Имам Абдурраззақ әс-Санъани (126-211 һ.ж.) (Алла оны рақымына алсын) өзінің тәпсір кітабында мынадай бір хадисті келтіреді:
«Бізге Жағфар ибн Сүлеймен ол Ауфтан ол әл-Хасаннан оның былай айтқанын жеткізеді:
«Сахабалар Алла елшісі Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.): - «Біздің раббымыз қайда?» - деп сұрайды. Сонда Алла Тағала мына аятты түсіреді:
«(Мұхаммед с.а.с.) Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді» («Бақара» сүресі, 186-аят)[1].
«Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса былай деп жауап бер: Мен шынымен өте жақынмын, маған дұға жасағанда, дұға жасаушының тілегін қабыл алам, оның тілегіне қалай да болса бір жауап берем» - деген. Яғни Алланың «жақынмын» дегені «тез арада қабылдаймын» дегені. Жер жақындығы, уақыт тағы басқа өлшеммен есепке алынатындай жақындық емес.+
Алла естімей қала ма деп, ғибадатында және дұғасында дауыстап айқайлап, бақырып-жақыруға рұқсат жоқ.
Бір соғыста сахабалар айқайлап тәкбір айтып, дұға жасап отыр еді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сіздер кереңге немесе жоқ нәрсеге дұға жасап жатқан жоқсыздар. Есітетін және ең жақындағыға дұға жасап жатырсыздар», - деп әмір еткен. Аяттың түсу себептерінің бірі де Алланы ұзақ деп ойлаудан сақ болу. Аятта: «Біз адамдарға күре тамырынан да жақынбыз» («Қаф» сүресі, 16-аят) делінеді.
Абу Нағим «Хилиату әл-Әулиа» атты еңбекте Абдулла ибн Аббастан мына бір хадисті келтіреді: «Барлық нәрсеге ой жүгіртіңдер, бірақ Алланың затына ой жүгіртпеңдер».
Қорыта келгенде, кейбір бауырларымыздың Аллаға мекен беріп, шариғат мәтіндерін дұрыс түсінбеулерінің түп төркіні – олардың білімсіздіктері мен адасқандардың артынан ергендіктерінде.
[1] «Тафсир әл-Қуран ли Абдурраззақ әс-Санъани», 1-том, 73-бет