Қонақжайлық деген сөз қазақ халқы деген ұғыммен қатар естіледі. Халқымыз аса қонақжай, жатты жартырқамаған халық. Баршаның бәрін бауырым деп жақын тартып, жақсылық жасаған. Келген жанға алдымен төрін ұсынып, тәтті-дәмдісін қонақтың алдына тосқан. «Қырықтың бірі – қыдыр» деп келген қонақты құрметпеп, күтіп, шығарып салатын болған.
Бұл тамаша үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тапты. Еліміз сонау қиын-қыстау жылдары талай ұлттың баласын бауырана басты. Бүгінде көп ұлтты мемлекетімізде көптеген ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.
Қазақ халқы:«Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» деп қонақты жақсылап күтуге барынша мән берген. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деп, қонақты ырымдап, жақсылыққа жорыған. Алдымен келген қонақты ризашылықпен қарсы алған. «Қонақ асына емес қабақ – қасыңа риза» деп мейманның асқа емес, адамның көңіліне қарайтындығын осылай жеткізген. «Өзі қонақ болып көрмеген,қонақты сыйлай білмейді» жеген ұлағатты сөз бар.
Қонақ деген сөзге бабаларымыз аса үлкен мағына берген.
«Бұл өмірге адамдар қонақ екен» деп, адамзат баласын пәнидің аз күндік жарығына ғана келген қонақ ретінде қараған.
Қазақтың қонақ күту салты асыл дініміз исламмен ұштасып жатыр.
Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қонақты күту жайындағы ғибратты хадисінде: «Қонақ бір үйге келер кезде он несібемен келеді, оның біреуін ғана өзі пайдаланып, қалғанын сол үйге тастап кетеді», деп қонақты риза етуді насихат еткен.
Исламда қонақ жайлы мынандай тағылым бар. Хазреті Айша (р.а.) анамыз риуаят еткен хадисте: «Бірде үйіме қасында қаршадай екі қызы бар бір жарлы мүсәпір әйел келді. Оларға үйімде бар үш тал құрманы бердім. Әлгі ана құрманың екеуін екі қызға берді де, үшіншісін өзі жемек болды. Сөйтіп әлгі құрманы аузына сала бергенде, екі сәбиі бірдей қолдарын созды. Сонда бейшара ана өзі жемекші болған құрманы теңдей етіп екіге бөлді де, балаларына берді. Әлгі әйелдің аналық мейірімі мені қатты тәнті етті, болған оқиғаны Пайғамбарымызға (с.ғ.с) айтып бердім. Сонда Ол (с.ғ.с): «Алла Тағала ол әйелге аналық мейірімі үшін жәннатты нәсіп етті, яки оны тозақ отынан құтқарды», – деп айтты» деген екен.
Алла Елшісі ардақты пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Аллаға және ақырет күніне сенген адам қонағына сый-сыяпат көрсетсін» деп әмір еткен.
Қонақ күту әдебі жайлы:Қасиетті Құранның «Зарят» сүресінің 24-27 аяттарында «(Мұхаммед (с.ғ.с.) саған Ыбырайымның (ғ.с.) ардақты қонақтарының (періштелерінің) әңгімесі келді ме? Олар Ыбырайымға (ғ.с.) кіргенде: «Сәлем» десті. Ыбырайым (ғ.с.) да оларға «Сәлем, бөгде қауым» деді. Дереу үйіне барып, семіз бір бұзау әкелді. Оны оларға жақындатып: «Жемейсіңдер ме?» деді» делінген.
Яғни, қонақты барынша құрметтеу, күту исламда да үкім етілген. Бұл салт халқымыздың бай дәстүрімен астасып жатыр.
Аманкелді Жарасов
ШҚО Тарбағатай ауданы «Байжігіт баба» мешітінің бас имамы