Анамның жалған сөздері...
Анамның жалған сөздері...

Бала күнімізде отбасы жағдайымыз тым төмен болды. Кедейліктің тақсіреті маған сезілмесе де, шешеме қатты батты. Киер киім, ішер асқа жарымай жүргенде, ол үнемі өз ыдысындағы несібесін маған бөліп берер еді. «Құлыным жей ғой, менің қарным ашқан жоқ» дейтін. Бұл оның үнемі айтатын жалған сөзі еді.

Ер жете бастаған шағымда, базардағы қымбат зат немесе дәрумендер алып беруге шешемнің қалтасында көк тиыны жоқ еді. Үнемі жақын маңдағы өзеннен балық аулап келетін. Мен балық етін жеп, сорпасын ішіп отырған сәттерімде ол үнемі сіренің (үстел) шетінде отырып, балық сүйегін мүжіп отыратын. Анам қайнатқан балық сорпасының дәмі әлі күнге таңдайымда. Үнемі шынысына ет салып берсем, «өзің жей ғой, білесің ғой мен балық етін ұнатпаймын» деп, қайтадан өз ыдысына салып қоятын. Бұл оның екінші жалған сөзі болатын.

Орта мектеп оқып жүрген кезімде, менің оқу және киіміме кететін қаражатымды қамдау үшін үнемі түні бойы мардымсыз ақша үшін тігіншілікпен айналысатын. Түн ортасында оянсам, бүкшиіп отырып, киім тігіп отырған анамды көретінмін. «Шеше, ұйықтаңызшы, таңертең тағы жұмысқа барасыз» десем, «Ұйықтай бер, құлыным, менің әлі ұйқым келген жоқ» дейтін еді. Ал бұл сәтте, таң ағаруға жақын қалғанын іштей сезіп жататын едім. Бұл оның үшінші жалған сөзі еді.

Жоғары оқу орнына емтихан тапсырар күні мектеп қақпасының алдында, шақырайған күн астында мені күтіп тұрған анамды көрдім. Өзге ата-аналар секілді дүкеннен салқын су алуға ақшасы жоқ шешем, маған бола қант қосылған қара шәй алып келіпті. Үш сағат бойына мені күтіп тұрған байқұс шешемнің ерні кеберсіп кетсе де, әлі нәр татпағанын білдім. Өзіңіз ішіңіз деп ұсынып ем, «Жаңа ғана іштім, әлі шөлдеген жоқпын» деді. Кесе түбіне анамның мейір-шапағаты тұнғанын сезетінмін. Сарқып ішіп, анамды құшақтадым. Бұл оның төртінші жалған сөзі еді.

Әкем өмірден озғанда анам тым жас еді. Жалғыздықтың азабын аз тартқан жоқ. Тігіншілікпен тапқан аз ғана нәпақасымен мені оқытты, республикалық әйгілі университетке қабылдандым. Нағашы апайымның жазған хатынан, үнемі жалғыз бас, ақкөңіл көрші ағайдың анама көмектесіп, отын-суын әкелісіп, ірілі-ұсақты шаруаларына қолғабыс етіп жүретінін білдім. Апайымның ойы да маған белгілі еді. Әкемді қанша сағынсам да, анамның жанашырсыз, жалғыздығын ойлап, үнемі демалысқа барған кезімде сол ағай туралы айтатын едім. «Әй, өзі бір ақ пейіл жан... бірақ, ұлым.... мен оны ұнатпаймын ғой... өз жайың қалай, маған ертерек келін керек» деп күлімсірейтін. Әңгімені басқа жаққа бұра бастағанынан мен оның тағы да жалған сөйлеп тұрғанын сезетінмін. Бұл бесіншісі еді.

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
9 жыл бұрын 4637
0 пікір
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232