Бүгін Миғраж түні: Исра және миғраж оқиғасы
Бүгін Миғраж түні: Исра және миғраж оқиғасы

Исра және Миғраж – барша мұсылмандар үшін ең қасиетті түндердің бірі. Бұл түннің қасиетті үш айдың алғашқысында келуі де тегін емес. Ол миләди 621 жылы Ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні, дүйсенбіде хижрадан бір жыл бұрын Мекке қаласында болған тарихи оқиға.

Бұл түні болған Исра және Миғраж оқиғасы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Исра және Миғраж ислам тарихындағы ең ауыр кезеңде болған, бұл жыл «қайғылы жыл» деп аталғаны мәлім. Себебі, осы жылы Пайғамба-рымыздың (с.ғ.с) өзіне қорған болып жүрген көкесі Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз (р.а) да осы уақыттарда дүние салды. Бұған қоса, мүшріктердің мұсылмандарға көрсеткен жәбірі де тым асқынып тұр еді. Мұндай оқыс оқиғалар мен қайғылы қазалар Расулулланың қабырғасын қайыстыра түсті. Осындай қатты қиналған уақыттарда Миғраж хазіреті Мұхаммед Пайғамба-рымызға (с.ғ.с)  үлкен жұбаныш сыйлады. Көңілін серпілтті.  

Сол түні күтпеген жерден Жәбірәйіл (ғ.с.) періште келіп сүйінші хабар айтты. Осыдан кейін Жәбірәйіл (ғ.с.) Пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен бір сәтте әл-Ақса мешітіне алып келді.

Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз ең қасиетті үш мешіттің бірі әл-Ақсада күллі Пайғамбарлармен жүздесіп, имамдыққа шығып намаз оқыды.

Мұхаммед Ғазали Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаянына қатысты «Фиқһу сира» атты еңбегінде бұл жөнінде: Исра Харам мешітінен Құдыстағы әл-Ақса мешітіне болған ғажайып сапар. Ал, миғраж исраның артынша болған оқиға. Миғраж мүбәрак Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) аспан қабаттарына көтеріліп, жаратылыстың білімі жетпейтін деңгейге дейін барып, қайтадан Меккедегі Харам мешітіне оралу сапарын айтамыз. Қасиетті Құран Кәрімде бұл екі бөлек сүрелерде баяндалады.[1]

  ﴿سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلاً مِّنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ البَصِيرُ﴾ 

«Алла – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін бір түні Өз пендесін (Мұхаммедті) әл-Харам мешітінен төңірегі тұнған береке-байлық – әл-Ақса мешітіне алып келді. Шы-нында, Ол естуші әрі көруші».[2] Бұл оқиға түс емес, рухани серуен де емес. Ол Пайғам-барымыздың (с.ғ.с) өңінде әрі денесімен, әрі рухымен жасалған сапар. Аятта пендесін деген сөзден әрі денесі, әрі рухы түсініледі. Тек қана рухы болғанда пендесінің рухын делінген болар еді.

Осы аяттағы «пендесі» деген сөзден Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбар түсініледі. Аятта Мұхаммедтің (с.ғ.с) аты айтылмай және «пенде» деген сөздің орнына «пендесін» деп қолданылуы Пайғамбарымызға көрсетілген үлкен құрмет, ілтипат еді. Сондай ақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Мен Алланың пендесімін, құлымын», – деп мақтанып жүретін жан еді.

Әл-Ақса мешіті Алла Тағала тарапынан берекелі мекен етілген. Оның хабарын аятта: «төңірегі тұнған береке-байлық», - делінді. Расында да, ол мекен мүбәрак етілгендігінен Алла Тағала топырағын өте құнарлы, егіндерінің өнімін мол, ауа райын ғажап, суларын мөлдір әрі шипалы еткен. Сондай-ақ, осы өлкеден көп Пайғамбарлар шыққан.

Ал, Миғраж сөзі «биікке көтерілу», «аспандау», «жоғарылау» дегенді білдіреді. Осы түні Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Бәйтул-Мақдис мешітінен аспандағы «Сидротул-мүнтәһәға», яғни Алла Тағала құзырына көтерілген. «Сидрот» арабшада ағаш, ал «мүнтәһә» – соңғы деген мағынаны меңзейді. Яғни әлемнің соңғы шегі деген түсінікті береді. Миғраж оқиғасы мен оның нәтижесі жайлы қасиетті Құран Кәрімде:

﴿وَلَقَدْ رَآَهُ نَزْلَةً أُخْرَى . عِنْدَ سِدْرَةِ الْمُنْتَهَى. عِنْدَهَا جَنَّةُ الْمَأْوَى . إِذْ يَغْشَى السِّدْرَةَ مَا يَغْشَى . مَا زَاغَ الْبَصَرُ وَمَا طَغَى . لَقَدْ رَأَى مِنْ آَيَاتِ رَبِّهِ الْكُبْرَى﴾ 

«Расында ол Жәбірәйілді екінші рет көрді. Сидротул мунтаһа (Тұрақтау ағашының) жанында. Оның қасында Мәуа жәннаты бар. Сол уақытта ағашты қаптаған нәрсе қаптады. (Мұхаммедтің (с.ғ.с) көзі таймады да үстірт қарамады. Расында ол, Раббының ірі белгілерін көрді»,[3] – деп баяндалды.

Яғн, Исра оқиғасы Алла Тағаланың Пайғамбарымызға (с.ғ.с) Өзінің құдіреті мен белгілерін көрсету үшін болды. Ал миғражда  Алла Елшісі (с.ғ.с) Раббысының үлкен белгілеріне куә болды.

Араб тілінде «исра» сөзі түннің бір бөлігінде серуендеу деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттың терминінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) түннің бір сәтінде әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне барғандығы меңзеледі.  

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл алыс жолды бурақ (пырақ) атты тұяғы көзінің ұшы жеткен жерге тиетін таңғажайып жануармен жүріп өткен болатын. Оның жылдамдығы жарық жылдамдығына тең еді. Бурақ араб тілінде «барқ» яғни найзағай сөзінен алынған.

Негізінде қалыпты жағдайда адам баласының жер бетінің бір бөлігінен екінші бөлігіне бір сәтте баруы мүмкін емес жағдай. Бұл рухани жағынан да дайын болуды қажет етеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бала кезіндегі «шаққус-содр» яғни «кеудесін жару» және «жүрегін кәусар суымен жуып тазалау» оқиғасы осы үлкен сапарға дайындықтың басы еді.

Әрине, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаянын оқу және тыңдаумен біздің Алла Тағаланың таңдаулы құлына деген сүйіспеншілігіміз арта түседі. Сонымен қатар, бұл ғибратты ғұмырдан өзімізге өнеге аларымыз да белгілі.

Имам Бұхари риуаят еткен хадисте былай делінеді:

Әнас ибн Мәлік Мәлік ибн Саъсаъадан (р.а) Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Мен үйде ұйқылы ояулы болғанымда хикметпен иманмен толы алтыннан жасалған ыдыспен алып келініп, алқымнан ішімнің төменгі жеріне дейін ашып сосын зәмзәм суымен ішім тазаланды, сосын хикметпен иманмен толтырылды. Жәбірәйіл (ғ.с) маған аппақ бурақ (пырақ) деген жануарды алып келді. Пырақ есектен биік, қашырдан аласа, (Имам Мүсілімнің риуаятында – қадамын көз ұшы жететін жерге тастайтын жүйрік жануар). Оған мініп, Жәбірәйіл (ғ.с) екеуміз Бәйтул-Мақдиске келіп оны Пайғамбарлар байлайтын жерге байладым сосын мешітке кірдім де екі рәкәт намаз оқып шықтым. Маған Жәбірәйіл(ғ.с) бірінші ыдысында арақ екінші ыдысында сүт алып келді, мен сүтті таңдадым, Жәбірәйіл (ғ.с)маған: сен фитраны[4] таңдадың деп айтты). Жәбірәйілмен (ғ.с) бірге жер бетінен көкке көтерілдік. Аспанның бірінші қабатына жеткенде

– Бұл кім деп сұрақ қойылды? Бұл Жәбірәйіл - деп жауап берді.

– Қасыңдағы жолдасың кім? – деп сұрады періште.

– Мұхаммед, - деп жауап берді.

– Мұхаммедтің Пайғамбарлық дәуірі басталды ма? - деп сұрады періште.

– Иә! - деп жауап қайырды Жәбірәйіл (ғ.с).

– Қош келдің, Мұхаммед! - деп сүйіне қақпаны ашып, Пайғамбарды (с.а.с.) қарсы алды.

– Бірінші болып қарсымыздан Адам (ғ.с) шықты. Мен оған сәлем бердім. Ол (ғ.с) маған: «қадірлі Пайғамбар, және перзентім қош келдің», - деп айтты.

Ол жерден аттанып аспанның екінші қабатына жеткенде:

– Бұл кім деп сұрақ қойылды? Бұл Жәбірейіл - деп жауап берді.

– Қасыңдағы жолдасың кім? - деп сұрады періште.

– Мұхаммед, - деп жауап берді.

– Мұхаммедтің Пайғамбарлық дәуірі басталды ма? - деп сұрады періште.

– Иә! - деп жауап қайырды Жәбірәйіл (ғ.с).

– Қош келдің, Мұхаммед! - деп сүйіне қақпаны ашып, Пайғамбарды (с.ғ.с) қарсы алды.

Хазіреті Яһия мен Иса (ғ.с) Пайғамбарлармен кездесіп, ол екеуі (ғ.с) маған: «қадірлі Пайғамбар және бауырым қош келдің», - деп айтты.

Аспанның үшінші қабатына келдік.

– Бұл кім деп сұрақ қойылды? Бұл Жәбірейіл - деп жауап берді.

– Қасыңдағы жолдасың кім? - деп сұрады періште.

– Мұхаммед, - деп жауап берді.

– Мұхаммедтің Пайғамбарлық дәуірі басталды ма? - деп сұрады періште.

– Иә! - деп жауап қайырды Жәбірәйіл (ғ.с).

– Қош келдің, Мұхаммед! - деп сүйіне қақпаны ашып, Пайғамбарды (с.ғ.с) қарсы алды.

Үшінші аспанда Жүсіп (ғ.с) Пайғамбармен кездесіп, ол (ғ.с) маған: «қадірлі Пайғамбар және бауырым, қош келдің», - деді.

Төртінші қабатқа беттедік.

– Бұл кім деп сұрақ қойылды? Бұл Жәбірәйіл - деп жауап берді.

– Қасыңдағы жолдасың кім? - деп сұрады періште.

– Мұхаммед, - деп жауап берді.

– Мұхаммедтің Пайғамбарлық дәуірі басталды ма? - деп сұрады періште.

– Иә! - деп жауап қайырды Жәбірәйіл (ғ.с).

– Қош келдің, Мұхаммед! - деп сүйіне қақпаны ашып, Пайғамбарды (с.ғ.с) қарсы алды.

Төртінші аспанда Ыдырыс (ғ.с) Пайғамбармен кездесіп, ол (ғ.с) маған: «қадірлі Пайғамбар және бауырым, қош келдің», - деп айтты.

– Одан да жоғары көтеріліп– аспанның бесінші қабатына жеттік.

– Бұл кім деп сұрақ қойылды? Бұл Жәбірәйіл - деп жауап берді. 

– Қасыңдағы жолдасың кім? – деп сұрады періште.

– Мұхаммед, - деп жауап берді.

– Мұхаммедтің Пайғамбарлық дәуірі басталды ма? - деп сұрады періште.

– Иә! - деп жауап қайырды Жәбірәйіл (ғ.с).

– Қош келдің, Мұхаммед! - деп сүйіне қақпаны ашып, Пайғамбарды (с.ғ.с) қарсы алды.

Бесінші аспанда Һарун (ғ.с) Пайғамбармен кездесіп, ол (ғ.с) маған: «қадірлі Пайғамбар және бауырым қош келдің», - деп айтты.

Аспанның алтыншы қабатына жеттік.

– Бұл кім деп сұрақ қойылды? Бұл Жәбірәйіл, - деп жауап берді.

– Қасыңдағы жолдасың кім? - деп сұрады періште.

– Мұхаммед, - деп жауап берді.

– Мұхаммедтің Пайғамбарлық дәуірі басталды ма? - деп сұрады періште.

– Иә! - деп жауап қайырды Жәбірәйіл (ғ.с).

– Қош келдің, Мұхаммед! - деп сүйіне қақпаны ашып, Пайғамбарды (с.ғ.с) қарсы алды.

Алтыншы қабатта Мұса (ғ.с) Пайғамбармен кездесіп, ол (ғ.с) маған: «қадірлі Пайғамбар және бауырым, қош келдің», - деп айтты. Кетіп бара жатқанымда ол жылады, не нәрсе сені жылатты деп сұрағанда? Ол: «Уа, Раббым жәннатқа кіретін менен кейін жіберілген мына баланың үмбеті менің үмбетімнен абзал (көбірек)».

Аспанның ең соңғы қабатына да келдік.

– Бұл кім деп сұрақ қойылды? Бұл Жәбірәйіл, - деп жауап берді.

– Қасыңдағы жолдасың кім? - деп сұрады періште.

– Мұхаммед, - деп жауап берді.

– Мұхаммедтің Пайғамбарлық дәуірі басталды ма? - деп сұрады періште.

– Иә! - деп жауап қайырды Жәбірәйіл (ғ.с).

– Қош келдің, Мұхаммед! - деп сүйіне қақпаны ашып, Пайғамбарды (с.ғ.с) қарсы алды.

Жетінші қабатта Ибраһим (ғ.с) Пайғамбармен кездесіп, ол (ғ.с) маған: «қадірлі Пайғамбар және перзентім қош келдің», - деп айтты.

Сосын Байтул Мағмурға көтерілдім, Жәбірәйілден (ғ.с) бұл не? - деп сұрадым. Ол Байтул Мағмур онда күніне жетпіс мың періште намаз оқиды егер ол жерден шықса қиямет күнге дейін оралмайды деп айтты. Осыдан кейін біз ары өтіп, Сидратул – мунтәһәға да жеттік, ол Алланың құдіретіне белгі болардай, жемісті үлкен ағаш екен. Оның жапырағы пілдің құлағы секілді, түбінде төрт өзен бар екен екеуі ішінде екеуі сыртында. Жәбірәйілден (ғ.с) сұрадым? Іштегі екеуі жәннатта, ал сырттағы екеуі Ніл мен Фурат өзені. Сосын маған елу намаз парыз етілді, оны қабылдадым, Мұсаға (ғ.с) жеткенімде ол маған не істедің дегенде? Маған елу намаз парыз етілді, дегенімде, ол: Мен сенен адамдарды жақсырақ білемін, бани исраил қауымын қатаң (күрделі) жолдармен емдедім (жұмыс істедім) шындығында сенің үмбетіңнің бұған шамасы жетпейді. Раббыңа қайтып барып жеңілдік сұра, - деді. Қайтып барып жеңілдік сұрадым, қырық етіп жеңілдік жасады, сосын Мұсамен (ғ.с) жолығып дәл сондай оқиға болды, сосын отыз етіп жеңілдік жасады, сосын Мұсамен (ғ.с) жолығып дәл сондай оқиға болды, жиырма етіп жеңілдік жасады, сосын Мұсамен (ғ.с) жолығып дәл сондай оқиға болды, он етіп жеңілдік жасады, сосын Мұсаға (ғ.с) келдім алдында айтқанындай айтты, бес етіп жеңілдік жасады, Мұсаға (ғ.с) келдім ол не істедің деп сұрады, бес етіп жеңілдік жасады, - деп айттым, ол алдында айтқанындай айтты. Сол мезет Раббым: «әр күнгі және түнгі оқылатын елу уақыт намазды бес уақытқа қысқарттым. Осы бес уақыт намаз менің құзырымда елу уақыт намаз боп саналып, әр намазға он сауаптан жазамын» (Имам Мүсілімнің риуаятында – кімде-кім жақсы ниет етіп амал етпесе оған бір сауап жазылады, ал егер еткен ниетіне амал етсе он сауап жазылады. Және кімде-кім жаман ниет етіп амал етпесе оған еш нәрсе жазылмайды, ал егер жасаған жаман ниетіне амал етсе бір күнә жазылады).

Оқиға соңына жетіп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйіне қайтып келеді де, қуанышы қойнына сыймай миғражда көрген-білгендерін адамдарға ертерек жеткізуге асығады. Оқиғаны бастан-аяғына дейін тыңдап, мүшіріктердің иман келтірмесіне көз жеткізген Әбу Тәліптің қызы Үммі һани Мұхаммедтің (с.ғ.с) етегіне жабысып, оған: «Құрайыштар саған жала жаппаса екен деп қорқамын», - деп жылайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мейлі, айтқан сөздерімді жалған деп, мені өтірікшіге шығара қойсын. Оларға жеткізу менің міндетім», - деп үйінен шығып кетеді. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) одан шығып тура Кағба алдына барады да, құрайыш қауымы өткізіп жатқан жиналысқа қатысады. Сол араға Әбу Жәһил де келіп, Мұхаммедтің (с.ғ.с) қасына отырады. «Көңіліне Алла иман нұры мен тәуфиқ салса, түк емес» деген жақсы ниетпен оған миғраж оқиғасын айта бастайды. Жүрегі тастай қатып, иманнан мақрұм қалған Әбу Жәһил әңгімені мұқият тыңдайды да, орнынан атып тұрып, адамдарды шақырып, оларға: «Құрметті халайық, жақын отырып, мынау «Пайғамбардың» әңгімесіне құлақ түріп көріңдерші», - деп кекете бастайды.

Расулулланың (с.ғ.с) айтқан әңгімесін ақылдарына сиғыза алмаған кәпірлер: «Міне, енді жалғандығы паш болды», - деп сандарын шапаттайды. Иманы әлсіз жандар ислам дінінен қайтып, күпірлікке бас ұрады. Құрайыш кәпірлері бұл оқиғаны дәлел ретінде пайдаланып: «Қалайша түннің бір сәтінде алыс жерге барып келеді, бұл өтірік емес пе?» - деп мүміндерге тиісе бастайды.

Басқа біреулер жүгіріп, Әбу Бәкірдің (р.а) қасына келіп: «Ей, Әбу Бәкір, досың Мұхаммедтің айтып жатқанын естідің бе? Ол тағы бір жаңа өтірікті шығарыпты. Екі ай дегенде әрең жетіп баратын Бәйтул-Мақдиске түннің бір-ақ сәтінде барып келдім, деп лапылдап жүр. Сен не дейсің, әлде бұған да сенесің бе?» - деп оны шатастырмақшы болады. Әбу Бәкір (р.а) оларға: «Осыны Мұхаммед айтқан болса, ол рас айтқан. Әрине, мен оған сенемін. Өйткені, жеті қабат аспан үстінен оған бір-ақ сәтте келген уахи хабарларына сеніп, оны мойындап жүрген мен, бұл айтқанына неге сенбейін?!» - деп жауап қайырады.

«Сол күннен бастап Әбу Бәкір «сыддық», яғни шыншыл деп атала бастады. Сонымен адамдардың арасында түрлі-түрлі әңгімелер көбейді. Олардың ішінде Құддыста болған адамдар да бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұрын Құддыста болып көрмеп еді. Бәйтул-Мақдисты көргендер Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) оның қандай екендігін сұрап, сынамақ болды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Бәйтул-Мақдисты көрсе де ол жерде неше есік терезе, басқада нәрселерін елемеген еді. Алайда Алла Тағала құдіретімен Пайғамбарымызға (с.ғ.с) көрсетеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көргенін әдемілеп сипаттап берді. Құддысты көргендер: «Иә, сондай, иә, сондай», - деуден ары өте алмады. Мүшіріктердің бірқатары: «Біздің керуенімізді қай жерде көрдің?» - деп сұрады. Оларға да керуендерінің қай жерде келе жатқаны, онда неше адам барлығы, жағдайлары қалай екені, сол түні қай жерде қонғаны, кім басшы екені және ол қара боз түйеге мініп келе жатқаны, тіпті сол түйеге не артылғаны туралы анық сипаттап береді. Кейін адамдар керуенді күтіп алып, қараса Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқанындай болып шығады.

«Сидратул мунтәһәға» болған бұл ғажайып сапар неліктен бірден Меккедегі Харам мешітінен басталмай, әуелі Байтул Мақдиске жол жүрумен басталды?» деген сұрақ туады.

Бұл сұраққа жауап өткен тарихта жатыр деуге болады. Пайғамбарлық ғасырлар бойы Исраил ұлдары шежіресімен жалғасып келген еді. Байтул Мақдис уахи түскен жер болғандықтан жер бетіндегі нұрға бөленген құтты мекен болып саналатын. Мұндай қасиетті шежірені яһудилер қадірін біле алмай уахидің қасиетін түсіріп жіберді. Сол себепті олар Алла Тағаланың лағынетіне ұшырады. Осылайша олар уахидан махрұм қалды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахидың түсуімен әлемдегі рухани басшылық бір халықтан екінші халыққа, бір мекеннен екінші мекенге және Исраил ұлдарынан Исмаил ұлдарына ауысқан болды.

Хадистерде Алла Елшісі (с.ғ.с) өзге пайғамбарлармен әл-Ақса мешітінде екі рәкағат намаз оқығаны айтылады. Сол екі бас намазда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) имамдыққа өтуі Ислам дінінің Алла Тағаланың Өз пендесіне жолдаған соңғы сөзі екендігінің дәлелі. Сонымен бірге, бұл намаз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) және оның әкелген дінінің дәрежесін көтереді.

 

Исра және миғраж оқиғасының сыры

Осы мүбәрак кеште бес уақыт намаз парыз болды. Намаздың осы түні парыз болуының сыры адам баласына оқыған намазы нәпсінің қалауы мен дүниенің заты алдаған сәтте көкке көтеретін миғражы болуы үшін.

Бұл жөнінде Рамазан Бути өзінің «Фиқһу ас-сира» еңбегінде: «Миғраж болған түннің ертесіне Жәбірәйіл (ғ.с.) келіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намаз және оның уақыты мен тәртіптерін үйретті. Намаз парыз болмай тұрғанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) таңда және кешкі мезгілде екі рәкағат намаз оқитын. Бұл намаз Ибраһим (ғ.с.) Пайғамбардан қалған сүннет еді», – делінген.[5]

Мұхаммед Ғазали де [6] өзінің еңбегінде: «Алла Тағала парыз қылған намаз қазіргі таңда көптеген адамдар оқып жүрген намаз емес. Намаздың дұрыстығының белгісі оқушыны дүниенің жамандығынан сақтауы. Ал, намазды көп оқығанымен бұл дәрежеге жетпеген адамның намазы жалған болғаны» деп келтіреді.

Намаз адамды тазалайды. Алайда, бұл құлшылық өлген жүректі емес тірі жанды тазалайды. Намаз тірі жүректі оған беттеген барлық шаң тозаңнан тазалайды.

Бұхари және Мүсілімде (р.а) сахаба Хузайфа бин Йаманнан келтірілген хадисте:

 

عن حُذَيْفَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ -صلى الله عليه وسلم-: «فِتْنَةُ الرَّجُلِ فِى أَهْلِهِ وَمَالِهِ وَنَفْسِهِ وَوَلَدِهِ وَجَارِهِ يُكَفِّرُهَا الصِّيَامُ وَالصَّلاَةُ وَالصَّدَقَةُ وَالأَمْرُ بِالْمَعْرُوفِ وَالنَّهْىُ عَنِ الْمُنْكَرِ».[7]  

«Адам баласының отбасына, мал дүниесіне, бала шағасына, өзіне және көрші қолаңына қатысты болған фитнасына ораза, намаз, садақа, жақсылыққа шақыру және жамандықтан тию кәфарат болады (жуып-шаяды)», - делінген.

Миғраж түні ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көптеген тосын жағдаяттарға куә болды. Мұның барлығы түннің бір қас-қағым сәтінде-ақ жүзеге асты. Бұған қоса, бірқатар маңызды міндеттер қабылдап қайтты.

Алла Тағала барша момын-мұсылмандардың осы ғибратты оқиға арқылы иманын арттырып, баршамыздың жасаған құлшылықтарымызды қабыл етіп, әр намазымызды миғраждағыдай сезіммен оқуды нәсіп еткей!

Нұрболат Дүйсебаев,
Алматы орталық мешітінің наиб имамы

[1] Фиқһу ас_сира – 99 бет
[2] «Исра» сүресі, 1-аят.
[3] «Нәжім» сүресі, 13-18 аяттар.
[4] Фитра – әрбір адамның мұсылман болып тура хақ жолда дүниеге келуі. Алланың толықтырып берген хақ тура діні.
[5] Фиқһу ас-сира 109.
[6] Фиқһу ас-сира 105 -106 беттер.
[7] Бұхари және Мүсілім риуаят еткен.

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
10 жыл бұрын 6680
1 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232