Елдігімізді танытқан Мемлекеттiк рәмiздер қалай таңдалды? (фото)
Елдігімізді танытқан Мемлекеттiк рәмiздер қалай таңдалды? (фото)

Елiмiз 1992 жылы Ту, Елтаңба және Әнұранын ресми түрде қабылдады. Baq.kz тiлшiсi ҚР Ұлттық мұрағатының құжаттарымен танысып, елдiгiмiздi танытқан мемлекеттiк нышандардың қалай таңдалғанын анықтады. 

«Әр егемен, тәуелсіз елдің өзінің рәміздері болады. Біздің ата-бабамыз аңсаған өзіміздің туымыз, елтаңбамыз бен әнұранымыз бар. Мемлекет басшысы шетелге ресми сапармен барғанда біздің ту көтеріліп, әнұранымыз шырқалады. Спортшыларымыз жүлделі орын алғанда да әнұранымыз айтылып, туымыз көкке көтеріледі. Бұл баршамызға, әсіресе жастарға үлкен әсер етеді, оларды патриоттық тәрбиеге баулиды. Чемпиондарымыз байрақты көтергенде қандай мақтаныш сезiмi болатынын өздеріңіз білесіздер. Рәміздеріміз – біздің мақтанышымыз, біздің елдігімізді, егемендігімізді көрсетеді. Сондықтан, біз оларды көзіміздің қарашығындай сақтап, қорғауымыз керек», - дейдi ҚР Ұлттық мұрағатының директоры Жангелді Мақашев.

Мұрағат басшысының айтуынша, тәуелсiздiк алғаннан кейiн мемлекеттік нышандар конкурсына қатысқандар қатары көп болды. Конкурсқа қатысқан ұсыныстар мен сипаттамалардың барлығы мұрағатта сақтаулы. Олар - бірегей құжаттар әрi адамдардың тағдыры.

«Азаматтардың қатысып, барын салып тырысуы - бұл патриоттықтың белгісі, адамдардың мемлекет болып қалыптасуымызға бейжай қарамауы деп ойлаймын. Мәселен, елтаңбада бізге бірінші көзге түсетін – шаңырақ. Шаңырақ қазақ үшін киелі ұғым. Содан кейін көк аспан бейнеленген. Аттың суреттері де бар. Ол да қазаққа жақын, жылқы – ата-бабамыздан келе жатқан жеті қазынаның бірі. Біз бейбітшілікті, кеңдікті сүйетін халықпыз. Сондықтан, есігіміз бәрімізге ашық. Елтаңбада шашылып тұрған нұр мен шаңырақ бүкіл әлемге біздің елдің қандай екенін көрсетіп тұрғандай», - дейді Мұрағат директоры.

Ал ҚР Ұлттық мұрағат қорын пайдалану қызметiнiң басшысы Сәуле Нұшкенованың айтуынша, мемлекеттік рәміздер конкурсына республиканың барлық облысынан түрлі жобалар, суреттер мен эскиздер жолданған. Қиын-қыстау заманға қарамастан әртүрлі ұлт өкілдері, әртүрлі мамандық иелері қолынан келгенінше конкурсқа еңбектерін жiберген. Дәптер бетіне, альбом бетіне сурет салған олар өздерін таныстырып, суреттің мән-мағынасын, түсін, ою-өрнектерін сипаттаған.

«Конкурс комиссиясы 14 рет отырыс өткізген. Осылайша, ең үздік эскиздер іріктелген. Мемлекеттік туға 600 жоба жолданса, елтаңбаға 300 жоба, әнұранға 51 жоба ұсынылған. Конкурс қорытындысы бойынша, Шәкен Ниязбековтың ту жобасы үздік атанса, Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың елтаңба жобасы үздiк атанған. Елтаңба жобалары да көп қаралды, геометриялық жағынан мұқият өлшенді», - дейдi мұрағат маманы.

Сәуле Нұшкенова жуырда елтаңбаның сәл өзгерiске ұшырағанын айтты. Енді мемлекеттік органдар 1 шілдеге дейін елтаңбаларын ауыстыруы керек. Маманның мәлiметiнше, елтаңбада «Қазақстан» деген жазу мен жұлдыз көлемi сәл үлкейтілді. Шаңырақтың да формасы аздап өзгеріске ұшырады.

Мемлекеттiк рәмiздер жайлы Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтiң де пiкiрiн бiлген едiк.

«Біз 25 жылдың ішінде мемлекетімізбен қатар рәміздерімізді де дүние жүзіне таныта алдық. Бұл тұрғыда Елбасының атқарып жатқан жұмыстарын бағалай білуіміз керек. Жалпы Елтаңба тану деген бағыт болуы керек. Тіпті осы тұрғыда мемлекеттік бағдарлама болса да артық етпейді. Себебi, елтаңбаның бір өзінде қаншама рухани астар жатыр» - дейді Ж.Мәлiбеков.

Сәуле Нұшкенова сөз соңында әнұранның қалай таңдалғанын айтып бердi. Оның мәлiметiнше, Қазақ ССР әнұраны 1943 жылы жарыққа шыққан. Ол 50 жыл бойы қолданылған. Тәуелсiз Қазақстанның әнұраны бойынша екi рет - 1992 және 2006 жылдары шешiм қабылданған. 1992 жылы бiр әнұран қабылданса, 2006 жылы жаңа әнұран қабылданды. Оның негiзiне 1956 жылы жазылған «Менiң Қазақстаным» өлеңi алынды.

«Әнiн Шәмшi Қалдаяқов жазса, сөзiн Жұмекен Нәжiмеденов жазған, ал Нұрсұлтан Назарбаев әнұранның мәртебесiн көтеру үшiн бiраз түзету енгiзген. Бұл заңмен белгiлендi. Осылайша, 2006 жылдан бастап қазiргi әнұранды айтып келемiз», - деп түйiндедi Мұрағат маманы.

ФОТО: Абзал Қалиев 

Рәміздеріміз қалай дайындалады? 

Шымкентте орналасқан «Erniyaz media group» мекемесі бір жарым жылдан бері мемлекеттік символдарды шығарумен айналысады. Рәміздер күні мерекесіне орай аталған ұжымға арнайы барып, бір күндік жұмыс барысын назарға алдық.

 

Ұжым басшысы Ербол Дайраш алдымен елтаңбаның дайындалу барысымен таныстырды. Қала сыртында орналасқан цехта жұмыс қызу жүріп жатты. Себебі тапсырыс көп. Басшының айтуынша, еліміздегі мемлекеттік мекемелердегі елтаңба жаңа форматқа сай түгелдей ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін ауыстырылуы тиіс. Шымкентте рәміздің бұл түрін шығарумен небәрі екі-ақ мекеме айналысатынын назарға алсақ, бұл датаға дейін үлгеру үшін жұмысшыларға әлі біраз тер төгуге тура келеді.

 

«Бізге қазір мемлекеттік мекемелер тарапынан ұсыныстар көптеп түсіп отыр. Біз тапсырыспен жұмыс жасағандықтан жұмысшы саны да соған байланысты. Мамандарымыз қарағандылық әріптестерімізбен тәжірибе алмасқан. Бүгінгі таңда елтаңба дайындалатын цехта 8 адам жұмыс жасауда. Тәулігіне 5-6 данасы шығарылып жатыр. Жекелей азаматтардан тапсырыс түсетін жағдайлар болады, бірақ сирек. Олардың қатарында елтаңбаға қарағанда мемлекеттік туға қызығушылық танытатындар көп. Айтуларынша, шетелге шығарда туды өздерімен бірге алып жүреді»,-деді Ербол Дайраш.

Мамандығы бойынша дәнекерлеуші Лесбек Садиевті жұмыс барысы кезінде біраз аз-кем әңгімеге тарттық. Цех қызметкері жұмысының ешбір қиындығы жоқ деп сендірді. Жоспарға сай жүріп жатыр дейді. Герб пішінін арнайы қоспамен құйып шығару - сұхбаттасушымыздың тікелей міндеті. Бұл жұмыс асқан шыдамдылықты қажет етеді екен. Оның сөзіне сенсек, болмашы қатенің өзі бүкіл пішінге кесірін тигізеді. Сол себептен аса ұқыптылықты керек.

 

«Жасым 34-те. Қолымнан кез келген жұмыс келеді. Әрине, еліміз үшін мұндай маңызды дүниелерді жасаймын деген ой бұрын мүлдем болмаған. Мамандығым бойынша жұмыс жасамасам да қазіргі кәсібім өзіме ұнайды. Сенесіз бе, тіпті мақтанышпен айта аламын. Неге дейсіз ғой? Елтаңба – еліміздің мемлекеттік рәмізі. Шынымды айтсам, өзімді нағыз патриот азамат сезінемін. Рәміздерді жасап шығару екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой. Сондықтан да өз жұмысыммен мақтанамын»,-деді Лесбек Садиев.

Әңгіме барысында қызметкер тағы бір елтаңба пішінін жасап шығарды. Мемлекеттік гербтің жасалуы жолы да қызық екен.

 

Жаңа үлгідегі герб пішіні 3D формат негізінде дайындалған. Оған қалыпқа сұйықтық құйған секілді қажетті қоспалар жағылады.

 

Айтпақшы, дайын пішін алдымен майлаудан өтеді. Себебі оның үстіне жағылған пластикалық шайыр (смола) жабысып қалмауы тиіс.

 

Мұнан соң пластик қосынды бірнеше рет қайталанып жағылады. Қалыңдай бастағанда гербтің жаңа пішіні шығып, қалыптан шығарылып алынады. Бұл кезде елтаңба пластикалық бұйым секілді қатты болады.

 

Оның астына қаптама (табандары) жабыстырылады. Кейінірек бұйым ағашты жоныған секілді өңдеу мен тегістеуден өтеді.

 

Мұнан соң елтаңба пішініне күміс, кейін алтын түстес бояу жағылады.

 

Бояу кепкен соң ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңба аралары пісек (шприц) арқылы көгілдір түспен боялады

  

Әбден кепкен соң қорапқа салынып, тапсырыс берушіге жеткізіледі. Осы ретте рәміздің бұл түрінің бағасы да қызықтырмай қоймады.

 

Ол гербтің көлеміне қарай әртүрлі болады екен. Көбіне мемлекеттік мекемелерге диаметрі 50 сантиметрлік герб орнатылады екен. Оның бағасы 63 мың теңге.

Ал егер елтаңба қойылатын орын ғимараттың екінші қабатынан жоғары орналасса, диаметр көлемі ұлғая береді. Компания басшысы Ербол Дайраш елтаңба пішінінен гөрі оған қажетті түсті әзірлеудің жұмысы көптігін атап өтті. Тек түсті шығару үшін химиялық тоғыз элемент қолданылады. Ал оларға дистилденген су пайдаланылады. Ерекше айта кетерлігі, елтаңба жасауға қажетті затты еліміз бойынша бір ғана компания жеткізіп берумен айналысады. Оның өзі шикізат көзін Ресейден алып келеді екен.

 

«Erniyaz media group» мекемесіндегілер туды да жасап шығарады. Әрине, оны әзірлеу жұмысы елтаңбаға қарағанда жеңілірек деуге болады. Көк тудың ортасындағы 32 сәуле тараған күн мен қыран құс бейнесі құрылғы арқылы екі жолмен матаға түсіріледі.

 

Біріншісі: қағаз арқылы жабыстырылса, екіншісі: матаның өзін тікелей жабдыққа салып, басып шығарады. Бұл екі құрылғы Жапония және Қытай елінен әкелінген. Қалған жұмыс тігіншілердің міндетіне жатады. Олар матаның шеттерін көркемдейді. Тапсырыс берушінің қалауына қарай шашақтар қоса тігіледі.

 

Бірақ, шашақты туды тек бірінші басшының кабинетіне ілуге рұқсат берілген және де олар маңызды шараларда ғана қолданылады екен. Тудың көлемі 1х2 қатынасымен тігіледі. Яғни, егер ені 50 см болса, ұзындығы 100 см (1м/2 м) болуы шарт.

 

«Мемлекеттік рәміздер болғандықтан сақталуы тиіс қатаң заңдылықтар болады. Біз барлығын талапқа сай жасаймыз. Оның пішіні, көлемі, орналасатын жеріне дейін белгілі бір ережесі бар. Мәселен, ашық аспан астында ілулі тұрған ту екі айда бір рет жаңарып тұруы керек. Өйткені жел, жаңбыр, күн секілді табиғат құбылыстары бар. Солардың салдарынан ту ескіруі мүмкін. Ал елтаңба егер жабық ғимаратта орналасса, үш жарым жылға дейін қолдануға рұқсат етіледі. Егер ашық далаға орнатылса, су тимейтіндей жағдай жасалуы керек. Міне, сол себептен елтаңбаға қарағанда туға тапсырыс беретіндер көп»,-деді Ербол Дайраш. Айтпақшы, ұжым мемлекеттік әнұран мәтіні жазылған қабырғалық қалқан (стенд) да дайындайды.

 

Сұхбат соңында кәсіпкер азаматтан жасалу барысында ақау шығып, жарамсыз болып қалған рәміздеріміз туралы да сұрауды ұмытпадық. Айтуынша, «брак» боп шыққан өнім талапқа сай жойылады. Нақтырақ айтқанда, рәміздер өртеледі немесе ту матасы қиқымдалып тасталынады. Себебі рәмізді қоқысқа тастауға заңмен тыйым салынған.

Фото: Автор 

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
7 жыл бұрын 5860
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232