Латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуын жүзеге асыруда «Емле-ережемен» қатар сауатты жазуға және дұрыс сөйлеуге негіздейтін орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер мен анықтағыштардың рөлі үлкен. Осы орайда қазақ тіл білімінде біріккен сөздермен қатар кіріккен сөздер де тіл білімінің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Ғалымдардың зерттеулерінде: «Кіріккен сөздер – құрамындағы сыңарлары дыбыстық құрамын толық сақтамай немесе түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырау арқылы бір-бірімен мағына жағынан ғана емес дыбыстық құрамы жағынан да кірігіп, ықшамдалып, біртұтас сөзге айналған сөздер» деген анықтама береді. Оған мысал ретінде: әкел (алып+кел), әпер (алып+бер), әкет (алып+кет), биыл (бұл+жыл), бүгін (бұл+күн), сәресі (сахар+асы), ағайын (аға+іні), қарлығаш (қара ала құс), білезік (білек+жүзік), сексен (сегіз+он), тоқсан (тоғыз+он), белбеу (бел+бау), қайтіп (қалай+етіп), түрегел (тұра кел), белуардан (бел+буардан), ендігәрі (ендігіден+әрі), ашудас (ащы+тас), сөйтіп (солай+етіп), өйтіп (олай+етіп), бірдеме (бір+неме), біресе (бір+ерсе), қолғанат (қол+канат), қолғап (қол + қап), апар (алып +бар), түрегел (тұрып+кел), жаздыгүні (жаздың күні), күздігүні (күздің күні), қонақасы (қонақтың асы), Орынбасар (Орнын басар), Өмірзақ (Өмірі ұзақ), сөйтіп (солай етіп), әнеугүні (алдыңғы+күні)т.б.жатады. Мұндай кіріккен сөздер түбір мен қосымша арасында кірігіп, тілімізде қалыптасқан болатын. Алайда екі сөздің бірігуінің нәтижесінде сөз арасы дыбыстық өзгерістерге ұшыраған (сөз аралығындағы дыбыстардың түсірілуі немесе сақталуы) кіріккен сөздер де бар. Мұндай сөздердің жазылуында біршама мәселелер бар. Яғни тілімізде кездесетін кіріккен сөздерді жүйелеп орфографиялық сөздікте беруіміз қажет.
Осы орайда орфографиялық сөздік жасау кезінде қазақ тіліндегі кіріккен сөздерді қалай береміз дейтін сұрақ туындайтыны белгілі. Өйткені кирил графикасына негізделген әр жылдарда шыққан (1988, 2005, 2007, 2013) «Орфографиялық сөздіктерде» кіріккен сөздер әртүрлі жазылып жүр. Айталық біріккен екі сөздің жігіндегі дыбыстар бірде түсірілсе, ал бірінде түсірілмей жазылып жүр. Мысалы: алаяқ, алауыз, алаөкпе, алаөрмекші, алтатар, қарағаш, қарала, қараөзек, қараөкпе, қараөлең, қараөрік, қарарша, қараүй, қараырғай, қарғаадмы жер, сарауру, сарыағаш, сарыала, сарыандыз, сарыатан, сарыбалақ, сарыбас, сарыбуын, сарыжайлау, сарыкекіре, сарыжылан, сарысу, сарыүйек, сарышұнақ, мұздаяқ т.б. Олардың да белгілі бір себептері бар. Сондықтан латын әліпбиіне өткен тұста осындай қателіктер болмау үшін қазірден бастап ара жігін ашып алған жөн.
Орфограиялық сөздіктерді салыстыра отырып қарайтын болсақ, 1988 жылғы сөздікте ала ауыз, қара ажырық, қара ала, қара алма (өс.), қара от (ащы шөп), қара өзек, қара өрік, қара арша (өс.), қара үй, сары ала, сары жағал, сары күзен, сары қарақат (өс.), сары қарын, сары сүйек құда, сары тал, сары тоқым, сары уайым, сары уайымшыл сөздері бөлек жазылған. Сондай-ақ 2013 жылғы сөздікте алааяқ, алаауыз сөздері біріккенде аралығындағы қатар келген а графемасы сақталған болса, ал 2005, 2007 жылдары шыққан сөздіктерде алаяқ, алауыз түрінде берілген, яғни а графемасы түсірілген. 2005 жылғы сөздікте алөкпе (мал ауруы), қарағаш, қаражырық, қарандыз, қарөлең, қарырғай, сарсу, сарсүйек, сартабан, саршұнақ болса, ал қалған (1988, 2007, 2013) сөздіктерде алаөкпе, қараағаш, қараажырық, қараөлең, қараандыз, қараырғай, сарысу, сарысүйек, сарытабан, сарышұнақ түрінде берілген. Жалпы сөздіктерді салыстыру барысында 2005 жылғы орфографиялық сөздікте негізінін біріккен сөздердің аралығындағы қатар келген дауыстылардың бірін түсіру тенденциясы жүрген екен.
Қазақ жазуын латын графикасымен жазғанда орфографиялық сөздікке кіріккен сөздерді жүйелеп беру қажет. Ол үшін «Емле ережеге» кіріккен сөздерді жазудың ережесі берілді: «Біріккен сөз сыңарлары жігіндегі қатар келген дауыстылар түсірілмейді, түбір тұлғалары сақталып жазылады: saryaǵash, qaraaǵash, saryórik, qaraórik, alaaıaq málin, alaókpe (mal aýrýy), qarǵaadym jer, respýblıkaaralyq Бірақ жазылуы дәстүрге айналған кейбір кіріккен сөздердің жігіндегі қатар келген дауыстылардың бірі түсіріліп жазылады: alaıaq, alaýyz, altatar, saraýrý, saratan, jaqsatty bolý». Яғни алааяқ мәлін дегенде қатар келген дауыстылар түсірілмейтін болса, ал қу деген мағынасында алаяқ боп а графемасы түсіріледі.
Қорыта келгенде орфографиялық сөздікке кіріккен сөздерді емле ережеге сәйкес етіп жүйеліп берген жөн.
Айсауле Аманбаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
жетекші ғылыми қызметкері ф.ғ.к.
Abai.kz