1997 жылдан бастап «31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып ресми бекітілген болатын.
Сондықтан мамырдың 31-і күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесулер өтіп, түрлі іс-шаралар болып отырады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Смайыл былтыр 31-мамыр жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін «жаппай қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні»,– деп қайта рәсімдеуді сұраған. Алайда ол туралы түрлі кереғар пікірлердің тууына байланысты мәселе аяқсыз қалған.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданады. Содан бері 20 мыңнан аса мұрағаттық қылмыстық іс зерттелінген көрінеді. Алайда, «саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайдың» жекешеленіп кетуінен аталмыш тарихи оқиғаға мемлекеттік деңгейде баға берілмей жүргенін білуге болады. Мұражай қызметкерлері болашақта төл ғимараттарының қайтадан өздеріне қайтарылатынына сенімдері мол. Себебі, – дейді мекеменің басшысы Н.Жақауова: «НКВД-ның бұрынғы ғимараты саяси қуғын-сүргін құрбандарының соңғы демі қалған жер, тіпті бөлмелерінде қанның ізі бар еді. Меніңше, бұл көрініс келген адамдарға қатты әсер беріп, өткен тарихымызды бағалауға мұрындық болар еді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының балалары 3-4 жастарында әке-шешелеріне тамақ тасыған жер. Мәселен, Томск қаласында НКВД-ның бұрынғы ғимараты сол қалпында сақталынып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайына айналып отыр.
31-мамыр күнін біз жыл сайын атап өтеміз. Алматы қаласының осы зұлматты бастан өткерген отбасы ұрпақтары Алматы облысының «Жаңалық» ауылында қаралы митингке жиналады. Онда НКВД қолымен атылған 3 мыңнан астам адам жерленген. 1990 жылы бұл жерге тас белгі қойылса, 2002 жылы ескерткіш орнатылған».
1937-1938 жылдардағы қанды оқиға жаңғырығы мәңгі ел жадында. Нақақтан-нақақ ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары «ұлтым» деймін деп – «ұлы қылмыс» жасап, «халқым» деймін деп – «халық жауы» деген жала жабылып атылып кетті. Талай бейбіт отбасыларының оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды. Түптеп келгенде, саяси қуғын-сүргін, аштық, өзге ұлттардың депортациясы барлығы тоталитарлық жүйенің орыстандыру-шоқындыру, бүтіндей бір ұлтты жою саясатының нәтижесі.
Мәселен, Қазақстанға 1936-1957 жылдары 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды. Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен басқалар да өз еркімен келген жоқ. Барлығы 1,5 млн адам көшіп келді.
Ол заманда солақай саясат шындығын айтуға болмайтын, ал қара халықтың тілек-мүддесі мүлде ескерілмейтін. Оны төменде берілген эпизодтан да көре аламыз.
Бірде ел-жұртты 32-ші жыл зұлматы күңірентіп тұрған кезде пойызбен Мәскеуге, әлде Алматыға өтіп бара жатқан Филипп Голощекин Ақтөбе вокзалында «контрреволюционер-байлардың малды қырып тастаған зымиян әрекеті» туралы әшкере-сөз айтып тастауға ниеттенсе керек. Бірақ, ол вагонынан түсер-түспестен, алдынан алғашқы Қазревком мүшесі, әділет комиссары, қызыл партизан ретінде кеңес өкіметін қорғауға көп еңбек сіңірген қалжыраңқы ардагер Бақытжан Қаратаев жайдақ арбамен шыға келеді. Тізесі қалт-құлт етіп, тарантас үстінде бойын түзейді. Сосын дімкәс қарт алаңда жиылған халықтың көз алдында, баяғы 2-Дума мінберінде тұрғандай өжеттікпен Голощекинге ашына түйіліп, сөйлеп береді. Ол большевик-патшаны елді аштан қырып жатқан қылмысы үшін айыптайды. Сонда Голощекин: «Шал шаршап қалыпты», – деген күбірмен вагонына кері кіріп кетеді…
Бас көтергендерге жазалау шаралары жүргізіледі. 1929-1931 жылдары көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін НКВД органдары 5551 адамды соттап, оның 883-ін атып жібереді. Жалпы алғанда, күштеп ұжымдастыру кезінде 10 мыңнан астам адам жазаланады.
Осылайша, қазақ халқы атажұртында отырып-ақ ана тілінен, ұлттық ерекшелігінен, дінінен айырмақшы болған қауіпті қара сызықтың келесі жолағын аттаған болатын.
Голощекин Қазақстанға бірінші хатшы боп келгеннен кейін бұл процесс ашық түрде жүргізілді. «Голощекин геноциді» жөнінде айтқан кезде 1928 жылы басталған ашаршылыққа ерекше назар аударған жөн. Оған 1926-27 жылдардағы ауқатты шаруа мен байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу және халықты ұжымдастыру науқаны түрткі болған. Малды тартып алған соң, халық қынадай қырылған. Тіпті бір-бірінің етін жей бастаған.
1932 жылғы тамызда ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев Сталинге хат жолдаған. Онда қазақтардың аштан қырылу, босып кету деректерін бүкпей баяндап, өлкелік комитеттің көзбояушылыққа жол беріп, аштыққа апарған әсіре науқаншылдығы мен оны үстей түскен ауылдардағы шолақ белсенділікті жасырмай әшкереледі. Бар айыпты бір адамға үйіп-төгуге болмайтынын ескертті. Күйзеліске өлкеком бюросы түгел, оның ішінде, басшы қызметкер ретінде, өзінің де белгілі дәрежеде жауапты екенін мойындай отырып, басшылықты жаңарту қажеттігін айтты. Бірінші хатшының айрықша рөлі баршаға белгілі екенін атап көрсете келе, О. Исаев Голощекинді өз қателіктерін түзетуге қауқарсыз деп ойлайтынын да жазды. Ол Бас хатшы И.В. Сталиннің тікелей өзіне осындай пікірін ашық жолдап, Қазөлкекомның бірінші хатшысы Голощекинді ауыстыру қажеттігін тұңғыш та дара, әрі жалғыз көтерді.
Әрине оның ондай пікірі бірден қош алына қойған жоқ. Сонымен бірге, О.Исаев қазақ ауылы мен мал шаруашылығы жөнінде шұғыл атқарылуға тиіс ұсыныстарды да тұжырымдап, сол мәселелер жөнінен Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұраған-ды. Бұл өтініші қанағаттандырылды. 1932 жылғы 17 қыркүйекте БК(б)П Орталық Комитеті Қазақстанның ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жөнінде қаулы қабылдады.
Алайда, оның орындалуы да мардымсыз болды. Голощекиннің партактивте «Орталық Комитет 17-қыркүйектегі қаулысымен мақұлдаған Қазөлкекомның ауылды қайта құрудағы ірі жетістіктері» жөнінде айтқан өтірікке толы бөспе-сөзінен қайран болмады. Халық аштық, індет зардаптарын тарта берді, қырылу, босқындық тыйылмады. Ол жайында Сталинге 1932 жылғы 29 қыркүйекте РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов хат жазды. Ақыры, жағдай тым асқынып, Алматы көшесі аштық құрбандарынан аяқ алып жүргісіз болған 1933 жылғы қаңтарда, «адал лениншіл-сталиншіл» Филипп Голощекин Мәскеуге, Жоғары Төрелік Сотты басқаруға шақырып алынды. Автономиялық республиканың басшылығы ауыстырылды.
1933 жылғы 9 наурызда Т. Рысқұлов көсемге Қазақстандағы ауыр жағдай мен оның себептерін баяндап, тұйықтан шығарар ұсыныстар қорытқан екінші хатын берді. Ұзамай республикада Левон Мирзоянның басшылығымен, шетелдерге асып кеткендер мен аштықтан қырылғандарды ауызға алуға тыйым салулы ахуалда, ашаршылық зардаптарын мал шаруашылығындағы жағдайды жақсарту арқылы жоюға бағытталған жұмыстар жүргізіле бастады…
Тарихшылардың бағалауынша, одақ бойынша 1927-1953 жылдары 60 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Тізімдегі 631 атылған адамның 80 пайызы қазақтың белгілі адамдары болған. Көбі алаштың арыстары.
1929-1933 жылдары Қазақ АССР ОГПУ саяси өкілінің үштігі 9 805 іс қарап, 22 933 адам жөнінде шешім қабылдаған, соның ішінде 3 386 адамға ең жоғары жаза – ату жөнінде үкім шығарған. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 1937 жылы 853 адам қуғынға ұшырап, оның 335-і атылған, қалғандары әр түрлі мерзімдерге еңбекпен түзеу лагерлеріне жіберілген. 1938 жылы 936 адам тұтқындалып, 690-ы атылған, 246-сы сотталған.
Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасқан. Олар: Алжир, Қарлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерлері.
1937 жылдың үшінші шілдесінде НКВД-ның Батыс Сібір бойынша басқармасының бастығы Миронов пен Қазақстан Ішкі істер халық комиссары Залин бір мезгілде шұғыл құпия тапсырма алған. Онда күзеті күшейтіліп, қатаң тәртіптегі тікенек сыммен және биік дуалмен қоршалған концентрациялық лагерь ұйымдастыруға пәрмен берілген. Мұнда қанқұйлы қылмыскер немесе кәнігі ұры емес, нәзік жанды әйелдер – аналар, қыздар, балалар ұсталуға тиіс болған. Қарағанды ГУЛАГ-ының құрамына енгізілген бұл тозақ мекемесінің атауы да құлаққа тосын естілетін – АЛЖИР. Оны қазақ тілінде тарқатып айтқанда, «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» деген сөз болып шығады. Бұл шифрограммаға ГУЛАГ бастығы Берман қол қойғанмен, оның әміршісі – сол кезеңдегі НКВД бастығы Ежов болды. Әйелдерді сырқаты, екіқабаттығы, сәбилі болуы да темір тордан құтқара алмады. Тіпті, «отанын сатқандар» делінген қара күйе жағылған адамдардың бұрынғы әйелдері де тұзаққа ілікті. Өкіметтің пайымдауынша, әйелдер күйеулерінің көзқарастарын қолдайды, сондықтан олар да – қауіпті адамдар болып саналады.
1937-1938 жылдары мұнда 20 мың әйел жазасын өтеді. Олардың арасында бұрынғы көрнекті партия-кеңес қайраткерлерінің Әзиза Рысқұлова, Зинаида Тухачевская, Дәмеш Жүргенова, Әбиша Қабылова сияқты әйелдері болды. Мыңдаған жазықсыз жандар Ақмола маңындағы Малиновка ауылына Мәскеуден, Ленинградтан, Одессадан, кең байтақ Кеңес Одағының барлық түкпірінен ағылды. 1938 жылдың жиырма сегізінші ақпанында алғашқы этап келді: аяқтарына жеңіл аяқ киім киген, сәнді де кербез әйелдер Ақмоланың сыз басқан қытымыр табиғатына аяқ басты. Олар мал бақты, бақшада жұмыс істеді, қырқыншы жылдары майдандағы әскерге киім тікті, қамыс шапты.
Отанын сатқандардың балаларын балалар үйіне апарды. Соның ішінде туыс адамдар мен таныстардан да қасақана бөліп жіберді. Алайда, балаларымен кездесу үміттерін АЛЖИР-дің қатаң тағдыры үзе алмады. Бостандыққа шыққаннан кейін де олардың барар жері, басар тауы қалмады. Бұрынғы тұтқындар лагерь маңындағы қоныстардан алысқа кете алмады. Өйткені төлқұжаттарында елдің 39 қаласына баруға тыйым салынған белгісі болатын.
Қазақ зиялыларының жікке бөлінуі қолдан жасалған және бірнеше кезеңге созылған күрделі процесс. Ең алғаш большевиктер Әлихан Бөкейхан бастаған Алашорда қайраткерлерін биліктен ығыстырып шығарды. Одан кейін бұл үрдіс 1925-1930 жылдары қайта жалғасты. Үшінші кезеңде 1937-1938 жылдары шарықтау шегіне жетті. Осы жылдары қазақ зиялылары: Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Магази Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Левон Мирзоян, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаханша Досмұханбетов атылды.
Бүгінгі таңда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «АЛЖИР» мұражай-мемориалды кешенінде жыл сайын еске алу шаралары аталып өтіледі. Зерттеушілердің мәліметтері бойынша, 1921-1954 жылдар аралығында Кеңес Одағының үш миллион жеті жүз елу мың тұрғыны оның құрбанына айналған.
Қазақ тарихында Алаш идеясы, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы сан қырынан таразылайтын тың тақырып. Әлі де оның қайраткерлері толықтай зерттеліп болған жоқ. Мәңгілік Алаш идеясын жүзеге асырудағы қазақ зиялыларының рөлін тарихи саралап, өткенге көз жіберсек, Алаш идеясының ХХ ғасырдың бас кезіндегі уағыздаушы әрі жүзеге асырушы қайраткерлері ұлт ісіне ерте есейген есті санамен, жалындап тұрған жастық жігермен құлшына кіріскендіктерін байқауға болады.
Алаш қозғалысының басты мақсаты – Қазақ елінің өзін-өзі басқару, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, нарықтық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқығын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Қазақты «ұлт» ретінде сақтап қалу болды. Солардың бірқатары туралы нақтылы деректер келтіре кетсек.
Алашордалықтарды ұлтшылдар ретінде 1929-1931 жылдар аралығында құрта бастады. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтар секілді алаштың арыстары болды.
Халел Досмұхамедов – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш көсемі, энциклопедист-ғалым, күллі Түркістандағы оқу-ағарту, ғылым, баспа ісі және денсаулық сақтау салаларының ұйымдастырушы. Ол 1883 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмында дүниеге келген. Кішкентайынан ауылдағы молдадан хат танып, одан соң жергілікті орыс-қазақ мектебіне оқуға түскен. 1894 жылы, он бір жасында Орал қаласындағы әскери реальды училищенің дайындық класына қабылданып, зеректігімен танылған. 1902 жылы оны үздік бітіріп, тағы бір дайындық класында оқып, 1903 жылы Петербордағы Императорлық Әскери-медициналық академияға латын тілінен қосымша емтихан тапсырып түскен. Кейін ол қазақ тарихы, тілі мен әдебиет саласында ізашар еңбектер жазып, тұнғыш рет медицина, биология, зоология, табиғаттану оқулықтарын ана тілімізде дүниеге әкелген. Батыс Алашорда қайраткерлерінің бірі, Жаһаншаның серіктес жолдасы. 1930 жылдары ҚазПИ-дің проректоры болып жүрген жерінен, тұтқындалып, Воронежге жер аударылған. Сонда жүргенде, «Алашордашыл» деген айыппен қайтадан тұтқынға алынып, Мәскеу, Алматы түрмелерінде отырған. 1939 жылы ату жазасына кесілген.
Міржақып Дулатов (1885-1935) – Алаш қозғалысының қайраткері, 20-шы ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі, ақын, драматург. Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Алғашында ауыл молдасынан хат танып, кейін Торғайдағы Ы.Алтынсарин ықпалымен ашылған 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінде білім алды. Ауыл мұғалімі деген куәлік алып, ауылда бала оқытты. 1904 жылы Омбы қаласына қоныс аударып, онда А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхановпен танысты. Омбы, Қарқаралы, Орал, Петербор қалаларында көрнекті қоғам қайраткерлерімен пікірлесу, саяси қозғалыстарға араласу оның саяси-әлеуметтік көзарасының қалыптасуына ықпал етті. Ол 1905 жылы қазанның 17-інде Ресей үкіметіне қазақ халқы атынан жолданған Қарқаралы құзырхатын дайындаушылардың бірі болды. 1906 жылы Конституциялық демократтар партиясы делегаттары қатарында Петерборға барады. Түрлі сипатты жиындар мен саяси күштер ұйымдастырған көше шерулеріне, ереуілдерге қатысады. Осы кезден бастап Ресей үкіметі құпия полициясының саяси сенімсіз адамдар тізіміне ілінеді.
1928 жылдың желтоқсанында қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесіледі, кейін он жылға абақтыға ауыстырылады. Беломор-Балтық арнасының құрылысы бойында Сосновск стансысындағы лагерьде жазасын өтейді. 1935 жылы қазанның 5-інде осы лагерьдің лазаретінде ауыр науқастан қайтыс болды. Сүйегі 1992 жылы қыркүйектің 1-18 аралығында Торғай өңіріндегі өз есімімен аталатын ауыл бейітіне әкелініп, қайта жерленді.
Ахмет Байтұрсынов – қоғам кайраткері, ақын, әдебиеттанушы, лингвист, аудармашы, публицист, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы.
1873 жылы, қаңтар айында Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбек деген жерде дүниеге келді.
Әділетсіз орыс оязының зорлығына қарсы тұрған әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге жер аударылуы он үш жасар бала Ахметтің жүрегіне өшпестей жара салады.
1886-1891 жылдары Торғай қаласындагы екі сыныптық мектепте, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте оқиды.
1895-1909 жылдары ұстаздықпен айналысып, бала оқытады.
1905 жылы жер меселесі, казақтың өз жерін өзіне кайтару жөнінде патшаның атына хат жазушылардың бірі болады. Патша өкіметіне наразылығы үшін 1907, 1909 жылдары абақтыға қамалады. 1910 жылы қазақ жерінен қуғындалып, Орынбор қаласына жер аударылады.
1913 жылдан 1917 жылға дейін М.Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін шығарады. Саяси бағыттағы мақалалары патша үкіметі орындарына жақпаған басылымның редакторы ретінде А.Байтұрсынов бірнеше рет түрмеге жабылады.
Патша тақтан түскен соң Ахаң қазақ зиялыларымен бірігіп, ұлттық «Алаш» партиясын құрады. Кеңес үкіметі орнаған соң А.Байтұрсынов Қазақстан үкіметінің мүшесі, Халық ағарту Комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы болып сайланады.
Орынбор, Ташкент, Алматы қалаларындағы педагогикалык жоғарғы оқу орындарында сабақ береді. Голощекиндік асыра сілтеу саясатына қарсы болғаны үшін 1929, 1937 жылдары екі рет саяси репрессияға ілігіп, жазықсыз атылды.
Сарығожин Сабыр – Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Әскери қайраткер, генерал-майор. Көп жылдар Ресей патшасы әскерінде қызмет еткен. 1918-19 жылы Жымпитыдағы Алашорда үкіметінің әскери комиссары болды. Репрессия қуғындалуынан 1919 жылдың соңында Қара теңіз арқылы Англияға өтіп кетті. 1925жылы Ұлыбританияда Лондон қаласында қайтыс болған.
Жұмат Шанин – режиссер, драматург, актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі. 1937 жылы Орал музыкалық-драмалық қазақ театрын ұйымдастырып, басшылық жасаған. 1938 жылы театр репертуарында байлықты уағыздайтын «Айман –Шолпан», «Хан Кене» пьесаларын қойып, театр труппасына байдың қыздарын актриса ретінде алғаны үшін және театр ғимаратында өрттің шығуына байланысты тұтқынға алынған. 1938 жылы ату жазасына кесілген.
Бисенов Бақтығали – Тайпақ ауданының №3 ауылында туған. Батыс Алашорда қайраткері. Дәрігер. 1937 жылы Жымпиты аудандық аурухананың дәрігері болған. 1938 жылы Үштік шешімімен тұтқынға алынып, ату жазасына кесілген.
1927-1953 жылдарға дейін саяси қуғын-сүргін құрбаны болған адамдардың қаралы тізімін әрі қарай жалғастыра беруге болады… Ұзақ жылдардан кейін ғана көптеген алаштың ардақты азаматтарының есімдері халқымызға қайта оралды.
Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы.
Майра АЛДАБЕРГЕНОВА,
Алматы