Ел басқарудағы жасанды сана мүмкіндіктері
Ел басқарудағы жасанды сана мүмкіндіктері

Соңғы жылдары жасанды сана технологиялары қарқындап дамып, мемлекеттік органдардың қызметіндегі бірқатар мәселелерді шешу барысында тиімді қолданылуда. Мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуден бастап, алаяқтықпен күрес, энерготиімділікті арттыру сынды бүгінгі күннің өзекті мәселелерін реттеу барысында көптеген елдердің үкіметтері қазір жасанды санаға сенім білдіруде. Жасанды сана технологиялары заң шығару қызметін жетілдіруге де өзіндік үлес қосуда: енді заң қабылдауда қандай да бір шаралардың тиімділігіне цифрлық технологиялардың көмегімен баға беріп, нақты дәлелдерге сүйенуге болады.

The Boston Consulting Group (BCG) зерттеу агенттігінің сарапшылары бүгінде мемлекеттік институттар жасанды сана тетіктерін қолдану аясын одан әрі ұлғайтуға мүдделі деген пікір айтады. Бірақ бұл сала ілкімді инвестицияларды қажет етеді, содан да көптеген елдерде аталған технологиялар кенжелеп дамуда. Дегенмен, пандемия салдарында дүние жүзінде жаңа өзгерістер орын алуы әбден мүмкін, дейді сарапшылар. Олай болса технологиялық даму барысында да өзіндік жаңалықтар мен түзетулер көрініс береді деген сөз. Жаһандық пандемия мемлекеттік шенеуніктерді технологияларды жеделдеп енгізуге итермелеуде.

Коронавирус адамзаттың ой-санасын түпкілікті өзгертуге жағдай жасауда. Әрекетсіздік үрейі салдарында әлем халықтары өз мемлекеттері алдында жаңа талаптар қойып, жаңа шешімдерді талап етуде. Бұлыңғыр болашақтан сескенген жұртшылық жаңа идеяларға біртіндеп болса да бет бұра бастады. Бүгінгі жағдайды «бірегей кезең» деп сипаттаған BCG сарапшылары: көптеген жылдардан бері бірінші рет ел үкіметтерінің жұмысын түбегейлі өзгертуге барлық мүмкіндік бар, олар осы кезеңді дәл қазір тиімді пайдалана білгендері жөн деп ескертеді.

Цифрлық мінсіз қадам

Пандемия аясында әлем елдерінде жаңа сауалдар, жаңа қиындықтар туындап, халық көкейінде: ел ішіндегі ауруханалар тиісті деңгейде жасақталған ба, ондағы емдеу орындары жеткілікті ме, медицина қызметкерлерінің деңгейі қандай деген сауалдармен қатар, дәрі-дәрмек және емдеу құралдары, азық-түлік қоры туралы көптеген мәселе мазап отыр. Дамыған елдерде жергілікті тұрғындар шағын бизнестің болашағына алаңдаулы. Өз кезегінде билік орындары ел ішіндегі негізгі қызметтердің жұмыс тізбегіне қылау түсірмеуге мүдделі: пандемиядан қорғанамыз деп, қоқыс шығару, қоғамдық көлік жұмысын ретке келтіру, пошта жеткізу, коммуналдық инфрақұрылым қызметін жалғастыру сынды бірқатар маңызды тұтыну сервистерін тоқтатып қоюға болмайды. Бұл шараларды тиісті деңгейде орындаумен қатар, халық денсаулығына қауіп келтірмеу мәселесін де тыңғылықты ескеру керек.

BCG сарапшыларының пайымынша, бұл мәселелерді біржақты етуде жасанды интеллект негізіндегі шешімдер тиімді болмақ. Және де бұл шешімдер мемлекеттік органдардың да, ел азаматтарының да көңілінен шығуы тиіс. Бүгінде дамушы елдердің бірқатары бұл технологияларды сәтімен қолданысқа енгізіп жатыр. Мысалы, АҚШ-тың денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрлігі мемлекеттік сатып алуларды сарапқа салуда жасанды сананы тиімді пайдалануда. Нәтижесінде министрлік өз шығындарын үнемдеумен қатар, бюрократияны қысқартуға және қабылданған шешімдердің ашықтығына қол жеткізген.

Сингапур үкіметі цифрлық технологиялардың ең соңғы үлгілерін тендерлік процедураларды зерттеу барысында қолдануда: қызмет бабын асыра сілтеу сынды сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алған жағдайда, компьютер бірден байқап, дереу мәлімет береді.

Айтқандай, электронды үкімет құруға жол ашып, ізашар ретінде танылған елдер қатарында – Дания, Ұлыбритания, Австралия, Сингапур үкіметтерін айтуға болады. Бұл елдер мемлекеттік қызметті дербестендіру тетіктерін әзірлеуде жасанды сананы жан-жақты пайдалануға мән беруде. Қазақстанда электронды үкіметтің веб-сайты өз жұмысын 2006 жылдың 12 сәуірінде бастап, 59 шақты ақпараттық қызмет түрлерін ұсынудан бастаған болатын.

Ашық диалог керек

Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологияларын енгізуде нақты жетістікке қол жеткізу үшін кең ауқымды инвестициямен қатар, саяси жігер қажет. Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың оң көрінісі баршаға аян, бірақ, бұл арада жасанды сананы енгізуге кедергі келтіруші факторлар да жоқ емес. Мысалы, қолданыстағы компьютерлік жүйелерді жаңарту үшін қомақты инвестиция керек. Оның сыртында, электронды үкімет құру – ұзаққа созылатын күрделі процесс, бұл арада менеджмент принциптерін өзгертіп, шенеуніктерді қайта оқыту, қарапайым азаматтардың қажеттілігін анықтап, түсіну сынды өзіндік талаптар да жетіп асады. Содан да болар, бірқатар елдердің шенеуніктері жаңа технологияларды енгізуге аса құлықты емес.

Кей елдер жасанды сана тетіктерін қысқа мерзімге негізделген жергілікті мәселелерді шешуде ғана қолдануда. Сарапшылар, цифрлық технологиялардың өзектілігі дағдарыс кезінде арта түскенін алға тартып, үкімет басындағылар бір ғана түйінді мәселенің шешімімен шектелмей, цифрлық технологияларды жүйелі түрде кеңінен енгізуге мән бергені дұрыс деп ескертеді. BCG сарапшылары бұл тұрғыда бірқатар кеңес әзірлеп ұсынуды да жөн көрген.

Туындаған жағдайға қатысты нақты көзқарас, нақты түсінік болуы тиіс, дейді олар. Цифрлық технологияларды енгізуде ел үкіметтерінің нақты стратегиясы болуы тиіс, сонда мемлекеттік мекемелердің бұл бағыттағы өзара үйлесілген нәтижелі жұмысын қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Мысалы, Австралияда, Сингапурда, Ұлыбританияда цифрлық өзгерістер бағытындағы жұмыстарды үйлестіріп, атқарып отыратын арнайы агенттіктер құрылған. Олардың міндеті – мекемелердің өзара бірлескен күш-жігерін алға тартып, қызмет көрсетудің бірыңғай форматын әзірлеу, инновацияларды енгізу, лауазымды тұлғаларды, шенеуніктерді қайта оқытып даярлау, т.б.

Жоспарланған шаруаның шағын бөлігінен бастауға болады, дейді BCG сарапшылары, бірақ, әрине, ауқымды міндеттерді де ұмытпау керек. Мысалы, шенеуніктер, лауазым деңгейіне қарамастан, цифрландыруға негізделген шағын болса да тиімді жобаларды әзірлеп ұсына алады. Мұндай жобаларды қарастырып, пилотты негізде енгізу барысында әлеуетті проблемаларды анықтап, болашақта, яғни ұсынылған бастамаларды кеңейту аясында туындауы ықтимал қиындықтардың алдын алуға болады. Әрине, бұл амбициялық жобалардан бас тарту керек деген сөз емес. Бәрі де әркімнің әзірлік деңгейіне қарай. Мысалы, биыл Солтүстік Америка елдерінің бірі КВИ пандемиясының ушығуына қатысты мәліметтерді талдауға арналған шағын жобаны іске қосты. Жобаның мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы дағдарысты жеңілдетуге негізделген шешімдер шығару бойынша ұсыныстар әзірлеу. Бұл ұсыныстың тиімділік көрсеткіші жоғары болғаны сонша, қазірде шенеуніктер, аталған тетіктерді өзге де салаларға қолдану мүмкіндігін зерттеуге кіріскен.

BCG сарапшылары алға тартқан тағы бір кеңес: технологияларды енгізу барысы айқын да қауіпсіз болуы тиіс. Қарапайым азаматтардың біразы жасанды санаға күдікпен қарап, цифрлық технологияларды қабылдамай жатады. Олардың айтар уәжі «технологияларға сенім артуға болмайды, жеке деректер қолды болып кетеді» дегенге саяды. Бұл пікірмен бірқатар шенеуніктер де келісіп отыр.

«Ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне қауіп-қатер жоқ екеніне көз жеткізу керек, ал бұл үшін – жасанды сананың рөлі мен функциялары туралы ел азаматтарымен ашық та сенімді диалог бастаған дұрыс», – дейді BCG сарапшылары.

The Boston Consulting Group жария еткен жаһандық зерттеулер нәтижесі бойынша, әлем халқының басым бөлігі жасанды сана тетіктерін, айталық, салық әкімшілігі, бюджетті үйлестіріп, бөлу, инфрақұрылымды жөндеу және күтіп ұстау шаралары сияқты қызметтер барысына енгізуге қарсы емес көрінеді. Алайда бірқатары жеке мәліметтерге және маңызды шешімдер қабылдауға қатысты салаларда, мысалы, қылмыскерлерді бас бостандығынан айыру мерзімі деген сияқты – жасанды интеллект енгізуді қауіпті санайды.

Жасанды сана тетіктерін енгізуде әлем елдерінің үкіметтері өз азаматтарының осы тұрғыдағы пікір, көзқарасын ескере отырып, әрі қауіпсіз, әрі этикаға сай шешімдер шығара білуі керек, деп түйіндейді өз зерттеулерінде BCG сарапшылары.

forbes.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 жыл бұрын 3343
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232