Аңшылыққа қатысты әңгіме
Аңшылыққа қатысты әңгіме

Қазақ халқы ерте заманнан аңшылық кәсібімен шұғылданды. Дала еркесі көкжал қасқырлардың шабуыл жасау, қорғану тәсілдерін зерттеп, далалық шайқастарды мейілінше пайдаланды. Түлкінің жүрген ізі арқылы жердің өрі мен еңісін анықтады. 

Ежелгі көшпенділер бұлғын, сусар, түлкі сияқты аңдарды бағалы терісі үшін, арқар, тауешкі тәрізді аңдарды еті үшін аулады.

Кекілік, үйрек, қырғауыл сияқты құстарды әр алуан әдістермен аулап, қосымша азық етті.

Аю, жолбарыс, қасқыр сияқты жыртқыш аңдарды малын қорғау үшін аулап,

терісін кәдеге жаратып отырды. Олардың тіршілік кешу дәстүріне қарап, табиғаттың мінезін, айдың ауысуын болжап отырды. Мысалы, көшпелі қазақтар қасқыр мен ит шөп жесе жылдың жауынды боларын, үйірімен ауған қарақұйрық еліктерге қарап қар, жел апаты боларын алдын ала болжады.

Аң-құс аулауда ор қазу, қақпан құру, тор жаю, тұзақ құру, соғып алу, ит жүгірту, құс салу әдістерін қолданды.

Қыран құстарды асырап, баптап, аң-құсқа салып, байтақ сахарада саятшылық құрды.

Саятшылыққа қолданылатын құрал-жабдықтар

Томаға. Қыран құстың басына көзін бастыра кигізіп қоятын былғары қалта

Балдақ. Төсеніш, аша, қайыс бау, бүлдірге. Балдақ – құсты ат үстінде алып жүруге арналған оңтайлы тіреу

Тұғыр. Құсты қондырып қоятын жабдық

Биялай. Бүркітші құс қондыру үшін оң қолына киетін қолғап

Бүркіт аяғына байлайтын баулар

Шырға

Балақ бау

Аяқ бау

Шыжым

Жем саптыаяқ

Бүркітке жем беретін ыдыс

Жем қалта. Аңға шыққанда құсты шақыруға арналған жем салатын қалта.

Ырғақ. Асау құсты ырыққа көндіруге арналған орнықсыз, ырғақты тұғыр.

Аңшылыққа қатысты тыйымдар мен ырымдар

Аңға шығар алдында аңшыға «Қанжығаң майлансын» деген тілек айтылады.

Аңдағы алғашқы олжа ешкімге сыйланбайды.

Атып алған арқардың, тауешкінің басын немесе сауырын аңды атқа аңшы өзі пайдаланады, ал қалған етті серіктестерімен бірдей етіп бөліседі

Бүркіттің тұяғы қасиетті саналады, үйдің төріне немесе бесікке іліп қояды

Құда-жегжат, туған-туыстан ит алмайды

Итті өлтіруге, азаптауға, қаңғыртып жіберуге болмайды. Олай етсе, үй иесінің басына жаманшылық үйіледі.

Аңдар мен құстарды рұқсат етілген мерзімде ғана аулау керек.

Аңшылық жайындағы мақал-мәтелдер

Бүркіт құс тәңірісі.

Сұңқар масаға соқтықпас.

Қоян болып күн көргенше,

Қыран болып қырқысқан артық.

Аңшының кешіккеніне сүйін.

Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады.

Ит иесі үшін, құс тамағы үшін алады

Ақ сұңқар ұшар жем үшін,

Ер жігіт туар елі үшін.

Құстың алғанынан салғаны қызық

Құс қанатымен үшіп, құйрығымен қонады.

Қиядағыны қыран ғана көреді,

Ұядағыны жылан ғана көреді.

Әуелі қанаттан,

Самғау үшін талаптан.

 
 Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ
Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
7 жыл бұрын 6326
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232