа бір дінді уағыздағанын естігеннен кейін Ұтба Пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сенің қызыңды да, уағыздаған дініңді де қаламаймын» – деп хазірет Рұқиямен ажырасып кетті. Осман (р.а.) Пайғамбарымыздан (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рұқияны өзіне некелеп қосуын өтініп, оған үйленеді. Бәдір соғысы кезінде Рұқия қатты науқастанып, ақыры айыға алмай қайтыс болады. Рұқия анамыздың ауырғанына байланысты Осман (р.а.) Бәдір соғысына қатыса алмады. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Бәдірден оралған соң Османға (р.а.): «Сен Бәдірге қатыспасаң да бір шейіттің сауабын алдың» – деп сүйінші хабар жеткізді. Содан кейін Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екінші қызы – Үммүгүлсүмді Османмен некелестіреді. Осыдан кейін хазірет Османға “зун-нурайн” (қос нұрдың иесі) деген есім берілді. Үммүгүлсім  (р.а.)  дүние  салғаннан  кейін  де Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қырық қызым болса, оларды түгел Османға күйеуге берер едім», – деп күйеу баласын жұбатқан болатын.

Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір күйеу баласы, Аллаһтың арыстаны – Әли ибн Әбу Тәліп. Сахабалардың  Әбу  Бәкір мен Омар (р.а.) секілді ұлы тұлғалар Пайғамбарымызбен (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақындығын арттыру үшін оның сүйікті  қызы Фатимаға құда түспек болды. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларға: «Қызым Фатима үшін Аллаһтың әмірін күтудемін» – деп, ұсыныстарын қабыл етпеді. Фатимада хазірет Әлидің де көңілі бар еді. Алайда Пайғамбарымыздың Әбу Бәкір мен Омар сияқты жан қиыспас достарының ұсыныстарын қабыл етпегенін біліп, Әлидің құда түсуге батылы бармады. Сөйтсе де Әли (р.а.) тәуекелге бел байлап, көңіліндегі көрікті ойын Пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізбек болды. Алайда жеме-жемге келгенде ұялғаннан тілі күрмеліп сөйлей алмай қалады. Оның сыңайын айтқызбай байқаған Пайғамбарымыз: «Сен Фатиманы қалыңдыққа сұрауға келгендейсің ғой» – дегенде Әлидің “иә” деуге ғана шамасы келді. Пайғамбарымыз одан мәхир ретінде не бере алатынын сұрағанда, ол өзінің ештеңесі жоқ екенін айтты. Пайғамбарымыздың Әлиге берген бір сауыты бар болатын. Соны сатып, мәхирін өтеуге келісті. Сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатиманың некесін өзі қиды. Хазірет Әли мен Фатиманы екі жағына отырғызып, Ұлы Жаратушыға қол жайып: «Аллаһым! Екеуінің некесін қасиетті ет. Олардан өрбитін ұрпақтарды да мүбәрак ет! Аллаһым, оларды шайтанның азғыруынан сақта» – деп тілек тілеп, «Ықылас» сүресі мен «Муауиззатәйн» сүрелерін оқыды.

Діннен хабары бар, байсалды әрі дінді таза ұстанатын, сенімі берік және оны іс жүзінде амалға асыратын, жомарт, жағдайы жақсы, асырауға шамасы келетін, күшті, көрікті, жас, тақуа, сондай-ақ әйелімен жақсы қарым-қатынаста бола алатын, алған әйелін ұнатса сыйлайтын, ал ұнатпаса қорламайтын және зұлымдық жасамайтын адам ғана күйеу болуға әбден лайық.

Ертеде бір үлкен бау-бақшасы бар қарт болыпты. Бір күні сол қарттың алдына бір жас жігіт келіп: «Ақсақал, мен сіздің алмаңызды рұқсатсыз жеп қойдым. Соған не жаза қолдансаңыз да өз еркіңізде» дейді. Жігіттің тақуалығын, парасаттылығын, адалдығын біліп тұрса да, тағы да сынап көру мақсатымен қасында үш жыл көмектесуге бұйырады. Жігіт те келіседі. Сол уақыт аралығында жігіттің ептілігіне, шыдамдылығына, барлық жақсы қасиеттеріне шал тәнті болады. Үш жыл өткеннен кейін жігіт ақсақалдан кетуге рұқсат сұрағанда, қарт кісі соңғы талабын қояды. Ол талабы да өзінің бір қолы істемейтін, бір көзі көрмейтін, бір аяғы жүруге жарамайтын, құлағы естімейтін қызын аласың дегені. Жігіт шалдың бұл талабына да амалсыз келіседі. Сөйтіп болашақ жарын көруге үйге кірсе, шалдың айтқанынан мүлде басқа хор қызындай бір қыз отырады. Үйден дереу шығып бөлмеде басқа қыз отырған секілді деп жетіп барған жігітке қарт кісі былай түсіндіреді: «Қолы істемейді дегенім ұрлық жасамаған, көзі көрмейді дегенім харам нәрсеге қарамаған, аяғы істемейді дегенім, көшеге аттап баспаған, құлағы естімейтіні өсек сөзден бойын аулақ ұстайды дегенім еді. Сол кез- келгеннің қолы жетпейтіні алтыныма сені лайық деп шештім» дейді. Әлгі қарттың күйеу баласы болу бақыты бұйырған жігіт, имам Ағзам Әбу Ханифаның әкесі Сәбит болатын.

Осыған ұқсас келесі бір оқиға да ғибрат аларлық. Бір елдің қазысының Мүбәрак деген бағбаны болған екен. Қазы бағбанына бір күні жүзім әкелуін өтінеді. Әкелген жүзімін қазы жеп көрсе, қышқыл болып шығады. Сонда қазы бағбанына: «Жүзімнің піскенін әлі күнге дейін ажырата алмайсың ба?» деп ашуланады. Сонда бағбан: «Қазеке, мен сіздің рұқсатыңыз болмайынша бақшаңыздағы бірде-бір жемістің дәмін көрген емеспін» – деп ағынан жарылады. Қазы бағбанға іштей разы болады. Сол кезде қазының қызын айттырып келушілер көп еді. Бірақ қазының көңілінен ешқайсысы шыға қоймайды. Қазы соңында қызын әлгінде өзі разы болған бағбанға некелеуді шешеді. Кейін сол некенің соңы берекетті болып, олардан Абдуллаһ ибн Мүбәрак деген атақты хадис ғалымы дүниеге келеді.

Табиғиндерден болған Әбу Уадаға өзінің бір атақты ғалым кісіге қалай күйеу бала болғандығын былайша жеткізеді:

Аллаһ елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде өтетін атақты табиғин Сағид ибн Әл-Мүсәйябтың алқасына үзбей қатысып жүрдім. Көпшілікпен араласып, білім алуға тырыстым. Бір кездері бірнеше күн бара алмай қалдым. Сол кезде Сағид ибн Әл- Мүсәйяб мені іздепті. Мені ауырып қалды ма, әлде бір жағдай болды ма деп ойлапты. Алқаға қатысушылардан сұрапты. Бірақ ешкім мен жайында хабарым бар деп айта алмапты. Біраз күннен кейін қайта барғанымда мені қолпаштап:

– Қайда болдың, Әбу Уадаға? – деп сұрады. Мен оған әйелімнің қайтыс болғанын, соның жұмыстарымен бос болмағанымды айттым. Сонда ол:

– Неге бізге хабар бермедің? Біз саған көңіл айтып, жаназасына қатысатын едік. Саған көмектесер едік.

– Алла риза болсын! – деп тұруға асыққанымда тоқтатып мені алып қалды.

– Төсек жаңғыртқың келмей ме?

– Аллаһтың мейірімі болсын! Кім мен сияқты жетім, кедей өскен жігітке қызын берсін. Менің 2-3 дирхамым ғана қалды.

– Мен саған қызымды беремін.

Тілім күрмеліп, сөйлей алмай қалдым. Әрең дегенде:

– Сіз бе? Менің жағдайымда білгеннен кейін қызыңызды маған үйлендірмексіз бе?

– Иә. Діні мен мінез-құлығы ұнағандарға береміз. Сенің діндарлығыңа біз дән ризамыз, – деп айналасына қарап, жақын отырғандарды шақырды. Адамдар жиналғаннан кейін, Аллаһ Тағаланы мақтап-мадақтап, Пайғамбарына салауат пен сәлем айтып, қызын маған қосты. Қалың малын екі дирхам етіп тағайындады. Мен қуанғанымнан, әрі таң қалғанымнан не дерімді білмей тұрып кете бердім. Үйге келісімен, тұтқан оразамды ұмытып кетіппін. Өз-өзіме «Бұдан да өлгенің артық, Әбу Уадаға! Өзіңе не істедің? Кімнен аласың енді?! Кімнің есігін қағасың!» деп жүйкемді жеп шықтым. Ойланым жүріп мағриб уақытының кіріп қалғанын азан даусынан білдім. Парызды оқып болып, аузымды нанмен, маймен ашып отырғанымда, есік қағылғанын естідім.

– Кім? – деп сұрағанымда:

– Сағид, – деп жауап берді. Ойыма мен білетін Сағидтердің бәрі келіп, тек осы Сағид ибн Әл-Мүсәйяб қана кірмеді. Өйткені, ол қырық жыл бойы тек өз үйі мен мешіт арасында ғана жүретін. Есікті ашсам, алдымда Сағид ибн Әл-Мүсәйяб тұр. Көкейіме үйлендіру жайында пікірін өзгерткен екен ғой деген суық ой келді.

– Сіз шақыртсаңыз жетіп келер едім ғой. Неге әуре болдыңыз? Үйге кіріңіз, – дедім.

– Жоқ, саған бір жұмыспен келіп тұрмын.

– Аллаһтың мейірім болсын, ол не шаруа?

– Бүгіннен бастап менің қызым – Аллаһтың заңы бойынша сенің жұбайың болды. Қасыңда сағынышыңды басатын жан жоқ екенін білемін. Сенің басқа жерде, әйелің басқа жерде жатқаны дұрыс емес деп саған алып келдім.

– Өзіңіз әкелдіңіз бе? Құрыдым!

– Иә.

Қарасам артында қызы тұр. Ол қызына бұрылып:

– Күйеуіңнің үйіне Аллаһтың атымен, берекесімен кір қызым, – деді.

Қадам баса беріп, ұялғанынан етегіне сүрініп құлап қала жаздады. Мен де таң қалып, не айтарымды білмей сасып қалдым. Кенеттен әлгі жеп отырған тамағым есіме түсіп, үйге келіншегімнен бұрын кіріп, легенді шырақ алдынан ығыстырып тастадым.

Жоғарыға көтеріліп, көршілерді шақырдым. Олар маған:

– Не болып қалды қараңғы түнде? – деп менен сұрап жатыр.

– Сағид ибн Әл-Мүсәйяб бүгін қызы мен менің басымды қосты. Жаңа ғана қызын өзі алып келіпті. Енді бар жөн-жоралғысын жасауға өздерің көмек беріңдер, – дедім.

Сонда бір кемпір:

– Сенің есің дұрыс па? Не деп тұрғаныңды өзің білмейсің-ау. Сағид қызын қалай саған бере салсын? Өткен жолы қызын халифа Уәлид ибн Әбдүлмәликке бермей қойған Сағид қалайша қызын кешке өзі саған алып келеді? – деп сене алмай отыр.

– Иә, сол, – деп жауап бердім. Келіңдер, көріңдер, сол қыздың өзі.

Әйелдер әлі сенер емес. Үйге кіріп келіншегімді көріп, бастау айтып жатыр.

Үш күннен кейін көргенімде мұндай жанның дүниеде бар екенін енді біліп, таңқалдым. Мәдиненің ең сұлу әйелі, Аллаһтың кітабын түгел жаттап алған, Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін риуаят етуде алдыңғы қатарда, күйеуінің құқығын ең жақсы білетін келіншек екен.

Кейін мешіттегі шәйхтің алқасына келдім. Сәлем беріп, амандастым. Маған сәлем қайтарды да, артық ләм демеді. Дәріс біткеннен кейін бәрі тарасып, екеуімізден басқа ешкім қалмады. Маған:

– Әбу Уадаға! Жұбайыңның жағдайы қалай? – деп сұрады.

– Дос қызығатындай, дұшпан қызғанатындай жағдайда, – деп жауап бердім.

– Аллаһқа шүкір!

– Үйіме қайтып оралғанымда, тіршілігімізге жарататын көп қаржы жіберіпті, – деп аяқтайды ол өз әңгімесін.

Жақсы күйеу балаға халифа да қызын береді деген осы болар.

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
10 жыл бұрын 15024
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232