Алла Тағала бұл дүниеде әрбір тіршілік иесін жұп-жұбымен жаратқаны белгілі. Соның ішінде ақыл-ес, сана-сезім берілген адам баласының жұпсыз өмір сүруі ерсі секілді. Сондықтан да етек-жеңін жиып, әр ісіне жауап беретін адамның өзіне лайықты жар іздеуі құптарлық нәрсе.
«Таңдаған тазға жолығады» деген қағиданы да естен шығармай өзіңізге лайықты жарды жақсылап таңдағаныңыз абзал. Себебі, бұл өмірдің мәнісі де, нығметі мен берекесі де сүйікті жарыңыз. Жар таңдау көбінесе ер азаматтардың жұмысы. Әрине, бұл жерде әйелзатының таңдау еркіндігі жоқ дегеннен аулақпыз. Екі жақ бірін-бірі тапқаннан кейін қыз келісіп-келіспейтіні жөнінде соңғы шешімін айтады. Осылайша, екі жақтың сөздері жарасып жатса жарасымды жұп құрып, жаңа өмір бастайды.
Негізінен, адамның жұбайы оның есімі секілді онымен өмір бойы бірге болады. Болмысын бүтіндеп тұратын тең жартысы десек те артық болмас. Сол себепті де өмірлік серігіңізді ойланып барып таңдаңыз.
«Қызға қандай ер азамат абзалырақ?» деген сұрақтың жауабын тапқан секілдіміз. Діннен хабары бар, байсалды әрі дінді таза ұстанатын, сенімі берік және оны іс жүзінде амалға асыратын, жомарт, асырауға шамасы келетін, күшті, көрікті, жас, тақуа, сондай-ақ әйелімен жақсы қарым-қатынаста бола алатын, сыйлайтын, қорламайтын және зұлымдық жасамайтын жан ғана күйеу болуға лайық. Оған мына хадисті келтіруге болады:
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (с.а.у.): «Егер сендерге мінез-құлқы мен діні өздеріңе ұнайтын бір кісі келсе, онда үйлендіріңдер (қыздарыңды беріңдер). Олай істемесеңдер жер бетінде бүлік және ірі арсыздық болады», - дейді.
Ал, енді жігіттің жар таңдауына келер болсақ, ол дегеніміз – өз күйеуіне тақуалық, мінез-құлық, әдеп, ізгілік және сұлулық тұрғысынан абзал болған әйел. Абдуллаһ ибн Әмір (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында дүниенің баршасы нығмет, оның ең қайырлысы – әйел», - дейді.
Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Қайсы әйел жақсырақ?» - деген сұрақ қойылған. Сонда Аллаһ Елшісі (с.а.у.): «Егер қарасаң – қуандыратын, бір нәрсе бұйырсаң – бағынатын және өзі мен малына қатысты мәселелерде өзіңе қарсы шықпайтын әйел» - деп жауап береді.
Қандай әйел алу керектігі туралы Шал ақын «Әйел туралы» өлеңінде былай дейді:
Әйел алсаң, қарап ал ақылдысын,
Сол болар басқадан да жақын кісің.
Ағайынға, туысқа қайырылса,
Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің.
Еріне аю, баласына қасқыр болса,
Ондай қатын алғанның күні құрсын.
Осы турасында Жүсіп Баласағұн былай дейді:
Егер әйел алам десең үздігіп,
Таңда жөндеп өте жіті көз тігіп.
Тегі таза, құтты болсын тамыры,
Ұяты мол, инабатты һәм ірі.
Қол тимеген, болсын аттап шықпаған,
Сенен басқа еркек бар деп ұқпаған.
Сені сүйіп, сенен басқа іздемес,
Жаман қылық, жарамсыз іс істемес.
Ей, адамзат, ердің ері болсаңда,
Қатарыңды ал, егер әйел алсаңдар.
Мінезін айт, қарамай-ақ әріне,
Болса мінез – жарасады бәрі де.
Құр қоздырып нұрлы жүздің жылуын,
Іздей көрме көрікті қыз сұлуын.
Тапсаң егер ақылды қыз көз жетіп,
Қапы қалмай, үйленіп ал тездетіп.
Ақылды әйел мал да жинар, өндірер,
Байып алып, өзіңе де өң кірер.
Пейілді әйел көрікті де, текті ғой,
«Әйел көркі – қылығында», - депті ғой!
Ойы таза болса әйелің – асыл жар,
Осы үшеуі бар-ақ жерде қосылар.
Есті әйелдің етек-жеңі кең келер,
Соны тіле, төрт құбылаң тең келер.
Дәл осындай әйел тапсаң – ардақты,
Соған тырыс – сол әкелер бар бақты!
Хош делік, «Заманың түлкі болса тазы болып шал» демекші, дәл қазір есті де, етек жеңі жиюлы қыздар кеміп бар жатқан секілді. Сенен басқа еркек бар деп білмейтін, өзін болашақ жарына пәк таза күйде тұрмысқа шығатын қыздардың азайып бара жатқаны жасырын емес. Дүниенің қызығына алданып, көрікті жігіт көрсе таң қалып, қалай ұнаймын деп қамданып, алтыннан қымбат арынан айырылып жатады. Топырақты бәріне шашпаймыз, Аллаһқа шүкір, «Арым жанымның садақасы» деген арлы қыздарымыз да баршылық.
Жігіттің да сыналар тұстары көп. Қыз біткенді қолғапша ауыстыратын серісымақтар арамызда тайраңдап жүр. «Осылай жүре тұрайын, ал жарым ретінде таза, пәк, адалын аламын» дейді. Сондағы айтқан уәжін қараңыз, өзінің өмірлік жарына тәжірибелі еркек ретінде көрінгісі келеді екен. Ондай тоңмойындарға «ертең қосағың өзіңнен өткен тәжірибелі болса не істейсің десең?» ашуланатынын қайтерсің?! Шындығы да солай. Әділетті Аллаһ тағала әділеттігін осы тұста байқатады. Отбасын құрғанға дейін кім қалай жүрсе, өзінің болашақ жары да құр қарап жүрмейді екен. Бұл өзің қандай болсаң, жарың да сондай деген қағидаға сүйенеді. Күмәніңіз болса, ақиқатты Құраннан іздеп көрейік. Қасиетті Құранда былай делінеді: «Зинақор ер зинақор немесе мүшірік әйелге үйленуге лайық. Зинақор әйел де, зинақор немесе мүшірік ермен ғана тұрмыс құрады» («Нұр» сүресі, 3-аят). Сондай-ақ тағы да «Нұр» сүресінің 26-аятында: «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, сондай-ақ игі әйелдер игі ерлерге, игі ерлер игі әйелдерге лайық» деп бұйырылған.
«Үйленіңдер! Үйлену - менің сүннетім» деген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистеріне амал еткісі келіп жүрген бойдақтар қапы қалмай жақсы жардан таңда! Адам жұп боп өмір сүрсе жол табар. Бірақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздердің астарына үңіліп, мазасызданып, үйленуден кешеуілдеп жүргендер де аз ба?! Ерте үйлену ердің ісі, кеш қалудан сақтасын! Ең бастысы аласұрып асықпай, кейін жүріп кешікпей әрбір қазақтың жастары жұп-жұбын жарастықпен тауып, қосылса деген тілегіміз бар.
Жақсы жар таңдаңыз!
|