Соңғы жылдары мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап ету әрекеттері жиі кездесетін болды. Мұндай әрбір факті қоғамды дүр сілкіндіріп келеді. Әдетте, қоғамның екі сегментінің пікірі ұдайы кереғар шығады. Қазақтілді қауым қолдаса, орыстілділер «арандатушылық» деп бағалайды. Оғыз Доғаннан бұрын танымал адамдардың ішінде Жарылқап Қалыбай мен Сәкен Майғазиев те осы тақілеттес жағдайды бастарынан өткерген. Ал қарапайым адамдар үшін бұл қоғамдық көліктерде, дүкендерде, мемлекеттік мекемелерде және басқа да орындарда екі күннің біріне кездесетін жайт.
Мәселен, банктерде қазақша қызмет көрсетуді, құжаттардың қазақша нұсқасын сұрау қызметкерді әбігерге салады. Сондай бір жағдайға куәгер болғаным бар. Мемлекеттік банк қызметкерінің аудармашыларға қоңырау шалып: «Ана құжаттарды тез аударып беріңіздерші. Бір адам банкке келіп, құжаттардың қазақша нұсқасын талап етіп отыр. Өзі орысша жақсы біледі, бірақ сонда да қиғылық салып отыр», – дейді екі көзі шарасынан шығып. Жүзінен әрі таңырған, әрі жақтырмаған кейпі көрініп тұр.
Әсілінде, бұдан кейін қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етушілік көбеймесе, азаймайтыны анық. Бірақ осындай кикілжіңдердің алдын алуға, қазақтілділерге ана тілінде қызмет көрсетуге әлі де әзірлік жоқ. Құлық жоқ.
Кінәлі кім?
Мемлекеттік тіл мәселесі – түйіні тарқатылмаған түйткіл. Басты кедергі не, сонда? Шынтуайтында, гәп саны жыл сайын азайып бара жатқан өзге ұлт өкілдеріне келіп тіреліп тұрған да жоқ бүгінде. Тағдырын Қазақ елімен байланыстыратын ата-аналардың дені балаларын ақша төлеп, мұғалім жалдап, қазақ тілін еркін сөйлеуге жастайынан баулып жүр. Әрі-беріден соң, ширек ғасырдан бері қазақтың еркі өзінде. Ана тілін ұлықтаймын десең, кім қой депті? Тіпті, билікте өзге ұлт өкілдері жоқтың қасы емес пе?
Рас, орыс тілін ресми тіл еттік, өйткені орысша сөйлейтін жұрттың қарасы аз емес. Кейбір салаларда қазақ тілі атымен болмаған. Қазіргі билік «Орыстілділердің құқығы бұзылмасын, орысша тіл қатса, орыс тілінде тілдес» дегенді жиі айтады. Шырқымыз бұзылмасын дегені болар. Хош дейік, бірақ сол билік қазақшаға тыйым салған да емес. Керісінше «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін!» деп ұрандады. Өзге тілдерге құрметпен қарап, өз тілімізді дамытып жатсақ, ешкім қол байлау бола алмас еді. Тіпті, сыртқы күштер де. Мәселен, қазақ тілі латын графикасына көшетініне Ресей қауымы қатты шүйліксе де, Кремль «өздерің біліңдер» дегендей сыңай танытты. Бұл мәселеге келгенде билік ешкімнен, ештеңеден ығып қалған жоқ.
Дәл бүгін осы мәселеде кінәні келмеске кеткен Кеңес өкіметінен, Путиндік Ресейден, болмаса тағы басқадан іздеу – жаңсақтық, тіпті, ұят нәрсе. Өйткені, кем-кетігімізді түзетуге, түлетуге, тілімізді тұғырына қондыруға берілген мүмкіндік пен уақыт аз болған жоқ. Яғни, бұл – үлкен саясаттың емес, өз ұлтына, өз халқына, ана тіліне немқұрайдылықтың, қала берді, шекеден қараушылықтың кесірі.
Үрей мен үміт
Мұның түп-төркіні қайда? Өзгеде емес, қазақтың өзінде. Қатып қалған санада. Дүниенің күн санап өзгеріп келе жатқанын көрмеуде. Өзінің ескі, тар ішкі әлемінен әрі аса алмаушылықта. Мәселен, қазақтың ақиық ақыны Хамит Ерғалиевтің қызы Гүлжан Ергалиеваның пікірі бұған жақсы мысал бола алады:
«Мне впервые и по-настоящему стало страшно после языкового скандала, устроенного турецким человеком в банке, и от его последствий. В одном могу согласиться, что этот иностранец оголил очень тяжелую и запущенную болезнь в КЗ – это ненависть. Тупая и слепая ненависть людей, давно разошедшихся с одной дороги в разные стороны. Казахский язык это только благопристойный повод, которым бессовестно пользуются те, кто тяжело страдает примитивным национализмом. Именно примитивным, а не просвященным. Они не прикладывают ни малейшего усилия, чтобы титульная нация вышла из нищеты и образовывалась, научилась защищать свои социальные и трудовые права, осознала ключевые гаржданские основы и автивно участвовала в государственным и общественном строительстве».
Бұл пікірдегі асты сызылған сөздерге мән беріп қарағанда, мазмұны мынаған саяды: «Қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ету – қорқыныш, үрей ұялатады екен, қазақ тілі – тек сылтау ғана, оны жалаулатып арсыз адамдар дөрекі ұлтшылдығын көрсетіп отыр-мыс, олардың құры ел ішіне іріткі салып, жек көрушілік дәнін сепкеннен басқа ісі жоқ, титулды ұлт, яғни қазақ болса, кедейшілікте, білімнен жұрдай, құқықтарын қорғай алмайтын, мемлекет қоғам құра алмайтын бос белбеу біреулер».
Не боп кетті өзі? Бұл сөздер голливуд фильмдеріндегі АҚШ-тың ақ нәсілшілдерінің афроамерикандықтарға қатысты пікірін еске түсіреді ме, қалай? Бұл – бал ұстап, бармағын жалап жүрген адамның ғана сөзі.
Әкесі қалдырған мұраны оқып түсіне алмаушылық – қазақтың ұлт ретіндегі трагедиясы. Мұны мойындай алмай отырмыз. Ұлтшылдыққа келсек, қазаққа Гүлжан Ерғалиеваларға қарағанда Герольд Белгерлер, Асылы Османовалар, үш Татьяналар (Полтавская, Мартыненко, Бурмистрова) әлдеқайда етене.
Ал қазіргі орыстілді қазақ элитасының пікірі Гүлжаннан қаншалықты алшақ? Өзгеше болса, жағдай мүлде басқаша болар ма еді? Франс Фанонның бодандықты басынан өткерген елдердің элитасы, оның өз халқына ұстанымы туралы деген пікірі өміршең екен де.
Бірақ, өткелден өтіп келеміз...
Доғандар аз емес
Бұл Алматы қаласының ірі сауда кешендерінің бірінде болған оқиға. Қымбат киім дүкені. Жас шамасы 25-тердегі екі жігіт киім-кешек таңдап жүр. Өзара өзге тілде сөйлеседі. Ұйғырша ма, өзбекше ме, ол жағын айыра алмадым. Әйтеуір, түркі тілі екені аңғарылады. Сатушыға таңдаған киімдерін алып келіп, тауардың бағасы, қай елде жасалғаны, сапасы жайында қазақшалап біраз сұрақ қоя бастады. Сатушы – уылжыған жас орыс қызы. Сасқанынан біраз уақыт іркіліп қалды да, тілі бұралып, ұзақ ойланып, шамасы келгенше қазақ тілінде қанша тұратынын айтты. Екі жігіттің бірі мардымды жауап ала алмағанына ызаланып, маған қарай бұрылды да: «Бұлар неге қазақша білмейді осы уақытқа дейін?» деп дүрсе қоя берді ызалы үнмен. Мен басыма сап етіп бірінші келген жауапты айттым. «Қанша тұратынын айтты ғой», – деп жас қызға араша да түскендей болдым. Жігіттерді менің уәжім де сабасына түсіре алған жоқ, сөзімді жақтырмай, ала көзімен бір атты. Алған заттарын қайта орнына қойды да, ештеңе сатып алмастан шығып кетті. Рас, бейнекамераға түсірген жоқ. Сотқа жүгінген жоқ. Наразылығын сауда жасаудан бас тарту арқылы білдірді де, жөніне кетті. Олардың Қазақстанның азаматтары екенінде дау жоқ. Өйткені, Түркияда туып өскен Оғыз Доғаннан екінші бір айырмашылығы, қазақшаға тілі мүкіссіз, таза сөйлейді. Сонда, мұның не болғаны? Ұлтшылдық дейін десең, ұлты қазақ емесі анық. Қазаққа түрі де ұқсамайды. Қазақтанып кеткен де ештеңесі де жоқ, жаңа ғана екеуара ана тілдерінде сөйлеп жүрген. Кейпіне қарасаң, ауылдың балаларына ұқсамайды, қалада өскендері де байқалып тұр.
Шынтуайтында, бұл – қазақ тілінің мәселесі қазақтың ішкі мәселесі болудан қалып, Қазақстанда тұратын халықтардың мәселесіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Не істеу керек?
Мұндай жанжалдарды таразылап көрсек, мынадай жайтқа көзіміз жетеді. Қазақша қызмет көрсетуді талап еткен адамдарға қызметкерлер қазақша білетін қызметкерге жөн сілтеудің немесе қазақша білетін әріптесін шақырудың орнына көбіне жанжалдаса жөнеледі. Бұған басты себеп, орыстілді қазақтардың «қазақ кедей, білімсіз, мәмбет» деген астамшыл психологиясы болса керек. Мұндай пікірлерге, тіліне қарай кемсітушілікке қатаң тосқауыл керек.
Мемлекеттік тіл мәртебесі Конституцияда тайға таңба басқандай көрсетілген қазақ тілінде қызмет көрсетілу неге бұлай араздық тудыруы тиіс? Орыс тіліне ешкім қарсы емес. Қажет-ақ. Ендігі мәселе – қазақ тілінің қолданыс аясын орыс тілінің деңгейіне жеткізу. Мемлекет орысқа орыс тілінде, қазаққа қазақ тілінде қызмет көрсетуді толық қамтамасыз етуі тиіс. Ешкімнің құқығының бұзылмауын қатаң қадағалауы қажет. Ең алдымен, тым құрыса, азаматтарға қызмет көрсететін салаларда екі тілді білу біліктілік талабы ретінде қарастырылғаны жөн.
Мемлекеттік тілге немқұрайды қараушылық тұрмыстық кикілжіңдерді көбейте түседі. Мұның арты ірі жанжалдарға да ұласуы бек мүмкін. Сондықтан іс насырға шаппай тұрғанда мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық орындарда мемлекеттік тілде қаншалықты сапалы қызмет көрсетілетінін мемлекеттік органдар қазірден жіті қадағалауы тиіс.