ЖАҒЫМДЫ ОЙ
ЖАҒЫМДЫ ОЙ

Токио. Дәретхана. Кіріп келгенде: «Хош келдіңіз! Бізге қайырылғаныңыз үшін алғысымыз шексіз!» деген арудың аялы үнінен әп-сәтте айнала нұрланып шыға келгендей. Көздің жауын алардай әсем безендірілген қабырғадан аңқыған жұпар иіс пен шаңырақты шарлай шалқыған естілер-естілмес нәзік әуен жүректің қылын шертіп, жанды тербеген көрініске ессіз елітіп, аласапыранға толы мына дүниенің қиын-қыстау сəттерін бір сәтке естен шығарасыз. Сөз жоқ, жұмақтың босағасында тұрғаныңызға сенесіз. Ал келесі бөлмеге өткенде қандай рахатқа бөленетініңізді айтып уақытыңызды алмай-ақ қояйын, жолыңыз түсіп, бара қалсаңыз өзіңіз куә боларсыз.
Шығып бара жатып: «Бізге кіргеніңіз үшін мың алғыс! Деніңіз сау болсын!» деген «дәрумен» үн құлағыңызға шалынғанда кіргендегіден де бетер қанаттанып, көңіл құсы көкке шарықтай береді. Мына пәни дүниеде мәңгі жасайтындай жайраң қағып, жер басып келген аяғыңыз аспанда қалқып кете барасыз. 
Егер дәретханасы да адамға осындай әдемі әсер, ғажап көңіл-күй сыйласа, бұл елдің басқа тірлігі қандай деп ойлайсыздар? 
Жапониядағы әр адамның орташа айлық жалақысы 3,5 мың долларды құрайды. Жарты миллионнан астам адамның жасы 100-ден асқан. Мұның құпиясы көбіміз ойлап жүргендей олардың теңіз өнімдерімен қоректенетіндігінде емес. Әлемде тек қана теңіз өнімдерін пайдаланатын, мұхит жағасын мекендеген талай мемлекет бар. Басты мәселе – басқада. 
Иә, жапондар өзінің де өзгенің де көңіл-күйінің көтеріңкі жүруін басты назарда ұстайтын халық. Жағымды әсерден жағымды ой туады. Ал жағымды ой – жан қорегі. Жаны саудың – тәні сау. 
Жағымсыз ойдың жағымсыз әсері – жойқын. Ол көңіл-күйді күл-талқан етіп, денсаулықты құртады, істі алға бастырмайды, тіпті бүкіл өміріңіз сәтсіздікке толы тамұққа айналады десе де болады. Бұл ақиқатты жақсы түсінген жапондар ой тазалығын сақтауды өз өмірінің басты қағидасына айналдыра білген. Күндіз де түнде де, жатқанда да тұрғанда да, үйде де түзде де тек қана жағымды ой сананы саялауы шарт. Тіпті олар сөздік қорынан «жоқ» деген сөзді алып тастаған. ЖАҒЫМДЫ ОЙ – сіздің және ұрпағыңыздың, өзіңіз құрған кәсіпорынның, тіпті бүтіндей бір елдің бақытты болашағын қалыптастыратын МӘЙЕК. Табиғи байлық атаулыдан жұрдай, алақандай ғана жерді мекендеген халықтың әлемдегі ең бай да табысты елге айналуының әрі ұзақ жасауының басты сыры осында жатыр.
Менің қазағым да жан тазалығы мен рух биіктігіне жетелейтін ой тазалығын сақтай отырып, табиғатындағы қабілеттері мен қасиеттерін дамытып, Жапония секілді дамыған елдер қатарынан көрінгей деп тілейік, достар!

Гүлмәрия Барманбекованың Фейсбуктегі жазбасынан
Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 жыл бұрын 4529
1 пікір
  • Иә,өте дұрыс айтылған!Қазағымыз мәдениетке ұмтылса екен.Мен дәрігер ретінде ұзақ жасау үшін жан тыныштығы өте маңызды деп ойлаймын.
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232